Бұдан бұрын белгілі болғандай, өткен бейсенбі – 18 қараша күні ҚР парламентінің сенаты 2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын талқылап, оны мәжіліске қайтарған еді. Ресми ақпаратқа қарағанда, үш жылдық мемлекеттік бюджет індет салдарын еңсеруге арналған жалпыұлттық басымдықтарды іске асыруға және президент Тоқаев алға қойған міндеттерді орындауға бағытталған.
Әдетте Қазақстан парламентінде кезекті жылдардың бюджетін қарау және бекіту процесі асқан дау-дамайсыз, үкімет ұсынған нұсқадан көп ауытқымай, формальды түрде өтетіні мәлім. Бірақ бұл жолы елдегі терең дендеген экономикалық дағдарысқа байланысты бюджетті тиянақты талқылау қажеттілігін ұйқылы-ояу депутаттар да түйсінген сияқты. Пандемиялық проблемалардан туындаған бюджет тапшылығы болашақ ұрпаққа арналған Ұлттық қордан бөлінетін (алынатын) трансферттер есебінен жабылып келген еді. Ендігі жерде бұл «батпан құйрықты» қысқарту қажеттілігі туындаған сияқты.
Экономикалық сарапшылардың пікіріне қарағанда және соңғы екі жылдың практикасы көрсеткендей, бүгінгі ел үкіметі Ұлттық қордың көмегінсіз күн көре алмайтыны белгілі болды. Оның үстіне барған сайын өсіп бара жатқан сыртқы қарызды қайтару проблемасы асқынған кезде Асқар Маминнің Кабинеті Ұлттық қордың «қамқорлығынсыз» мәселе шеше алмайтыны айдан анық болды.
Ол аз десеңіз, трансферт арқылы бюджетке қосымша қаржы бөлінбеген жағдайда, бұл үкімет 2022 жылы жалпы көлемі 33 триллион теңге төңірегіндегі сыртқы қарыздың 1,2 триллион теңгесін қалай қайтармақ? Ал сыртқы қарыздың жалпы сомасы ішкі жалпы өнімнің 32 пайызына пара-пар деңгейге жеткенін ескерсек, мақау Маминнің мырқылдақ Кабинеті жағдайды түзеуі мүмкін бе?
Соған қарағанда, президент Тоқаевтың сейсенбі күні өткен «Нұр Отан» саяси кеңесінен кейін премьерді жеке қабылдауы тегін болмаса керек. Ендігі жерде «Нұр Отанның» тұтқасына ие болатын президент ел басшысының рөліне шындап енетін сыңайлы. Үкіметке жаңаша ойлайтын, елді күрделі дағдарыстан алып шығуға қауһары жетерлік кризис-менеджер қажет. Ал соңғы кездері сарапшылар айтып жүргендей, Назарбаевтың кезекті қолбаласы Бауыржан Байбек Министрлер кабинетін басқаруға келетін болса, «баяғы жартас – сол жартас» қала бермек.
Елдегі экономикалық дағдарысты еңсеру үшін, ең алдымен нақты жағдайдың статистикасын ретке қою қажеттігіне сенатор Ақылбек Күрішбаевтың «2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңының жобасын қарау кезінде сөйлейтін сөзі дәлел болса керек. Елдегі күрделі экономикалық жағдайға байланысты батыл сөйлеп, нақты ұсыныстар айтып жүрген сенат депутатының сол сөзін қаз-қалпында жариялап отырмыз.
«D»
Ақылбек КҮРІШБАЕВ, сенатор
Өз сөзімде мен екі мәселеге тоқталғым келеді.
Біріншісі – азық-түлік инфляциясы бойынша. Биыл ауыл шаруашылығы үшін өте қолайсыз жыл болды. Мұндай жаппай құрғақшылық бізде 30 жылдан астам уақыт болмаған. Сондықтан қазір азық-түлік тауарларының нақты теңгерімін бақылап отыру өте маңызды. Ал ол үшін біз ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің нақты көлемін білуге тиіспіз.
Өкінішке орай, ауыл шаруашылығы өнімдері туралы статистикалық деректерде үйлеспейтін, бір-бірінен алшақ ақпараттар бар. Осыған байланысты көптеген мысалдар келтіруге болады. Әкімдердің мәліметінше, биылғы жылы 16 миллион гектардан 16 миллион тонна астық жиналған екен.
Дегенмен, биыл дақылдардың өсу кезеңіндегі құрғақшылық өнімге өте қатты зиян келтіргені ақиқат. Ал батыс өңірлердің, Ақмола, әсіресе Қостанай облыстарының бірқатар шаруашылықтарында егіннің бір бөлігі мүлдем күйіп кетті. Осыған байланысты астық өндірісімен айналысатын мамандар мен ғалымдардың биылғыдай өте құрғақ ауа райы жағдайында гектарынан 10 центнерден, яғни орташа өнім алынғанына үлкен күмәні бар.
Екінші мысал, статистика бойынша, өткен жылы картоптың жалпы түсімі шамамен 4 миллион тонна болды, оның 2,1 миллион тоннасы немесе өндірістің жартысынан көбі жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі.
Теңгерім дұрыс болған жағдайда, бұл көлемдегі картоп бізге ауыл шаруашылығы жылының соңына дейін жетер еді. Бірақ өздеріңізге мәлім, көктемде оның бағасы күрт көтеріліп кетті және 4 айда елімізге картоп бұрынғыдан 67 есе көп импортталды.
Осындай ауыл шаруашылық статистикасын қалыптастырудағы жүйелі проблемаларды көрсететін көптеген мысалдар келтіруге болады.
Қазір ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі туралы есепті тек заңды тұлғалар ғана тапсырады, ал шаруа/фермер қожалықтарынан және жеке қосалқы шаруашылықтардан бұл деректерді интервьюерлер іріктемелі әдіспен жинайды. Шаруа қожалықтарының тек 30 пайызы және қосалқы шаруашылықтардың бар болғаны 2,5%-ы ғана есеп береді, яғни олардың 97,5% ешқандай есеп бермейді. Басқаша айтқанда, ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемінің едәуір үлесі әкімдер жинайтын әкімшілік ақпаратқа негізделіп айқындалады.
Бүгінде үкімет ауыл шаруашылық саласында цифрландыру бойынша белсенді шаралар қабылдауда. Біз жақында Цифрлы үкімет офисінің жұмысымен таныстық. Үкімет жұмысындағы осындай жаңа бағыттарды қолдау керек деп санаймыз.
Бірақ сонымен қатар әкімдердің ауыл шаруашылығының жай-күйі бойынша жинаған ақпаратының дұрыстығын қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілігін арттыруымыз керек. Статистика басшыларының өздері атап өткендей, жергілікті атқарушы органдар өз рейтінгілерін арттыру мақсатында егін өнімділігі бойынша жоғары көрсеткіштерге мүдделігі статистика деректерін бұрмалауына әкелу қаупі бар.
Ал бұрмаланған ақпараттар «қисық айна» әсерін тудырып, мемлекеттік органдардың маңызды шешімдер қабылдауына, соның ішінде азық-түлік балансын реттеу жұмыстарына негіз болуы мүмкін. Кейде бізде қағаз жүзіндегі әдемі көрсеткіштер ауылдағы жағдаймен сәйкес келмейді.
Тақырыптың тұздығы
Президенттің САУДАСЫ
Моңғолдың президенті Халтмаагийн Баттулга азаматтармен кездесу барысында ет сататын базарға кіреді. Сондағы диалог дейді.
– Жақсы ет екен. Бизнесіңіз жақсы ма?
– Бүгінгі күннен басқа күндері жақсы болатын. Бүгін 1 келі де ет сата алмадым…
– Неге?
– Сіз келеді деп, тұрғындарды осында кіргізбеді.
– Онда мен сізден 4 келі ет сатып алайын.
– Сатпаймын!
– Неге?
– Сіз келеді деп, пышақтарды жинап алды.
– Пышақ жоқ болса, толығымен алайын.
– Жоқ. Кешіріңіз, сата алмаймын…
– Тағы неге?
– Неге десеңіз, бұған дейін еттің бір килосын 6000 төгрөкпен сататынбыз. Сіз келеді деп, 3000 төгрөкке түсіртті… Енді сізге сатсам, 3000 төгрөктің қарызына кіріп кетем ғой?!
– Онда мен еттің килосын 6000 төгрөкке – өз бағаңызбен алайын!
– Кешіріңіз, мен негізі сатушы емес едім… Күзет қызметкерімін.
– Не дейсің? Бастығыңды шақыр!
– Бастық анау жерде көкөніс сатып тұр еді…
- Нұрбол Ханағатұлының ФБ-парақшасынан