Четверг , 3 июля 2025

КІСӘПІРЛІК пен МҮСӘПІРЛІК

Қыты­қ­та­са да күл­кісі орал­мас, қуа­ны­шы мен уаны­шы аз ғұмыр­дың қай­ғы-қапа­сы­на қамалған қаза­ғым­ның маң­дай­ы­нан сипар аялы алақан­ды адам­ды аңсай­тын әурем мол-ау. Сон­дай Аза­ма­тым бол­са екен дей­тін жай­саң заман­да­сым­ның жара­лы жаны­на жана­шыр­лық біл­діріп, көңіл айтқа­ным­ды да көре алмай, көкіре­гі­ме күн­шіл­дік­тің көк сүң­гісін сұғып алар сұрқы­л­тай­ла­рым­ның да ту сыр­тым­нан сұғын қадап, із-өкше­лей беретіні­нен де әбден шар­ша­дым. Сон­дай­да, кеудім­ді кемір­ген ойлар­дан қал­жы­раған­да… дом­бы­раға қол соза­мын. Қара қарағай не десін. Зарға зар қосып, шер­ге шер қабат­та­сты­рған­нан басқа.

Сәл-сәл көз сүрін­діре­рім – теле­ди­дар ғана.

Көк жәшік­тің көгіл­дір экра­ны көңіл көзін кеңей­тер құдірет иесі еді бұрын. Бүгін ол құбы­жы­қтың ұясы­на, қорқы­ны­штың кені­шіне, ұят­сыздық пен жабайы жалаңаш сезім­дер­дің ұйы­ғы­на, қырып-жою­дың, қырғын-сүр­гін­нің мек­тебіне, саз­сыз, сөз­сіз әла­у­лай­шы­лар­дың сахна­сы­ның ойнағы­на айна­лып кет­ті ғой.

Амал­сыздан соңғы хабар­ларға зер салам. Зер салам да, жағам­ды ұста­уға да шамам жет­пей, сілей­ем де қалам.

Аста-төк атақ. Шатағы көп сый­лық. Шын иелеріне жола­мас, «бар­мақ басты, көз қысты­ның» әсері­мен қол сүй­гі­ш­тер мен мақтау, мадақта­удың шаңын бұрқы­ра­тар жыл­по­стар­дың кеуде­леріне жап­сы­ры­лып жатқан жыл­ты­ра­уық-жал­ты­ра­уық саны көп те, сапа­сы жоқ орден, медальдар.

Бір сөз­бен айтқан­да – шүлен тара­ту. Қосар­ла­нып үле­стіріп жатқан­дар – кеше­гі һәм бүгін­гі президенттер.

«Қаза­қстан­ның Еңбек Ері».

Мен осы­нау үлкен атақтың Бибі­гүл Төле­ге­но­ва­ның омы­ра­уы­нан көрі­неріне сон­дай сенім­ді едім. Өйт­кені қаза­қтың күміс көмей бұлбұ­лы атанған ол халқы­мы­здың «құлақтан кіріп, бой­ды алар» әніне, сұлулы­қтың ғажай­ып әсем сәніне, ұлты­мы­здың мөп-мөл­дір таза­лы­ғы­ның мәніне айна­лып кет­кен аса бір аяу­лы аруы еді ғой.

«Елба­сым­ның қолы­нан халқым­ның сүй­іспен­шілі­гінің бел­гісін­дей бола­тын «Халық қаһар­ма­ны» медалін ала­мын!» деп барып, сол өзіне бұй­ыр­маған алтын медаль өрт­тен бір ғана адам­ды құтқа­рып қалған шапы­ра­шты­ның әлдебір бозба­сы­на тап­сы­ры­лған кез­де Талғат Бигел­ди­нов ағам­ның көкіре­гін қарс айы­рар­дай күр­сін­генін қасын­да тұрып көр­ген­де, жоға­ры­дағы­дай өксік­ті өкіні­шпен сұм­дық запы­ланға­ным ұмы­тыл­ма­стай есімде.

Кел­мес­ке кет­кен «халы­қтар түр­месі» аталған импе­ри­я­ның алтын медалі­нен өзінің туған елінің баты­ры болу­ды Талғат та, Ері болу­ды Бибі­гүл де аңсай құр­мет­теп, қаси­ет тұта­рын түсін­бей­тін төбе­міз­де­гі төр­де­гілер­ді мен де түсі­ну­ден қалдым.

Арам­дық пен жалған­ды­ққа жол беретін де, дем беретін де мылқау да мәң­гүрт, бой­күй­ез де салғырт өзі­міз-ау дей берем кей-кей­де. Әйт­пе­се «осы аса биік, құр­мет­ті атақ Тере­щен­ко, Үшкем­піров, Мұса­хо­жа­е­ва, Сүлей­ме­но­втер­ге /Олжас/ не үшін, қаза­қтарға қан­дай еңбек сіңір­гені үшін беріл­ді?» деп жоға­ры­ға қарап таң­дай тақыл­дат­па­сақ та, тым бол­ма­са ере­гіс­кен­дей етіп, ерні­мізді бір сылп еткіз­дер едік-ау.

Әсіре­се «Қазақ тілі – тіл емес. Ол асүй­де ғана был­шыл­дай­тын­дар­дың бал­дыр бат­пағы. Ал Қаза­қстан Ресей­сіз өз алды­на мем­ле­кет болып тұра алмай­ды» дей­тін Олжасқа қай Қаза­қстан «Ерім!» деп елжіре­уі мүмкін.

Тағы да көк жәшік­ке көз сүзейік.

Адам­ды сөзіне қарап таң­да­удан гөрі, кісі­ге қарап сөз алар заманға тап болға­ны­мыз сон­дай, қау­а­шағы­ңа тәуір ой салар аза­мат­тар табы­лып жат­са, солар­дың түзу ақы­лын алу­дың орны­на әлгілер­ді таяқтап қуып, тау асы­рып жібе­ретін әдет­ке еті­міз әбден үйреніп кет­кен екен. Қия­натқа қар­сы қыңқ демес мүсә­пір­лік­тің құлымыз.

Дей алсақ, ақыл-ойы­ның сұсы бар, қай­рат-қажы­ры­ның күші бар, асқы­нған­ды састы­ра­тын мысы бар, қолы­нан келер ісі бар кеше­гі З. Нұрқа­ді­лов, С. Әбділ­дин, бүгін­гі Қай­сар Уәли­хан, Б. Тұр­сын­ба­ев, Ғ. Алдам­жа­ров, С. Мусин, И. Тасмағам­бе­то­втер­ді кәкір-шүкір­дей етіп, билік төңіре­гі­нен ығы­стыр­тып жіберт­пес пе едік.

Қыр асыр­мас қарт­тық жел­ке­леріне мін­се де, жер таянған жет­пісте­гілер мен сел­кіл­де­ген сек­сен­де­гілер­дің билік­те­гі кесірі қасірет­ке айна­ла­рын, қасіреті қаси­етін өшіре­рін қашан ғана сезер­міз. Масыл­дан асыл шық­па­сын, езден ер боп ұтпа­сын қашан ғана ұғармыз?!

Ал сал­дақы экран­ның арқа­сы төсек­ке таңы­лған жан­ның алда­ны­шы­на айна­лып, қалғып-мүл­гі­ген бар қаза­қты сер­піл­тер ойдан, сер­гі­тер мидан аулақта­тып әке­ту­ге барын салып, дуыл­дақ, шуыл­дақ әле­мі­ші­мен жана­ры­ң­ды жау­лап алып, небір келеңсіздік­ті көз алды­ңа тоса қояр өлер­мен озбыр­лы­ғы­нан қай­да, қай­тіп құтыларсың.

Қай арна­ны ашып қал­сам-ақ, қаным тасып қоя беретін кеса­пат кесел­ге ұшы­ра­дым. Мін­бе­лер­ден мің­гір­ле­ген мини­стр­лер­ді, әкірең­де­ген әкім­дер­ді, тасы­раң­даған депу­тат­тар­ды көр­ген­де, әлдекім­дер­де кегім кет­кен­дей, әлдекім­дер­ге ұпай­ым­ды жоғал­тқан­дай ашу­лы ыза буған, жұба­ны­шы табыл­мас күй кешемін.

Ал «Қала­у­лым!» атты жыной­нақ шоу-бат­пы­раққа назар аударған­да… өзім­нің де жыным ұстап, көзім­нің де жын-шай­та­ны атқы­лай шашы­рап, анау шіңкіл­де­ген, шаңқыл­даған шүй­ке­бастар мен біріне бірі жұды­рық безе­ген жігіт­сы­мақтар­ды өртеп жібе­ре­рдей лапылдайды.

Ал осы шоу-ойнақты қата­рын бір үзбей, күні бойы шуыл­да­ту­да – билік­тің аса айла­кер қулы­ғы жатқан тәрізді. Неге дей­сіз­дер ғой. Билік­ке қар­сы бой көр­сетіп, көше демо­кра­ти­я­сын жасай­тын­дар кім? Әділет аңсай­тын жастар. Қаза­қстан бай­лы­ғы­ның нағыз шын иесі өздері екенін біліп, тиесіні талап еткен көп бала­лы ана­лар. Билік еке­уі­нен де қорқа­ды. Қорқа­ды да, дыр-дуы көп шуыл­дағы­мен жастар­ды, өсек­ке бер­гісіз өне­гесіз дуыл­дағы­мен ана­лар­ды көше түгілі көлең­ке­ге шығарт­пай, тұсай­ды да тастайды.

Сөй­ле­се сөзі әде­мі, жана­са кет­се қылы­қты мінезді, сыры­ң­ды сыр­тқа жай­мас, алы­сқан қол, айты­сқан серт­тен бір елі тай­мас, біл­ме­сті­гіңді сыбыр­мен жеңер, уай­ы­мың жоқ, көңілің тоқ, көкіре­гің зор бозба­ла күй­іңе тасы­ңқы-басы­ңқы базы­на­сы­мен енер нақсүй­еріңді оңа­ша іздеп, еке­уа­ра түсінісіп барып, мәң­гілік табыст­ы­ра­тын қаза­қы салт-дәстүрі­мізді неге ұмытамыз.

«Бетім бар­да беті­ме кім қарай­ды!» деп маң­дай­дағы көзді маң­дай­шаға қадап, қау­ма­лаған жігіт-желеңді тап­тап өтер­дей дауыл­да­тып күй­еу іздей­тін арда­күрең аяштар­ды бүкіл рес­пуб­ли­ка жұрт­шы­лы­ғы­ның көз алды­на тоса­тын бей­ә­деп көр­сетілім­ді тоқта­туға біздің идео­ло­ги­я­ны басқа­ра­тын­дар­дың миы қалай жет­пей жүр екен?

Шір­кін, көңілі үне­мі таза жүрер, өзіңді өзге­лер­ден ардақ тұтып, ханға балар, мінезінің кесе­гі бар, соңы­нан ерер өсе­гі жоқ, жары үшін жанын пида қылар қосағы­ң­ның жар төсе­гі – алтын тақтан кем бол­ма­сын ұғы­нар жігіт­терім қайда?

Оу, ағай­ын! Өзім­дік қана жеке ой күмәнім­ді біл­діріп, кесір­лі кісә­пір­лік­тер­ді айтам деп, күр­сін­дір­ген күй­ік­ке еріп те, еніп те кетіп, кей­біре­уіңізді рен­жітіп алсам, кешірім өті­не­мін! Айы­пқа бұйырмаңыздар!

Софы СМАТАЕВ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн