Суббота , 19 апреля 2025

Тұңғыш редактор АЛҒАШҚЫ қиындықтар туралы

  • Сонымен, 2023 жылмен бірге «біздің ауылға» да тойдың кезегі келді: алдағы сәуірдің 15-і күні «ДАТ» газетінің бірінші нөмірі жарыққа шыққанына 25 жыл толады.

Ширек ғасыр! Кімге – қайдам, ал біз үшін бұл Ұлы мереке! Бір ұрпақтың ғұмырына пара-пар 25 жылғы қайран уақытты осы газетті шығаруға арнадық!

Бұл – ат төбеліндей ғана редакция қызметкерлері үшін ғана емес, қандай да болмасын тәуелсіз басылымды жердің жер түбінен іздеп оқитын газет жанашырлары үшін де айтулы дата деген ойдамыз. Себебі біздің «ДАТ» – Қазақстандағы тәуелсіз газеттердің жылнамалық тарихы деп білеміз! Бұған «тырнақ астынан кір іздеуге» бейім қазақтың дауы бола қоймас…

«Шығардық» деген айтар ауызға ғана оңай сөз, әйтпесе алақұйын қуғын көрген, қысылтаяңда қиналған, шетте басылған газетті кезінде шекара арқылы қолмен тасып, елдегі оқырманға жеткізген жанкешті күндерімізді еске алсақ, етегімізді жасқа толтырып айтар әңгіме туады. Алдағы күндері оның да сәтін салып айтармыз.

Ал газеттің бүгінгі санынан бастап, 25 жылда «ДАТ» медиа-жобасының 9 нұсқа газетінде шыққан, мән-мазмұны әлі күнге дейін қытымыр заманның тақырыбын сақтаған жекелеген жарияланымды жаңғыртып тұруды жөн көрдік. Осы ширек ғасырда шыққан мыңнан астам нөмірден үзіп алған үзінділер жариялаймыз.

Егер газет авторлары мен жанашыр ағайындар тарапынан естелікке жарамды сөз болса, оны да газет бетіне шығарып тұрмақ ойдамыз.

Сонымен газетіміз апта сайын шығып тұратын жағдайға жеткен сияқты. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, газеттің пилоттық санын шығару барысында көрген тауқыметтерімізді әлі ұмытпағандықтан, «сияқты» деген сөзді де әдейі қолданып отырмыз. Болашақта да осы бағытпен, осы қалыппен апта сайын тұрақты жарық көріп тұра аламыз ба деген де күдігіміз әлі толық жойылған жоқ.

Өйткені алдыңғы 2 санда көрсеткен редакциялық тұрағымыздан да көшіп кетуге мәжбүр болдық (дәлірек айтсақ, мәжбүр етті). Сондықтан жаңа қонысымыздың мекен-жайы белгілі болғанымен, әзірге телефон орната алмай жатырмыз. Бірақ мұны да уақытша қиындық деп санаймыз.

Газетімізді басатын баспахана да тым алыста болып, тасымалдау біраз уақытқа созылып кетіп жүргендіктен, телеарналар бағдарламасын газетке бере алмай жүрміз. Сәл кейінірек бұл мәселе де оң шешім табатынына сенімдіміз…

Шәріп ҚҰРАҚБАЕВ, бас редактор

«ДАТ», 29 сәуір, 1998 жыл

ҚАЗАҚ КӨШІП БАРАДЫ…

  • «Ықылым заманнан бергі кәсібіміз ғой. Көшсек несі айып дерсіз. Рас, ата-бабамыз «қара қазан, сары баламен» алдындағы малының қамын ойлап, тіршілікке жайлы жердің құйқасын іздеп ауа көшкен. Бірақ ол кездегі қоныс іздеп мамыражай көшу мен қазекеңнің бүгінгі таңдағы көшуі – екеуі екі түрлі жағдай. Өткен өтті дейік, бүгінгісі несі дейтін болсақ, оған да жауап табуға болатын сияқты.

Өткен күзде жасы жетпістен асқан Төлеп ақсақал кіндік қаны тамған ауылын тастап, өзге жаққа көшті. «Қайтейін, ата-баба қорымы мен қара орманымды сендерге қиып кетіп барамын. Қатқан сүйегімді салдырлатып көшейін деген ойым болмап еді, әттең, заман қиындығы. Қаладағы балам «мұнда жағдай әжептәуір жақсы» деген соң, солай бет түзедім», – деп көз жасын көл етті.

Артында кішкентай бау-бақшасы мен қара шаңырағы қалды. Үйді сатып алатын да адам табылмады. Өйткені ауылда көшіп жатқандар көп болғандықтан, қаңырап бос қалған үйлер жеткілікті. Ақсақал кетісімен, айнала көрші-қолаңы тарпа бас салып, есік-терезесін, шатырын, оны-мұнысын шығарып әкетіп, үйі үңірейіп қалды.

Содан арада екі айдай уақыт өткен соң, Төлеп ақсақал кемпірі екеуі жылап-еңіреп елге қайта оралды. Сөйтсе, басында қызбалыққа салынып, «кел-кел» деген ұлы мен келін баласы қариялар көшіп барысымен қаладағы қуықтай екі бөлмеге сыйыспай, «түрлі-түрлі әңгімелер» айтса керек. Ақыры, қағажу көрген кемпір мен шал «біз көрген қиындықты өзге де көріп отыр. Алла тағаладан бір қайыр болар» деп елге бет түзепті. Ұяты бар көрші-қолаңы баяғы өздері жұлып-жұлып алған есік-терезелерін орнына салып, көмектескен болды. Кейбірі алмаған сыңай танытып, теріс айналды.

Жарайды, мәселе дөкір ұл мен келінде де емес, көрші-қолаңда да емес, мәселе ауылдағы халықтың туған жерін тастап, «жайлы жер» іздеп, өзге жаққа көше бастағанында болып отыр.

Ауылда 600-ден астам шаңырақ бар. Соңғы екі жылда 150-дей үй түп-қазығын тастап көшіп кетті. Осы орайда нақты деректерге сүйенетін болсақ, республикамыздың 44 проценті шөл, 23 проценті шөлейт болып келеді екен. Осындай тіршілік етуге қиындау маңнан сулы-нулы жерге бет түзеген халықтың көшін құптауға болады. Ал өте құйқалы жерде отырған, бір емес, үш өзені қатар аққан Елтай ауылынан мұнша адамның көшіп, өзге жаққа бет түзеуін немен түсіндіруге болады? Бұған «науқан» ретінде жүргізілген жекешелендіру кінәлі ме деп қаламын. Кезінде бұл Елтай ауылы мал мен егін шаруашылығын қатар дамытып, аудан, қала берді облысқа әйгілі еді.

Амал нешік, соңғы екі-үш жылда шұғыл жүргізілген жекешелендірудің кесірінен маңдайы жарқыраған ауылдың тоз-тозы шықты. Техниканы былай қойғанда, 30 мыңның үстіндегі қой мен 4 сиыр фермасынан дым қалмады. Осыншама мал қайда кетті? Мұны ешкім білмейді. Еңбек дүбірін қоздатқан техника да ретсіз таратылды, не болмаса әркімнің есігінің алдында тұрып шіріп, қаусауға айналды. Аздаған жағдайы бар ауыл тұрғындарының 3 проценті қолдарынан келгенше шаруа қожалықтарын құрып, итшілеп тірлік жасауға көшті. Ал қалған 97 проценті дал болып далада қалды. Еңбек етейін десе – жұмыс жоқ, «отырсаң опақ, тұрсаң сопақ» заман басталды. Жұмыссыздықтың салдарынан еңбекақы деген атымен жоғалды, зейнетақы қолға екі-үш айда бір тиеді. Ол да кез келгенге емес, үйінде қариялары барларға ғана. Ел ішін ұрлық пен қылмыс кеулеп тұр.

Алдындағы азын-аулақ малын сатып тауысуға айналған жұрт «бәленбай жерде алтын бар» деген мақамды бетперде қылып, өзге жаққа жаппай көше бастаған. Тіпті кейбірі басында мысалға келтірген Төлеп ақсақалдың кебінін кешіп, кері оралғандары да бар. Сол көшкендердің бәрі барған жерінен жағдайын түзеп алды дейсіздер ме? Кезінде айрандай ұйып отырған ауыл өстіп шала-жансар адамның кейпін кешіп, біртіндеп өліп бара жатыр. Ауылдың бетке ұстар азаматтары ауыз толтырып құр сөйлегенімен, қолдарынан дәнеңе де келмеуге айналған. Нақты дерекке үңілетін болсақ, республика ішінде өткен жылы 110 мыңдай адам бір жерден екінші жерге орын алмастырған екен. Ал соның 80 мыңға жуығы ауылды тастап, үлкен қалаларға бет түзепті. Біздің ауыл соның бір көрінісі іспетті. Ауыл шаруашылығын жекешелендіру асықпай, ойланып барып, біртіндеп іске асырылуға тиіс іс еді. Амал қанша, өте жедел жүргендіктен, науқаншылыққа ұрынып, ауыл жансызданып, құрып-бітуге айналды. Бұл ащы шындық. Үлкен трагедия…

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ,

Шығыс Қазақстан облысы,

«ДАТ». 22 сәуір, 1998 жыл

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн