«ТҮК КӨРМЕГЕНДЕР» қазақтың түбіне жетеді

Дəл бүгінгі Қазақстан менің көз алдыма екі картинаны елестетеді. Бірінші картина: мұхитта жүзіп бара жатқан кеме. Оның ішінде шенеунік, олигарх, бай-манаптар нөкерімен, тоқалымен, көңілдесімен думандатып, той-тойлап, əндетіп кетіп барады.

Екінші картина: ескегі жоқ тесік қайық… Онда өмір үшін жанталасқан халық. Шын мəнінде, қазіргі жағдай тоқсаныншы жылдан да қиын… Нан болғанмен, ажал адамзатпен ойнап жүр. Назарбаев билеген отыз жылдың, жарайды, он жылы еңсемізді көтеруге кетті дейік. Жиырма жыл бұрын əр балаға жəрдемақы төлеуге мемлекеттің шамасы бар еді. Жоқ, бұлар ішті, жеді, тоқалын тойдырды. Тоқалының құрбыларын тойдырды. Туған-туысын айтпағанда, сыныптасын, сыныптасының, курстасының баласын байытты. Солай кете береді.

Қазір Қазақстанда жағымпаздардың дәуірі жүріп тұр. Қай салада да жағымпаздар «жұлдыз». Билікке барған кейбір танысымызды танымай қалдық, жоқ, шындығы: олар бізді танығысы келмей қалды. Комплекс. Қазақта «түк көрмеген» деген сөз бар. Қазақтың түбіне сол тегінде түк көрмегендер жетіп жатыр. 

Жағымпаздар жоғарғы қызметте отыр. Жағымпаздықпен қызмет алғандар жағымпаздардан команда жасақтайтыны анық. Қазақ қоғамы жағымпаздықтан арылу үшін, тағы да кемінде отыз жыл керек-ау…

Ая МАНТАЙ

ФОТОАЙЫПТАУ

Оу, Күлгінов мырза! Әкім деген лауазымыңды ұрайын тап сенің! Мынау жатқан көше Нұрсұлтан Назарбаевтың атында болса, қалай зыр жүгіріп кетер едің, ә?! Құдай біледі, бірінші болып құрдай жорғалап, күрекпен емес, қолмен асфальт төсеп, алақаныңмен тегістеп тастар едің.

Қазақтың ардақты азаматы Әлихан Бөкейхановтың атындағы көшенің осылай былығып жатқаны бірінші жыл емес. Көше аталғалы солай жатыр. Қыста қар жауса, «ойбай, күтпеген тосын жағдай болды, білмей қалдым қаңтарда қар түсетінін» деуші едің. Жарайды, оныңа да етіміз үйренді. Ал биыл сол кісінің 155 жылдығы екенін білмедім, естімедім деші.

Бұл да таңсық па саған? Әлиханның атындағы мына астаң-кестеңі шыққан көшені күнібұрын жөндеп, асфальтын төсесең, біреу сенің қолыңнан қағар ма еді? Әлде оған да бұйрық күтіп отырсың ба?

Мұхтар ТҮМЕНБАЙ

РЕСЕЙ Украинамен СОҒЫСА МА?

Сонымен, Украина шекарасында не болып жатыр? Ең алдымен айтарым – үлкен соғыс болмайды. Қазір кейбір сарапшылар осылай деп айта бастады.

Ал Александр Кушнарьдың (Украина мәселесі бойынша танымал сарапшы – Ред.) айтуы бойынша, үлкен соғыс болуы мүмкін. «Ресей бостан-босқа соншама техникасын сүйрелеп, тіпті кейбір «хламдарын» 1100 км жерден тасымалдап, бар болғаны Зеленскийді қорқытып, Медведчукке санкция салуды тоқтаттыру үшін әкелген жоқ. Егер соғыс бастар алдында ақпарат кеңістігінде артдайындық жасайын демесең, 2014 жылғыдай қол-аяғы керіліп тасталған бала туралы сарнай берудің де мағынасы жоқ. Кремльдің ойлау жүйесі қарапайым. Бұл қорқыту емес, бұл нағыз соғысқа дайындық, мұны Украина дұрыс түсінуі керек» дейді Кушнарь.

Оның сөзін Жириновский де қуаттай түседі. Оның айтуы бойынша, алдағы мамыр-маусым айларында үлкен соғыс басталады, Украина тәуелсіздігімен қоштаса берсе де болады. Жириновский – Мемдуманың вице-спикері, лауазымды тұлға, яғни ол Путиннің ойындағысын жеткізіп отыр.

Дегенмен де, осыншама дайындықтарға қарамастан, үлкен соғыс болмайды. Неге? Бұған ең алдымен АҚШ-тың қатаң позициясы әсер етіп отыр. Ол ештеңеден де тайсалмастан Украинаны қорғайтынын ашық жеткізді. АҚШ-тың біржақты қатаң позициясы Еуропаның белді мемлекеттері – Германия мен Францияның, егер соғыс бола қалса, олардың Украина жағында болатындығын еріксіз мойындатты. Брюссельде, тіпті Ресейдің шекараға армиясын жақындатып, соғысқа дайындалғандығының өзі санкция салуға жатады деген әңгімелерге арқау болды.

Тағы бір маңызды көрсеткіш – Түркиенің позициясы. Түркие Қырымды деоккупациялау жоспарын біржақты қолдайтынын жеткізді. Ердоған Путинмен қанша дос болса да, Қырым мәселесінде елінің мүддесін жоғары қойып отыр. Соғыс бола қалған жағдайда Түркиенің «Байрақтары» Украина аспанында «ойнақ салатыны» белгілі болып қалды. «Ни рыба, ни мясо» Еуропа елдерінің позициясынан да Түркиенің позициясы Путиннің шымбайына батыңқырап кетті. Түркие сондай-ақ екі әмірикалық эсминецті Қара теңізге Украинаны қолдау үшін кезекшілікке өткізді.

Одақтас іздеп, Қытайға барған сапарынан бос қайтқан Ресей ақыры жалғыз қалып, еріксіз өзінің бүкіл әлемге қарсы соғыса алмайтынын түсіне бастағандай. Оның үстіне оны аса ауыр санкциялар күтіп отырғаны да мысын баса түскендей.

Міне, Украина шекарасындағы жағдай әзірге осындай. Ерте ме, кеш пе, Украина НАТО-ға мүше болады, Батыс елдерінің тобына қосылады. Тарихтағы шын орыс мемлекеті біртіндеп өз тарихын қайтып алады, сонда күні кеше Петр патшаның Жарлығымен Ресей аталған жалған мемлекет біртіндеп тарих қойнауына кетеді. Әумин!

Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ

АЯГӨЗДЕ халық пен әкім ЕКІ ЖАҚ

Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ата-бабасы қорғаған жерге халық малын жая алмай отыр. Аягөз ауданы, Байқошқар ауылының тұрғындары «әкім жерімізді заңсыз ұтысқа шығарып, өзінің тамыр-танысына алып берді» деп дабыл қаққан болатын. Сол ауылға барып, мәселемен танысып қайттық.

«Бақсақ – бақа екен» дегендей, мәселе шынымен де өзекті екен. Жер кодексінің 43-1-бабының 2-тармағында кезек-кезегімен көрсетілгендей, бірінші – ауыл әкімі жер учаскесінің сызбасын дайындап әкеледі. Екінші кезекте – конкурсқа шығарылатын сызбаларды аудандық уәкілетті орган қалыптастырып, қоғамдық кеңеспен, мемлекеттік емес ұйымдармен, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен келісіп, бекітіледі. Үшінші этапта жерге орналастыру жобасы жасалады. Төртіншіде – ақпарат беттерінде хабарланады және қай күні, қай жерде конкурс өтетіні жазылады. Ақпарат шыққан отыз күннен кейін конкурс болады. 

Ал Байқошқар ауылының халқы жерлерінің конкурсқа шығарылғанынан мүлде хабарсыз. Малдары күнде жайылып жүрген жерінен айырылып қалғанын конкурс біткен соң бір-ақ білген. Ең қызығы – жер учаскесінің сызбасында ауылдың бұрынғы әкімі С. Шымыровтың қолы тұр. Ал экс-әкім «мен сызба дайындамағанмын, қол да қоймағанмын» дейді. Бұл дегеніңіз – Қылмыстық кодекс. Яғни, жалған құжат жасау – фальсификация! Прокуратура мен ІІБ-сы, тексерулеріңізді сұраймыз!

Жер комиссиясына ауылдан қоғамдық кеңес мүшелері қатысуға міндетті. Бірақ ауыл әкімі Ержан Еңсебаев ауылдық қоғамдық кеңеске айтпай, жалғыз өзі барып, бүкіл ауылдың мал бағып отырған жерін «Айдос» шаруа қожалығына ұттырып берген. Жемқорлықтың исі шықпай ма?

Ендеше 1 наурыз күні өткізілген лот – ЗАҢСЫЗ! Әлде Жер комиссиясының төрағасы Б. Сүлейменов пен қоғамдық кеңестің төрағамы Ә. Тоқбаев Жер кодексін білмей ме? Аягөз ауданының басқа ауылдарынан келген жер мәселесіне қатысты белсенділер «комиссия әр жер учаскесі үшін 600 мың теңге ақша алды, оны сол жерді ұтып алғандар өздері айтып жүр» дейді. Ендеше Жер комиссиясының 1 наурыз күні өткен барлық лоттары заңсыз деп танылуға тиіс.

Ауылдың жер сызбасында даулы жер ауылдан 13 км жерде деп көрсетілген. Сөйтсек, ең соңғы нүктесін ауылдың шеті деп көрсетіпті. Негізінде ауылдан 6 шақырым жерде екен. 

Байқошқар ауылының кәсіпкері Манатбек Жаппарғалиевке тиесілі 873 га жер телімі 875 га деп өзгертіліп, құжат жасалып, конкурсқа түскен. Иесі бар жерге неге конкурс жариялайды? Әлде ауыл әкімі коррупциялық әрекетке барып отыр ма? Бұл жерде де жалған құжат жасау анықталды. Сонда жер комиссиясының төрағасы мен мүшелері, ауыл әкімі Еңсебаев бұл жердің қысы-жазы бос емес екенін білмей ме?

Жер комиссиясының мүшелері Жер кодексін білмесе, қалай отыр? 

Белсенділердің көтерген арыз-шағымынан кейін, аудан әкімі Байқошқар ауылына барып, халыққа жерді қайтарып береміз депті. Басқа біреудің атына рәсімделіп, Әділет министрлігіне тіркелген жерді сотпен ғана қайтаруға болатынын әкім жақсы біледі деп ойлаймыз. Әлде халықты тыныштандырып, алдап отыр ма?

Жалған құжат жасау бойынша, яғни экс-әкімнің қолы ма, жоқ па деген тексеріс жүргізуді Аягөз аудандық ІІБ бастап, ауыл тұрғындарынан түсініктеме алған екен. Қазір сол түсініктемені экспертизаға жібертпей, аудан әкімшілігі өздеріне алдыртып алыпты деп, белсенділер дабыл қағуда. Аягөз ауданының әкімі Сейілбек Ысқақов мырза, осы мәселелерге байланысты жауап бересіз деп үміттенемін. Ал Байқошқар ауылының тұрғындары аудан әкімінен ауылға басқа әкім тағайындауды сұрап отыр! 

Оңғар ҚАБДЕН

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн