Індеттің қайта өршігеніне кім кінәлі?
- Кейінгі кезде Қазақстанда коронавирус індеті өршіп барады. Күн сайын 1800–2000 адамның анализінен коронавирус анықталып отыр. Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Алматы облыстары індеттің тарау қарқыны бойынша «қызыл аймаққа» кірген (100 мың адамға кемі 50 науқастан келетін аймақтар).
1 сәуір күні Covid індетіне қарсы күрес шараларына арналған жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Цойға жағдай реттелмесе, қызметінен кететінін ескертті. «Сәуірдің соңына дейін жағдай түзелуі керек. Әйтпесе көңілдеріңе тиетін кадрлық шешім қабылдаймын. Бұл министрге ғана емес, үкіметке де қатысты», – деді денсаулық сақтау министріне қарап сөйлеген Тоқаев.
Президент осындай мәлімдеме жасаған күннің ертеңіне елде халыққа жаппай вакцина салу науқаны басталды. Алматыда бұл шара үш күнге ғана жалғасып, кейін вакцина таусылып қалды…
Нұр-Сұлтанда қазірге дейін 10 мың адамға вакцина салынған. Олардың қатарында «бірінші кезекте вакцина салынуы тиіс азаматтар» тізіміне кірген дәрігерлер де бар. Қала билігінің дерегінше, сәуірде 70 мың дана вакцина келеді.
«Кез келген мемлекетте, әсіресе біздің елде бірінші деңгейлі басшы төбесін көрсетпесе, шенеуніктер орнынан қозғалмайды. Енді президент таңғалып, «Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс істемейді» деп отыр. Бәрі орынды, бірақ жұмыстың дұрыс жүрмеуіне бірінші кезекте президенттің өзі кінәлі. Жауапты да сол кісіден алу керек. Енді біздікілер вакцинаны жедел түрде кез келген бағада сатып ала бастайды. Бұған жоғарыдан рұқсат берілді. Бюджеттен бөлінген қаржының бір бөлігін жымқырады. Бізде онсыз болмайды ғой. Бірақ олар не сатып алады?! Ең қорқыныштысы да – осы. Қазір шенеуніктер президенттің тапсырмасын орындаймыз деп әбігерге түсіп, миллиардтаған қаржыны түкке тұрғысыз нәрселерге жұмсайды. Олар басқаша істей алмайды», – дейді Сергей Дуванов.
10 наурызда Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл аймаққа» кірді. 21 наурыздан бастап астана билігі кезекті шектеу шараларын енгізді. Бірақ бұл шектеулер ірі сауда орталықтары, үлкен азық-түлік дүкендері мен базарларды айналып өтті. 29 наурызда денсаулық сақтау басқармасы астанадағы инфекциялық ауруханадағы орындардың 74 пайызы толғанын хабарлады. Бұл кезде «Шапағат» коммуналдық базарының бірінші қабатында қызу сауда жүріп жатты. «Базар жабылады екен» деген қауесетке сенген адамдар азық-түлікті молынан алып қалуға асықты.
«Осы уақытқа дейін Денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирус жұққан науқастар саны артатындай қандай қателіктерге жол берді?» деген сұраққа жауап берген министр Цой бұған санитарлық талаптарды сақтамайтын кәсіпкерлер мен «санасыз» азаматтарды кінәлады.
«Адамдардың топтасып жиналуын, маска тақпауын тексеруші органдар тоқтата алмайды. Халық көп жиналатын орындарда, оның ішінде қоғамдық көліктерде мыңдаған тексеру жүріп жатыр. Әр азаматтың соңына адам салып, оның санитарлық талаптарды бұзбауын қадағалау мүмкін емес. Әртүрлі жиындар, банкеттер, жасырын ұйымдастырылатын шаралар мемлекеттік органдардың айтуымен өтіп жатқан жоқ. Бұған тәртіп бұзатын кәсіпкерлер мен санасыз азаматтар барып отыр. Халықтың санасын өзгертуіміз керек», – деді Цой.
Қазақстан билігінің пандемияға қарсы күресі туралы саясаттанушы, «Тәуекелдерді бағалау тобының» директоры Досым Сәтпаев та пікір білдірді. Ол мемлекеттік және мемлекеттік емес институттарда істейтін 70-ке жуық отандық және шетелдік сарапшылар арасында сауалнама жүргізіп, пандемия тәуелсіздіктің отыз жылындағы елдің дамуын «жоққа шығарды» деген қорытындыға келгенін айтады.
«Шын мәнінде былтырғы жылдан ешкім сабақ алған жоқ. Ең үлкен мәселе – билікке деген сенімсіздік. Қазір осы сенімсіздік биліктің өзіне қиындық туғызып отыр. Яғни, билік азаматтарға маска тағып, үйден шықпау керегін, вирус қаупі артып келе жатқанын айтқанымен, халық қазір вакцинаның тиімділігіне күмәнмен қарағаны секілді бұл ескертулерге де сенбейді», – дейді Досым Сәтпаев.
Azattyq.org