ҚИҒАШТАҒЫ қиғаштыққа КІМ КІНӘЛІ?

Қазақ халқының жер үшін қандай да бір шайқасқа тас-түйін дайын екенін Атырау облысының Көптоғай ауылында болған оқиға тағы бір рет дәлелдеп берді. Көпшілікке бергі егжей-тегжейі белгілі болған бұл кикілжіңнің беті қайтса да, арпалысы аяқталмаған арғы қитұрқысы әзірге беймәлім. Әзірге Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі елді шарпып өтуге шақ қалған наразылыққа қатысты түсініктеме беріп, «ешкімге жер берілген жоқ» деп, аттанның атына қамшы басқан ағайынның алғашқы аптығын басып қойды.

Қалай болғанда да, Қиғаш өзенінің бойымен қазақтың мүддесіне қиғаш тартылған шекара дауы мұнымен бітті деуге болмайды. Қазақстан мен Ресей жағы бұдан 16 жыл бұрын Көптоғайда көлбеу тартылған сызықтың «сырын» өзара анықтап алар. Ал бізге қызығы, қызығы емес-ау, қауіптісі – Қазақстанның шекара бойында басқа да мұндай қиғаштықтар қаншама деген сұрақ. Әлемдегі ең ұзақ мемлекетаралық шекараның бойында қазаққа қаншама қасірет қымталып жатқаны бір Құдайға ғана аян…

Шекарадан шыққан шатақ дегенде, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан және Тарбағатай аудандарына қарасты ен жайлаудың Қытайға қалай берілгені де үлкен сұрақ. Түгін тартса, майы шығатын «Алтынқазған», «Ақоба», «Төржайлау», «Қарағайлы», осы өңірдегі т.б. жайлаулар бүгінде Қытайдың иелігінде. Ресейдің Романовтар патшалығы заманында, аты айтып тұрғандай, «Алтынқазғанда» алтын өндірілген кеніштер болған. Орман-тоғайы сыңсыған сай-сала Алашоңкудың тақыр даласына қалай айырбасқа түскені ел-жұртқа жұмбақ…

Ал Көптоғайдағы барлық былық 2005 жылы екі жаққа ортақ шекара белгілеудің (делимитизация) жабық жағдайда жасалғанында болып тұр. Егер мемлекетаралық келісімнің мазмұн-мәтіні ел-жұртқа ашық болғанда, бәлкім, кешегі кикілжіңнің реті болмас па еді? Бұл енді Нұрсұлтан Назарбаевтың «менбілемінен» қалған мұра. Сондықтан қазаққа деген «қиғаштықтың» барлық жауабын содан сұрау керек!

Дегенмен, Қиғаштағы қиғаштық Ақорда мен «Кітапхананы» тәубасына түсірді. Шекара бағандарын бір күннің ішінде сыпырып тастау – сол қорқыныштың айқын белгісі. Атырау мен Махамбет, Индер, Теңіз жақтан Көптоғайға бет алған қазақтарды жолын тосып, «бағандар алынып тасталды, босқа бармаңдар» деп, көтерілген жігіттерді полицияның көндіруі де тегін емес. Яғни, жермен ойнауға болмайтыны бастарына барса керек.

Айтпақшы, ендігі жерде «Көптоғай оқиғасы» жер мәселесін талқылап жатқан Жер комиссиясы мен Парламент сенатына да сабақ болса керек. Қазақтар табан астындағы соңғы тірегі – Қара Жерін қолдан бермейді. Не өнеді, не өледі! Осыны миға мығым түйген жөн!

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн