Суббота , 19 апреля 2025

Ғалымжан МҰҚАНОВ. ҚҰЛДЫРАУЫМЫЗҒА ЕГЕМЕНДІК КІНӘЛІ МЕ? Немесе ентік басылғаннан кейінгі ойлар

Газеттің 25 жылдық юбилейі қарсаңында жарияланып отырған кезекті мақаланың авторы – Ғалымжан Мұқанов. 1999–2000 жылдары «СолДАТ» газеті бас редакторының орынбасары болған талантты қаламгер өмірден ерте кетті (1953–2007 жж.).

Көзі тірі болғанда биыл 70 жасқа толатын ақын, талантты аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Ғалымжан Мұқанов Алматы облысының Нарынқол ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты мен Алматы шет тілдері педагогикалық институтының француз тілі факультетін бітірген. Еңбектерін қазақ, орыс, француз тілдерінде жазып, көркем аударма саласында еңбектенген.

Француз ақыны Клер Клермонттың Парижде жарық көрген «Владимир мен Зара немесе қазақтар туралы» дастанын 1988 жылы француз тілінен қазақшаға тәржімалаған. Француз ақыны К. Висантимен бірлесіп 1994–1995 жылдары француз тіліне Абайдың «Қара сөздері» мен «Ескендір», «Масғұт» поэмаларын, сонымен қатар 1997 жылы М. Әуезовтің «Қилы заман» романын аударып, атақты жазушының шығармашылығын Парижде өткен ЮНЕСКО-ның халықаралық коллоквиум материалдарын қазақ тілінде сөйлеткен.

2003 жылы Махамбет Өтемісұлының таңдамалы өлеңдерін компакт-диск түрінде француз тілінде жарыққа шығарды. Сонымен қатар публицистикалық еңбектер мен эссе жинақтары швед, француз тілдеріне аударылған. Ақынның өз өлеңдері ұжымдық жинақтарда, республикалық басылымдарда, Қазақ фольклоры жөніндегі жұмысы 1999 жылы Францияда жарық көрген «L, home et ia steppe» жинағына енгізілген. Махамбетке арналған «Ақтық сәт» атты өлеңі 2003 жылы М.Өтемісұлының республикалық термешілер конкурсында бірінші орын иеленді.

 «ДАТ» медиа-жобасының алғашқы жылдарында еселі еңбек етіп, Қазақстанда тәуелсіз баспасөздің қалыптасуына өз үлесін қосқан талантты әдебиетші, «даттық» дара жорналшы Ғалымжан Мұқановтың мәңгілік мекені жұмақтың төрі болсын! Оның төменде жарияланып отырған мақаласы күні бүгінге дейін өзіндік маңызы мен мазмұнын жойған жоқ – оқып көріңіз!

Мемлекеттік егемендігімізге қолымыз жетіп, тәуелсіз ел ретінде әлемге жаңадан ғана көз тіге бастаған алғашқы кездерде: «Хош, ал тәуелсіздік Қазақстанға не берді?» дейтін біреу табыла қалса, өзіміздің Қазақстанымызға, Алтайдан Атырауға дейінгі аралықтағы ұшы-қиырсыз өлкенің атамзаманнан бергі иесі екенімізге шын көңілмен масаттана тұрып (әлбетте, жер иесінің, ел иесінің еңсесін биік ұстағаны әбден заңды, жарасымды ғой) былайша тізбелер едік:

  • Қазақстан бұрынғы жалтақтықтан, империялық бұғаудан арылып, БҰҰ-ның толыққанды мүшелігіне қабылданды ғой;
  • Әлемнің бәленбай мемлекеті бізді ресми түрде мойындап, дипломатиялық қатынас орнатып үлгергенін білетін боларсыз;
  • Біз деген өзіміздің Әнұранымыз, Көк Байрағымыз, Елтаңбамыз бар іргелі елміз ғой;
  • Тәуелсіздіктің арқасында қазақ жерінің асты-үстіндегі бар байлықты, мол қазынаны республикамыздың өз кәдесіне жаратуға жол ашылып тұрған жоқ па?
  • Тіліміз, діліміз, дініміз, тарихымыз ендігі жерде өздеріне лайықты биік тұғырға қонуы анық;
  • Сонау аласапыран жылдары сырт елдерге кетіп, туған жерін сағынып жүрген қандастарымызбен қауышып, мәре-сәре болғалы тұрмыз ғой.

Әлбетте, бұл айтылғанның бәрі де тап-таза, қоспасыз шындық. Ол аз десеңіз, осындай игіліктер тізбесін біршама толықтырудың өзіне бірер мақала аздық ететінін және қосып қойыңыз.

Бірақ, өкінішке қарай, тәуелсіздіктің Қазақстанға не бергенін ыждаһаттап сұраушылардың бір парасы азат отанымыздың буынын қатайтып, еңсесін тіктеуі үшін тікелей өз басының не тындырып жүргенін айтуға, шамасы, ұялатын болуға тиіс. Иә, шынында да, несін айтсын? Әлде:

  • Ғасырлар бойы қанымызға сіңіп, санамызды сансыратқан жасқаншақтық, жалтақтық әлі де толық жойылмай, ал кейбір тұстарда тіпті еңсе тіктетпей тұрғанын айта ма?
  • Қазақ жерінің асты-үстін кернеген байлығын игеруге өз шамамыз жетпей, құралы, қаржысы бар Сэм мен Поль ағайларға сутегін үлестіріп жатқанымызды айта ма?
  • Алты Алаш болып, ата-баба ұранын шақырып жүріп, биік тұғырға әзер қондырған тіліміздің бүгінде тілерсегі дірілдеп, мүсәпір халде тұрғанын айта ма?
  • Айдың-күннің аманында қазақ жастарының топ-тобымен христиандыққа, кришна дініне өтіп жатқанын айта ма?
  • Әлде әу баста әп-әдемі ұран көтеріп, атамекенге өзіміз шақырып әкелген шетелдік бауырларымыздың бір бөлігі бұл күндері «Қытайда мампаң (әкім) едім, мұнда келіп аң-таң болдым» деген мәтелдегідей шарасыз қалыпта жүргенін айта ма?
  • Немесе бойындағы күш-жігерімен төрткүл әлемді түгел мойындатқан спорттық шеберлігін атамекендегі інілеріне дарытып, қазақтың абыройын асқақтатуға асығып жеткен Мұстафа Өзтүрік сынды бауырымыздың өзге емес, өз Қазақстанында қыршынынан қиылғанын айта ма?

Көзін шел басқан, ішкенге мәз, жегенге тоқ біреу болмаса, кез келгеніміз бұл тізбені де біраз жерге дейін дамыта соза алар едік.

Сонда қалай? Халықтың экономикалық, рухани, әлеуметтік, т.б. салалардағы жағдайының күрт құлдырауына егемендік кінәлі ме?

Немесе Солженицын сұңқылдап жүргендей, біз ел болып еңсе тіктеуге, төл мемлекетімізді қалыптастыруға шынымен-ақ қабілетсізбіз бе? Бүкіл ел болып, қалпағымызды аспанға лақтырып, мәз-мәйрам болып, қарсы алған жаңа тарихымызға, Тәуелсіздік тарихына бұрынғыдай жылы жүзбен емес, тіксіне қарай бастағанымыз ба?

Осының бәріне дәл де дәйекті жауап беру ғұлама ғалымдар мен сарабдал саясаткерлердің, ал таза шындығына келсек, келешек ұрпақтардың ғана қолынан келер шаруа екені рас. Дей тұрғанмен, кейбір жауаптардың сұлбасы қазірдің өзінде айқындалып қалған сиқты.

  • Халықтың экономикалық, рухани, әлеуметтік, т.б. салалардағы жағдайының күрт құлдырауына егемендік кінәлі ме?

Ең алдымен егемендік идеясын тек идея күйінде ғана емес, материалданған, қоғамдық-әлеуметтік өмірдің күллі салаларын тұтас қамтитын нақты шындық күйінде қабылдап алуға біздің рухани әзірлігіміз тым әлсіз болып шықты. Дербес мемлекет құрудың тарихи тәжірибесі үш ғасырға созылған бодандық дәуірінде барынша көмескіленгені соншалық – жоғалып кетудің аз-ақ алдында екен. Бәлкім, қазіргі әлемдегі мемлекет басқару жүйесінде хандық институт объективті түрде тарихи анахронизм болып табылатынын ескерсек, жаңа дәуір талабына сай мемлекеттік басқару жүйесін құру тәжірибесін тұтастай сырттан алуға тура келгенін ашық айтқан жөн болар.

Бүгінде марксизм-ленинизм классиктерін қанша айыптап, нәлет жаудырсақ та, олардың да сөзіне құлақ асуға болатын тұстар аз емес көрінеді. Мәселен, адам санасындағы революцияның ең ауыр, ең азапты революция екенін тек социализм дәуіріне ғана тән шындық деп кім айта алады? Ал біз бірнеше ұрпақ бойына таза ұжымшылдық рухында тәрбиеленген күні кешегі кеңестік қоғамның белсенді мүшелеріне «өз мүддеңді қоғам мүддесінен төмен ұста» деген қағидамен көзін ашқан коммунизм құрылысшыларына кәсіпкерлік еркіндікті, нарықтық экономиканың артықшылығын неге ғана түсінбейсің деп айып тағудамыз.

Ал жекешелендіру атты ханталапай тұсында бұрынғы ортақ игіліктің майлы жілігін жергілікті дөйлер қағып кетіп, қара халыққа сүйек-саяғы ғана қалғанын, трактор алса, тіркемесі жоқтығын, қожалыққа жер алса, себер тұқымы жоқ екендігін, яғни қолы жіпсіз байлаулы екендігін «ұмытып» кетеміз. Ауы бар да, бауы жоқ жыртық дамбалын әрең ышқырланып, ағашқа шыққан Қожекеңнің сол өзі отырған бұтақты шаба бастағанының кері осы болып жүрмесін.

Мұндай жөн-жосықсыз қимылдар бұл күндері біздің қоғамдық өмірдің барлық саласында, әсіресе рухани тірлігімізде өрттей лаулап, ес жиғызбай тұрған жайы бар. Тіпті жуық арада беті бері қарайтындай да түрі көрінбейді.

  • Тәуелсіздіктің Қазақстанға не бергенін ыждаһаттап сұраушылардың бір парасы тікелей өз басының не тындырып жүргенін айтуға, шамасы, ұялатын болуға тиіс.

Бірақ бұған егемендіктің еш кінәсі жоқ екенін қадап тұрып айтқан жөн. Халқымыздың басына бақыт құсындай қонған тағдыр сыйын үркітіп алмай, мәпелеп ұстау қазірше қолымыздан келмей жатса, оның көптеген объективті, субъективті себептері бар. Олардың бастыларының бірі жоғарыда айтылды.

Ендігі бір себеп, біздіңше, біздің қазіргі әлем, ондағы елдердің арақатынасы, үлес-салмағы, идеологиялық, діни, тарихи факторлар – осылардың бәрінің қазаққа, Қазақстанға пайдалысы, зияндысы сияқты өмірлік мәні бар мәселелер туралы түсінігіміздің тым жадағай, жүдеу болып шығуында.

Бізде бұрындары әлдебір қайраткерді, ғылым, әдебиет саласындағы таланттарды мадақтаудың биік эталоны – оның атының, иә шығармаларының Мәскеуде мойындалуы болатын. «Оны бүкіл Одақ біледі, Одақ оқырмандары (көрермендері, жұртшылығы, т.б.) мойындайды» деген сөз, сірә, Қыдыр қонғанмен бірдей болса керек.

Құдіреті күшті Құдай ерекше мейірі түссе, сол кездегі бірден-бір мемлекетаралық қатынас құралы – орыс тілінің тікелей желеп-жебеуімен одақтас республикалар тілдері мен кейбір шетелдерге де белгілі болуы мүмкін еді. Формальды түрде ғана Одақ аталғанымен, жыл өткен сайын Ресейдің саяси, экономикалық, рухани аясына бұрынғыдан да аяусыз қусырыла түскен Кеңес мәдениеті тек бір елдің, бір тілдің монополиялық ықпалын мойындауға мәжбүр етіп келді. Ол кездерде өзге түркі тілдес елдерді айтпағанның өзінде тіл, өмір салты, рухани келбеті жөнінен бізге тонның ішкі бауындай жақын қырғыз бауырлардың туындылары да орыс тілінен аударылатын. Тіпті қазақ тілінен, әдебиетінен диссертация жазушылардың бірсыпырасы қазақ тілін білуді, күнделікті тұрмыста қолдануды қажет деп таппайтын. Себебі белгілі – ресми түрдегі ғылыми айналым Одақтың ортақ тілінде жүретіндіктен, ұлттық тілдердің, оның ішінде қазақ тілі де бар, аясы тарыла түсіп, мұражайлық мұрағат деңгейіне жақындағаны да шындық.

  • Адам санасындағы революцияның ең ауыр, ең азапты революция екенін тек социализм дәуіріне ғана тән шындық деп кім айта алады?

Әлбетте, суын ішкен құдыққа түкіру – тексіздік белгісі. Орыс тілінің, орыс мәдениетінің арқасында халқымыздың әлемдік руханияттан сусындап келгенін де күлбілтеге салмай, ашық айтқан жөн. Бірақ бір өкініштісі – аса қуатты мемлекеттік насихат осы фактіге абсолюттік мәртебе беріп, Одақ тілін бүкіл білім-ғылымның, өркениеттің Кеңес аумағындағы бірден-бір қайнар көзі деген ұғымды халықтың санасына әбден сіңіріп тастады.

«Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» тәріздес өзге әлемнің тыныс-тірлігінен құлақты тарс бекіте жауып алып, сыртқы ақпарат атаулыны Мәскеу сүзгісі арқылы ғана алып үйренген қоғамға шет тілдерінің, тіпті әлем саясаты мен бизнесіндегі басты құрал – ағылшын тілінің де бәлендей керегі бола бермейтін.

Егемендік алып, шет мемлекеттермен тікелей дипломатиялық, сауда-саттық, мәдени, т.б. қатынастар орната бастаған кезде біз бұл олқылықтың ойсырап тұрған орнын айқын түсіне бастадық.

Енді жаңағы ақиқаттың аумағы кеңейе түсті, яғни орыс тілі халықаралық деңгейдегі маңызы зор, аса бай, ірі тілдердің бірі болғанмен, мынау алуан түсті әлемнің сан нақышқа кенелген руханияты тек соған ғана байланып тұрмаған екен.

Логика бойынша, өзге елдермен егемендік жағдайында тікелей қарым-қатынастар орнату қазақ тілін негізге ала отырып, олармен рухани, мәдени алмасулар жүргізудің алғы шарты болуға тиіс еді. Алайда өзегіңді өкініш болып күйдіретін аяусыз ақиқаттың тағы бірі сол – егемендік дәуіріне есіктен сығалап, төрге оза алмаған мүсәпір күйде ілбіп жеткен қайран Ана тіліміз мынау «бірде – бетін, бірде сыртын берген» алақұйын нарық заманында әлемдік деңгейдегі алпауыт тілдердің тасасында қалып, үні де көмескіленіп бара жатқан тәрізді.

Оғаштық па? Бір қарағанда, оғаш болып көрінеді. Бірақ мәскеулік зиялы қауым «страна дураков» деп айдар таққан бұрынғы Кеңес Одағында мұндай көзге ұрып тұрған қисынсыздықтар баяғыда-ақ қалыпты нормаға айналған.

Орыс данышпаны Л. Толстойдың «После бала» («Тойтарқар») атты әйгілі әңгімесі бар. Біздің қазіргі жағдайымыз осы туындыдағы ащы ойлардың айқын айғағындай әсер қалдыратын тұстар, өкінішке орай, күннен-күнге көбейіп келе жатқандай. «Өркениетке қол создық», «Әлемдік биіктерге ұмтылудамыз» деп даурығысулар молайып, нақты істер сол баяғы қазақы күпілдектіктің тасасында қалып барады.

Ертегі қаншалықты әдемі болғанымен, өмір шындығының өлшемдері одан мүлде өзгеше екенін жиі-жиі еске алып тұрғанның еш зияны болмас еді-ау. Бұдан Алаш баласы ұтпаса – ұтылмайтынын мойындасақ, рух тәуелсіздігін орнықтыру бағытындағы нақты қадамның біреуі сол болмақ.

«СолДАТ» газеті,

29 сәуір, 1998 жыл

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн