
- Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы «Қазақстан билігі кемі 238 адамның өмірін алған, адам құқығы өрескел бұзылған» Қаңтар оқиғасын «тиімді тергей алмады» деп мәлімдеді.
Ұйым 20 желтоқсанда жарияланған мәлімдемесінде Астана Қаңтар оқиғасында адам шығынына жауапты орган қызметкерлерін анықтауға және жазаға тартуға құлықсыз деді. HRW Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу «біржақты болғанын», наразылыққа шыққан мыңнан аса адам жауапқа тартылғанын, ал құқық қорғау органдарының тек бір қызметкері ғана сотталғанын атап өткен.
«Қаңтар оқиғасына бір жыл толып қалса да, қаза тапқандардың отбасылары, жараланған жүздеген адам мен азапталғандар әлі әділдік күтіп отыр», – деді ұйымның Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Риттманн. Басында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты басталған наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан еді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаға шетелден келген «террористерді» айыптағанымен, бұл сөзіне еш дәлел келтірмеді. Бұған қоса, Тоқаев қырғын кезінде орган қызметкерлері мен әскерилерге ескертусіз оқ атуға бұйрық берген еді.
Қазақстан билігі оқиға кезінде ұсталған алты адам қамауда азапталып, қаза тапқанын; қырғын кезінде 238 адам (оның ішінде 19 орган қызметкері бар) өлгенін айтты. Құқық қорғау ұйымдары оқиға кезінде қаза тапқандардың саны ресми деректен көп болуы мүмкін деп те санайды. Бас прокуратура тергеуде 25 адам азапталғанын мойындағанымен, азаптауға қатысты көптеген істер жөнінде нақты шешім шыққан жоқ.
Қалай болғанда да, «Қаңтар оқиғасы» кезінде қаза тапқандар, жараланғандар мен азапталғандар үшін кінәлілерді жазалауға Қазақстан билігі жауапты. Бірақ бір жылдай уақыт өтті, ал билік Қаңтардың құпиясын ашуға құлықты емес. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан билігі Қаңтар қасіретіне қатысы бар органдар қызметкерлерін анықтап, қанды оқиғаның жұмбағын ашуға құлықты емес. Бұдан шығатын қорытынды – Қаңтар үшін қазақстандық билік тікелей өзі кінәлі.
«DAT»
ҚАЙ АҒА МЕНІ АТҚАН?

2022 жылдың әрбір есті қазақтың жанын шырқыратар сұмдық сұрағы – Қаңтардың бейкүнә құрбаны Айкөркем Мелдеханның қазасына қатысты Алматы қаласындағы бір ықшамауданның ауласындағы сарайдың қабырғасына салынған муралға жазылды. Жароков пен Мыңбаев көшелерінің қиылысындағы бұл сарайдың қабырғасында бұрын Назарбаевтың кескіні салынған еді. Белгісіз суретші бір түннің ішінде «елбастының» суретін бояп тастап, орнына Айкөркемнің мәңгілікке қатып қалған бейнесін салған.
Егер бұл сұрақтың үлбіреген үні төрт жасар сәбидің дауысы арқылы құлаққа естілер болса, көкірегінде адамшылықтың саңылауы бар адамның жан-дүниесін жылатары анық.
Еске салсақ, Қаңтар қырғыны кезінде Айкөркемге снайпердің оғы тиіп, бас сүйегінің жартысы быт-шыт болған. Кейіннен осы іске қатысты тергеу кезінде бас сүйектің қаңқалары қылмыстық істен жоғалып кеткен.
Иә, «Қай аға Айкөркемді атқан?». «Қай қанышерлер Қаңтар құрбандарына оқ жаудырған?». Арада бір жылға жуық уақыт өтсе де, қаны тамшылап тұрған бұл сұрақтарға түбі жауап берілері анық.
Мектептерге оқу керек пе, ШЫРША КЕРЕК ПЕ?

- Мектептерде Жаңа жылды үш күн тойлауға бұйрық беріпті. Соншалықты тойлайтындай, министрліктегілердің қай атасынан қалған мереке бұл? Бір күн жететін еді!
Өткенде ғана жаңа жылдық шыршаға қатысты білім министрі Асхат Аймағамбетов мырзаға хат жазып едім. Вице-министр Ғани Бейсембаев 27–29 желтоқсан аралығында шырша өткізуді бұйырыпты. Сонда 27 желтоқсаннан бастап оқушылар сабақ өтпей ме? Неге 1 күнге ғана қоймайды? Ендеше «ТЖБ» (тоқсандық жиынтық баға) жұмыстарын алып тастаңыздар деп министрге жазған сол хатымды жалпақ жұртқа жария етейін.
Құрметті Асхат Аймағамбетов мырза! Жаңа жыл келе жатыр. Жаңа жылды тойлауды мектептерден алып тастау керек.
Ең басты мәселе – жаңа жылдың қалай өтуінде. Жаңа жыл мерекесі тоқсан аяқталатын уақытқа сәйкес келеді. Тоқсандық жиынтық бағалау мен жаңа жылды тойлау уақыты таласады .
Жаңа жыл мектептерде 25 желтоқсаннан басталады.
Оған 9-сыныптарды жауапты етіп қояды. Жауапты сынып нешетүрлі кейіпкерлердің киімдерін киеді. Концерт дайындайды. Дайындық кезін есептемегенде, 9-сыныптар 25 желтоқсаннан бастап сабаққа қатыспайды. Бүкіл мектептің жаңа жылын өткізеді. Сабақ өтіп жатады, ал сыныпта жаңа жыл кешіне қатыспайтын бір-екі бала ғана отырады.
25 желтоқсаннан бастап, әр күнге сыныптарды бөледі. 25 желтоқсан күні 5-сыныптарда жаңа жылдық кеш болса, сол күні оларда сабақ болмайды. 26 желтоқсан – 6-сыныптарда жаңа жылдық кеш болса, сол күні сол сыныптарда сабақ болмайды. Балалар нешетүрлі киініп алады, дайындалып жатады. Сабақ өткен күннің өзінде берекең қашып кетеді.
Сол сияқты әр күні әр сыныптың кеші болып, сабақтарға кедергі келеді.
Жаңа жылдық шырша кеші өткен соң, балаларды сабаққа әкеліп көріңіз. Балалар сабақтан қала бастайды.
Тоқсандық жиынтық бағалау да сол 25 желтоқсаннан басталады. Сынақты одан бұрын ала алмайсың. Тақырып өтіліп бітпесе, өтілмеген тақырыптан бақылау жұмысын ала алмайтынымыз айтпаса да түсінікті. Сабаққа балалар толық қатыспаса, қалай «ТЖБ» аласың?
Жылда басшыларға айтамыз. Мәселе ашық күйінде қалады.
Жаңа жылды өткізуден бас тарту керек немесе бір күнде ғана өткізу керек. Сабақ бітетін ең соңғы күні барлық сыныптарды қатыстырып, бір ғана шырша кешін өткізу керек. 2 сағат жетеді. Оған 5 күн бөлудің қажеті жоқ.
Мектептерге оқу керек пе, жаңа жылдық шырша кеші керек пе? Осыны дұрыстап шешіп алайық.
Егер шырша кеші міндетті түрде керек болса, онда тоқсандық жиынтық бағалау жаздырудан бас тартқан дұрыс!
Мұғалімдерді босқа қинаудың қажеті жоқ.
Дұрыс шешім шығарар деп сенемін!
Шырша кеші әбден берекемізді қашырады. Бұл шындық.
Айман САҒИДОЛЛА
«Жетіжылдықтан» кейінгі БАСТЫ БӘСЕКЕЛЕС

- Қаңтар қасіретінен соң, яғни 25 ақпан күні абақтыға қамалған Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай 2 қарашадан бері үйқамаққа шыққанымен, оның бостандығы әлі күнге дейін шектеулі. Жас саясаткер биліктің саяси тұтқынына айналғанына 11 ай болды.
Қаңтарда жаппай тəртіпсіздік ұйымдастырды деп айыптаған бүгінгі билік Жанболатты өзінің саяси бәсекелесі санайды. Оған қатысты ұйымдастырылған қуғын-сүргін дәл осындай тұжырым жасауға түрткі болады. Сол себепті биліктің төңірегіндегі топ Тоқаевтың «жетіжылдығы» мерзіміне пара-пар уақытқа Жанболатты түрмеге қамаудың қамын жасауда.
Себебі – жеті жылдан кейін барлық заңды сайлау параметрлері бойынша, Мамай президенттік постқа бірден-бір үміткер болуы әбден мүмкін. Ал мұндай жағдай Тоқаевтың тағынан келесі үміткер кланның жоспар-жобасына кереғарлық тудыруы әбден ықтимал.
Дегенмен Жанболаттың абақтыдан үйқамаққа шығуына ықпал еткен беделді халықаралық құқыққорғаушы ұйымдар, Батыс пен Еуроодақтың белді елдері болашағы бүгіннен басталған қазақстандық жас қайраткердің саяси тағдырын тұрақты бақылауға алды.
Демпартия жетекшісінің соты əлі аяқталған жоқ. Биліктің қандай шешім шығаратыны да белгісіз.
Бірақ қалай болғанда да, «ДАТ» газеті «2023 жылдың саяси тұтқыны» деп таныған Жанболат Мамай 2029 жылдың басты саяси тұлғасы болады деген болжам жасауға толық мүмкіндік пен үміт бар. Оның басты басымдығы – жастығы және жастығына қарамай, қайтпас қайраткерлігі.
ҰСТАЗДАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАЙТЫН тәуелсіз газет мұғалімдерге қолқа салады
- Биылғы жылы Қазақстандамұғалімдер құқығының 70-ке жуық дерегі тіркелген, деп хабарлай ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
«Педагог статусы туралы» заң нормаларын бұзу фактісіне байланысты 2021 жылы 105 өтініш келіп түссе, биыл 67 өтініш тіркеуге алынған екен. «Мектептер жергілікті әкімдіктерге бағынатын болғандықтан, мұғалімдерді көпшілік орындарды тазалау, қоғамдық іс-шараларға «массовка» ретінде қатыстыру, мектептерді жөндеу, т.б. жұмыстарға тарту және газет-журналдарға қысыммен жаздыру жағдайы әлі де қайталанатын жағдайлар кездеседі. Бірақ мұндай заң бұзушылыққа жол берген жергілікті басшылық өкілдері бірден жауапкершілікке тартылады», – дейді министрліктің білім саласы сапасын қамтамасыз ету жөніндегі комитетінің төрағасы Ернұр Дәуренов ҚазТАГ тілшісіне берген сұхбатында.
Мектептердегі азды-көпті заң бұзушылық дерегін министрліктің мойындауы, әрине, құптарлық жағдай. Бұны оқу саласындағы жергілікті билік пен мектептер арасындағы қоғамдық-мәдени қатынастарының оң нәтижесі деп есептеу керек шығар.
Бірақ біздің газеттің редакциясы «ДАТ»-қа жазылу жөнінде мұғалімдерге өтініш жолдап, қоғамдық қалаумен «қысым» жасағысы келетінін де мойындайды. Елде газет оқу мәдениеті жоғалып бара жатқанын және елдегі жалғыз тәуелсіз «ДАТ» газетінің қиын қаржылық жағдайын ескеріп, зиялы жұртшылықтың бірден-бір өкілі – мұғалімдер қауымы «ДАТ»-қа жаппай жазылады деген үміттеміз!
«DAТ» газетінің редакциясы
«ДАТҚА» ЖАЗЫЛ, АҒАЙЫН!
Көпшіліктің сүйікті газетіне айналған «ДАТ»-қа бір жылға жазылу уақытының аяқталуына (25 желтоқсан) 10 күн ғана қалды. Сондықтан , әр апта сайын газет үйіңізге келіп тұрғанын қалайтын болсаңыз, асығуға тура келеді, ағайын!
Жазылу жергілікті жердегі «Қазпошта» бөлімшелері арқылы жүреді. Жазылу каталогында «ДАТ»-тың ресми мемлекеттік тіркеудегі атауы «Общественная позиция» газеті деп көрсетілгенін ескертеміз. Каталогтағы жазылу индексі – 64258.
Ал егер пошта бөлімшесіне баруға уақытыңыз тапшы болса, біз сізге газетке жазылудың редакция арқылы жүргізілетін жеңіл жолын ұсынамыз.
ОЛ ҮШІН:
1. Газет тарату бөлімінің атына тіркелген +7-700-300-47-70 Каспи-голд номеріне (Эрик Бапиев) тиісті жазылу бағасына сәйкес соманы аударасыз;
2. Бұдан соң осы уатсаб-номерге:
- толық аты-жөніңізді
- жергілікті поштаның индексі (міндетті түрде) мен тұрғылықты адресіңізді жазып жібересіз.
Тарату бөлімі сіздің атыңызға жазылуды рәсімдеген соң, ары кеткенде бір айдың ішінде жазылу түбіртегін сізге пошта арқылы немесе уатсаб-СМС хабарлама арқылы жолдайды.
- Елдегі қымбатшылық пен экономикалық жағдарысқа сәйкес, қаражат қиыншылығына тап болған газетті қыспақтан құтылуға атсалысайық, ағайын!
«DAT» медиа-жобасының редакциясы