
Құрметті Президент мырза! Бүгінде біздің қоғамда дайындалып жатқан жаңа заңдарға деген адамдардың қызығушылығы мүлдем жоқ. Елдегі қалыптасқан дәстүр – заңды билік жазады, оны парламент бірауыздан қабылдай салады. Соның нақтылы көрінісі қазір мәжілістің екі талқысынан жеңіл өтіп, сенатқа жіберіліп отырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекті ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы. Осы заңға байланысты БАҚ беттерінде жауырды жаба тоқыған мемлекеттік тілге қатысты заң аз-кем айтылғаны болмаса, «Дін туралы заңдағы» толықтыруға мән беріп жатқан не қоғамдық ұйымдар, не қазақ зиялылары мен ұлтшыл азаматтары, не дін жанашырлары, не Республика мұсылмандары діни басқармасы үн қатып отырған жоқ.
«Діннің сөзін кім сөйлейді, дінді кім қорғайды?» деген сұрақ ашық тұр. Өйткені белгілі ғалым, қазіргі Евразия университетінің проректоры Д. Қамзабекұлы айтқан: «Ислам туралы әңгіме айтсаң, саған 37-жылдың авторлығын бере салуы да кәдік», – деген үрей біздің халқымыздың көкірегіне мықтап еніп алған. Себебі біз Алланың Құрани заңдылығын емес, үкімет заңынан қорқып, тіршілік кешудеміз.
Бұлай айтып отырғаным, бізде елді ел ететін – дін екенін көтеретіндер әзірге кем болып отыр. Өзі де аз дін қаймағы саналған дін қайраткерлерін кезінде кеңес үкіметі ұйымдастырған репрессия (1926–1931 жж.) сыпырып алған. Солай бола тұрғанмен, ұлттық болмысымызға сай Дін туралы толыққанды заңды халқымыз күтіп отыр. Бұл әбден пісіп жетілген қажеттілік. Оның нақтылы көрінісі елімізде алдымен Дін істері жөніндегі агенттік, соңынан қосамжарланған аты бар министрліктің құзырына Дін істері қосылды. Елде қажеттілік болмаса, мұндай күрделі министрлік құрылмас еді. Осы жерде тұңғыш президенттің: «…Исламдық қауіп-қатер» деген ұғымды ернінің ұшымен айта салу оп-оңай болғанымен, оның үрейлі қанатының кеңге жайылып бара жатқаны соншалық, енді Ислам тарапынан болатын мифтік қауіп-қатер туралы емес, Исламның өзін нақты қорғаудың қажеттігін сөз ететін кез келді…» («Сындарлы он жыл», 2003 ж.) деген сөзін де алға тартуға болады. Өйткені дін – ұлттан да, тілден де бұрын, Адам Ата келмей тұрғанда, өмірге келетін адамды тәрбиелейтін жол ретінде Жаратушы тарапынан әзірленген нақыл-қуат. Сондықтан дінін сүйген қазақ толғағы жеткен «Дін туралы» заңның өмірге келуін осы жаңа құрылымдардан күткен еді…
Әлем картасына назар салсақ, халқы бізден аз, жағдайлары бізден әлдеқайда төмен қаншама мемлекеттер алпауыт елдерге жалтақтамай-ақ, ешкімге ұқсап бақпай-ақ, жаратылысындағы ұлттық абыройымен баянды тіршілігін жасап отыр. Біреуден артық, біреуден кенже қалса да, ешкімнен ықпайды, ешкімнен бүгежектеп қаймықпайды, ешкімге жалтақтамайды, ешкімге ұқсағысы да келмейді. Өйткені өмірлік қалыптасқан өзіндік ұлттық болмыс-бітімі мен өзіне тән діни дәстүрі бар. Соны сақтауымен де олар бақытты өмір сүріп жатыр.
Ал біздің елде кезінде ұйқылы-ояу жүрген қазақтың бейқамдығын пайдаланған бүгінгі үкімет имани саяси ұйым құруға да заңмен қатаң тыйым салып тастаған. Сонда рухани қайнарымыздың бұлақ көзі – дәстүрлі дінімізді кім қорғауы керек? Біздегі Батысты өнеге тұтқан саяси күш жетекшілері сол елдердегі басты партиялар өздері ұстанатын дін атымен аталатынына неге зерделі көзбен ой салып қарамайды? Бұл дерт қазір Тәңір сыйына оп-оңай иелік еткен үкіметіміздің де айықпас бас ауыруы болып отыр…
Ойланайықшы, елімізге егемендік қалай келді? Халқымыздың, тіпті кешегі отыз жыл ел билеген тұңғыш елбасымыздың осыған қылаудай еңбегі сіңді ме? Ел егемендігін діні бөтен елдің тырнағынан қамырдан қыл тартқандай айырып, аманаттап, тарту еткен Ұлы күш – Ол Алла тағала! Осы Ұлы күш пен оның діні елімізде неге мойындалмауда? Халықты Тәңірден алшақтатуға тырысып бағудамыз, неге адамзатқа жол еткен Ислам дінін жоққа шығаруға ықыластымыз?
Біз кешегі ашылып жабылған Діни агенттік пен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ашылуын қаншама уақыт ел болып күттік. Осы мәселені көтеріп, республикалық қоғамдық-саяси «Қазақстан» газетінде (№4, 29.01. 2004 ж.) жарияланған «Дін үкіметке керек болмаса да, халыққа қажет!» деген мақаламда жаздым. Оған сол кездегі Президент аппаратынан Конфессияаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі Р. Жошыбаев мырзаның: «Біздің еліміз Конституция бойынша зайырлы мемлекет болғандықтан, Дін министрлігі біздің үкіметімізде болуға тиісті емес» деген жауап хаты әлі күнге менің мұрағатымда сақтаулы тұр. Сол «болмайды» деген діни құрылымдар құрылды ғой. Болмайды деген нәрсе болды ғой…
Тағы бір аз-кем дәлел: сол кездегі дін министрі БАҚ-қа берген сұбхаттарында«Діни экстремизм мен терорризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2017–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама»әзірлеп жатқанын айтып, жар құлағы жастыққа тимеді. Біраз діні таяз ғалымдар: «Елімізде діни терроризм мен экстремизм эпидемиясы етек жайып барады»деп, жұртты үрейлендіріп бақты. Бұдан да сорақысы – Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен «Ислам және өркениет» тақырыбына арналған ІІ Республикалық имамдар форумы: «…Жолдауда жүктеген міндеттерді сапалы орындау мақсатындадіни экстремизмнің алдын алу, тұлғаларды оңалту және оларға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жан-жақты білімді, білікті жәнемемлекет мүдделерін қорғай алатын имамдар корпусын жетілдіру қажет деп санаймыз» деп Үндеу тастады. («Е.Қ.» мен «Айғақ» газетерінен. Сәуір айы).
Ау, осылайша ұрандатып жатқан сабаздар өз сөздеріне өздері неге зерделеп мән бермейді?! Неге олар «діни экстемизм мен терроризмнен қорғанайық» деген сөзді «Алдымен дінді –дінге жапсырылған экстремизм мен терроризм атауынан қорғайық!» деген сөзге алмастырып, жандары шырылдап, дәстүрлі дінімізге құрметі мен жанашырлығын көрсетпейді?Бұл «белсенділер» дін емес, діннің атын жамылғандардың салып жатқан ылаңы екенін неге өз атымен айтпайды?
Осы орайда «Бодан халықты орыстандыру мен шоқындыру туралы» Ресей патшасының жарлығын іске асыруға патша архиерейі жанына генерал-губернаторы мен оязбастығын ертіп, 1900 жылы 1200 қазақты шіркеу түбіне жинап: «Құдай ретінде Айсаға табынасыңдар, құранды тастаңдар!» – деп, «Евангелий кітабын» таратуға келгені тарихта жазылған. Сонда болыс Шалбай Тыныкебаласы: «Айса құдай емес. Біздің құдайымыз барша дүниені, дүниеде болған нәрселерді жаратушы. Біз бұл кітаптан бүгін құтылмасақ, ертең кеш болады. Дін үшін өлеміз!» – деп, Исламды қорғап, аттан салғанын еске алайық. Шіркін, біз де осы Шалбай аталарымыз сияқты дінімізді дінсіздерден қорғасақ қой…
Дін адамды басқарады, дін адамға жол көрсетеді.Қазақ халқы о бастан дін заңымен өмір сүрген халық. Әріге бармай, беріден қайырғанның өзінде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», оның жарасымды жалғасы Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» құранды басшылыққа алып жазылғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Үш заңның да атасы – Құран.
«Жеті жарғы» – имани жолмен елді басқару заңы. Қазақ хандығында, әсіресе осы Әз Тәуке ханның тұсында Пірлер институты мықты жұмыс жасаған. «Жеті жарғы» – осы институт дайындаған далалық заң. Осы заңмен жұмыс жасаған ел билеу жүйесінен 1824 жылы Хан билігі, 1868 жылы Сұлтан билігі жойылды… Бүгінгі таңда қырық жамау болған біздің Ата заңымыздан бастап, әр заңға толассыз толықтырулар енгізуіміз, осы Ата жұрт заңдарынан сабақ алмай, Батыстың табиғатымызға сай келмейтін заңдарын тұтастай көшіріп алуымыздан болып отыр…
Елдің ел болып іргесін сөкпеуі – өткен тарихымыз көрсеткендей, елдің тұтас алғандағы сенімінде.Ал жер бетіндегі сенімнің әкесі әлімсақтан – дін! Дінсіз ел, дінсіз отбасы, дінсіз адам баласы болмайды. Адам болмысында дінімен туған. Діни сенімінен айырылған ел жер бетінде мәңгілік тұра алмайды, қаншама күшке иелік еткенімен, кешегі Кеңес империясы сияқты жойылады. Құранда: «Тәңірім арқылы білім алыңдар» деп айтылған. Қазір жер жүзіне, күллі жер бетіне тазару процесі келіп жатыр. Осыны біле тұра, кешегі кеңес үкіметінің шекпенінен шыққан, соның атеистік мектебінде білім алған біздегі саяси күш жетекшілерінің бәрі асыл дінімізге үрке қарап, оның мәңгі тірі жол екендігін сезінбеуде.
Бізде өкімет пен үкіметтің де дінге деген көзқарасы екеуінде екі түрлі болып отыр. Бұл қай ақылға сыятын көрініс? Бұдан 20 жыл бұрын үкімет жанындағы төрт жыл жабылып қалған Діни хатшылық қайта ашылып, оның төрағалығына үкімет басшысының бірінші орынбасары бекітілген болатын. Қазір ол құрылым да құрдымға жіберілген. Елде сол құрылым есебінен Әлем және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің хатшылығы жұмыс жасауда. Басшысы – ҚР парламент сенатының төрағасы. Үш жылда бір рет өтетін Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының құрылтайы үшін арнайы құрылған хатшылықтың атқарар қызметі не? Хатшылық мүшелерімен жыл сайын жиналып, съезде қабылданатын дін саласындағы өзекті мәселелерді қарайды. Өз еліміздің емес, әлем дінінің мәселесін қозғайды. Әлем азаматтарының діни сенім бостандығын қамтамасыз етуге атсалысады. Соның бұлтартпас дәлелі елімізге бір рет келіп кеткен Рим Папасына бүгінде арнайы ат сабылтып, елші жіберіп, енді съезге қатысуын өтінудеміз. Шіркін, осы ықылас өздерін барша әлемге Ислам Әмірлігі етіп жариялаған көршілес Ауған елінің имани басшыларына да аударылса ғой!
Ал біздің үкіметіміз ше? Өз ішінен құрылған екі ведомствоны кезегімен бесігінде тұншықтырып, елдегі дін жұмысын Мәдениет министрлігінің әлжуаз бір комитеті дәрежесінде ұстап отыруға жеткізді. Мәдениет деген 18 мың ғаламды өз құзырына алған дін құзырының шағын ғана бір саласы емес пе? Көзіміз көріп отырған бұл көрініс – екі жүзділік. Осы өкіметтік құрылым мен елдегі әлжуаз Діни комитет неге біріктірілмейді?..
Несін жасырамыз, үкімет: «Сенің қанатың бар – ұш» десе: «Жоқ, мен – түйемін» дейтін; «Онда аңдып келе жатқандар сені ұстап алып қояды ғой» десе: «Мен тығылып қаламын» деп, басын құмға тыға салатын; «Түйе екенсің – онда саған жүк артайық» десе: «Жоқ, мен – құспын» деп, қанатын көтеретін түйеқұс (страус) сияқты дінімізге екі жүзді көзқараспен қарап, өз болмысына ұқсас «құбылмалы діни құрылым – Діни агенттік пен Дін министрліктерін» құрып, артынша қайта жойып, сол қимылдарымен үнемі діни жолға қарсы шығумен келеді. Бұл құрылым өз халқының тағдырын тереңнен қозғап, сабырлығын Құранға әкеліп тіреген Абайды: «Бір Аллаға сиынып, кел, балалар, оқылық» деп, баладан бастап, бәрімізді имани тәрбиеге шақырған Ыбырай Алтынсаринді неге тыңдамайды? Өздерінің бастауыш білімдерін діни медреселерде алған Алаш көсемдерінің діни ұстанымдарын неге басшылыққа алмайды? «Қазақты ешқашан да өз дінінен де, жазуынан да айныта алмайсың» деп, шегелеп айтқан Алаштың бас ұстазы Байтұрсынов емес пе? Діндар Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім, Ғұмар Қараш әрдайым қалың Алаштың ортасынан көрінген жоқ па? Сол Алаштың І және ІІ съезіне қатысқан молдалар тіршілігі неге сабақ болмасқа? Исламды ұлт дәстүріне сай тану, түсіну, насихаттау – солардан қалған мұра ғой. Бүгін біз мойындамасақ та, кесенесі көк тіреп, Түркістанда тұрған әулиеміз Йассауийді діндар ретінде алғаш танығандар да, танытқандар да осылар болатын…
Құрметті Президент! Мемлекетіміздің Конституциясында «Діни бірлестіктер жөніндегі мемлекеттік органды Қазақстан Республикасының Президенті құрады» деп көрсетілген. Меніңше, осы сөйлем «Елдегі дінге байланысты шешімін таппаған жұмыстың бәрін ел игілігіне сай шешу – президент құзыретіне берілген» деп жазылуы керек еді. Мұны күнделікті өмірдің өзі көзімізге көрсетіп отыр. Бұл президентке халық сенген уәкілдік. Ал біз көтеріліп отырған бүгінгі мәселемен үкіметпен бірлесе отырып, Республика мұсылмандары діни басқармасы айналысуы керек болса, қазір бұл ұйымда нағыз тұлғалар дараланбауда. Барларының білім дәрежесі қарилықтан аспағандар (өздері де мойындайды), араларында тұлға болар діни ілім иелері қара көрсетпей отыр…
Есіңізде болар, бұрынғы мемлекет басшысының 2002 жылғы 8 ақпандағы өкімімен республика парламентінің 2002 жылғы 31 қаңтарда қабылдаған «ҚР кейбір заң актілеріне Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын ҚР Конституциялық кеңесінде қаратып, «Конституцияға сәйкес емес» деген шешім шығартқан болатын. Дәл сол жол бүгін де қайталанып отыр. Сіз де алдыңызға барғалы тұрған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы Заңына толықтыру енгізу туралы» заңына тоқтау салып, заңды толықтырумен ғана шектелмей, оның тұтастай қайта жазылуына бас-көз болуыңыз керек. Өйткені билікті дінінен шектемей, дін қуатын ел игілігіне жарату – президенттің құзырында.
Қазір сіз «Мәңгілік ел» идеясын іске асыруға шақырып жатырсыз. Алла жар болсын! «Мәңгілік ел боламыз!» десек, дініміз Ислам екендігі Ата заңымызда көрсетіліп, еліміздің имани көзқарасын қалыптастырайық, президент мырза! Сол кезде дініміз де, отыз жылдан бері өз дербестігіне жетпеген тіліміз де өзінің даңғыл жолына түседі. Сізден осы ұсынысты қолдауды талап етеміз!Жаратушы бізді осындай ұлт етіп жаратқан екен, ендігі жерде оның діні мен дербестігін қорғау – президенттің абыройлы міндеті болумен бірге, сол ұлттың әрбір азаматы мен дін иелерінің де парызы.
Осы орайда мемлекетті басқарудағы адамдар өзінің рухани қазынасын арттыруы керек.Кезінде дін, муфтият мәселесін елдік мәселе ретінде көтерген Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан Жаратқан мен халықтың өз орнын көрсетіп; «Күштіге сиынсаң – Құдайға сиын, әуелі Құдайға сеніп, Құдайдан соң күшті – халыққа сен!» деген сөзін байрақ етіп қайта көтерер уақыт келді. Бұл – ұлттық идея!
Осы күнге дейін өз аттарынан өздері шошып жүрген Республика мұсылмандары діни басқармасы «Республикалық Ислам ұйымы» атауымен қайта құрылып, атына сай жұмыс жасағаны мақұл. Ұйымды Ислам атымен атаудан бас муфти үкіметтен қаймығатын болса, қызметінен шеттетіп, бұл жұмысты Аллаға аманаттау керек. Алла ел арасынан өз дініне қожа болар тақуасын табады. Бұған күмән келтіруге болмайды. Елдегі қазіргі дін дертін (жалпы діндегі емес, Алланың дінін еш уақытта дерт шалмайды) мемлекеттік тұрғыдан қолдау арқылы қуаттандырып, сауықтыру керек. Бұлай айтып отырғаным – дін жолында демократия айтылмайды, демократия үкімет пен соның жұмысын таразылайтын қоғамдық ұйымдар үшін қажет. Ал діннің жолы Құранда мөрленіп, көрсетіліп қойылған. Ол еш уақытта өзгермейді.
Біз орыс пен қытайды немесе алыстағы АҚШ пен Батысты емес, Алланы ғана пана тұтуымыз керек. Көрші мемлекеттер бізге қиянаттықпен сұғанақтық жасаса, Тәңірім кешегі СССР сияқты ондай мемлекетті жолын тауып, оп-оңай жоқ ете салады. Елге Атажұрт діні өз болмысымен оралса, жастарымыздың өмірге деген, өздеріне деген сенімі артып, бүгінгі бетімен кеткен коррупцияның тамырына балта шабылады. Ел еншісіне бұйырылған ұлан-асыр қазына да өз игілігімізге жұмсалынады…
Бүкіл әлем елімізді мұсылман мемлекеті ретінде Әлемдік Ислам конференциясы ұйымы өзінің толыққанды мүшесі ретінде танып отырса, бізге жат жұрттық будандасқан дін емес, дәстүрлі өз Исламымыз керек. Бұл бос ұран, эмоциялық үндеу емес. Кейбір нәпсінің құлы болған діні таяз бауырларымыз сияқты Араб қаржысына малданып, солардың айтуымен ораза тұтып, солардың шылауында кетпей, дін тізгініне өзіміз қожайын болып, өз қолымызда берік ұстауымыз керек.Дін – тірі, жанды дүние. Елдің дін туралы жаңа заңын діңгегінде діні бар азаматтар әзірлеп, оны ұлттық үйлестіру кеңесінде дұрыстап қарауы керек. Сонда бүгінде елден безіп, бөгде елде әр ағымда жүрген бауырларымыз да оралып, өз үйіріне қосылады.
Әрине, бұл әңгіме – егемен еліміздің әрбір азаматын ойландырар мәселе. Діннен тыс дінсіз тіршілік жасаймыз деу – жай ғана тәкәппарлық, шолақ ойлылық. Ел болу үшін, нағыз қазақ елі болу үшін, қол ұстасып тірлік етуге тәуекел етуіміз керек. Қазақ елі о бастан діні бар мемлекет. Халықтың ішінде дінді ұстанып жатқан тақуалар мен дінді сүйетін жандар баршылық. Олар дін жолын Алланың разылығы үшін ұстайды. Олардың жүректері – мешіт. Олар Құдайдан дұға тілейді. Мұндай жандардың жанына қасірет батса, Құдай сол мемлекетті жазалап жіберуі де мүмкін…

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,
«Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы
Оқырманға арнау сөз
ӨЗ ДІНІНЕ БЕКЕМ АРДАҚТЫ АҒАЙЫН!
Егер сіз:
- қазақтың дәстүрлі дініне қатысты саясаттың ұңғыл-шұңғылын білгіңіз келсе;
- билікке бүгежектемейтін тәуелсіз сөз қоғам мен халыққа қажет десеңіз;
- елдегі жалғыз оппозициялық газетті сақтап қалуға мүдделі болсаңыз;
- елдегі азаматтық қоғамның жай-күйіне жанашыр болсаңыз;
- сот пен оттан таппаған ақиқат пен әділетке жүгінудің қажеттілігі туса,
«ДАТ» ГАЗЕТІНЕ ЖАЗЫЛЫҢЫЗ!
Жазылу жергілікті жердегі «Қазпошта» бөлімшелері арқылы жүреді.
Жазылу каталогында «ДАТ»-тың ресми мемлекеттік тіркеудегі атауы «Общественная позиция» газеті деп көрсетілгенін ескертеміз.
Каталогта көрсетілген жазылу индексі – 64258
Ал егер пошта бөлімшесіне баруға уақытыңыз тапшы болса, біз сізге газетке жазылудың редакция арқылы жүргізілетін жеңіл жолын ұсынамыз.
ОЛ ҮШІН:
- Газет тарату бөлімінің атына тіркелген (Дінмұхаммед Сейтқазы) +7-707-615-81-20 Каспи-голд номеріне тиісті жазылу бағасына сәйкес соманы аударасыз;
- Бұдан соң осы уатсап-номерге:
- толық аты-жөніңізді;
- жергілікті поштаның индексі (міндетті түрде) мен тұрғылықты адресіңізді жазып жібересіз;
- жазылу бағасы төменгі таблицада көрсетілген.
Тарату бөлімі сіздің атыңызға жазылуды рәсімдеген соң, ары кеткенде бір айдың ішінде жазылу түбіртегін сізге пошта арқылы немесе уатсап-СМС хабарлама арқылы жолдайды.
Әлбетте, біз жақсы түсінеміз: бір жылға жазылған сіздің 4-5 мың теңгеңізге бірер күндік азық-түлік немесе 2 келі ет сатып сатып алуға болады. Таңдау өзіңізде – екі-үш күннің тамағын аласыз ба, жоқ әлде бір жыл бойы үйіңізге газет жаздырып алу қажет пе?
Сондықтан әр тұрақты оқырман өзінің тұрғылықты жерінде және еңбек ұжымы арасында газетке жазылу науқанын ұйымдастыруды сұраймыз. Ол үшін құда-жекжатқа, дос-жаранға, көрші-қолаңға, сіз танитын әрбір әділетшіл азаматқа «ДАТ»-қа жазылуға қолқа салыңыз!
«DAT» медиа-жобасының редакциясы