«СОҢҒЫ КӨШ» ШӨКТІ…

Қабекең қайтыс болды деген қаралы хабар жеткенде, көкейге екі түрлі ой кептеле қалды. Біріншісі – «Соңғы көш». Онда да жазушының осы аттас роман-диалогиясы емес (ол шығарманың жөні тіптен бөлек қой), бұдан бірер жыл бұрын үлкен бір алқалы жиында асыл ағаның айтқан сөзі ойға оралды.

Сол сөздің ұзын-ырғасы мынадай еді: «60-жылдары біз арғы беттен елге жеткенде, қазақтың соңғы көші осы шығар деген ойда болған едім. Құдайға шүкір, тәуелсіздік туғанда, сол көш жалғасын тапты, елге миллионға жуық қазақ көшіп келді деп жатыр. Бірақ шекараның арғы жағында қалғаны – тағы да бес миллионға жуық деген есеп бар. Ендігі менің арманым – сол 5 миллион қазақ тәуелсіздік қол жеткізген соңғы көштің керуеніне ілесіп кетсе екен! Бірақ соңғы жылы елге жеткені бес мыңға жетпепті. Бұл – көш тоқтады деген сөз. Егер қазақты Атажұртымызға осы мимырт қарқынмен жинайтын болсақ, бізге тағы да 100 жыл керек. Ол жүз жылда сырттағы қазақ құрып бітеді! Біз қазақ билігін көштің жүрісін күшейтуге мәжбүр етуіміз керек. Әйтпесе Қытайда кемсеңдеп қалың қазақтың қытайланып кету қаупі күшейді. Осы екі күштің бізге қайсысы керек? Әрине, көшті күшейткен керек, қазақтың бір пұшпағын қытайлану қасіретінен құтқару қажет!».

Шамасы, Барқытбелдің баурайына мәңгілікке кеткен асыл ағаның арманы, өзі айтқандай, жуық жылдары жүзеге аспайтын сияқты. Жуықта Қазақстан үкіметі осы жылы елге көшіп келуге төрт мыңнан асар-аспас квота белгілепті. Қабекеңді қамықтырған 100 жылдың қисабын осы 4 мыңнан шығарып алу қиын болмаса керек…

Еске түскен екінші ой – осыдан бірер жыл бұрын Қабдеш ағаға «Барыс» ордені берілуіне байланысты еді. Қазақстанның марапаттар иерархиясында үшінші орденді кеудеге тағу – үлкен құрмет! «Еңбек Ері» атағын алған Әбіш әулиеден (Кекілбаев) кейін «Барыс» болған Қабекең ғана шығар?

Сол марапаттан бірер айт өткенде, тағы бір үлкен жиында Қабаңа қарсы жолығып қалдым. Құттықтадым. Бірақ бүйрекке бүгілген бір ойымды сезді ме, Қабаң қипақтап қалған сыңай танытты.

«Әй, жақсы бауырым, орден алып тұрып, «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деп неге айттың?» дегелі тұрсың ғой, ә?!».

«Иә, аға, орденіңіз – орынды, бірақ анау… нелеу болды…».

«Әй, әлде мені сайтан түртті, әлде анауың сол сайтанның өзі ме деп қалдым. Алдына барған адамды арбап тастайды екен. Әбіштің қолын сүйгені сияқты, мен де аузыма қай сайтан салып жібергенін аңдамаппын… Сенің газетіңе жуықта бір сұхбат берермін, сонда айтармын».

«Жөн, аға, сіздің де, елдің де ішінде кетпесін, айтыңыз…».

Кейіннен тағы бір жолыққанда: «Сайтанның қазақты қалай арбағаны жөнінде жазып жатырмын, өз газетіңе берем, – деп біраз ойланып тұрды да, – Орыста «чинопочитательство» деген сөз бар ғой, қазақ «атаққұмарлық» деуші ме еді? Бізді құртқан – шен-шекпен үшін қырықпышақ болған сонау би-болыстардан қалған атаққұмарлық дерті екен… Әй, қалай ғана халық болып қалар екенбіз?!» – деген еді.

Иә, қайран Қабдеш аға! Артыңда екі қасірет қалды: бірін зар илеп жүріп айттың – керуені шөккен көш; екіншісі – өзің айтуға үлгермей кеткен, қаймағы шен-шекпен мен атақ-дәрежеге құмар қазағың! Рас, қалай ел болар екенбіз?

Бақұл бол, аға!

Ермұрат БАПИ

 

·       «ДАТ» баспагерлік медиа-жобасының редакциялық ұжымы ұлттың Ұлы перзенттерінің бірі Қабдеш Жұмаділовтің қайтыс болуына байланысты марқұмның туған-туыстарына, барша қазаққа, Қазақстанның қаламгерлер қауымына қайғырып көңіл айтады.

 

Көңіл айту

«ДАТ» баспагерлік медиа-жобасының редакциялық ұжымы танымал темірші-ұсталар Тұрсынжан мен Махмуд Құлментегіне інілері – газетіміздің жанашыры, қазақ еліне еңбегі сіңген темірші-ұста, ҚР мәдениет қайраткері, Желтоқсанның батыры, «Түрік Әлемі» сыйлығының иегері, Қазақстан патриоттарына берілетін «Алмас Қылыш» сыйлығының бір құрылтайшысы Айтберген ҚҰЛМЕНТЕГІНІҢ

ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болуына байланысты отбасының, туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

«ДАТ» баспагерлік медиа-жобасының ұжымы газетіміздің жанашыр авторы, белгілі тәуелсіз қаржыгер, экономист-сарапшы Айман Тұрсынқанға әкесінің қайтыс болуына байланысты қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн