Воскресенье , 20 апреля 2025

Жаңаөзен мұнайшылары ЕРЕУІЛГЕ ШЫҚТЫ

Қазақстанның батысында 2021 жылдың басынан бері бесінші ереуіл болып жатыр – 2 ақпанда Жаңаөзенде мұнайшылар ереуілге шықты, деп хабарлады ҚазТАГ «Лада» басылымына сілтеме жасап.

«МунайСпецСнаб Компани» (МССК) серіктестігінің жұмысшылары жалақыны көбейтуді талап етуде. Қарсылық танытушылармен компания басшылығы кездесті. Жиналған халық еңбекақыны көтеруді және жұмыс регламентін реттеуді талап етті», – делінген дүйсенбідегі хабарда.

Жиналған халықпен «МССК» ЖШС бас директоры Ерлан Сабиев кездесті. Маңғыстау полиция департаментінің ақпарынша, оқиға орнына Жаңаөзен полициясы топтастырылды.

Еске салсақ, 6 қаңтарда Ақсайдағы Bonatti компаниясының жұмысшылары ереуілге шықты, олар жұмысты тоқтатып, ереуілге шыққан, ал кешкісін аштық жариялаған. Олардың талабы біреу ғана – жалақыны 50%-ға көтеру.

16 қаңтарда «Си Бу» Инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС жұмысшылары Ақтауда ереуілге шықты.

25 қаңтарда Ақтөбе облысындағы «КМК Мұнай» АҚ (50% -на Панамада тіркелген Yukon Energy Holding S.A., қалған 50%-на – қытайлық «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» иелік етеді) ереуіл жасайтындары туралы жариялап, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан қазіргі таңда 140 мың теңгені құрайтын жалақыны көтеру мәселесін шешуге көмектесуін өтінген. Мұнай өндірудегі жоғары көрсеткішке қарамастан, кәсіпорын жұмысшыларының жалақысы бағалардың өсіп кетуінен не несиелерін жабуға, не азық-түлік сатып алуға жетпейтінін көрсеткен. Мұнайшылар жалақыларын 100%-ға көбейтуді талап етті. Ереуілдің бесінші күні жұмыс беруші компания мұнайшылар талабын орындауға уәде еткен соң, ереуіл уақытша тоқтатылды. ,

28 қаңтарда ҚазТАГ ХАА анықтағандай, «КМК Мұнай» жұмысшыларының жалақысы сала бойынша орташа жалақыдан 5,7 есе төмен екен.

30 қаңтарда Ақтөбе облысындағы «АМК Мұнай» ЖШС жұмысшылары ереуілге шығатындары туралы жариялады.

«ДАТ-ақпарат»

Меңдеш Салихов: Билік шетелдіктерге ТАЛАП ҚОЯ АЛМАЙДЫ

  • Қазақстанның бюджетін құраушы негізгі өндірістік сала – мұнай өнеркәсібінің жұмысшылары әлеуметтік-тұрмыстық талаппен наразылық ереуілін неге жиілетті? Осы орайда Қазақстандағы мұнай компанияларында жұмысшылардың наразылыққа жиі шығуының себебін сұрап, мұнай-газ саласында ұзақ жыл еңбек етіп, басшылық қызметтер атқарған Меңдеш Салиховтан «Азаттық» сұхбат алған екен. Мұнай саласының ардагері үкімет пен жергілікті билік шетелдік компанияларға жұмысшылар мүддесін қорғайтын талап қоймайды дейді. Біз осы сұхбатты ықшамдап жариялап отырмыз.

Меңдеш Халелұлы, кезінде елдегі ең ірі бес мұнай кәсіпорнының бірі «Маңғыстаумұнай» компаниясын басқардыңыз, бұл саланың қыр-сырын білесіз. Жуықта Ақтөбеде «КМК Мұнай» компаниясының жүздеген жұмысшысы жалақыны 100 пайызға өсіруді талап етіп, ереуілге шықты. Олардың талабын орындауға компанияға не кедергі? Егер орындаса, табысы азайып қала ма?

– Қытай компаниясы /қаржысының/ бәрін құпия ұстап жүрген болар. Олардың табысы, ақшаны қай жаққа жіберіп отырғаны коммерциялық құпия дейді де, жауып тастайды. Ашсын, комиссияға көрсетсін. Халыққа түсіндіріп айтса, олар сенеді. «КМК Мұнайдың» 50 пайызын Қытайдың CNPC компаниясы басқарып отыр. Компания тиімділігін кішкене төмендетсе, ештеңе етпес деп ойлаймын. Бірақ комиссия бәрін ашық түрде қарауы керек. Сонда белгілі болады.

Жұмысшылардың айтуы бойынша, көпшілігінің жалақысы 110–150 мың теңге аралығында. Бұл мұнайшы үшін жеткілікті жалақы ма?

Бұл /жалақы/ мұнайшы үшін көп емес. Жұмысы лас, далада істейді. 140–150 мың теңге дегенді қазір қалада жүріп те табады. 250 мың теңгеге дейін көтеруге болар. Мұнайшылардың ортасында ең қиын жұмысты ұңғыманы жөндейтін бригадалар атқарады. Олардың жұмысы «Жер асты жөндеу» деп аталады. Соларға жақсы жалақы төлеу керек. Ұңғыманы бақылау оған қарағанда жеңілдеу.

Орта есеппен алсақ, 250 мың теңге өндіру операторына, 300 мың теңге бұрғылаушыға, 320 мың теңге жөндеу бригадаларына төленуі керек. Шамамен аралық осындай болуы тиіс.

Қазақстанда жұмыс істейтін мұнай компанияларындағы шетелдік және жергілікті жұмысшылардың жалақысындағы, оларға берілетін әлеуметтік төлемдердегі теңдік мәселесі дұрыс сақталып отыр ма?

– Жергілікті адамға аздау төлейді. Шетелдікке көбірек төлейді. Ол солай қалыптасқан. Біз мұнай саласында еңбек етіп, игере бастағалы 120 жылдан асты. Шетелдіктер қажет емес. Оларды жіберу-жібермеу үкіметке байланысты. Ал бізде шетелдіктер сатып алды дейді де, 50 пайызға дейін жұмысшы кіргізуге рұқсат береді. Ол дұрыс емес. Мүлде рұқсат берілмеу керек. Бізде мұнайшылар арасында жұмыссыз жүргендер жеткілікті. Әр салада маман жеткілікті.

Елде мұнайшылардың жиі ереуілге шығуы әдетке айналып барады. Мұның себебі неде?

Себебі біздің үкімет талап етпейді. Кейбір компаниялар /кеніштерді/ 90–100 пайызға дейін иелік етеді ғой деймін. Сосын олар кімді тыңдайды? Оларға көбірек төлейді, мыналарға азырақ төлейді. Оның бәрін халық көріп отыр ғой. Мәселе дұрыс көтеріліп жүр. Оны түзету үшін қазіргі басшылар жұмыс істеуі қажет. Ауыр жұмыстағы шахтер, мұнайшылардың айлығы орташа жалақыдан жоғары болуы керек.

Бұл Жаңаөзенге дейін де, кейін де болып жатқан проблема. Мұны қалай шешу керек? (2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, 17 адам көз жұмған).

– Бізде министрлік (Энергетика министрлігі – Ред.), «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, үкімет басшысы бар ғой. Солар есептеп, бір жобаға келтіруі керек. Әр кезде ұжыммен жұмыс жасалуы керек. Басшылар жағдайды түсіндіре білуі тиіс. Қазір көп компанияның басшылары мұнайшы емес. Отырған адамдар мұнайдың исін де білмейді. Біреудің құдасы, біреудің баласы, біреудің тағы бірдеңесі. Жұмысшылар келсе, онымен сөйлесе алмайды. Мәселе осында. «ҚазМұнайГаз», министрлік, «Самұрық-Қазына» – жоғарыдағылар үлкен жалақы алып отыр. Қысқарту керек. Ол жерде мұнай департаменті бар. Ал төмендегілерге тиімділік үшін аз төлейді. Бұған күрделі өзгерістер жасалуы қажет.

Жұмысшылардың әлеуметтік мәселесі наразылық, митингімен ғана шешілгені қаншалықты дұрыс? Мәселен, бір жерде бар проблема басқа жерде жоқ дегенді білдірмейді ғой.

– Әрине, мұндай жағдайға жеткізу дұрыс емес. Әр жердегі әкімнің жұмысы – жағдайды бақылау, талдау, мәселені көтеру. /Әкім/ шетелдік компаниялармен сөйлесіп, министрлікпен ақылдасуы керек. Тәртіпке келтіруі тиіс. Дұрыс талап қоятын болсаң, олар қарсы болмайды. Халық неге шықты? Жағдай төмен болған соң шықты. Олар қай жерде не болып жатқанын, кімнің қанша айлық алатынын біліп отыр.

Министрліктің өзінде аздаған мұнайшы ғана отыр. Басқасы білмейді. Шетелде «Болашақпен» оқып келді. Бірақ өндірісті көрмеген адамдар. Мұнайдың айналасында білімсіз адам көп. Бәрі мұнайшы болғысы келеді немесе мұнай саласында жұмыс істегісі келеді, бірақ мұнайшы емес.

  • 2011 жылы Жаңаөзенде мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқанда жараланып, қатты зардап шеккен Қайрат Досмағамбетов Ақорда маңында наразылық акциясын өткізіп тұр. 25 маусым, 2020 жыл.

Бір сұхбатыңызда «мұнай – қазақтікі, пайдасы – басқанікі» депсіз. Қазақстанның мұнайдан алатын үлесі қазір де 1990 жылдардағыдай төмен бе, әлде өсті ме? Сандармен дәйек келтіруге бола ма?

– Жобамен алғанда, жылына 90 миллион тонна мұнай өндіріп отырмыз. Соның 80–85 пайызы шетелге – Қытай, АҚШ, Италия және басқаларына кетіп жатыр. Бізге қалатыны 15–20 пайызы. Бізде «ҚазМұнайГаздың» тиімділігі үлкен деп көрсетеді. Бірақ оған «Теңізшевройл», «Қарашығанақтан» Қазақстанға келетін үлесті қосып есептейді.

Мұнайдан түсетін табыстың аз болуына не себеп?

– Себебі /мұнай кеніштері/ сатылып кетті ғой. Мұнай саласын жекешелендіру, оны шетелдіктерге сатуға қарсы болған едім. Ол кезде Әкежан Қажыгелдин үкімет басшысы еді. Соған қарсы тұрып, жұмыстан босап кеткен адаммын. Жер астындағы елдің байлығын сатып жіберіп, қазір енді шетелдіктер деп қарап отыр. Табыстың бәрі шетелге кетіп жатыр. Біз одан тек салық аламыз. Көп пайда көре алмай отырмыз. Жұмыс орны ретінде қазақтар жұмыс істейді. Алайда ие болып отырған басқалар. Қазақстанның имиджін көтереміз деп анда-мында ақша шашып жатырмыз. Қаржыны олай шашпай, осыны қайтарып алуға жұмсасақ, көбірек пайда көреміз.

Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

Республиканский еженедельник онлайн