СҰРЫҚСЫЗ СӘУІР

Біраздан бері жазу-сызумен отырып, сыртқа шықпап едім, кеше уақыт болып, нағашы қарындасыма Қызылсайға барып қайттым. Көктемгі даланың рең-репетін көріп, жаман жүдедім. Бұрын «тері сүйреткендей» даланы талай көріп едік, бірақ сәуірде «жылан жалағандай» даланы бірінші көруім! Неше жылдан бері басқа жерде қар жауса, Маңғыстауда шаң жауады!

Міне, бүгін сәуір айының 4-жұлдызы, әлі шөп бас жармаған! Ызғыған жел, тызғыған шаң. Мал топырақ жеп жатыр. 60 жыл мұнай мен газ өндірген Жетібай мен Өзеннің сиқынан жан шошиды! Бұл жердің байлығына жер бетінің түпкір-түпкірінен талай-талай «Эдем-бақтары» салынғанын білеміз. Шенеусіз зорлық, кенеусіз ұрлықтың кесапатынан (бұрын Советтер Одағы деген империя тонады, соңынан аты-мәні, тегі-жөні белгісіз жын-перия үптеді) сол жердің иесі саналатын қазақтың көріп отырғаны – ит-азап жұмыс, қор тірлік, көзі өлегізген жоқшылық, екі жастың біріне келмей, «төсектен тұрмай қалу» және бітпейтін ырың-жырың бәсеке! 

Көзіміз көре қалған көнелер жер қуаң жылдары: «Елдің пейілі бұзылды, сосын Құдай қайдан берсін?!» деп отырушы еді. Мен де біраз жасқа келдім, елдің пейілі бұзылғанын көптен бері байқаймын. Бүгін бір-екі белгісін ғана айтайын.

Өткен жазда тосын да жосын індеттен қырылып қалдық, бірақ одан да зор масқарасы – соны сол бойда ұмытып кеттік! Бұрынғы иманды ата-әжелер «қызылтабан қырғында» өз бастарынан өткерген қасіреттері түгілі, сонау 1723 жылы өткен «Ақтабан шұбырынды» жылдарын азалап: «Қаратаудың басынан көш келеді» деп, бабаурап отырғандарын бала күнімізде талай көріп едік қой…

Ал сол пәруана-жүрек, кейуана-көкірек Қазақтың бүгінгі ұрғынының ұмытшақтығының жария белгісі: күллі жер беті індеттен опат тауып жатқанда, самсаған ресторандарда «артқы есіктен кіріп», той жасау жарысы басталып кетті! Сол баяғы – тыртақай билеу мен жыртақай күйлеу! Бұлардың кімге қыр қылып, кіммен бәсекелесіп жүргенін өздері де түсінбейтініне бәс тігем!..

Жаратушы Ие жеке адамға салсын, тұтас ұлтқа жіберсін, күллі адамзатқа артсын, қандай сынақты да – адам баласы тәубаға келсін деп жібереді. Мен де емексіп ем: «Қазағым тәубашыл жұрт еді ғой, осы кесапаттан дұрыс қорытынды шығарып, ойын түйіп, бойын жиып кететін шығар?..» – деп. Қай-й-й-да саған! Билегендер – бұрынғының үстіне ытырына, күйлегендер – одан сайын құтырына түскен! Құтырынбаса – «феминистер» атты жын-шайтандар шоғыры – 30-жылдары көшесінде қазақ шыбындай қырылған, 37–38-жылдары Ұлт ардақтары топтап атылған, 86-жылы Киелі қан төгілген қасиетті төрімізде шеру жасамас еді! Құтырынбаса – әлдебір бұралқы міністір Айдың-Күннің аманында Ордаңның төріне шығып алып: «Жыныс ауыстырам!» деп жар салмас еді! Билікте тексізге «тәк!» дейтін бір жанның табылмауының өзі – сұрықсыз сәуірдің жұты құсап, кеудеңнің балапанын ұясында тыпырлатады…

«Ытырынған» мен «құтырынғанның» тағы бір айқын көріністері – «әлем-жәлем» парақшаларынан да анық байқалады. Бәрін қаралаудан аулақпын, алайда ділінен ізет, тілінен күзет кеткендердің мол тобыры жиылып алып инси-сайтандардың «алқасында» отырғандай гулейді. Ер-азамат атын, тіпті ақсақал атағын алып жүргендердің өздері «ұрғашы-өсектің» пешін гүрлетіп жағуда!

Басқа жақта да бар шығар, бірақ Маңғыстауда «еңбектің» осы түрі алабөтен дамып кеткен сияқты. Басқа жұмыс құрыса керек, бұлардың кейпіне қарап, «Әжібай жақсы, Арал жақсы» деп, айдалада төбелесетін баяғы екі ағайынды әйлеңкес еске түседі… 

Ақыры «азамат» атты қастерлі аттан айырылған екен, бұлар неге «мини-юбка» киіп, «гей-шерулерге» қосылып кетпейді екен деген «ой» келеді. Егер жыныстары «мешәйт» етіп жатса, «тегін ауыстырып» беретін міністірлері бар!.. Бұл бір «күйіктің күлкісі» сияқты ауыздан ырықсыз шығып кеткен нәйеті сөз-дағы… 

…Жол бойында киімі жұқа біреу бүрсеңдеп тұр екен, іле кеттік. «Соңы – кеше, бірнеше рет «тасаттық» бердік. Жаңбыр жауудың орнына шаң көтеріліп кете береді» деді әлгі жігіт сұрықсыз далаға сұрлана қарап отырып. Үндемедім. Айтар ортақ әңгіме жоқ еді…

Айт-Ман суреті

Көздіойық қонысы,

Маңғыстау уәлаяты

04.04.21.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн