- Сейсенбі күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес өтті.
Мұнда 25 жылдан бері Қазақстан халқының есесін жеп, аузынан ырысын ысырып келген Астана турасында біраз мәселе айтылды. Әрине, елорда ел көркі болатындай қала болуы керек. Бірақ ол бұрынғы Назарбаевтың кезіндегідей, ширек Қазақстанның бюджетін жалмайтын тойымсыз шаһар болғаны «Әділетті Қазақстан» қағидасына қиғаш келеді.
Мәселен, ысырапшыл билік пен жалмауыз жемқорлар миллиардтаған қаражатты қылғытқан LRT аспалы жолының жобасы осы кеңесте тағы да сөз болды. Бұл жобаны тағы да майлап сіңіру үшін, президент Тоқаев астаналықтар «көзіне жас аларлық» біраз сөз айтты.
«Тұрғындар әлі күнге дейін аялдамада жарты сағат бойы тұруға мәжбүр, – дейді президент. – Тіпті кейде жолаушылар автобусқа сыймай жатады. Қазір Астанаға 400-ден астам автобус жетіспейді. Алдағы 5 жылда бұл тапшылық 2 есе артуы мүмкін. 400 аялдамада автобус тоқтайтын арнайы орын қарастырылмаған», – деп барып, Тоқаев мырза «биттің құрылысына» қайтадан оралды. Халықтың қанын сорған бұл «бит» – LRT.
«LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керек. Мен бұрын да айттым, LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал балама жобалар жоқ», – деді мемлекет басшысы.
Егер LRT қате болған болса, оның қалқиған бетон бағандарын ысырапшылық пен жемқорлықтың ескерткіші ретінде неге қалдырмасқа?
Әзірше, әрине. Назарбаевтың тойымы жоқ көзі сияқты болып тұрсын сіресіп! Ел экономикасы дағдарыстан шығып, қымбатшылық қамыты халықтан сыпырылған кезде атың өшкір LRT-ға қайтып келер едік.
Шамасы, олай болмайды-ау! Президенттің пәрмен бергеніне қарағанда, сол «тойымсыз көз» әлі де халықтық қаражатқа сұқтанып тұрған сияқты…
Сырым ДАТОВ
ТИМУР МЕН ДИНАРА
«Халықтағы» үлесін
КІМГЕ БӨЛІП БЕРЕДІ?
- Тимур мен Динара Құлыбаеваның «Алмэкс» холдингі өзіне тиесілі «Халық банк» акцияларының 18,1% акцияларын Лондон биржасындағы жеке инвесторларға сату туралы ойлана бастады. Бұл туралы өз дереккөздеріне сүйеніп, Bloomberg жазды.
Сонда олар «Халық банкті» бақылауға мүмкіндік беретін 51% акцияны өздерінде қалдырады. Ал қалған 49% акция жеке инвесторлардың қолында болады және ашық нарықта әрі-бері сатылып жүре береді. Бұл өте ақылды стратегия екенін айта кеткен жөн, деп жазады Dalainside. «Халық банк» акцияларын бүкіл әлем бойынша түрлі инвесторлар ұстап отырғандықтан, оның халықаралық компания статусы бар. Демек, банкке «Жаңа Қазақстан» билігі тиісе алмайды. Ал «Алмэкс» банк пайдасынан 51% дивиденд алып отырады. Яғни, банк негізгі қожайындарына пайда әкелуін жалғастыра береді.
2021 жылдың қорытындысы бойынша, «Халық банк» Тимур мен Динара Құлыбаеваларға 96 милллиард теңге пайда алып келді. 2022 жылдың кірісі одан да көп болады деп болжанып отыр. Оған қоса, банктің 18,1% акциясын сату олардың байлығын еселеп жіберетіні сөзсіз. Осы орайдағы тақырыптың жалғасын 13-беттен оқуға болады.
Бұл екі арада әлеуметтік желілерде қазақстандық шенеуніктердің шетелдерге тыққан ақшасы 530 млрд теңге төңірегінде деген хабар тарай бастады. Анығында, бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті берген мәліметте көрсетілген.
LS басылымының жазуынша, 354 мемлекеттік қызметкер ақшасын 59 елдің банк есепшотына салған. Бұл деректер мемлекеттік қызметкерлердің және олардың жұбайларының, мемлекеттік қызметкерлерге теңестірілген адамдардың табысын декларациялау кезінде алынды. Жалпы сома – 529,13 млрд теңгенің мөлшері болады.
ДАТ-ақпарат
Жанболат Мамайдың «айыбын»
ҚАҢТАРҒА ҚАЙЫРЫП ӘКЕЛДІ
Саясаткер Жанболат Мамайға Қаңтарда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айып тағылуда, деп хабарлады «El media».
Дерек бойынша, прокурор Еркен Баймағамбетов жаңа айыптау үкімін оқыған. «Біздің қазір естігенімізге қарағанда, қаңтардағы жағдайдың барлық салдарын ескеретін болсақ, бұл жолғы айыптау қатаңдау болатын сияқты», – делінген хабарда.
Еске салайық, Жанболат Мамай 12 наурызда әкімшілік қамауға алынған соң босатылуы керек еді, бірақ олай болмады. Ол күдікті деп танылған қылмыстық іс бойынша екі айға қамауға алынуы мүмкін екені белгілі болды – саясаткерге билік өкілін балағаттап, жалған ақпарат таратты-мыс деген айып тағылып отыр. Айыптаулардың біріне сәйкес, зардап шеккендер – Алматы полициясының қызметкерлері. Мамайды қоғамшылдар, қазақстандық, сонымен қатар халықаралық құқық қорғаушылар, ұйымдар, соның ішінде Amnesty International, Human Rights Watch, сондай-ақ Қазақстандағы АҚШ миссиясы да жақтап отыр.
2 қарашада тіркелмеген Демократиялық партияның лидерін үй қамағына жіберген болатын.
ҚазТАГ
«КНБ» ЗОРЛЫҚШЫЛАРЫ
азаптауға байланысты қамалды
- Астанадағы тергеу изоляторында тұтқындарды азаптады деген күдікпен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) екі қызметкері қамауға алынды. Азапталғандардың туыстары шағым түсірген деп хабарлады «Информбюро» сайты.
25 қаңтарда Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдіктілер – подполковник Еркін Аманов, майор Хамит Әбдіғали, ҰҚК шекара қызметінің қызметкері Қайрат Сартайды екі айға қамау туралы шешім шығарған. Өзге мәлімет тергеу құпиялығына байланысты айтылмайтыны хабарланды. Бұған дейін Астанадағы тергеу изоляторында қамауда болған тұтқындардың туыстары ҰҚК қызметкерлерінің бір жыл бойы жақындарын азаптағанын айтқан.
«Біздің жақындарымыз Семейде алтын кенін жымқырды деген күдікпен 2021 жылы 10 наурызда қамалған. [Астанада ҰҚК] Тергеу изоляторында «арнайы жертөлелер» бар екен: жауап бермегендердің барлығын сол азаптау камерасына апарады. Оларды тоғыз ай бойы азаптап, бір-біріне қарсы куәлік айтқызған, сүйтіп істі ойдан құрастырған. Мұның барлығы Астанадағы тергеу изоляторында болған, ҰҚК оларды азаптаған, ІІМ, оның ішінде қылмыстық атқару жүйесі комитеті мен департаменті бәрін білгенімен, үнсіздік танытқан. Іс бойынша қадағалау органы – Өскемен прокуратурасы ештеңе білмегендей кейіп танытқан», – деді ұсталғандардың бірінің туысы Құралай Өмірбаева.
Тұтқындардың туыстарының сөзіне қарағанда, олар жақындарының азапталғанын біле сала, 2022 жылы ақпанда барлық инстанцияға шағымдана бастаған. 2022 жылы 29 наурызда азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда туыстарының сөзіне қарағанда, сараптама мен куәгерлердің барына қарамастан, іс он ай жылжымай қойған.
«Оларға қандай айуандық жасаған? Ауыздарына суқайнатқыш салып, оны токқа қосқан. Резеңке таяқпен, жұдырықпен ұрған. Наурыз айында салқын су шашып, сол күйінде жалаң аяқ сыртқа шығарған. Олардың (ҰҚК қызметкерлерінің) тағы бір тәсілі бар: 20 сағат бойы қозғалыссыз тұруға мәжбүрлейді, біреу-міреу қит етсе, ұрып-соғады. Бірнеше тәулік ұйықтамағандар болды. Мұндай нәрсе құжаттарға қол қою алдында жасалады. Адамдар не нәрсеге қол қойып жатқанын да білмеген. Кейбірінің қабырғасы сынған, өкшесі шашылып кеткен. Бір адамның құлақ қалқаны жарылып, ота жасалған. Барлығынан жарық (грыжа) анықталған. Азаптау бойынша 46 адам жәбірленуші деп танылды, 32-сі – ұрлық бойынша күдікке ілінгендер», – деді Құралай Өмірбаева.
Азаптау бойынша күдікке ілінген ҰҚК қызметкерлерінің адвокаттары мен өкілдері ақпарат шыққалы бері ешқандай хабарлама таратқан жоқ. Күдіктілердің айыптармен келіскені, не келіспегені белгісіз.
Azattyq.org