
- «АЭС салушылар Чернобыль мен Фукусимадан сабақ алды ма? Қазіргі реакторлар жер сілкінісіне де, цунамиге де, тіпті ұшақ келіп соғылса да, апат болмайтындай етіп жасалған. Радиологиялық салдарды алға тартып жүргендер бар. Мұны енді халық өзі шешу керек деп ойлаймын. Егер елдің басым бөлігі қарсы болса, салудың мәні жоқ.
Мұхтар Жәкішев:

- «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев белгілі медиа-менеджер Арманжан Байтасовтың Youtube-арнасына берген сұхбатында Қазақстанда АЭС салу мәселесі туралы өз ойын айтты. Inbusiness.kz сол сұхбаттың ең маңызды деген тұстарын ықшамдап, мәтін үлгісінде жария еткен екен. Ресейдің Қазақстанда АЭС салу төңірегіндегі тақырып текетірес трендке айналған сәтте профи-маманның пайымын біз де өз оқырманымызға ықшамдап ұсынғанды жөн көрдік.
Қазір Батыста (Еуроодақ) «Карбон салығы» туралы заң қабылданып жатыр. Оны қарапайым тілмен былай түсіндіруге болады: егер сіз жер бетінің климатына кері әсер ететін лас энергияны пайдалана отырып, өндірілген өнімді экспортқа шығарсаңыз, яғни ішкі энергия жүйесінде лас көздердің үлесі басым болса, айыппұл төлейсіз. Ол айыппұл сіз экспортқа шығаратын кез келген өнімге салынуы мүмкін: мұнай, мырыш, алюминий, мыс және тағы басқа. Бұрынғыдай оның толық құнын алмайсыз. Сіз бұл өнімді климатқа кері әсер ететін лас энергияның көмегімен алғандықтан, экспорттық табыстың бір бөлігі салық есебіне шегеріледі.
Негізінен шикізат экспортына арқа сүйейтін Қазақстан үшін мұның әсері айтарлықтай болуы мүмкін. Яғни, ел экспорт табысынан түсетін ақшаның қомақты бөлігінен қағылады. Мұхтар Жәкішевтің айтуына қарағанда, аталған заңның күшіне енетін уақыты қыр астында.
«Бүгін талқыланып жатқан жобасы бойынша, бұл заң 2023 жылы күшіне енуі керек. Көп уақыт қалған жоқ. Әзірге құжатта мұнай мен газ туралы сөз жоқ. Бірақ алюминий бар. Өйткені оны өндіру үшін қомақты энергия қажет. Заң жобасына цемент те кірген. Шын мәнінде, бұл басы ғана. Кейін мұнай мен газдың, мырыш пен мыстың, қара металдың заңға енуі – қаламның құзырындағы шаруа ғана. Яғни, осы өнімдерді экспорттаушы ел айтарлықтай қомақты кірістен қағылады.
Мен қазір Қазақстанда атом энергетикасы туралы бастамалардың көтерілуіне бірінші кезекте осы жайт себепкер болды деп ойлаймын. Үкіметтің мәселе көтеруі, Қ.-Ж.Тоқаев мырзаның Қазақстан ішінде өндірілетін электр энергиясындағы таза қуаттың үлесін арттыру идеясы осындай стратегиядан туған шығар», – дейді Мұхтар мырза.
Қазақстанда АЭС салынса, ол қайда орнатылуы керек? «Кезінде маған KEGOC компаниясы елдің солтүстігінен оңтүстікке энергия жеткізген кезде 50 пайызы шығын болады деген. Бұл жерде экономикадан гөрі, сенімділік маңызды. Өйткені желіден ақау шықса, бүкіл оңтүстік жарықсыз қалады. Сол үшін солтүстік пен оңтүстік арасында қосымша резервтік желі тартылған. Кезінде оны Қанат Бозымбаев KEGOC-тың президенті болып тұрғанда іске асырды. Оңтүстікте электр қайта-қайта үзіліп, жарықсыз қалмауы үшін, қосымша қолдаушы қуат көзі керек. Бір жағынан, жаңағы айтқан энергия шығыны да азаяды. Ол қолдаушы қуат көзі Солтүстік пен Оңтүстіктің ортасында болғаны жөн. Қуат көзі қайда тұруы керек деген сұрақтың жауабы осы. Неғұрлым ортада болуы шарт.
Мұндай жоба КСРО кезінде де, Балқаштың маңындағы Үлкен кентінде АЭС салу идеясы болған. Кейін көмірге көштік те, ол аяқсыз қалды. Ал Балқаштың маңындағы тау-тау боп үйілген көмірдің күлі қазір қоршаған ортаға желмен тарап жатыр.
Қай елдің технологиясы сенімді?
«АЭС салу мәселесін зерттей бастаған кезде нарықта бар стансалардың ешбірі Балқашқа қоюға жарамайтынына көз жеткізгенбіз. Жалпы атом стансаларының түрі соншалық көп те емес. Супермаркетке кіріп, тауар таңдағандай, маңдайынан шертіп жүріп таңдап аламыз деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Керісінше, бұл нарық Совет Одағының дүкендерін еске түсіреді. Қайың шырыны, томат шырыны, шабдалының қышқыл шырыны деген сияқты ғана таңдау бар. Солардың ішінде қайсысын қоюға болады?
Совет заманынан бері келе жатқан, уақыттың тезінен өткен «ВВР» дейтін реактор бар. Жұмыс принципін қарабайырлап айтсақ, «мескейдің ішіндегі мескей» болып шығады. Ішкі «мескейдің» ішінде суды қайнататын уран таблеткасы болады. Ол қайнатқан судың қызуы сыртқы мескейдің ішіндегі суды қайнатады. Осының әсерінен генератор электр өндіреді. Ресей Федерациясы қазір бүкіл жерде соларды орнатып жатыр. Олар бұл реакторды жаңғыртқан. Соны алға тартып, «3+» санатына жатқызып жүр.
Шындығында ол ешқандай «3+» стандартына жатпайды. Ол баяғыдан екінші деңгейдегі реактор болатын. Жетілдіргеннің арқасында қауіпсіздік деңгейі сәл артқан шығар. Бірақ бұл типтегі реактордан соншалық ақау шығып көрген жоқ.
Қытай ұсынып отырған реакторлар бар. Ол да ескірген. Бірақ Францияның Framatome компаниясы жасаған. Қытайлықтар әуелі өздерінде көптеп салып, кейін жетілдірген болды. Одан да ақау шығып көрген жоқ. Бірақ ол да ескірген технологиямен жұмыс істейді.
«3+» деңгейіндегі екі реактор бар. Біріншісі – Westinghouse Electric (АҚШ) жасаған «ІР 1000» дейтін мың мегаваттық реактор. Бұл өте жақсы реактор. Өйткені жұмысы физиканың өте қарапайым базалық заңдарына негізделген. Электронды жүйелердің орнына механикалық жүйе қойған. Шартты түрде айтсақ, қысым көтерілсе, тығындар ашылып, су ағып кетеді деген сияқты. Тіпті егер электр келмей қалса, реактор өздігінен өшіп қалады. Физиканың базалық заңдарының арқасында ол қарапайым, бірақ сенімді реактор болып тұр. Бірақ оның жалғыз прототипі Қытайда салынды. АҚШ-тың өзінде ондай бір станса салынған жоқ.
Екінші реактор франциялық технологиямен жасалған. Аты «ERP» болу керек. Бұл реактордың ең алғашқысын Финляндияға салды. 2001 жылы басталғанда, 3 жылда бітіреміз деген. Бірақ көпке созылып кетті. Мен түрмеде отырған кезде ғана іске қосты-ау деймін. Мұнда қауіпсіздік жүйесі электроникаға негізделген. Сондықтан ол «ІР 1000»-ға қарағанда әлдеқайда қымбатқа түседі. Алайда ол да «3+» буынына жатады. Оның қымбаттығынан бөлек, салудың өзі қиын. Жалғыз реактор Финляндияда тұрғанын білем. Басқа елдерде салу мәселесі қаралып жатыр ма, жоқ па – ол жағы белгісіз.
Сонда нарықта 4 түрлі нұсқа бар. Одан басқа жоқ. Оңтүстік Корея ұсынуы мүмкін. Бірақ ол да франциялық реактордың негізінде жасалған ескі технология. Бұл жердегі маңызды мәселе стансаның қуатына келіп тіреледі. 1000 мегаватт қуатты біз өзіміздің энергия жүйесіне кіріктіре алмаймыз. Балқашқа АЭС салу мәселесін талқылаған кезде ең бірінші тап келген мәселе осы болатын. 1000 мегаваттық станса орнатып, отын салған екенсіз, 1000 мегаваттық резервіңіз болуы керек. KEGOC сол кезде 600 мегаватт энергияны ғана резервтей алатындарын айтқан.
Қазір солтүстіктен Үлкен стансасына дейін қосымша желі тартып, резерв қуатын 800 мегаваттқа дейін арттырды деп естідім. Соның өзінде 1000 мегаватты резервтеу қазір мүмкін емес. Ондай стансаны орнатып, шектеп қана пайдалануға болады. Бірақ шектеудің шығыны өте қымбатқа түседі. Онда стансаның өзін ақтауы мүмкін болмай кетеді. Пилоттық жобаның пайдасынан – шығыны…
Көлемді стансаларды салудың ең басты проблемасы – шығынында. Мысалы, Ұлыбритания АЭС салу үшін көп әуреге түсті. Әлі орнатып біткен жоқ. Қаншама уақыт, қаншама қаражат салды! Тіпті қазір тегін сыйлай салғанның өзінде одан берілетін энергияның тарифі орасан болайын деп тұр. Бүгінге дейін салған ақшаны ақтау үшін, тарифті қатты қымбаттату керек болады.
Көлемі үлкен станса салу уақыт жағынан да, ақша жағынан да үлкен шығын әкеледі. Ал қуаты шағын реакторларда ондай проблема жоқ. Салынуы да жылдам, шығыны да соншалық орасан емес. Оның үстіне шағын реакторларды қажеттілігіңе қарай реттеп қолдана аласың. Керек болса, қуат мөлшерін 50 пайызға дейін шектей тұруға болады».
Мұхтар Жәкішевтің айтуынша, атом энергетикасы саласында бәсекелестерінен қалып бар жатқанын түсінген АҚШ шағын реакторларды сертификаттауға жол ашқан.
«Бірнеше реактор NRC-дің сертификатынан өтіп жатыр. Ішінде «General Electric»-тің 300 МВт-тық шағын реакторы да бар. Holtek, SMR реакторлары бар. Яғни, 100,150, 300 МВт-тық реакторлар пайда болып жатыр. «General Electric Hitachi» реакторы сертификат алып үлгерді. SMR реакторы да сертикаттаудан сәтті өтті-ау деймін. «Holtek»-тің реакторы да сертикаттаудан өтіп жатыр. Бұл да құрылымы қарапайым, өте тиімді реактор.
Шағын реакторлардың алғашқы екеуін салсаңыз, үшіншісі алдыңғы екеуінің есебінен салынады. Экономикалық жағынан тиімділігі өте жоғары. Қазір, мысалы, шағын реакторлардан алынатын энергияның бір киловаты 5 еуро центі болады деп естідім. Бұл өте жақсы баға деген сөз. Осы реакторлар келешекте АҚШ-та салына бастауы мүмкін.
Әлемдік деңгейде қолданысқа еніп, ең сенімді түрлері сөреге шыққан кезде ғана Қазақстанға әкеліп, орнатуға болады деп ойлаймын. Ал пилоттық жоба ретінде атом энергетикасы саласында тәжірибесі жоқ елде салу – қиындау.
Құрылысы жағынан бір АЭС-тің әлемдік нарықтағы бағасы қанша?
«Франциялықтар бастаған кезде 1000 МВт-тық атом стансасы 3 млрд долларға түседі және салуға 3 жыл кетеді деп айтылған болатын. Аңыз болып шықты. 3 млрд доллардан әлдеқайда қымбатқа түсті. Өтірік айтпасам, франциялық станса 10 млрд доллар болды. Ал салуға 12 жыл кеткен шығар. «ІР 1000» стансасы 8 млрд долларға шықты-ау деймін. Оның да мерзімі созылып кетті. Әрине, келесі стансалар әлдеқайда арзан болады.
Бірақ пилоттық құрылыс қымбат әрі ұзақ болады. Ресей қазір Түркияға АЭС салып жатыр. Жағдайды соған қарап бағалауға болады.
АЭС салушылар Чернобыль мен Фукусимадан сабақ алды ма? Қазіргі реакторлар жер сілкінісіне де, цунамиге де, тіпті ұшақ келіп соғылса да, апат болмайтындай етіп жасалған. Радиологиялық салдарды алға тартып жүргендер бар. Мұны енді халық өзі шешу керек деп ойлаймын. Егер елдің басым бөлігі қарсы болса, салудың мәні жоқ.
Бірақ халық қандай уәждерді негізге алып, шешім шығарып отыр деген мәселе бар. Қандай да бір ұрандарды, біліктілігі жоқ адамдардың мәлімдемелерін негізге алып шешім шығарды ма? Олай болса, бұл шешім дұрыс емес шығар. Өйте берсек, бәрінен бас тартайтық. Ұялы телефон қолданбайық, «шайтан арба» деп мәшинеге мінбейік.
Әлеуметтік желіде атом саласының «білгірлері» көбейіп кетті. Саланы жете білмейтін адамдарға ол айтылған уәждер салмақты сияқты көрінуі мүмкін. Ал нағыз маман оны оқыса, күлуі мүмкін. Шешім сондай ойлардың жетегінде шығарылса, дұрыс болмайды.
Бірақ қалай десек те, соңғы шешімді халық айтуы керек. Ал егер елдің санасына білікті ақпаратты жеткізе алмасақ, ресми органдардың уәжіне халық сенбесе, проблема халықта емес. Проблема өзімізде деген сөз.
Есжан БОТАҚАРА, Іnbusiness.kz