Воскресенье , 20 апреля 2025

ҰЛТШЫЛДЫҚ ПЕН ҰЛТЖАНДЫЛЫҚ

Есенғазы ҚУАНДЫҚ, тарих ғылымдарының докторы, профессор

  • Ксенофобия, үргедектік үрей туғызу – (грек. xenos «жат»+phobos «қорқыныш»). Этноәлеуметтану ғылымында «ксенофобия – діні, салт-дәстүрі, ұлты бөлек жандардан қорқу, оларды жек көру» деп түсіндіріледі (мысалы, русофобия орыстармен жауласу, антисемитизм – еврейлерге өштесу және т.б.).

Ғалымдардың зерттеуінше, ксенофобияны ауыздықтап, тоқтатпаса, бұл жолда жұрт немқұрайлылық танытса, онда ол одан сайын күшейіп, мемлекеттің қауіпсіздік таянышына қатер төндіретін болады. Бірақ Ресей министрі Лавров мырзаның мақаласында осы аталған «ксенофобия» термині орынсыз, ондай фобия жоқ жерге, қолдануға болмайтын жағдайда айтылған. Бұл оның қазақ ұлтына деген арам, шовинистік пиғылын айғақтап тұр. Бұлай басыну – «Жаман үйдің қонағы билейді» деген ежелден қалған көрегендік сөздің дәл өзі.

Оның қазақтарды «жергілікті ұлтшылдықты» дәріптеу Ресей мен Қазақстанның арасындағы достыққа қарсы бағытталған деп негізсіз айыптап, егемен елдің ішкі саясатына араласуы, ҚР Президенті әкімшілігінің бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың «үңгірдегі ұлтшылдық» деп, ұлттық сананы кемсіткен сепаратистік ойының жалғасы деп бағалаймын. Шовинизм болмаса, ұлтшылдық та болмайды. Ал ұлтшылдықты туғызатын – Лавровтың мақаласындағы өктемшіл, империялық әдетін аңсаған шовинистік көзқарастар.

Ұлтшылдық – о баста ұлтпен бірге жаратылған ұғым. Ол ұлттың бойындағы сана-сезімнің жиынтығы. Ал ұлтжандылық –ұлтшылдықтың бойынан жырып алынып, қолдан жасалған жасанды ұғым. Ал Лавров мырзаның «Қазақстандағы ксенофобия мәселесін тиісті министрліктермен реттейміз» деуі – Қазақстан билігінің өз ұлтына жаны ашымайтынын, өздеріне қарсы тұруға қауқары жоқтығын пайдаланып, күш қолданамыз дегені.

«Үңгір ұлтшылдығы», одан кейінгі «жергілікті ұлтшылдық» деп тағылған айдарлардың тууына тікелей кінәлі – қазақ билігі. Бұл әрекет ұлтқа опасыздық жасау, сатқындық болып табылады. Бұл жерде Махатма Гандидің берген бағасы дәл келіп тұр: «Отаршылдар тәрбиелеп өсірген элита – өз халқының ең басты жауы!» – деген еді ол.

Ал біздің бабаларымызда ұлтшылдық туралы: «Ұлтшыл – елін қорғайды, ұлтсыз – елін қорлайды», «Ұлтшыл – ұлттық мемлекет құрады, ұлтсыз – жауға қызмет етеді» деп, көрегендікпен сақтандырып кетіп еді.

Бүгінгі ұлтық-патриоттық сезімдер көбінесе жасанды болып келеді. Міне, осы жасандылықты шебер меңгергендер лауазымды биліктерін арқаланып, ел мен ұлт қамын шынайы ойлаушыларды тұқыртып келеді.

Қазақи құндылықтар жойылып, оның рухы күйреді!

Қазақстан билігі елдегі ұлтшылдықтың табиғатын дұрыс түсіне алмай (немесе түсінгісі келмей), оған реакциялық, теріс құбылыс ретінде сыңаржақ анықтама беріп, оны жасанды таптық мүдделерге айтақтап салып, қарама-қарсы қойып отырды. Ұлтжандылықты ұлыдержавалық тұрғыдан талдай келіп, шовинистік пиғылдағы орыстар осынау тарихи кезеңдегі қазақ этносына әлеуметтік, психологиялық қасірет әкелгендіктерін, олардың аяусыз қырғынға ұшырағандығына, өздері жүргізген саясаттың себеп болғандықтарын бір сәт мойындарына алудың орнына, оны одан арыға жалғастыруға әрекеттенуде.
 Кеңестік жүйе жүргізген саясат қазақ халқының болашағына зиянын тигізіп, ұрпақтардың рухани сабақтастығына нұқсан келтірді. Халықтың бойын жаппай үрей биледі, ұлт өкілдері өз пікірлерін ашық білдіруге батылы жетпейтіндей күйге түсті. Ұлт бірлігі бұзылып, ғасырлар бойы қалыптасқан, өзге халықтарда кездесе бермейтін тәрбиенің ұлттық үлгілері, әділ шешімге бой ұсыну, жарлы-жақыбай, жесірлерге қамқорлық жасау, үлкенді сыйлау, құрмет тұту, коллектившілдік, отансүйгіштік, намысқойлық, қонақжайлылық, шешендік, т.б. қасиеттер сорақы бұрмаланып, ұрпақ үшін қажетсіз болып, жоғалудың аз-ақ алдында қалды. Сол кездегі қате саясаттың кесірінен тамыры үзілген осы қасиеттер туралы айтқанда, бүгінгі ұрпақ оған мысқылмен қарайтын жағдайға жетті. Сондықтан да бүгінде ұлтжандылық сияқты құндылықтарды өркениеттілік тұрғысынан қайта зерделеу қажеттігі туындап отыр.

Ксенофобия қаупін қолдан жасағандарға қарсы күрес төмендегідей бағытта жүруі тиіс.

Бүгінде титульды толыққанды ұлт болып қалу үшін, табиғи дамуы үшін, оның ұлттық санасы, ұлттық құндылығы және ұлттық мүддесі болуы керек. Олай болса, бүгінгі күні қазақтар өздерінің саяси тәуелсіздігін алып, егеменді ел болғаннан бері өткен отыз жылдың ішінде ұлттық санасын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарын қадірлеп, ұлттық мүддесін қорғауда қабілетті ел бола алмадық.

Ұлттың – ұлт болып қалыптасып, дамуы үшін, ұлттық санадан кейінгі маңызды орын алатын мәселе – ұлттық құндылық. Ұлттық құндылыққа ұлтымыздың мәдениетін, әдебиетін, өнерін, музыкасын, спортын жатқызамыз. Бүгінгі күні осы құндылықтарды қорғаған азаматтар – Марғұлан Боранбай, Мейрам Қанапиянов, Данат Намазбаев, Қуат Ахметов, Руза Бейсенбайтегі және Жұлдызай Фортқа қарсы қудалаулар жасалуда.

Ал ұлттық мүдде дегеніміз – сол ұлттың рухани, әлеуметтік, қоғамдық дамуында шешуші роль атқаратын оның басты белгілері. Ғылым негіздеріне сүйенсек, бүгінгі күні қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретінде оның басты мүдделері – тәуелсіздігіміздің нығаюы, жеріміздің тұтастығы, тіліміздің дамуы, дініміздің сақталуы, салт-дәстүріміздің өркендеуі.

Ұлттық мүддені қорғау – саяси биліктің тікелей міндеті болуға тиіс, бірақ та қазіргі биліктің жүргізіп отырған саясаты біздің ұлттық мүддемізге қарсы бағытталған деуге болады. Мысалы, Қазақстанды көп ұлтты мемлекет деп атау, жерді жеке меншікке сату, Еуразия одағын құру идеясы, «Үш тұғырлы тіл» туралы, «Қазақстандық ұлт» жасау мәселесі, Ресейге цифрлық билікті беру – осының бәрі қазақтың ұлттық мүддесіне зиянды, стратегиялық қате саясат болып табылады.

Рухани салада халқымыз моральдық азғындыққа түсіп, ұлттық қасиетінен айырылып, ассимиляцияланып барады. Бұл мәселеге дұрыс жауап табу үшін, біз әуелі мемлекет құрушы ұлт дегеніміз не, оның ұлттық мүддесі қалай қорғалуы керек және ол мемлекет құрушы ұлт ретінде толыққанды дамуы үшін, оның қандай белгілері болуы шарт деген сұрақтар қойып, оның теориялық негізін анықтап, қазіргі кезде ол еліміздің өмірінде қалай іске асып жатқанын білсек, сонда шындықтың кімнің жағында екенін нақты білуге болады.

Сондықтан мемлекеттің халқы бір ортақ тілде, яғни мемлекет құрушы ұлттың тілінде сөйлеп, алдарына бір ортақ мақсат қойып, сол үшін күресуі тиіс. Мемлекет құрушы ұлт сол мемлекеттің территориясында тарихи қалыптасқан және ұлттық құрамы басқа ұлттарға қарағанда сан жағынан анағұрлым басым болуға тиіс.

Тәуелсіздік – саяси, экономикалық, рухани болып үш салаға бөлінеді. Қазіргі кезде халықаралық қауымдастық мойындаған саяси тәуелсіздігіміздің бар екені рас. Бірақ та ол – экономикалық және рухани тәуелсіздікпен бекімесе, уақыт өте келе, ол тәуелсіздік құр декларацияға айналып, өзінің мазмұнынан айырылуы мүмкін. Бүгінгі күні біздің тәуелсіздігімізге осындай қауіп төніп тұр.

Еліміз саяси тәуелсіздігін алғанымен, ассимиляциялану процесі әлі де жалғасын табуда. Себебі үкімет басына билікке келген шенеуніктер сол бұрынғы коммунистік идеологияда тәрбиеленіп, орысша оқыған адамдар болатын және іс қағаздарын жүргізу – еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де сол бұрынғы орыс тілінде қалып қойды.

Оның үстіне билік Қазақстан көп ұлтты мемлекет, сондықтан интернационалдық идеологияны ұстануымыз керек деп, мемлекет құрушы қазақ ұлтының құқығын көп диаспоралардың қатарына қосып, солармен теңестіріп қойды. Кімде-кім қазақ ұлтының ұлттық мүддесі туралы сөз қозғаса, оған «ұлтшыл» деген кінә тағып, ондай адамдарға қарсы қоғамдық пікір тудыруға тырысады.

Мемлекеттік тіл дегеніміз – бұл еліміздің тәуелсіздігінің туы, гербі, ән ұраны, астанасы сияқты ұлттық символдарының бірі. Конституциямызда «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп жазылған. Соған қарамастан, бүгінгі күнге дейін тіл проблемасы шешімін табудың орнына, уақыт өткен сайын күрделеніп барады.

  •  

ҚОРЫҚҚАНҒА ҚОС КӨРІНЕДІ

Соңғы жылдары Ресей тарапынан Қазақстанға қарсы айтылған мәлімдемелер көбейді. РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың «Российская газета» басылымында жариялаған мақаласында «Қазақстанда орыс тілінде сөйлейтіндерге ксенофобиялық көзқарас бар» деп айтыпты. Егер де Ресей билігінің түпкі санасында шынайы «достық» деген ұғым жатса, досына менмендік көрсетіп, басқыншылық көзқарасын айтар ма еді? Жоқ. Демек, бұны Кремль өз саясаткерлері арқылы Қазақстанға қарата айтқан үндеуі деп қабылдадым.

Алайда «Бұндай сөздерді неге айтады? Не үшін айтқызады?» деген сұрақ туындайды. Қынжылыстан туындаған сөздері арқылы Қазақстанда шовинистік пиғылды көрсетіп, қандай да бір тұрақсыздық тудырғысы келеді деп түсінемін.

Екінші жағынан, бүгінгі қоғам – бұрынғы қоғам емес, сана өсіп, жаңа буын келді. Ресейдің қандай да бір мәлімдемесін большевиктік заманда қалып қойған көзқарас деп қарайды. Енді Ресейдің иық тіресіп тұрар «досы» қалмады, жалғыз қалды. Қалған елдер есіктерін тарс жауып алғандықтан, екі жағында «ескі шалдар» басқаратын тек Белоруссия мен Қазақстан ғана қалды. Қазіргі қорқыныштарының басты себебі де осында.

Күндердің күнінде осы шалдар қызметінен кететін кезде екі елді уысынан шығарып алмауы үшін, Ресейдің алдын ала жасап жатқан саяси амалы шығар. Оның үстіне қорыққанға қос көрінеді дегендей, Түркі елдерінің саммиті басталады деген хабар да бар. Мүмкін, сол жиынның алдында қорқынышпен және қызғанышпен айтқаны деп қабылдадым.

Ринат РАФХАТ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн