Суббота , 19 апреля 2025

Анар СЕРКЕНОВА: Алаңда тұрғаным үшін ғана 18 ЖАСЫМДА СОТТАЛДЫМ

Желтоқсан-86 кезінде жасым 18-де еді, максималист болатынмын. Неліктен былай болды? Қазір бұл сұраққа ешкім де жауап бере алмас. Бәлкім, сол кездегі достарым да шындықты соңына дейін ашып айтпаған болар.

Осы жылдар ішінде Желтоқсан тақырыбына қатысты бірде-бір тұщымырақ материал оқыған емеспін. Мен бұл жағдайды есіме алғым келмейді, өйткені 18 жасымда қатты психологиялық соққыға душар болдым. Дегенмен, мен бұны айтуға құқылымын деп есептеймін.

Орыстар көп тұратын ауылда туып-өстім, мүлде ұлтшыл емес едім. 1986 жылы Талдықорғанда болатынмын, заңгер мамандығына оқып жүргенмін. Алматыда болып жатқан жағдайды ел аузынан естідік. Достарыммен жиналып, қаладағы алаңға шықтық. Бізді жедел таратып жіберді.

Кейін милицияға шақырып алып, мені тек түрме ғана түзете алатынын айтты. 30 желтоқсанда сот өтті. Ешқандай негізсіз 1,5 жыл түрме жазасын берді. Жаңа жылды темір тордың ішінде қарсы алдым. Жазамды басынан аяғына дейін өтеп шықтым. Мен үшін ата-анам қатты қайғырып, шешем сал болып қалды. Сол жылдардың кесірінен әкем екі жыл бұрын дүниеден озды. Өте қиын болды.

Мен Талдықорған заң техникумында оқып жүргенмін, бұл оқу орнына түсу өте қиын еді. Прокурор немесе сот болуды армандағам, аяғында қылмыскер болып, «зэк» атандым. Қамаудан шыққан соң, Алматыға жол тарттым. Екі аптадай вокзалда түнелтіп, кейін Алматы бас киімдер фабрикасына жұмысқа тұрдым.

Әйтсе де кейін техникумдағы оқуымды қайта жалғастырдым, тұрмыс құрып, екі қыздың анасы атандым. Заңгер де болдым. Қазір көлік компаниясында қызмет істеймін. Әкемнің «бәрі де орнына келеді» деген сөзі есіме түседі.

Сіздер білесіздер ме, тек қана алаңда тұрғаным үшін, мені 18 жасымда түрмеге тыққан судья жуықта Жоғарғы сот қазылар алқасының атышулы ісі бойынша орнынан алыныпты?! 26 жыл бұрын менің жасым 20-ға да жетпеген еді. Мен ол кезде жас болдым, алайда өмірді қайта бастауға күш-қуат таптым. Ал ол болса 60-ты еңсерген адам, бұл жаста оған өмірді қайта бастау әлдеқайда қиын…

  • Нұрлыбек Қуаңбаевтың ФБ-парақшасынан

Қыршын кеткен БОЗДАҚТАР неге түгенделмеді?

  • Желтоқсан көтерілісі кезінде қыршын кеткен, ақ жауып, арулап көмілмей, «белгісіз молада» жатқан, аты-жөндері аталып, дұрыстап Құран бағышталмаған, содан рухы тыныш таппай жатқан боздақ марқұмдар мәселесіне біздің елде әлі күнге нүкте қойылмады.

 Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да, сол боздақтардың тізімі жасалмады, аттары аталмады, түстері түстелмеді, жанқияр ерліктері тиісті деңгейде бағаланбады. Әлі күнге дейін сол қыршын кеткен жастардың санын да білмейміз. Кезінде Колбиннің айтып кеткен төрт адамынан басқа ешкімді білмейміз.

Кейіннен Мұхтар Шаханов ағамыз бастаған комиссияның өзі қаза тапқандар саны алпыстың үстінде болды деген сияқты еді ғой. Сонда жабулы қазан сол жабулы күйінде қала бермек пе? Шындықтың беті ашылатын кез келген жоқ па? Халықтан неге жасырылып отыр, мүмкін, біз білмейтін құпия бар ма? Әлде біздің билік басындағылар үшін бұл маңызы шамалы мәселе ме екен? Әлде сол биліктен Желтоқсанда қыршын кеткендердің саны мен аты-жөнін анықтауды талап ете алмай жүрген біз – қазақ халқы мәңгүрт болып кеттік пе? Негізі, анығында солай да шығар…

Жақында бір шаруалармен Әзірбайжан астанасы Баку қаласында болдым. Үш-төрт күндік сапарымды пайдаланып, қаланың көрнекті жерлерін араладым. Негізі әзірбайжан халқы ұлттық саясатқа самарқау қарамайды екен, біз сияқты өзінің билігіне де, агрессиялық Ресейге де жалтақтамайтын халық қой. Өткенін, тарихын, тілін, дінін қатты сыйлайды, оларды лайықты деңгейде ұлықтап отырады.

Бакудің ұлттық мұра мен халықтық зердесіне қатысты сондай көрнекті жерлерінің бірі – «Шахидтер аллеясы» деген жер бар екен. Қаланың ең бір әдемі жерінде, біздің Алматыдағы Көктөбе сияқты таудың басында орналасқан, жалпы аумағы бес-алты гектардай жерді алып жатыр.

Сол жерде Әзірбайжанның тәуелсіздігі үшін жанын берген боздақтарға арналған, әр кезеңге жеке-жеке жасалған алаңшалар бар. Большевиктердің репрессиясы кезіндегі құрбандар, кейінгі 1990 жылғы Бакудегі қырғынның, 1992 жылғы Хожалы қырғынының құрбандарына – әрқайсысына арнайы мәрмәр тақта қойылып, онда олардың суреттері, аты-жөндері, туған, қаза болған жылдары және қандай жағдайда мерт болғаны туралы мәліметтер көрсетілген. Бакудің тұрғындары мен қонақтары келіп, оларға тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып кетіп жатыр.

Сол аллеяның жанында әп-әдемі шағын мешіт салынған. Кіріп, сол жерде жатқан аруақтарға құран бағыштап шықтық. Міне, тәуелсіз мемлекет деген осындай болуы керек. Осыдан кейін, бір жағынан, Әзірбайжан халқының, олардың билік басындағыларының өз ел-жұртының өткен тарихына осындай тамаша көзқарасына шын ризашылығымызды білдірсек, екінші жағынан, ішімізде сондай бір қызғаныш, қызығушылық сезімі де пайда болады. Неге осындай істер әзірбайжан халқының қолынан келеді, ал біз еліміздің тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен боздақтарды тек 16–17 желтоқсан жақындағанда ғана еске аламыз? Онда да жалпылама жағдайда ғана.

Желтоқсан көтерілісі – жеме-жемге келгенде тек қана Қазақстандағы емес, бүкіл постсоветтік кеңістіктегі ұлт-азаттық қозғалысының алғашқы қарлығашы, советтік тоталитарлық режимнің күйреуіне алғашқы кірпіш қалаған оқиға. Бірақ біз сол желтоқсандық жастардың ерлігін тиісті деңгейде ұлықтауда дәрменсіздік танытып, сол бір құлдық сана-сезімнен әлі күнге дейін арыла алмай, ұйқылы-ояу жүрміз.

Желтоқсандықтардан Қайрат Рысқұлбековтен басқа ешқайсысы мемлекеттік марапатқа ие болған жоқ. Олардың қай-қайсысы да «Халық қаһарманы» атағына лайық. Жалғыз ескерткіштен басқа бізде Желтоқсан оқиғасын еске салатын да ешнәрсе жоқ. Бакудің тәжірибесін пайдалана отырып, Алматының бір көрнекті жерінен неге сондай бір аллея ашпасқа? Алматыға келген әрбір қазақ немесе шетел қонақтары осы жерге соғып, сол боздақтарға тағзым етіп, құран оқып кетуді әдетке айналдырса, сонда ол қыршындардың да жандары тыныш тауып, аруақтары риза болар еді. Бірақ соған біздің табиғи енжарлығымыз бой бермей жүрген сияқты. Отыз жылдан асты ғой, кімге жалтақтаймыз, кімнен қорқамыз?

Баяғыда, жиырмасыншы ғасырдың басында Алаштың арысы Міржақып Дулатов ағамыз «Оян, қазақ!» деп, оята алмай кетіп еді, содан әлі ояна алмай келеміз. Өскелең ұрпақтың жетесіне өткен тарихымызды, сол тарихты жасаған тұлғалар туралы зейін зердесін ұялатпасақ, олар да бұл өмірден біз сияқты мәңгүрт болып өтеді.

Енді, міне, мемлекетіміз, халқымыз өз дамуының жаңа кезеңіне келді. Қоғамның бойына жаңа қан жүгірткен және көптен күткен өзгерістер болып, халқымыз тағы да алдағы өмірге үлкен бір үмітпен қарап отыр. Президентіміз «Жаңа Қазақстан» құрайық деген ұран тастады. Дұрыс бастама, жасампаздыққа жаны құштар әрбір қазақстандық бұл бастаманы толық қолдауы тиіс деп ойлаймын.

Мемлекетімізді тұйыққа тіреген, жаппай сыбайлас жемқорлық орын алған бұрынғы, ескі сүрлеумен бұдан әрі жүру мүмкін емес. Бірақ сол «Жаңа Қазақстан» қандай болмақ, оны кім құрады, оған қандай көңіл-күймен, қандай менталитетпен бармақпыз? Біздің жадымызда қалғаны – өткен кезеңнің талай-талай жалаң ұрандары мен орындалмаған бағдарламалары. Мына «Жаңа Қазақстан» да сондайлардың біріне айналып кетпесе – болғаны. Ал ұлттық һәм халықтық жадыны жаңғыртудың жолы – Желтоқсан сияқты ұлт-азаттық қозғалыстардың тарихын көпшілікке көрнекті және бүкпесіз етіп жасау.

Сәмет БАЙҚОҢЫРОВ,

зейнеткер,

Ақтау қаласы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн