- «DAT» медиа-жобасының 25 жылдық (15 сәуір, 1998 ж.) мерейтойына орайластырылған мұрағаттық жарияланымдар легінің кезекті кейіпкері – газеттің бүгінгі бас редакторы Ермұрат Бапи. Газеттің кейінгі оқырмандарының есіне салсақ, Ермұрат мырза алғашқы «ДАТ»-ты құрушылардың бірі және осы жобаны бір газеттен екіншісіне көшіріп, 25 жылдан бері шығарып келе жатқан бірден-бір табанды журналист. Оның төменде ықшамдалып жарияланған, «СолДАТ» газеті бас редакторының орынбасары, марқұм Ғалымжан Мұқановқа бұдан 24 жыл бұрын берген парламенттік сайлауға қатысты сұхбаты мазмұны жағынан күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ.

Әріптесіміз журналист Ермұрат Бапи № 20 Зайсан сайлау округі бойынша парламент мәжілісінің додасына түсуге бел буды. Кезінде Зайсан аудандық «Достық», Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» («Дидар»), республикалық «Егемен Қазақстан» газеттерінде қызмет еткен, Қазақ радиосы бас директорының орынбасары болған журналистің бұл шешімін толысқан азаматтық қадам деп санау керек. Қазір ол – тәуелсіз журналист, Қазақстан республикалық Халық партиясы (ҚРХП – 1998–2000 жж.) атқару комитетінің мүшесі.
– Ереке, Қазақстандағы саясат майданына біршама уақыттан бері араласып жүргеніңізбен, көпшілік қауым өзіңізді тәжірибелі саясаткер, өзіндік ой-пікірі, өмір көрігінде шыңдалған өрелі толғаныстары бар азамат ретінде толық танып үлгермеген тәрізді. Беліңізді бекем буып, мәжіліс депутаттығына кандидат болып тіркелген екенсіз, талабыңыз оң болсын! Бір сөзіңізде «парламент – той төріндегі генерал емес» деп қалдыңыз. Әуелі сол «тойыңыз» бен «генералыңыздың» мәнін ашып алсақ…
– Өкінішке орай, біздің парламент той төріндегі декорациялық генерал рөлінен аса алмай-ақ қойды. Оның өзі Сұлтанмахмұттың «біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегені тәрізді, демократия атрибуттарының бізде де түгел екенін көрсету үшін ғана көлденең тартылатын әдемі әшекейлерді меңзесе керек. Ойланып қарасақ, онда елге танымал, «аты жер жаратын» азаматтар аз емес. Алайда солардың басым көпшілігі өзінің депутаттық мерзім ішінде тек бір адамның – Нұрсұлтан Назарбаевтың әуеніне төңкеріліп, оның айтқандарын заңдастырып беруден басқаны білген емес. Тіпті кей-кейде олар өздерін сайлаған Қазақстан халқының емес, республика президентінің алдында есеп беруге тиіс сияқты болып көрінеді.
Жарайды, өзгелерін айтпағанда, Қаратай Тұрысов, Жабайхан Әбділдин сияқты атағы да, абыройы да жеткілікті ақсақал депутаттар аға ретінде ағынан жарылып: «Нұреке! Бір сәт ойланайық, мен бұл шешімдеріңізбен келіспеймін!» – деп, сөздің ашығын айтатын-ақ жөні бар. Жоқ, олар да, өзгелер де үнсіз. Өйткені билік басындағыларға ұнайтын, олардың көңілдерінен шығатын заң актілерін конвейерше лек-легімен қабылдаудан қолдары босамайды. Және де сол заңдардың көпшілігі өмірге үйлесімсіз, тіпті кейде мүлде кереғар болып шығып, үздіксіз толықтырулар мен өзгертулер арқылы жамаулы-жасқаулы күйде күн кешеді. Бүгінгі дәурен мәңгілік емес екенін ескерсек, Конституцияны белден басып, елбасының өкілеттіктерін жасанды сайлау жолымен жеті жылға ұзартып берген қазіргі депутаттардың принципсіз саясаты жөнінде келешек ұрпақтар күні ертең не дейтінін болжаудың өзі қиын.
Ал осы тәріздес конформизмге, жеке-дара билік иесінің үстем әміріне тегеурінді тосқауыл қою үшін, парламент депутаттары өз сенім-мүдделерін табандылықпен қорғай білетін, тұғырнамалары шынайы демократиялық принциптерге берік негізделген саяси күрескерлер болуға тиіс деп ойлаймын.
– Сіз билік басындағылардың ыңғайына көне бермейтін, «дініне берік» депутат корпустарының ғұмыры көбінесе «қыршынынан қиылып кететінін» жете ескермей тұрған тәріздісіз…
– Тағы да үлкен өкінішке орай деп айтайын, мұндай қауіп менде де жоқ емес.Бүгінгі өкімет өзінің үстем, тіпті кей кездерде озбыр әрекеттерін демократия, нарық пердесімен мүлтіксіз бүркемелеуге барынша машықтанып алған. Ал авторитаршыл режим демократия маскасын киіп алып,халық билігі, жалпыазаматтық құндылықтар туралы дәмді дәрістер оқи бастағанда, былайғы жұрт оның ішкі сырын бірден тап басып, тани алмай, әрі-сәрі аңтарылған күйде қалуы әбден мүмкін.
Мәселен, демократия дүмпуімен оппозициядан он шақты адам депутаттыққа өтіп, парламенттегі мамыражай тірліктің қоңыржай климатын келмеске кетірсе, өзі өктем, өзі өкпелі өкімет енді қайтпек керектігін түрлі сценарийлер құру жолымен жанұшыра іздей бастайтындығы анық. Дәл қазір осындай оңтайлы сылтау оның оң қалтасында тұр. Жұрт болып, құлшына қарсы шығып, әйтеуір әзірше бетін қайтарған «Жер туралы заң» ертең күн тәртібіне қайтадан оралмай қоймайды (2016 жылғы «Жер митингілерін» еске алыңыз – Ред.). Халық аманатын арқалап келген депутаттар, әлбетте, оған қарсы тұрып, мәселені бүкілхалықтық референдумға шығаруды талап етуі ықтимал. Міне, сонда біздің билік басындағылар халықаралық қауымдастыққа дабыл қағып, жерді жеке меншікке беру нарық экономикасының бұлжымас заңы екендігін, ал Қазақстанның «керітартпа парламенті» өзінің экономикалық өресіздігінен аталмыш заң жобасына қарсы өре түрегелгендігін және мұның өзі саяси дағдарысқа әкеп тірегендігін әлемнің ұлттары мен ұлыстарына әдемілеп «ұқтырып бермек». Сонымен, әрі кеткенде алдағы көктемге дейін жаңа парламенттің заң шығару өкілеттіктері «мерзімінен бұрын доғарылып кетуі» ғажап емес. Менің ойымша, бұл вариант қазірдің өзінде президент әкімшілігінің қойнауында авариялық жағдайға арнап қайнатылып жатқан «бомбалы балқаймақтың» бір түрі болса керек.
– Әлемдік қаржы дағдарысының әлі күнге дейін беті қайтпай тұрғанын, оның Қазақстанды да шарпып өткенін есімізге тағы бір мәрте түсіріп көрейікші. Бәлкім, біздің өкімет осы тығырықтан қалай тезірек шығып кетудің амалдарын асыға ойланып, соның салдарынан аяғын анда-санда шалыс басып алып жүрген болар?
– Мен мұндай пікірлерге түбегейлі қарсы адаммын. Анығырақ айтқанда, біздің елімізде етек алып отырған қайыршылық пен азып-тозу ахуалының себептері қаржы дағдарысына ғана тіреліп тұрған жоқ. Оны айтасыз, жаңағы әлемдік дағдарысқа шапанының шалғайын да шалдырмаған елдер бар. Біздегі бар кілтипан қоғамның бүкіл саяси құрылымының бір ғана адамның мүддесіне сай жасалғандығында. Мәселен, үкіметті, Жоғарғы сотты, республиканың бас прокурорын, әділет министрін, барлық облыс әкімдерін президент өз қалауы бойынша жеке-дара тағайындайды.
Ендеше мемлекет билігінің аталмыш институттары президентке ғана тәуелді, Назарбаевқа ғана есеп береді. Заң актілерін белінен басып, құқық бұзушылық жөнінен өзі көшбасшы болып жүрген Юрий Хитрин (1997–2000 жж. аралығындағы ҚР бас прокуроры – Ред.), зейнеткерлер алдында абыройдан жұрдай Наталья Коржова сияқты лауазым иелері халық алдында жауап беретін болса, олар әлдеқашан қызметтерінен қуылар еді. Егер осы тәріздес шенеуніктер күні бүгінге дейін қызмет тұтқасын қолында берік ұстап отырса, онда олардың еңбегі президент тарапынан лайықты бағалануда деген қорытынды шықпай ма?
Міне, дәл осы себептен елдегі саяси құрылымды түбегейлі өзгертіп, президенттің шексіз билігін өкіметтің өзге тармақтарының рөлін көтеру арқылы шектеу қажет. Жоғары сот төрағасы сайланатын болсын, ал бас прокурор, әлеуетті құрылымдардың министрлері парламент тарапынан тағайындалсын.
Президент таяуда «Хабар» телеарнасында сөйлеген сөзінде парламентке ұры-қарылар, мемлекет қазынасын тонаған адамдар жолатылмасын деген ыңғайдағы әңгімелер айтты. Бұл, әрине, дұрыс-ақ, бірақ сол ұрылардың аты аталып, түсі түстелмеген жерде олардың ақ-қарасын тәуелсіз сот әбден анықтамай тұрғанда, елбасының ниеті Әкежан Қажыгелдин сияқты қарсы пікір айтып, елді «даурықтырғандарды» парламентке өткізбеудің амалын сездіреді.
– Осы орайда мына мәселені ескерусіз қалдыруға тағы болмайтын шығар. Сайлау науқанының қарсаңында оппозиция жетекшілерінің және оларды қолдайтын азаматтардың адресіне әртүрлі айыптар тағылуда. Осындай әңгіменің бір парасы өзіңіздің атыңызға да байланысты айтыла бастағаны мәлім…
– Бұл сұраққа жинақтап жауап қайтарған жөн болар. Қазір Қазақстанда мемлекеттік идеология жоқ, есесіне басқа идеология қарышты қадамдармен дамып келеді: ол – оппозицияға қарсы күрес. Осынау біржақты идеологияның салдарынан оппозиция өкілдерінің, әсіресе оның жетекшісі Ә. Қажыгелдиннің атына алуан түрлі ғайбаттаулар айтылып, халыққа оны құбыжық етіп көрсету жолында толассыз әрекеттер жүріп жатыр. Егер бұрынғы премьер шынымен мемлекет қазынасын жалаңаштап кеткен болса, оны кез келген жерде ұстап, жауапқа тарту өкімет үшін еш қиынға түспес еді. Мәселенің өзі сол – билік басындағылардың қолында Әкежан Мағжанұлының кінәсін мойнына қоятын бірде-бір айғақты құжат жоқ. Ал ол жөнінде айтылып жүрген алып-қашпа әңгімелер құрғақ қиялдың жемісі екені талай рет дәлелденген.
Қажыгелдиннің, менің ойымша, жалғыз-ақ кінәсі бар: ол өзінің азаматтық құқын пайдаланып, Қазақстан президенттігіне қай тұрғыдан да лайық екенін ашық айта алды және дәлелдеп те берді. Өзінің Конституция берген құқын жүзеге асыруға ниеттенген адамды қуғынға ұшырату – құқықтық деп аталатын мемлекет үшін бетке шіркеу болатын-ақ мәселе.
Ол аз десеңіз, бүгінгі таңда біздің елімізде халықты демократиялық күштерге қарсы қою саясаты қызу жүріп жатыр. Халыққа ұлттық-патриоттық, жаңаша ұлтшылдық (неонационализм) идеялары «табандылықпен» тықпаланып, Қажыгелдин тәрізді «орысшыл саясатшылардан» бойын аулақ ұстау жөніндегі насихат көрігі күннен-күнге қыза түсуде. Сондықтан билік басы бұл күндері қазаққа – қазақты қарсы айдап салып отыр дей аламыз. Егер осындай арандатушылық насихат нәтижесіз аяқталып, Қажыгелдиннің ел ішіндегі беделі арта түссе, ресми өкімет ұлттар араздығын жасанды түрде туындатуы ықтимал. Ал президент төтенше жағдай жариялап жіберіп, оны Қазақстан халқының қалауымен істедім деп ақталуы мүмкін. Сонда қазақтың қалың ортасынан қайнап шыққан оппозиция өкілдері өз халқына дұшпандық пиғылда ма?
Өткенде президент «негізгі мәселе – сайлау емес, халықтың, мемлекеттің бірлігі» деген ойды шегелей айтты. Ал мұның мәніне тереңірек үңілсек, оның аржағында халықтың ойын демократиялық процестерден бұрып әкету ниеті тұрғанын бажайлау қиын емес. Бұл – сайлауға саяси мән бермеңдер, яғни халық бірлігі деген желеумен өкіметке қолайлы кандидаттарды қалай да өткізіп қалыңдар деген сөз, сондай меңзеу.
Қазір біздің елімізде ұлттық, нәсілдік айырмашылықтарды, діни нанымдардың әркелкілігін ашықтан-ашық алға тартып, ұлттық негіздегі партиялар мен қозғалыстарды демократиялық күштерге қарсы айдап салу саясаты басталды. Бүгінде билік басында жүргендер Назарбаевты Әкежан Қажыгелдиннің шабуылдарынан (?) қорғау жөніндегі қоғамдық штаб (!) құру қамында деген сөз бар. Халықтың бір бөлігін екінші бөлігіне қарсы қоюдың мұнан өткен қандай сорақы мысалы болуы мүмкін?!
Міне, сондықтан да оппозиция жетекшілерін, оларға шама-шарқы жеткенше жәрдемдесіп жүрген мен сияқты жігіттерді «ағаш атқа теріс мінгізіп» қою мемлекет деңгейіндегі саясатқа айналды дей аламын. Егер АҚШ бүгінгі таңда Қазақстанға қол ұшын бермей отырса, оған қазақ халқы емес, билік басындағылардың жасанды саясаты кінәлі, өз халқын геноцид қатеріне ұшыратқан ресми өкімет айыпты.
– Демократия үшін күрес жолына қалай түскеніңізді білгіміз келеді.
– Қажыгелдин аппаратында (1994-97 жж. – Ред.) жұмыс істегенмін. Сол кезде премьерге қандай күрделі жағдайда жұмыс істеуге тура келгенін өз көзіммен көрдім. Қажыгелдин үкіметі елдегі реформаларды одан әрі дамыту жөнінде нақты бағдарламалар жасап, қаулы қабылдағанын (1996 ж.), ал президент жария түрде ол қаулының күшін жойғанына куә болдық. Бұл – премьер-министрдің беделін ашықтан-ашық аяқасты ету болатын.
Қазір біреу біліп, біреу білмес. Кезінде Қажыгелдин отставкаға кету жөнінде екі рет арыз берген болатын. Себебі ол елдегі экономикалық реформалардың тұйыққа тірелгенін көре білді және бұл тығырықтың саяси себептерін де түсініп отырды. Жеке адамның шексіз билігіне негізделген қоғамда нарықтық реформаның алға басуы мүмкін емес. Әкежан Мағжанұлы үкіметтен кетіп бара жатып, есікті тарс жауып, осының бәрін ашық айтса, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі бірден күрт құлдырап кеткен болар еді.
Менің күрес жолына түсуіме Қажыгелдиннің тікелей әсері көп болды. Екіншіден, елдегі жағдайды біршама биіктен көру мүмкіндігім болған еді. Сонда жергілікті әкімдердің, министрлердің шын ахуалдың өңін айналдырып көрсетуге тырысатынын, ал оның өзі халықтың жағдайын онан әрі нашарлата түсетінін пайымдадым. Осының бәрі мені демократия жолындағы күрес соқпағына жетелеп келді дер едім.
Мен Қажыгелдиннің барлық көзқарастарын бірден қолдай бермейтінімді жасырмаймын. Бұл әсіресе оның интернационализм жөніндегі идеяларына байланысты. Әкежан Мағжанұлының республикадағы жалпы дағдарыстан бүкіл ұлттардың біріге отырып шығуы туралы позициясын қолдай отырып, ұлтаралық қатынастардың кейбір нәзік мәселелері жөніндегі ой-пікірлерін қабылдай бермейтінім рас.
– Көптеген партиялар сайлау қарсаңында аяқ астынан мырзалық танытып, әртүрлі қайырымдылық акцияларын жасап-ақ жатыр. Бірақ сіз мүшесі болып табылатын ҚРХП-ның ондай әрекеттерін әлі ести алмай жүрміз…
– Біз «Отан», «Азаматтық партия» тәріздес, билік басындағылар қолымен құрған қоғамдық ұйымдардың көзбояушылық әрекеттеріне еліктемейміз.
ҚРХП-ның ел экономикасына, мәдениетіне жасаған нақты көмегі аз емес. Амал нешік, бүкіл ақпараттық өрісте монополия құрып отырған мемлекеттік БАҚ-тар біздің ондай акцияларымызды көрсе де, көрмегендей болып, көздерін тарс жұмып алады. Ол ол ма, біздің елге жасаған жәрдемімізді болдырмай тастау жөнінде әрекеттер жасап, сол көмекті қабылдаған басшыларды қырына алып жүретінін қайтерсіз!
Мәселен, бүгінгі таңда мемлекеттік тіл мәртебесін нақты мазмұнмен толықтыру мәселесі өткір қойылып отырғанын жақсы білесіз. Біз қазақ тілін озық әдістеме бойынша үйретуге арналған компакт-диск оқу құралын әзірлеп, оларды мектептерге тегін таратқан едік. Және де бұл – республика бойынша аталмыш саладағы тұңғыш қадам болатын. Міне, сол оқу құралдары бүгінге дейін оқушылардың қолына жеткізілмей отыр. Себебі тағы да белгілі: қазақ тіліне қажет болғанымен, Қажыгелдиннің бастамасымен тындырылған шаруаны қалай да алға бастырмау керек.
Мен сізге керісінше сұрақ қояйын: сонда осындай ізгі бастамаларды тұншықтыру – халыққа қарайлас қылық деп айта аламыз ба? Мен айтар едім: бұл бір адамның жеке-дара шексіз билігіне сызат түсірмеудің айласы.
– Сұхбат соңына қарай өзіңіз дауысқа түсіп отырған округ жөніндегі пікіріңізді естігіміз келеді.
– Мен кандидат болып тіркелген Зайсан сайлау округінің аумағындағы халық бірыңғай ауыл шаруашылығымен шұғылданады. Осы орайда ойға келетін мәселе – Қажыгелдин үкіметінің тұсында ауыл шаруашылығын дамытудың нақты бағдарламасы жасалып, онда фермерлердің шағын және орта қалаларды азық-түлік өнімдерімен ырғақты түрде қамтамасыз етіп тұруы көзделген болатын. Сол бағдарлама, амал нешік, күні бүгінге дейін жүзеге аспай келеді. Егер мәжіліс депутаты атансам, осы мәселенің оң шешілуін бірінші кезекте қолға алмақшымын.
Жалпы, Зайсан өңірі – өзімнің туған өлкем. Осыған орай айтатыным – Қазақстанның Қытайға өтіп кеткен біраз жерінің жағдайы жанымды ауыртады. Мәселен, мен дүниеге келген Алтынқазған жайлауында сонау патша заманынан-ақ алтынның мол қоры бар екені анықталған. Өкінішке қарай, ол жер де Н. Назарбаев пен Қ.Тоқаев (1999 – 2002 жж. ҚР премьер-министрі – Ред.) мырзалардың волюнтаристік шешімі бойынша Қытайдың қарамағына беріліп кетті. Сондықтан Қазақстанның аумақтық тұтастығын сақтауды өзімнің азаматтық парызым деп санаймын…
– Әңгімеңізге рахмет. Өзіңіз сайлау нәтижесінде жеңіс тұғырына көтерілетініңізге сенімдісіз бе?
– Егер сайлау адал да әділ, ашық өткізілетін болса, сайлаушыларымның кем дегенде 50 пайыз дауысына ие бола алатындығыма анық көзім жетіп тұр. Бірақ сол сайлаудың демократиялық нормаларға сай өтуіне қазірдің өзінде күмәнім үлкен. Мәселен, өзге емес, облыс әкімінің дәл өзі Виталий Метте қазіргі парламент депутаты Аманбек Рамазановты жанына ертіп алып, сайлаушыларды соны жақтап дауыс беруге ашықтан-ашық үгіттей бастады…
Сұхбаттасқан – Ғалымжан МҰҚАНОВ*
«СолДАТ» № 8, 9 қыркүйек, 1999 жыл
