
Дос КӨШІМ
- Кез келген қылмыстық істердің барынша жылдам шешіліп, жауаптылар тез арада жауапқа тартылуы – барлық қоғамдағы бұлжымас заңдылық, талассыз талап болып табылады. Тек авторитарлық жүйеде елдің топалаңын шығарған қырғынды анықтау, жүргізіліп жатқан қылмыстық істердің барысы жөнінде ақпарат беру – арнайы белгіленген күні ғана айтылады. 5 қаңтарда елдің бас прокуроры парламент алдында Қаңтарға қатысты берген есебі – осы жазылмаған қағидаттың кебі.
Қысқасы, биліктің халыққа анықтама беруі де – мерейтой сияқты белгілі бір күнге, бұл жерде «Қаңтар қырғынының» бір жылдығына арнайы белгіленген сияқты… Меніңше, осы күнді белгілеген билік парламенттегі тыңдау арқылы қазақ қоғамына «біз еске алу күніне дейін барлық шындықты аштық» деп рапорт беруді мақсат тұтқан сияқты. Бірақ шын мәнінде ақиқат айтылған жоқ; «әлі аяқталмаған тергеу жұмыстары» мен халық пен қоғамның естуіне жатпайтын (!) «мемлекеттік құпия» алынбас тас қамалдың рөлін атқарды да, әр азамат, әрбір саяси бағыттағы топ, ең бастысы – билік пен қоғам да бір-бірінің шындығын мойындамайтын жеке пікірде қалды. Ұсынылып отырған мақала – менің сол трагедияға деген жеке пікірім.
1. Билік атыс пен жарылыстың арасында ең басты сұрақты ұмыттырып жіберуге күш салды және ол мақсаттарына жеткен де сияқты. Меніңше, ең бастысы – «халық көшеге не үшін шықты?» деген сұрақ. Газ бағасының қымбаттауы – себеп емес, сылтау ғана. Бұл – халықтың ашу-ызасын кемерінен шығарған соңғы нүкте. Мылтықтың оғы емес – пілтесі.
Қаңтардан кейін билік барлық кінәні арандатушыларға, белгісіз (біздерге «оны Мәсімов біледі, бірақ оны сіздердің білулеріңіздің қажеті жоқ» деп отыр) ұйымдастырушыларға, төңкеріс жасаушыларға жаба отырып, «олар кімдерді арандатты, халықты көшелер мен алаңдарға кімдер шығарды?» деген сұрақты күн тәртібінен алып тастаған сияқты.
Тағы да қайталаймын: халық көшеге өздері шықты, бірақ арандатушылар мен дүрмекке ерген жастар олардың бейбіт жиынын басқа жаққа бұрып, жаппай тәртіпсіздікке алып кетті. Демек, ең бірінші сұрақ – «Халық көшеге неге шықты?», «Қандай талаптармен шықты?» деген сұрақтар жауапсыз қалды. Ең болмаса, 2016 жылғы «Жер мәселесі» сияқты Қоғамдық комиссия да құрылған жоқ.
Айтпақшы, Қаңтар күндері халықаралық ұйымдар халықпен кездесіп, әңгімелесіп, олардың талаптарын білуге тырысу керек деп кеңес берген болатын. Тоқаев мырза «20 мың терроршымен» кездесу ақылға сыймайды деген сияқты жауап бергенін білеміз. Ал енді адамдар қаза болып, қырғын тоқтағаннан кейін, алаңға шыққандармен, азаматтық қоғаммен, тәуелсіз журналистермен ауыз толтырып айтатын кездесу болды ма? Ондаған қалаларда халықтың көшеге, алаңға шығуының себептері ашылды ма? Жоқ.
2. Қаңтар қырғыны – халықтың ашу-ызасынан туған жарылыс па, әлде белгілі бір күштердің арнайы дайындаған мемлекеттік төңкерісі ме деген сұрақ та өзінің жауабын тапқан жоқ. Билік бұған «мемлекеттік төңкеріс» деген баға берсе, алаңға шыққандар «мемлекетті басып алу үшін шыққан жоқпыз, халықтың осы биліктен шаршағанын, бұдан кейін осындай жүйенің болмауы үшін бейбіт шеруге шықтық» дейді. Билік осы он екі ай бойы халықтың не үшін алаңға шыққанын анықтаудың, олардың талап-тілектерін, ұсыныстары мен реніштерін талдаудың орнына барлық күш-жігерлерін, барлық мемлекеттік мүмкіндіктерді пайдалана отырып, «мемлекетті басып алу үшін арнайы дайындалған төңкерістің болғанына» қоғамды сендіруге тырысуда.
Қаңтар қырғынына биліктің беретін бағасы анық, бірақ біз әлі күнге дейін нақты дәлелдерін көрген жоқпыз. Биліктің қазіргі дәлелі – төртеу:
Террористер туралы
Бас прокурор парламент қабырғасындағы кездесуде «арнайы дайындалған терроршыларды» таба алмаған соң, «террорист» деген сөздің анықтамасын түсіндіруге кірісті. Оның айтуынша, «Қиратып, өртеген, әкімдіктерді басып алған, барлық әрекеті үшін оларды террористік акт жасады деп есептейміз және әрине, біз оларды террорист деп санаймыз».
Менің білуімше, терроршы – зорлық жолын қолдана отырып, өзінің саяси, идеологиялық, діни мақсатына жетуді көздейтін адам. Ал көршісінен кек алу үшін оның машинасын жағып жіберген адамға «террорист» деген айдар тағу, террористік бап бойынша жазаға тарту – заңға да, әділдікке те жатпайды.
Айтпақшы, бас прокурордың «әртүрлі ақпарат, соның ішінде азаматтардан шетелдік қылмыскерлер бар екендігі, оның ішінде шет тілдерде – қырғыз, өзбек, әртүрлі тілдерде сөйлейтіні айтылды» деген сөзінің де қисыны жоқ деп білемін. (Бұл – цитата. Өкінішке орай, қазақ тілінде өз ойын түсінікті етіп жеткізе алмайтын лауазымды тұлғалар жеткілікті – Д.К.). Бұл жерде бас прокурор мырза соттың шешімі шықпай тұрып, ешкімді де «қылмыскер» деп атауға болмайтынын ұмытып кеткен сияқты.
Екіншіден, өзге тілдерде сөйлеген адамдардың бар екендігі – терроршылардың сол тілде сөйлейтін мемлекеттен келгеніне дәлел бола алмайтыны анық. Ал бізге, президенттің айтуына қарағанда, Қаңтар кезінде аттандап жеткізген «террористер» – арнайы дайындалған, шетел асып, сан түрлі елдерден келген, бір орталыққа бағынған, жоспарлы түрде жұмыс істеген қарулы күш болатын. Меніңше, оларды оншақты дивизиядан тұратын армия десе де болады. (Егер Алматының өзіне 20 000 содыр кірсе, қалған жеті қаладағы содырларды қосқанда, кемі 50 000 адам болары анық).
Алайда халыққа ұсынған бұл жалған ақпараттты дәлелдеуге биліктің де, оның идеологиялық қолбаласы – мемлекеттік БАҚ-тың да шамасы жетпеді. «Қолға түсіп» халықтың алдына шығарылған, өзінің шетелден «жалданып келгенін мойындаған жалғыз содыр» – көрші Қырғыз елінің азаматы, танымал музыкант болып шықты. (Айта кету керек, көрші елдің жазықсыз азаматын ұрып-соғып, өтірік айтқызған тәртіп органдары да, бұл жалған ақпаратты телеарнаға бергендер де, оны халыққа жайған ТВ-арналар да әлі жауап берген жоқ, әділ жазаларын алған жоқ!).
Мемлекеттік төңкеріс туралы
Менің ойымша, қазіргі ашық мәліметтерге сүйенсек, ешқандай мемлекеттік төңкеріс болған жоқ. Мемлекеттік билікті қарумен басып алу бағытындағы ешқандай іс-шараны көрген жоқпыз. Халық билікке деген көзқарасын көрсетті, көшеге шықты, шеру жасады, ал билік оларға қарсы өздерінің талай сыннан өткен тәсілін қолданды. Ол тәсіл – бейбіт шеруді, бейбіт жиынды тәртіпсіздік пен басбұзарлыққа, тонау мен қиратуға бағыттап, бұрып жіберу деп аталатын арнайы операция.
Айта кету керек, бұл тәсіл Жаңаөзенде де орын алды. Әрине, бұндай арандатушы топтар алдын ала дайындықтан өтеді, олардың қатарына қылмыстық топтардың өкілдерін де, билікке қарсы діни бағыттағы топтарды да қосады. Арнайы дайындалған топтардың бар екені анық, бірақ олар мемлекетті басып алу үшін көшеге шыққан жоқ, бейбіт шеруді қанды қырғынға ұластыру үшін шықты деп ойлаймын.
Олардың іс-қимылы басталған уақытта біздің миымыздың қыртысындағы «тобыр психологиясы» іске қосылады да, бейбіт шеруге шыққан жастардың бір бөлігі «аттанға» қалай ілесіп кеткендерін өздері де білмей қалады. Қаңтарда билік тарапы осы топты «Таяу Шығыстан, Ауғанстаннан және Орта Азия елдерінен келген», арнайы дайындықтан өткен, билікті басып алуды мақсат еткен террорлық күш деп көрсетуге тырысты. «Алматының жанындағы әскери десанттық бөлімде әлі де соғыс болып жатыр» деген президенттің мәлімдемесі есімізде шығар.
Неге екені белгісіз, «билікті басып алып, мемлекеттік төңкеріс жасауды мақсат еткен қарулы күш (бес-алты дивизия) стратегиялық объектілерді емес, үш-төрт әкімшілік пен билік партиясының ғимараттарын ғана «басып алды»… Осы жерде өткен ғасырдың басында Ресейдегі патша үкіметін құлату үшін қарулы көтеріліске шыққан большевиктердің басшысы, соғыс өнерінен хабары жоқ Лениннің өзінің «ең бастысы – көпірлерді, вокзалдар, пошта мен телеграфты алу қажет» дегені есімізге түседі.
Әрине, «Нұр Отанның» (қазір «Аманат» деп аталады) халыққа жағымсыз билікке тікелей қатысы бар екенін жоққа шығаруға болмайды, бірақ оны «стратегиялық объект» деп ешкімді сендіре алмайсыз. Ең болмаса, әкімшілікті басып алғаннан соң, қақпаны ішінен бекітіп, «билік ауыспаса, біз де бұл жерден кетпейміз» деген талап та қоймапты.

Таңқаларлық тағы бір мәселе – билікті басып алуға ниет еткен белгісіз күштердің сегіз қалада қанды қақтығыс жасап, биліктің «басты қамалы» Астананы жайына қалдырғаны болды. Жоғарыдағы есімізге түсірген Ленин марқұмның билікті алу үшін, көп ойланып жатпай, билік орналасқан Қысқы сарайға шабуыл жасағанын білеміз. Ал біздің «билікті төңкеріп тастаушылар» дүкендер мен дүңгіршіктерге басып кіруден аса алмады.
Мәсімов пен оның орынбасарлары туралы
Енді «мемлекетті қарулы жолмен басып алуға талпынған» Мәсімов пен ҰҚК-нің басқа да басшыларына келейік. Әрине, жоғарыдағы айтылған «арандатушы топтарды» дайындау да, оларды бейбіт шеруді басбұзарлыққа бұрып алып кетуге пайдалану да осы органның жұмысы екендігінде күмән жоқ. Билік те, ҰҚК-де осы үшін халық алдында кінәлі. Мәсімов пен оның орынбасарлары осы істері үшін жауап берулері керек еді. Бірақ ондай жағдайда осы тәсілді жақсы білетін және сол тәсілді қолдануға мүмкіндік берген биліктің те жауапты екендігі сөзсіз. Сондықтан да олар «басты жауыздың» рөліне Мәсімовті лайық деп тапқан сияқты.
Біріншіден, Кеңес кезеңінен бастап халықтың ми қыртысында «КГБ»-ның халыққа қарсы жасаған сан түрлі іс-әрекеттері жатталып, қатталып қалды және осы отыз жыл бойы бұл комитет сол бағыттағы жұмыстарын жалғастырумен болғаны белгілі. Қысқасы, олар мемлекеттің қауіпсіздігінен бұрын, биліктің қауіпсіздігін қорғағаны анық.
Екіншіден, қазақтардың басым көпшілігінде Мәсімовтің жеке басына негативті көзқарас қалыптасқаны да талассыз мәселе. Үшіншіден, бұндай деңгейдегі «мемлекеттік төңкерісті» ұйымдастыру (Таяу Шығыстан, Ауғанстаннан, Орта Азия елдерінен содырларды алып келу, оларды арнайы лагерьлерде дайындықтан өткізу, соншама уақыт «икс» сағатын күту, тәртіпсіздік аяқталар кезде ұйымдасқан түрде ұшақпен Алматыдан қашып кету, қылмыстық топтар мен радикалды діни топтарды пайдалану, т.т.) тек осылардың қолынан келетіні белгілі.
Төртінші және ең бастысы – оларды жауапқа тартқан уақытта қоғамға ешқандай дәлел, дерек ұсынудың қажеті жоқ. Барлығы да «мемлекеттік құпия» деген сөздің тасасында қалады… Ең қызығы – егер Мәсімов пен оның орынбасарларына «мемлекетке опасыздық жасады» деген айып тағылып тұрса, демек, оның білетін барлық «құпия ақпараттары» баяғыда-ақ басқа елдің, оны сатып алған елдің қолында екені анық қой.
Айтпақшы, «госизмена» деген сөз ресми түрде айтылды, бірақ қай елдің пайдасы үшін өзінің елін сатты деген сұрақ жауапсыз қалды.
Кеңес Одағы кезінде «госизменамен» қолға түскен опасыздардың қай елге жұмыс жасағаны ашық айтылатын. (Мынау – «Американың шпионы», ал мынау болса «Англияға жұмыс жасаған» деген сияқты). Кейде ол ел оны мойындамай, қарсы нота жолдайтын, ал біздің еліміз халықаралық деңгейде дәлелді деректер жариялап, қай ел үшін опасыздық жасалғанын дәлелдеуге тырысатын.
Меніңше, Мәсімовтың ісінде бұл да болмайтын сияқты… Онсыз да президенті «мына елдерден содырлар келді» деп алып, кейін сол елдерден «біздің азаматтардың қатысқанын дәлелдеп беріңдер» деген ресми сауалға жауап бере алмай отырған Қазақстан билігі Кәрім ініміздің қай ел үшін «изменаға» барғанын айтпайтыны анық. (ҚР Қылмыстық кодексі. 175-бап. Мемлекетке опасыздық жасау, яғни Қазақстан Республикасы азаматының қарулы қақтығыс уақытында жау жағына өтіп кетуінен, сол сияқты тыңшылық жасауынан, мемлекеттік құпияларды шет мемлекетке, халықаралық немесе шетелдік ұйымға, не олардың өкілдеріне беруінен, сол сияқты Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне қарсы бағытталған әрекетті жүргізуге, оның өзге де көмек көрсетуінен көрінген қасақана іс-әрекет). Меніңше, Қазақстан билігіне осы баптағы көрсетілген «изменаның» болғанын қоғамның алдында нақты деректермен дәлелдеп шығуына тура келеді.
«Мемлекеттік құпия» туралы
Екіншіден, бізде, жемқорлық жайлаған елде мемлекеттік құпия қалды ма екен? Егер «Қазақгейт» соты бойынша президентіміздің (Н. Назарбаев –Ред.) өзі Америка азаматының «сыйлықтарын» алып, онымен барлық ақпаратпен бөлісіп отырғаны анықталса, қайдағы мемлекеттік құпиялық?!
Айтпақшы, кезінде барлық құпияның қожайыны болып отырған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) төрағасы Әлнұр Мұсаев мырзаның қазір қашып, шетелде жүргенін ескерсек, «мемлекеттік құпия» туралы сөз қозғау артық сияқты. Қысқасы, кешегі қанды Қаңтардың 1999 жылы 15 наурызда қабылдаған «Мемлекеттік құпия туралы» заңында көрсетілген, құпиялыққа жататын «әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық, сыртқы эконимикалық, сыртқы саяси, барлау және қарсы барлау» мәселесіне ешқандай қатысы жоқ деп ойлаймын. Билік құпиялықтың тасасына тығылғысы келеді – олардың бұдан басқа амалы да жоқ. Сондықтан Мәсімов сотының ашық болуы немесе белгілі бір отырыстарына ғана шектеу жасалуы – аса маңызды қажеттілік болып табылады.
Мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғасы саяси-қоғамдық бағыттағы қылмыстық жауапқа тартылғанда, сөз жоқ, соның қасында болған билік иелерінің де күдікке ілінері – талассыз мәселе. Сондықтан Мәсімов сотының ашық болуы – егер олар кінәсіз болса, билік иелеріне қажет деп ойлаймын. Ал соттың жабық жағдайда өтуі – күдігімізді күшейте түседі. «Олар оның аузын жауып отыр, демек, олардың да қолы таза емес», немесе «бұлар жабық сот арқылы қоғамнан нені жасырғысы келеді» деген ой-пікірлер орын алады. Өкінішке орай, қазір жабық сот жүріп жатыр, дегенмен сот аяқталған соң, Мәсімовтің журналистермен кездесуіне, сұхбат беруіне толық мүмкіндік беріледі деп ойлаймын.
Тағы бір көңіл аударатын мәселе. Егер ҰҚК мемлекеттік төңкеріс жасап, билікті басып алғысы келсе, менің ойымша, бұндай хаос пен бейберекетсіздікке, қанды қырғынға бармас еді. Бұларды «жамылғы мен қанжардың» майталмандары деп бекер айтпайды. Олар – барлық іс-әрекеттерінің жымын білдірмей жасайтын орган. Ал қазіргі ғылым мен техниканың мүмкіндігін ескерсек, олардың қолдарында сан түрлі қару, сан түрлі мүмкіндік бар. Бір тамшы қан шығармай-ақ мемлекеті басып алып, бір сәтте төңкеріс жасау – олар үшін аса бір қиын жұмыс емес.
Ең бастысы – төңкерістен кейін облыстың басшылары мен министрлерге «сендер өз орындарыңда қаласыңдар» деуді ұмытпаса болғаны. Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ сондай төңкеріс жүзеге аса қалса, Қазақстандағы әрбір облыстың әкімі халық жасағын жинап, оларға қару беріп, «Конституциялық тәртіпті қалпына келтіреміз!» деген ұранмен Астанаға аттанбасы анық.
Назарбаевтың не соның жақындарының жасаған төңкерісі
Кейбір саясаттанушылардың пікірінше, Қаңтар қырғынының ұйымдастырушылары – «нұркландар» болуы мүмкін. Бұл болжам да сын көтермейді. Біріншіден, Тоқаев мырза қаңтарға дейін не Назарбаевқа, не оның жақындарына қырын қараған жоқ. Олигархтармен сөзге келіп, оларға қысым жасаған емес. Өзі айтқандай, Назарбаевтың салып берген жолын жалғастырып, «Назарбаев моделінің» мәңгілік үстемдік құруына қызмет етті. Осындай президентті «төңкеріп тастау» Назарбаевқа не оның қасындағыларға не береді? Қажеті қанша?
Егер қылмыс жасалғанда, «бұл қылмыс кімге тиімді» деген сұрақ туатынын есімізге алсақ, Тоқаевты тақтан тайдырудың «нұркландар» үшін ешқандай қажеттігі жоғын еріксіз мойындаймыз. Менің ойымша, мәдениетті, азаматтығы бар Қасым-Жомарт ағамыз өзін осындай деңгейге жеткізген Нұрсұлтан ағамызға қарсы шығып, жақсылыққа – жамандық жасамайды. Ондай екіжүзділікке ешқашан бармайды.