Суббота , 19 апреля 2025

ҚОНАЕВ КІМ ЕДІ, Назарбаев кім болды?

  • Өтіп бара жатқан 2022 жылы тиісті дәрежеде аталуы тиіс 110 жылдық датасы «жетім қыздың тойындай» болған Дінмұхамед Қонаев қазақ үшін кім еді? Ол өз халқының ұлы перзенттерінің бірі ме, жоқ әлде келмеске кеткен коммунистік қоғамның бір қайраткері ғана ма?«1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға жиналған халық «Қонаев келсін, Димаш ағаны қайтарыңдар!» деп ұрандады. Ал Қаңтардағы қанды оқиға кезінде алаңға жиналған нөпір: «Шал, кет! Назарбаев кетсін!» деп дабыл қақты. Айырмашылық бар ма?

Бүгінде көпшіліктің зердесінде дәуірдің дара тұлғасы ретінде сақталған Қонаевтың өмірден озғанына 31 жыл толса да, оның есімі газет пен журнал беттерінен түспейді. Неге?

Себебі халық Қонаевты 30 жыл ел басқарған Назарбаевтың дәуірімен салыстырады. Екеуара ұқсас тағдырдың егжей-тегжейін айтпағанда, Қонаев биліктен бір пенсиямен ғана кетті. Ал қазақтың бар байлығын әкесінен қалған мұрадай көрген Назарбаевтың байлығы 200 миллиард доллар деген долбар интернет иірімінде өріп жүр. Біздің төменгі жазуымызға осы жағдаяттың айырмашылығы арқау болды.

Қонаев республиканы оңай кезде басқарған жоқ. Кеңестер Одағын басқарған «КПСС»-тің қасаң саясатынан республиканы «жаңбыр-жаңбырдың арасымен» алып өту оңай болмаған заманды бастан кешірді. Кейіннен бұзылып кетті демесек, Назарбаев та тәуелсіздіктің алғашқы ауыртпалық жылдарын арқалап өтті.

Осы қос тағдырды салыстыра келгенде, Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза апайдың айтуындағы (қызы Сәуленің маған айтқан сөзі) жағдай есіме оралады: Қонаев Мәскеу тау-кен институтында оқып жүргенде жазған арыздан соң, басына туындаған проблема бойынша Рысқұловтың үйіне барған. Оқудан шығып қалар қаупі бар жағдайын айтқан соң, Рысқұлов кеңестік оқу министріне айтып, студент Қонаевтың институтта қалуына жәрдем еткен.

Осы жерде тарихқа кері болжам жасасақ, егер сол уақытта Рысқұлов көмектеспегенде, кейіннен Қонаев Қазақстанды 30 жыл басқарар ма еді? Мүмкін, жақсы маман, жақсы ғалым болар, бірақ оқудан қуылған, коммунистік сөгіс алған адамның ел басқаруы екіталай еді.

Ал енді Дінмұхамед Қонаев кезінде Назарбаевқа қол ұшын бермесе, оған партиялық-басқарушылық иерархияда қолдау білдірмесе, ол 30 жыл Қазақстанның президенті болар ма еді? Бұл да үлкен күдігі бар сұрақ.

Егер Қонаев республиканы басқаруды Н.Назарбаевқа емес, сәл ертерек А.Асқаровқа, Ж.Тәшеновке, не С.Такежановқа бергенде, біздің ел бүгінгідей болмас па еді? «Бақ жана ма, бап жана ма?» деген халықтық қисыны осы.

Тағы да салыстырмалы дерек келтірейік. Қонаев кезінде елдің көпсалалы индустриялық өндірісі мен ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға мұрындық болды. Жоғары және орта білім беру мектептерінің, денсаулық сақтау, ғылым мен мәдениет мекемелері, сауда және тұрғындарға коммуналдық-тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарының материалдық базасы айтарлықтай күшейді. Тұрғын үй салу ісі де кең жолға қойылды. Жылына 5-6 млн. квадрат метр баспана пайдалануға берілетін.

Ал Назарбаевтан кейін елде не қалды? Қаңыраған ауыл мен аңыраған ауыл шаруашылығы, өшкен өндіріс пен қираған өнеркәсіп қалды. Жаппай жұмыссыздық пен тең жартысы кедейшіліктің күнін кешкен қазақ қалды! Қонаевтың соңында «тырнақ астынан кір іздеп» қалған сыншысымақтар осы екі салыстырмалы жағдайды ескерсе екен!

Қазақстан дамуының осы және басқа да жетістіктері туралы Д.А.Қонаевтың өзі 80 жасқа толған туған күнінде айтқан болатын. Ұлттық ғылым академиясында болған 80 жылдық мерейтойы кезінде мен республика Жоғарғы Кеңесі президиумының мүшесі ретінде қатыстым. Әлі есімде, Қонаев 1 сағатқа жуық қағазға қарамай, Қазақстанның соңғы 30 жылда дамуы туралы баяндама жасады. Барлық деректерді, жетістіктерді жатқа айтты. Есімде Қонаев ақсақал: «Мен үш бірдей қоғамдық даму формациясында да өмір сүрдім. Феодализмде тудым, социализмде еңбек еттім, енді капитализм туды, алдымыз бұлыңғыр, көк тұманды сендер сейілтесіңдер» деген өсиеттік сөз айтқан еді.

Мыстың жалпыодақтық көлемінің үштен бір бөлігін, мырыштың 40%-дан астамы, қорғасынның 70%-дан астамы Қазақстанда өндірілетін. Хромит және уран кендерінің, сары фосфордың негізгі жеткізушісі біздің ел болды. Жалпы қуаты 16 млн. кВт болатын төрт бірдей Екібастұз ГРЭС-інен Ресейдің орталық аудандарын жабдықтау үшін арзан электр қуатын жіберу жоспарланған. Сол кездегі ең ірі Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинаты 8 млн. тоннадан астам темір кен орамын шығаратын.

Осы байлық қайда қазір? Барлығы «еуразиялық үштік» деп аталатын миллиардерлер Машкевич, Шодиев, Ибрагимов және Т.Құлыбаев, Б.Өтемұратов, т.б. назарбаевтық олигархтардың қолында кетті. Мысалы, елде өндірілетін жалпы мұнай көлемінің 27%-ы – бізде, 73%-ы – шетел компанияларында. Мұндай сұмдық ешбір елде жоқ.

Ауыл шаруашылығына да ерекше көңіл бөлінетін, оған жан-жақты қолдау көрсетілетін. Біздің бидайымыз өте жоғары бағаланатын, 28–35 пайыз ұлпасы бар еді. Тың жерлерді игеру басталғаннан бері қарай республикамыз әрқашан өзі өндіретін тұқым есебінен өзін-өзі қамтамасыз ететін. 2011 ж. бұрын-соңды болмаған бидай жиналды – 30 млн. тонна! Тек оны сақтайтын орынның болмауынан қаншасы қар астында қалды, ысырап болды. Бұл назарбаевтық заманның зардабы еді.

1916 ж. қазақ жерінде 18 млн. 364 мың қой болған. Кейінірек олардың саны күрт азайды. Егер 1955 жылы Қазақстанда қойдың саны 17 млн-нан сәл асатын болса, 1983 жылы 36 млн. болды, ірі қара малдың басы 4 млн. шамасында болса, ол 9 млн. асты. Құс фабрикаларын салу нәтижесінде құс және жұмыртқа өндіру бірнеше есеге өсті. Республика өзін-өзі осы өнім түрімен толық қамтамасыз ететін болды. Сонымен бірге сүт және ет өндірісі де ұлғайды. Мысалы, 1955 ж. ет өндіру деңгейі 530 мың тонна болса, 1986 ж. ол 1 млн. 300 мың тоннаға жетті. Сол уақытта ауыл шаруашылығының ЖІӨ үлесі 27–29% болатын. Ал назарбаевтық заманның көрсеткіші бес-ақ пайыз!

Салыстырмалы түрде Өзбекстанды алайық. Билік басына Ш. Мирзиёев келгелі өзбек ағайынның экономикалық дамуы алға кетуде. Өзбекстан әлемнің ең үздік Nike, Adidas, Apple, Inditex компанияларымен келісімге тұрып, үздік өндіріс салаларын ашып, дамудың даңғыл жолына түсті. Орта Азияда бәсекелестіктің аламан бәйгесі Өзбекстанның қолына өтіп кетуі де мүмкін.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың баяндамаларын оқи отырып, республика басшылығы өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, көлікті басқарудың көптеген қайта ұйымдастыру жағдайында республиканы басқару бойынша қандай маңызды жұмыстар атқарғанын көруге болады.

Қазақстан кейінгі 30 жылда жұмысшы табынан айырылды десе де болады. Бұл саналы түрде әдейі жасалған «идеологиялық диверсия», сананы өсірмеу. Жұмысшы табы, инженерлер қай елде болса да ұлттық қозғалыстың өзегі, прогресс жасайды. Оны кішкентай Жаңаөзеннен де көрдік.

Қонаев өз қызметінің басты қағидаты – еңбекші халықпен тығыз және үнемі байланыста болу деп есептейтін. Яғни, халықты жасампаздыққа үйрету ғана емес, жергілікті жұмысшылардың тәжірибесіне сүйене отырып, олардан үйрену. Ол өз кітабында былай деп жазған екен: «Кез келген іске ұқыптылық танытуға тырыстым, мен маңызды шаралардың барлығын белгіленген күні сағатында, кейінге қалдырмай өткізуге тырыстым».

Ал Назарбаевтың өзі және даңғаза дабыраға айналған «Қазақстан-2030» бағдарламасы қайда қалды? Оның ауылды дамыту бағдарламасы қай ауылды жайқалтып жіберді?

Қонаевтың жанында оның әріптестері Ж.Шаяхметов, Ж.Ташенов, Б.Әшімов, А.Асқаров, К.Аухадиев, С.Тәкежанов, Ш.Есенов, Е.Әуелбеков сынды қайраткерлер бірге еңбек еткенін де айтып өту керек. Кеше ғана өмірден озған Кеңес Аухадиев Назарбаевтың кезінде 47 жасында жұмыссыз қалды. Кеңестер Одағы парламентінің бір басшысы болған Еркін Әуелбеков Қазақстанға оралған соң, Назарбаев оны кеңесшілік деңгейге түсіріп тастады. Бұл еліне ерен еңбек еткен азаматтар үшін қиянат емес пе?

Бірде мен бұрынғы кеңестік қаржы министрі Бацоламен сөйлескенімде, ол Қонаевқа қатысты: «Сіз академик ретіндегі жалақыңызды (кеңестік 1 мың рубльден кем емес еді) алыңыз деп айтып едім, ол: «Бәрін балалар үйіне жіберіңіз» деп, талай жылдар бойы академияның стипендиясын алмады» деген еді. Бұл Қонаевтың бойындағы қарапайымдылықтың жарқын белгісі еді. Ал кішіпейіл адам болғанының белгісі – ол көшеде кезіккен қарапайым жұмысшыға дейін тоқтап, амандасып, хәлін білетін.

Бірде 2000 жылдары мен Астанада Асанбай Асқаровқа сәлем беріп кірдім. Ол менен ғылым мен Ғылым академиясының жағдайын сұрады. Мен қиыншылықты айттым. Сонда ол маған: «Қайда бара жатырсыңдар, неге Нұрсұлтан Әбішұлына айтпайсың?!» – деді. Мен: «Назарбаев құлақ аспайды» дедім. Асекең қарқ-қарқ күліп: «Оның құлақ аспайтынын жаңа біліп пе едің?!» – деді.

Тағы бір салыстырмалы дерек: 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға жиналған халық «Қонаев келсін, Димаш ағаны қайтарыңдар!» деп ұрандады. Ал Қаңтардағы қанды оқиға кезінде алаңға жиналған нөпір: «Шал, кет! Назарбаев кетсін!» деп дабыл қақты. Айырмашылық бар ма? Екеуінің саяси тарихы жер мен көктей екенін осыдан-ақ көруге болады.

Қонаевты жерлеу кезінде Опера театрынан бастап, Кеңсайға дейінгі барлық көшелерге халық лық толды. Орыстың кемпірлері қолдарына орамал алып, жылап тұрды. Димаш ағаны мәңгілік сапарға шығарып салғанда, еңіреген халықты өз көзіммен көрдім. Ал Назарбаевтың соңғы сапары қандай болады? Зерде мен зейін мәселесі екі тағдырға қатысты осы сұрақтың астарында жатса керек…

Оразалы СӘБДЕН,

Қазақстан ғалымдары одағының президенті,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, э.ғ.д., профессор, академик

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн