
Энциклопедия бойынша «клан» (clann – Батыс Еуропадағы кельт халықтарында тайпаның атауы) – бір ұрпақтан тараған рулық, тайпалық немесе жершілдік бірлестікті білдіретін атау. Біз харизмасы басым лидер астыртын жетекшілік ететін, туысқан немесе жерлес ұрпақтардан құралған, қандай да бір билікке ықпал ететін немесе сол билікті алуға ұмтылушылар тобын – клан деп атап жүрміз.
Ал қазақ қоғамында клан ұғымы мемлекеттік билік басындағы құзырлы, лауазымды тұлғалармен байланысты айтылады. Біздің зерттеулеріміз бойынша, Қазақстандағы кландар тобының пайда болуы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Елде бірнеше кландар тобы билікке ықпал ету жолында бір-бірімен қырқысып, өзара қырықпышақ болып, мемлекеттік ең жоғарғы билікке таласу мүмкіндігін кландық қақтығысқа айналдырып қою – Назарбаевтың басты мақсаты болған. Бұл – «бөліп ал да, билей бер» идеясының бір тармағы саналатын сұрқия әдіс еді. Баспасөзде жиі айтылатын «Оңтүстіктер», «Қарағандылықтар», «Батыстықтар» және басқа топтарды осы қитұрқы мақсатта Назарбаевтың ықпалымен оның төңірегіне өте жақын адамдар құрған.
Кеңес уақытында мемлекеттік билікте бір рудан немесе жерлестерден жасақталған мұндай ерекше, астыртын клан-топтар болмаған. Қарапайым көзге көрінбейтін бұл «әлеуметтік жүйе» Назарбаев Қазақстанның билігіне келгеннен кейін ерекше қарқынмен дамыды. Мақсат – кландар тобын бір-бірімен таластырып қойып, олардың елдегі ең жоғарғы құзырлы билікке ұмтылу мүмкіндігін жою.
Жұртшылық «клан» дегенде, ең алдымен Назарбаев жасақтаған Ұлы жүз бірлестігіне жататын «Шапырашты» кланын атайды. «Шапырашты» кланы елдегі бір адамның билігін қамтамасыз ететін және ол билікті басқа рулар мен «әлеуметтік топтардың» қатерінен сақтайтын, презимденттің тікелей ықпалымен жасақталған жасанды құрылым.
Бұл кланның жасанды болатын себебі – зерттеушілердің айтуы бойынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі шапырашты руына жатпайды. Ол үш жасында шешесінің соңынан еріп келген бала болған. Шешесі шапырашты Әбіш Назарбайға әйел болып тиген. Бұл оқиғаны өз көздерімен көрген әлі өмірде тірі адамдар бар.
Отыз жыл бойы дара билікті иемденген кезде, назарбаевтық шапыраштылар тобына тең келетін, онымен билікке таласып, жағаласа алатын клан болған емес. Себебі – мемлекеттегі негізгі билік құрылымдары, әсіресе құқық қорғау органдары шапыраштылардың қолында болды. Назарбаевтан әлдеқайда білімді, ел басқардағы қабілет-қарымы мен ел-жұрт алдындағы беделі одан да жоғары, Қазақстанның басқа өңірлерінен шыққан азаматтар болды. Бірақ Назарбаев оларды әртүрлі зымиян тәсілдермен мемлекеттік биліктен аластап, көздерін жойып отырды.
Жұрт айтып жүрген, баспасөзде ауық-ауық жазылып тұратын «кландар соғысын» ұйымдастыратын — Назарбаев тәрбиелеп өсірген, оның «шапанынынан шыққан» келешектегі мемлекеттік биліктен үміткер әртүрлі топтар. Олар Назарбаевтың ықпалымен Қазақстанның өздері басқарған аймақтарын меншіктеп алып, өз руластарын туыстары мен жерлестерін биліктің әртүрлі тармақтарына отырғызып, непотизм жолымен күшейгендер.
Мәселен, оңтүстік аймақта – Өмірзақ Шөкеев, Қырымбек Көшербаев, Бердібек Сапарбаев бастаған, шығыста – Даниял Ахметов, орталық қазақстанда – Ерлан мен Нұрлан Нығматулиндер бастаған кландық топтар бар. Сонымен бірге, елдегі негізгі құқық қорғау, сот-прокуратура органдарын «жекешелендіріп» алып, уысында ұстап отырған Жоғарғы соттың экс-төрағасы, экс-бас прокурор Қайрат Мами астыртын жетекшілік ететін клан бар.
Ал Назарбаевтың үш қызы мен күйеу балалары, шетелдіктер – Машкеевич, Шодиев, Ибрагимов және Ким – Огай тобы президенттік билікке таласушы екі кландардың жақтастарына айналған. Бұлар келесідей топтарға бірігіп, өзара сыбайласқан астыртын бірлестіктер жасақтаған:
1. Дариға Назарбаева, оның екінші күйеуі – Қайрат Шәріпбаев, ұлы – Нұрәлі, сіңілісі – Әлия Назарбаева, туысқан ағасы – Болат Назарбаев, КНБ генералдары – Қайрат Сатыбалды, Самат Әбіш, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, елдің бас прокуроры Ғазиз Нұрдаулетов, Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми. Бұл топқа ықпалдас тұлғалар – Нұрлан Нығматуллин мен Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов.
2. Кұлыбаев Тимур, оның бизнес қауымдастығының жетекшілері, туыстары, әйелі – Динара Назарбаева, «КНБ»-ның экс-басшысы Кәрім Мәсімов, шетелдік олигархтар және т.б
Ал Нұрсұлтан әртүрлі қитұрқы әдіспен дара билікті қолына алған соң, өзі Шапырашты рудың тумасы болмаса да, осы «шапыраштылар» кланын қолдан жасақтап, непотизм «ауруына» шалдыққаны бүгінде барша жұртқа мәлім. (Непотизм – табысы мол және көрнекті қызмет орындарына өз туысқандарын, жақын адамдарын, құда-жекжаттарын жұмысқа орналастыру).
Назарбаев 30 жыл бойы мемлекеттік биліктің жоғарғы сатысындағы жауапты лауазымдарға аталған рудың тумаларын отырғызып, солардың көмегімен жеке дара билігін сақтап келді. Ол кландық жағымпаз-жандайшаптар дара президенттік билігінің таянышы болып, оның ең жоғарғы құзырлы билігінің өмірін ұзартып отырды. Соңғы «Қаңтар қырғыны» да осы кланның билікті қолдан бергісі келмеген, отанды сатқан опасыздық әрекеті болып саналады.
Соңғы жылдарды осы кланның құрамы төмендегідей болды (Ресей президенті Әкімшілігінің аналитикалық хабарламасында «Қазақстанды Шапыраштылар басқарады» деген мәлімет көрсетілген):
Есімов Ахметжан – Назарбаевтың жиені;
Тұрғымбаев Ерлан – ҚР ішкі істер министрі;
Абықаев Нұртай – ҰҚК экс-төрағасы, Сенат төрағасы;
Қасымов Қалмұқанбет – ІІМ-нің экс-министрі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы;
Нұрдаулетов Ғизат – ҚР Бас прокуроры;
Байжанов Ғабит – «СырБар» Сыртқы барлау қызметі директоры;
Байбек Бауыржан – Алматы қаласының экс-әкімі, «НұрОтан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары;
Балаева Айда – Президент әкімшілігі басшысының орынбасары, Ақпарат және қоғамдық даму экс-министрі;
Абаев Даурен – Президент әкімшілігі жетекшісінің экс-бірінші орынбасары, Мәдениет және спорт министрі;
Бекетаев Марат – ҚР Әділет министрі;
Сұлтанов Бақыт – үш мәрте үш министрліктің экс-министрі;
Шпекбаев Алик – Сыбайлас жемқорлық қарсы күрес агентігінің экс-төрағасы;
Айдарбаев Алик – «ҚазМұнай Газ» Ұлттық компаниясының президенті;
Мами Қайрат – экс-Бас прокурор, экс-Жоғарғы сот төрағасы, ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы;
Саудабаев Қанат – экс-сыртқы істер министрі, экс-мемлекеттік хатшы;
Әбіш Самат – ҚР ҰҚК төрағасының төрағасының бірінші орынбасары;
Сатыбалды Қайрат – ҚР ҰҚК генералы;
Арыстанбек Мухамедиұлы – экс-мәдениет және спорт министрі;
Мұхтар Аюбаев – ерекше құрылған қарулы бөлімнің қолбасшысы;
Шахрат Нұрышев – Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары;
Қайрат Шәріпбаев – «КазТрансГаз» компаниясының президенті.
Бұлар билікке сыбайластық жолмен келіп, енді сол орындардан айрылмау үшін, тіпті болмағанда, айрылып қалатындай күн туғанға дейін елдің байлығын сорып қалу үшін келген, өздерін уақытша отырмын деп есептейтін, бірнеше елдің паспортын қалтасына салып алып, басқа күн туар мезет келгенде қашуға дайын ниеттегілер. («Общественная позиция» — «DAT» жобасы, №21 (245) от 29 мая 2014 г.).
Есенғазы ҚУАНДЫҚ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.