Пятница , 4 июля 2025

ӘЙ, КЕРЕҒАРЛЫҚ-АЙ!..

Сықақ әңгі­ме

Ғаб­бас ҚАБЫШҰЛЫ 

«Өй, опа­сыз дүние-ай!» деді Бар­бол, төсе­гі­нен төң­керіліп түсе жаз­дап оянып кетіп. Шошай­ып оты­рып, көзін тыр­нап аша жан-жағы­на жұм­сап. Бөл­ме іші таң­ның елесін­дей ала көлең­ке. Әуелі ізде­ген Мүкіс­ха­ны жоқ. «Әй, жаңа ғана… өй, ит сол… түсім екен ғой? Бәсе, ол мені ұмы­тқа­лы қай заман…».

Бар­бол шырт ұйқы­дағы Шағиы­на қарап қой­ып, құсжа­сты­ғын қоп­сы­тып алып, төсе­гі­мен қай­та­дан табысты, ұйқы­сын шақыр­ды, бірақ оны­сы шошып оянған бұдан дереу безіп кет­се керек, бел­гі берер емес. «Көзім­ді жұм­сам да, көрем сені» – Мүкіс­ха­ны көл­бең­дей бер­ді. Әдетін­ше жымы­ң­дап, көзі ойнап, қазақ тілін­де бастап, орыс тілін­де жалғап, бір­деңе деп сай­ра­ды, сұңқыл­да­ды. Не дегенін Бар­бол ұға алма­ды. «Әй, опа­сыз!» деп күбір­лей тағы да бір өкініп, көр­пе­сін қым­тан­ды. Көр­пе­сіне іле­се шұбы­рып ой да жет­ті. Бар­бол олар­дың «ең сүбелісін ұстап қалып», үнсіз сөй­лей бастады:

«Мүкіс­хан еке­уі­міз кеңе­стік кез­де осы маңай­дағы төрт аудан­ның пар­тия және совет атқа­ру коми­тет­терін­де он үш жыл қыз­мет­тес бол­дық. Ол менен сау­а­ты артыл­ма­са да, қалай­да ұпайы артып, көбі­не­се бірін­ші орын­дар­да жүр­ді. Тәу­ел­сіздік келісі­мен еке­уі­міз теңесіп, аудан әкім­деріне айнал­дық. Алай­да ол екі жыл­дан соң облыс әкі­мі болып, самғап кет­ті. Пре­зи­дент­тен бата алу­дың айнал­ма жолын да, тура жолын да тапқан-ау. Қабілетіңе сай өсудің орны­на жол-тәсіл­мен өсетін заман бастал­ды ғой.

Соны­мен, Мүкіс­хан өзін жоға­ры­ға шыға­рып салып тұрған дос-жол­даста­ры­ның ара­сын­дағы маған иіліңкіреп: «Баре­ке, сен өсу­ге әзір­лене бер, көп кешік­тір­мей аппа­ра­ты­ма қыз­мет­ке шақыр­тып ала­мын. Ретіне қарай көрем ғой, орын­ба­са­рым болуың мүм­кін» деді. Несін жасы­рай­ын, пен­де емес­пін бе, іштей қуа­нып, алдын ала рах­метім­ді айт­тым. Сөй­тіп, ара­да жып-жыл­мағай жиыр­ма жыл жыл­жып өтіп, аудан­дағы мен зей­нет жасы­на жетіп, орным­ды жастарға боса­тып бер­дім. Ал облы­стағы Мүкіс­хан кеше ғана тағай­ын­далған сіп-све­жий әкім­ше тай­раң­дап, сусыл­дап, сам­пыл­дап жүр.

Мүкі­се­кеңнің ең бай облы­сқа ие бола кет­кенін айт­саң­шы! Жерінің бетін­де: орма­ны қалың, көл­дері терең, өзен­дері жүй­рік, асты­ғы мен шөбі, жеміс-жиде­гі нөпір. Жерінің астын­да: әлгі Мен­де­ле­ев деген оқы­мысты шал үкілеп атап кет­кен металл қат-қабат, оған қоса газы буса­нып, мұнайы тұнып жатыр. Солар­ды мүкіс­хандар, тілінің қышы­ма­сы бар­лар айтқан­дай, «при­хва­ти­за­ци­я­лап» алып, база­рды қыздыр­ды. «Мүкіс­хан және оның коман­да­сы». Коман­да­сыз коман­дир жоқ, коман­дир­сіз коман­да жоқ дәуір бастал­ды. Біре­у­ге жұм­бақ, біре­у­ге аян. Мүкіс­хан сол жұм­бақ пен аян­ды ара­ла­сты­рып, жеке мен­шік коман­да құрып алды. Иә, кәдім­гі жеке мен­шік! Ондағы­ла­ры­ның көбін тани­мын. «Облыс басы» атанған Мүсі­п­хан­ның ымын­сыз аузын ашпай­тын, құлағын түр­мей­тін, отыр­май­тын, жат­пай­тын, әй тіп­ті ұйы­қта­май­тын да, жуын­бай­тын да «саба­з­дар».

Ноқай Бақа­е­вы – аудан­дар­дың тамыр­шы­сы. Әкім­дерінің қай тамы­ры қашан, қалай, қай­тіп бүл­кіл­дей­тінін, лық­си­ты­нын, біле­уле­нетінін біліп, шұғыл шара қол­да­на­ды. Біре­уін басы­нан сипап, біре­уін арқа­сы­нан қағып, біре­уінің қолын бұрап, біре­уінің башай­ын басып деген­дей. Ондай «жақ­сы­лы­ғын, кешірім­ділі­гін» ұққы­сы кел­ме­ген­дер­ге жұды­ры­ғын иіс­кетіп-иіс­кетіп қояды.

Тәм­піш Құлақо­вы – мұнай­ды шелек­теп сату­дың диплом­сыз шебері. Иә, бөш­ке­леп сата­ды. Баға­сын да «ауа рай­ы­на» қарай алып-қосып оты­ра­ды. Өзі­міздің облы­стар­мен, ірге­лес Ресей­дің бір­не­ше губер­ни­я­сы­мен сауда­сы күн­діз-түні қызу. Сумен жүретін тех­ни­ка­сы жоқтар алуға мәж­бүр. Әу баста облы­стық мәс­ли­хат ресми бекіт­кен жос­пар уақы­ты­нан бұрын және асы­ра орын­да­ла­ды, бел­гі­лен­ген баға да ашы­ған қамыр­ша қом­пи­яды. Сөй­тіп, олар­дан арты­ғы­рақ түс­кен табыст­ың «тиын-тебені» Тәм­пі­штің уысын­да қала береді. Үш-төрт үйі, оншақты ино­мар­ка ауто­мә­шіні бар. Жөн ғой. Бір шелек мұнай­ды өткі­зу үшін жар­ты шелек тер төгеді де!

Иван Кумо­вы – газ­дың қоймашысы.

Борис Тра­шпен­ко­сы – шөп пен асты­қты қорғаушы.

Тобық Сар­ма­е­вы – орман-тоғай­ды қорушы.

Мои­сей Мешо­ко­ви­чі мен Антон Симі – түсті метал­дың менеджерлері.

Солай да солай. Бәрінің кіріс-шығы­сы Мүкіс­хан­ның есеп­шо­тын­да. Бәрі Мүкіс­ханға «жар­на» төлей­ді. Жари­я­сыз ол құбы­лы­сты төмен­нен қағы­лған даб­ыл бой­ын­ша жоға­ры­дан екпін­деп жет­кен комис­сия сан тек­серіп, санын соғып тынған. Жасаған актілерінің қай­да қаңғып кететінін ит біл­сін – өзі тұрғай, ізі де қал­май­ды. Әрине, керек етпе­ген­дер қал­дыр­маған соң.

Мүсі­п­хан­ның арық-семіз, ұзын-қысқа, ер-әйел, кәрі-жас кадр­ла­ры­ның ара­сын­дағы қапы­сыз қолға­на­ты – облы­стың бас поли­цейі Шоқ­пар Сіл­те­ба­ев. Ол облыс орта­лы­ғы – Ақұл­тан қала­сы­ның, сон­дай-ақ аудан орта­лы­қта­ры­ның көше­леріне, мыса­лы, тұрғын­да­ры­ның бес-алта­уы жина­лып шығып, тұр­мыста­ры­ның жыл санап ауыр­лап, құл­ды­рап бара жатқа­нын, қым­бат­шы­лық қылғын­ды­ра бастаға­нын дауы­стап айта бас­та­са, – всё, біт­ті! Шоқ­пар­дың шошы­ма­лы «шәкірт­терінің» оншақты­сы паро­возға бер­гісіз ұзы­нқа­ра мәшін­мен жетіп барып, бас­са­лып сүй­ре­леп, түй­гі­ш­теп тиеп алып кете­ді. Дәнеңе дей алмай­сың, – біз­де жұрт­шы­лы­қтың алаңға, көше­ге шығып ере­уіл жаса­уы­на тый­ым салы­нған қосым­ша заң бар.

Міне, осын­дай тырп еткіз­бей­тін «тәр­тіп» болған соң, «бай – бай бола­ды, кедей – қай­ыр­шы бола­ды», «әркім өз күнін өзі көр­сін» деген «ғұла­ма­лық» қағи­даға мой­ны­мы­зды ұсы­нып, ула­май-шула­май жал­тақтап, бұғып күнел­ту­де­міз. Кей­де мұның бәрін әдей­ілеп еске алмай, алақай арма­ным­ды ағы­л­та­мын: «Мүкіс­хан­нан қалы­спай, ере­ге­се тақым­дап, ұлда­рым мен келін­дерім­нің, қызда­рым мен күй­еу бала­ла­рым­ның, інілерім мен қарын­даста­рым­ның, құда-құдағи-құда­ша­ла­рым­ның, наға­шы­ла­рым мен жиен­дерім­нің, «шта­тым­нан тыс» қиға­шқаста­рым­ның бәрін шылқа бай­ыт­сам, олар азу­ла­ры алты қарыс, құла­шта­ры алты метр капи­та­ли­стік елдер­дің аста­на­ла­ры­нан тари­хи ғима­рат­тар­ды сатып алып, жеке мен­шік жел­кен­ді кемесі­мен жүзіп, күміс қанат само­леті­мен ұшып жүр­се ғой шір­кін!» деймін…

Ай-хой арман!.. Қай­тей­ін-ай, қай­тей­ін!.. Мына маған – Бар­болға жет­кіз­бей­сің, Жоқ­бол­дың, той­ыст, Мүкіс­хан­ның маңай­ы­нан кет­пей­сің! Бұл өмір дегені­міз – кереғар­лық екен ғой, кереғарлық!»…

  •  

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн