
- 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен біз білмейтін құпия қалды ма? Осы сұрақтың жетегімен Желтоқсанның 15 томдық шежіресін жазған белгілі публицист Талғат Айтбайұлымен сұхбаттасқан едік. Еске салайық: Талғат мырза «Жыл – он екі ай» журналының бас редакторы, «Толғанай Т» баспасының бас директоры. Ал Желтоқсан дегенде жанұшырған жазушымен әңгімелесу барысында, расында да, Желтоқсанның бітеужара жағдаяттары әлі де көп екеніне көз жетті. Сұхбатты оқып көріңіз.
– Талғат мырза, Желтоқсан көтерілісіне байланысты айғақ-кітаптардың 15 томын өз қаражатыңызға шығарғаныңызды жақсы білеміз. Бұл үлкен тарихи және берері көп еңбек. Дегенмен, «Желтоқсан-86»-ның шежірешісі ретінде сізден білгіміз келеді: жазықсыз құрбандардан ақталмаған адам бар ма?
– Ең әуелі осы сауалға жауапты Қазақстан Республикасының президенті Н. Назарбаевтың 1991 жылғы 12 желтоқсан күнгі «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17–18-дегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығына жүгінейік. Онда – «Имандылық, объективтілік және әділеттік принциптерін басшылыққа алып, қаулы етемін: Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-дегі оқиғаларға қатысқаны үшін қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауаптылыққа тартылған адамдар ақталған деп саналсын» – деп жазылған. Міне, бұл – нақты жауап. Нақақ қиянат көрген, қудаланып азап шеккен, түрмеде қамауда отырған, қызметі мен жұмысынан қуылып, оқудан шығарылған, партия, комсомолдан аластатылған азаматтардың бәрі осы жарлықтың негізінде ақталып шықты. Оқудан шығарылғандар – оқуын ары қарай жалғастырып, жұмыстан шығарылғандар – жұмыс орнына қайта оралды.
Бірақ мәселені осымен біттіге санасақ, онда бұл әділеттілік болмас еді. Арғы жағында адамдардың ауырып-сырқап, одан да жаман жағдайға тап болуы, жан дүниесінің күйзеліске ұшырауы деген секілді орны толмас сан түрлі тағдыр зардаптары болды емес пе? Бұрын бұл мәселеге қуғын-сүргін көргендер онша мән бермесе, енді бүгін көбінің ойлары өзгерді. Бәрінің ресми, құқықтық тұрғыдан ақталып, қолына Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы, қатысушысы ретінде құжат алғысы келеді.
– «Ауған соғысының ардагері», «Чернобыль апаты зардаптарын жоюға қатысушы» деген сияқты ма?
– Иә, дәл солай. Олардың саны өте көп екенін білеміз. Сол бір Желтоқсанның ызғарлы күндерінде нақты сегіз жарым мыңдай адам ұсталып, тергеуге алынғанынан-ақ дәл солай екенін аңғаруға әбден болады. Мәселен, ауғандықтар мен чернобыльдықтар арнайы әскери комиссариаттың шақыруымен мәжбүрлі түрде барса, желтоқсандықтар шыдай алмай, жүрек әмірімен, ұлттық намыстың жетегімен алаңға шықты. Орталықтың кеудемсоқ, әміршіл саясатына қарсы наразылық білдіріп, ұлт мүддесін қорғап шықты. Өз басым мұны ұлы ерлік деймін.
– Сотталып, қамауда отырып шыққандар саны белгілі. Олар жүзден асады дейік. Ал бертінде ақталғандар ше?
– Өткен жылы көтерілістің 35 жылдығы кезінде Алматы қаласының әкімшілігі өздерінің жылдағы дәстүрі бойынша қуғын-сүргін құрбаны ретінде ақталғандардың әрқайсысына 150 000 теңгеден ақша берді. Сонда ұзын саны 500-дің үстінде екені айтылды. Қазір қосылып жатыр. Алайда ақталу жолы күрделі. Сот пен прокуратура ұсталғандығы, тергелгендігі жөнінде, жұмыстан, оқудан шығарылғандығын растайтын құжат қағаздарын сұрайды, куәгерлерін шақыртады. Оны табу да оңай емес. Солардың талайы мұңын шағып маған келеді. Шетінен жұмыссыз, денсаулықтары жоқ, тұрмыс қасіретін шегіп, әбден қажыған. Осылар жалындаған жастық шағында аязға тоңды, жазалаушы әскердің керзі етігінің тепкісін көрді, сойылының соққысын жеді. Енді бүгін сотталғандар мен ақталғандар ғана желтоқсаншы болып, өздерінің қағажу көргендеріне налиды. Олардың көңілін құр сөзбен алдарқатудан басқа мен не айта аламын?!
–Талғат мырза, өміріңіздің жартысын осы Желтоқсанды зерттеуге арнап жүрсіз, нақты қанша адам қаза тапқанын айта аласыз ба?
– Бұл өзі ешкім дөп басып айта алмайтын бір жұмбақ нәрсе. Кезінде осы қасіретті ұйымдастырған билік те ашық айтпай, жалпақ жұрттан жасырған. «Үш адам өлді, олар – Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асанова және Савицкий», – деді. Кейін Мұхтар Шаханов пен Қадыр Мырзалиев ағаларымыз тең төрағалық еткен Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумы комиссиясының кезінде бұл үстірт, алдамшы ақпар екендігі айқындала түсті. Осы сөзімді нақтылау үшін, өзім шығарған «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кітаптарының 1-томындағы мына бір деректі келтіре кетейін:
«Мәселен, қазанның 16-сында КСРО халық депутаты М.Шаханов Қазақстан адам праволары жөніндегі қоғамдық комитетінің мүшелері, қоғамдық ұйымдардың басқа да өкілдері, орталық газеттердің тілшілерінің қатысуымен демонстранттарды қуып-тарату кезінде көп адамның құрбан болғанын ресми түрде мәлімдеген бұрынғы екі әскери қызметкермен әңгімелесті. Олар қаза тапқандардың дені демонстранттар дей отырып, әскерлер мен милиция адамдарының арасында да шығын болғандығын айтып, тағы да 168 адамның өлімі туралы хабарлады.
Әскери қызметкерлердің жазбаша түрдегі мәлімдемесімен қоса, арнайы протокол жасалынып, әңгімеге қатысушылардың қолдары қойылды. Бұл мәлімет бұрын түсініксіз болып келген басқа да бірқатар фактілердің айқындалуына септігін тигізеді деп айта аламыз. Мәселен, комиссия Қазақ КСР Жоғарғы Советінің Президиумына жүз беттен тұратын қорытындылармен бірге оқиғадан кейін пайда болған «Батыс» бейіті туралы, тегі де, нөмірі де жоқ 58 белгісіз мола туралы деректер жазылған арнайы анықтама да берген болатын. Бейіттің бірнеше жұмысшылары, басшыларымен қоса, оны Ішкі істер министрлігінің құпия моласы деген еді».
«Ленинская смена» газетінің тілшісі Михаил Устюговқа берген «1986 жылғы желтоқсанда не болған еді?» деген сұхбатында (2 қараша 1990 жыл) Мұхтар ағамыз осы әңгімені: «Бұл жерге 1986 жылғы 1 желтоқсаннан 1987 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі аралықта іздеушісіз жерленген 131 өліктің тек 73-і ғана нөмірленіп, маркіленіп, бастарына белгі соғылған. Әрі бұл 58 адам Ішкі істер министрлігінің араласуымен жерленген. Қалыптасқан дәстүр бойынша, бұл ведомстволар өліктерді зират ішіне өздеріне ыңғайлы уақытта әкеліп, өз күштерімен жерлей береді. Және жерлегендері туралы зират басшылары мен қызметкерлеріне хабарламайды да, өлгендердің құжаттарын оларға табыстамайды да, тек жерлегендеріне төлеген ақшаның квитанциясын көрсетумен ғана тынады», – дейді. Ол – Кеңестер Одағының мызғымай, билеуші Компартиясының дәуірлеген заманы. Бүкіл елді қусырып, бір уыста ұстап тұрғанда, әлгіндей қылмыстың неше атасын жасаған «КГБ»-сы, Ішкі істер министрлігі болсын, соның бәрін барынша құпиялап жүзеге асырған Горбачевтің билігі өз арттарын өздері ашып, «дұрыс, дәл солай екен» дей қоя ма?!
– «КГБ» баласы алаңда өлген ата-ананың аузын жауыпты, құнын төлепті, қорқытып-үркітіпті, ешкімге тіс жарма», т.б. деген нешетүрлі қаңқу сөздер естідік. Бұл турасында не айтасыз?
– «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». 86-ның кезі емес, күні кешегі дерлік Жаңаөзен мен Қаңтар қасіреті қаншалықты қайғылы болғанын жақсы білесіз. Өз билігіміз – өзімізде, тәуелсіз елміз деп, аузымызды айға білеп жүрген заманымызда не болып жатқанын көріп отырсыз. Қазақты – қазақ қинап, фашизмнен де асырып, қорлау әрекеттерін жасады дегенді естігенде, көзіміз шарасынан шығып, төбе шашымыз тік тұрды. Бүгінгі Назарбаевтық, Тоқаевтік биліктің не істеп отырғанын көзбен көріп, тістеніп отырмыз. Жалғызынан айырылып, жылап-еңіреген ата-аналар Астанаға қуынып, прокуратураға барса, қамап тастайды. Тоқаевқа жолатпайды. Соны көріп-біліп, үндей алмай, іштен дымы шықпай тынып отырғандар қаншама?! Сондықтан әлгі ата-аналарының аузын жауыпты, қорқытып-үркітіпті дегеннің растығына сенемін.
Енді оқырман елді сендіре түсу үшін, екі-үш күннен кейін санаулы ғана таралыммен шығатын айғақ-кітабымның 16-шы томындағы Кеңес Одағының маршалы Конев атындағы Алматы Жоғары жалпыкомандалық училищенің сол кездегі курсанты, бүгінде доғарыстағы полковник Жанкелді Төлебаев пен желтоқсаншы дәрігер Тоқтар Әжіғұловтың әңгімесіне құрылған мына үзіндіні ұсынайын:
«– Да, Жора, вашу колонну встретили мы на Фурманове/Сатпаева напротив госпиталя. Ваша колонна АВОКУ на полном ходу проехала через демонстрантов, головная часть колонны шла ромбом, тем самым демонстранты, отходя от первого БТР-а попадали под колеса следующего БТР-а. БТР – многотонная машина качалась и ехала как по булыжникам.
– Да, брат Тохтар, перед магазином «Океан» было задавлено и зарублено лопатами насмерть 17 человек, которых я видел перед трибуной с земляком, сотрудником милиции (Оразбаев Тлешкен Айтасович) с Кокчетавского УВД, который был откомандирован в Алмату в связи с декабрьскими событиями…».
– Мынау сұмдық дерек қой!
– Міне, Ереке, бұл енді айтылған, қорқақсоқтап әрең айтылған әңгіме. Осының өзін Жанкелді бауырымыз жариялатқысы келмей, «бұдан да қасіретті, ауыр, өте қайғылы оқиғалар болып жатқан уақытта, бұл жай нәрсе ғой» деп жүріп, кітабымызға зорға енгізіп отырмыз. Көп ел ашылып айтудан ат-тондарын ала қашады. Бұған дейін ұл-қызын ойласа, енді немерелерін айтып сақтанады.
Осы жерде өз басымнан өткен нәрсені айтайын. Осыдан жиырма жылдай бұрын «Рахат» телеарнасының тікелей хабарына қатыстым. Жүргізуші Желтоқсан тақырыбына байланысты сауал берді. Сөзімді тыңдаған көрермендердің бірі дәрігер екен. Көтерілістен кейін қазақтың қыз-жігіттерін топырлатып, Каблуков көшесіндегі жүйке ауруларын емдейтін ауруханаға әкеліп жатқызғанын айтты. Сау адамдарды жынды қылғанын, жындыларын ажал құштырғанын телеэкранның арғы жағында саңқылдаған үнімен жеткізді. Екеуміз кездесетін болып келістік. Үйі Төле би мен Розыбакиев көшелерінің қиылысына таяу жерде екен. Уәделескен күні де, одан кейінгі кездерде де берген нөмірімен сөйлесейін деп, қанша соқсам да, телефонын көтермей қойды. Өйткені олар «үш әріптің» тіркеуінде тұрады, бірге қызмет істейді. Арғы жағы түсінікті ғой. Міне, өстіп айтар сөзін айта алмай, іштен тынып, әліптің артын бағып жүргендер аз дейсіз бе?
– Тағы бір ақтаңдақ: алаңға шыққан жастарды кім ұйымдастырды деген сұрақтың жауабы әлі күнге дейін нақты айтылмайды. Желтоқсанның 30 жылдығына арнап, «ДАТ»-тың арнайы нөміріне шығарған бір мақалада ұйымдастырушы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың аты аталды. Сіз осыған не дер едіңіз?
– Оны Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев та айтқан. 1987 жылы маусымда Мәскеуде КПСС Орталық Комитеті Саяси бюросы мүшелігінен шығар кезде пленумның мінберінде тұрып, Қонаев Горбачевқа қарата: «Сіз Желтоқсан оқиғасының ұйымдастырушыларын іздеп едіңіз, ол екеуі міне алдыңызда отыр», – деп, Нұрсұлтан Назарбаев пен Зақаш Камалиденовты көрсетеді. Димекеңнің осы сөзі Нұрсұлтан Әбішұлының жүрегіне шаншудай қадалып, талып түсіпті дегенді естігенбіз.
Ал оның алдында, қазақтың қыз-жігіттері бұрынғы Брежнев алаңына күллі әлемнің назарын аударып, Орталықты есінен тандырған кезде Горбачев кінәні Қонаевтың өзінен іздеген. Оның арты Асанбай Асқаров бастаған танымал тұлғалардың қамалуына ұласқан. Қазақ ұлтшылдығы туралы пікір-ойларын солар арқылы ашамыз, Қонаевты қылмыскер етіп шығарамыз деп ойлаған. Тіпті Горбачев бар кінәні өзінен ысыру үшін, бір сөзінде: «Қазақстанға Колбиннің келуіне басты себепші Қонаев», – деді.
– Саясаттан хабары бар біраз адамдар да осыны айтады ғой, Тәке?..
– Енді әркімнің өз ойы. Горбачев бас хатшы болып, қызметіне мықтап кіріскеннен кейін, айналасындағы жасы келген Бюро мүшелерінің талайын босатты. Өзбекстанда «Мақта ісі» дегенді шығарды. Парақорлық Қазақстанда да кең етек алған деп, «Қазақ ісін» – «Казахское делоны» бастады. Қазақстанның мұнайлы өңірлерін Ресейге қосып, экономикалық аймақ жасағысы келді. Бұған Қонаев көнбеді. Екеуінің арасындағы бітіспес кикілжіңге ілік болды.
Енді бір сәт Горбачевтің Ақмола облысына келген сапарын да еске түсіріп көрейік. Ол академик Бараевпен емен-жарқын сөйлесіп, Қонаевқа тіпті мойын бұрып қарамай тұрды ғой. Міне, осындай ықыласынан кейін Горбачев Қазақстанның бірінші басшылығына кімді қою керектігін Димекеңмен ақылдасыпты дегенге кім сенеді?
Айғақ-кітаптардың жарық көретін 16-томында Жарылқап Қалыбайдың «Аңыз адам» журналына арнап, Зақаш Камалиденовпен жүргізген сұхбатын жарияладым. Сонда Зәкең 1986 жылы Горбачевтің қабылдауында болғандарын айтады. «Шілде айында бәріміз депутатпыз. Мирошхин, Назарбаев және мен. Сессияда отырмыз, бір уақытта бір офицер келді. «Сіздерді Горбачев шақырып жатыр» деді. Бізді сессиядан алып кетті. Назарбаев, Мирошхин, мен – үшеуміз бардық. Горбачевтің қабылдауында адам көп екен. Обкомның, ОК-тің бірінші хатшылары жүр. Сөйлесіп тұрмыз. Бір уақытта бір ірі кісі келіп: «Сәлеметсіздер ме, мен Колбинмін – Ульянов обкомының бірінші хатшысымын», – деді. Ойымызда ештеңе жоқ, амандасып тұра бердік. Ол кетіп қалды», – дейді.
Қараңызшы, танымайтын, айдаладағы біреу. Неге алабөтен адам жандарына жетіп келіп, сәлем береді? Бұл менің ойым. Зақаш Камалиденов те: «Кейін ойлап отырсам, Горбачев сол кезде бізді бекер шақырмаған сияқты. Колбинді көрсін деп шақырған болу керек. Демек, Колбинді Қазақстанға жіберуді сол кезден ойластырған болу керек», – дейді Камалиденов Жарылқапқа берген әлгі сұхбатында.
– Өзін республиканың бірінші басшылық лауазымынан үміткер ретінде санаған Назарбаев Кремльдің шешіміне қарсы халықты көтерсе, бүгінде ол әрекеті ерлікке балануы мүмкін еді ғой. Ендеше әдетте жоқты – бардай етіп, өзінің «ел алдындағы еңбегін» әспеттеуге жанығып жүретін Назарбаев Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушы ретіндегі сол ерлігін неге жырламай жүр деп ойлайсыз?
– Оны білетіндердің бәрі қорқақ, өте әсіре сақ адам дейді. Оның үстіне құрық бойламайтын қулығы және бар. Біз өз алдына бөлек елміз, өз еркіміз – өзімізде дегенімізбен, бұл жай сөз жүзіндегі әңгіме екенін бәріміз өте жақсы білеміз. Назарбаев бұрын да мәскеушіл болды. КСРО-ның ыдырағанын қаламады. Ол осы ойынан айнымады. Одақты қайта жаңғыртқысы келді. 30 жыл елімізді орыстың темір тақымынан шығармай, қысып ұстады. Қандай шешім қабылдаса да, Ельцинге, одан кейін Путинге елпектеп, жалтақтаумен, жалбақтаумен жүзеге асырды. Желтоқсан әу бастан ұлтаралық қақтығыс ретінде сипатталды. Шовинистік пиғылдағы орыстар үшін ол әлі күнге дейін қылмыс саналса, ал өзіміз ғасырлар бойы ұлттық кемсітушілікке ұшырап, тіліміз бен ділімізді, қазақтық мүддемізді алаңға ту етіп көтеріп шыққан күресімізді нағыз ерлік дейміз.
Қазір аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, Мемлекеттік комиссия құрамында жұмыс істеген белгілі заңгермен көтерілістің 25 жылдығы қарсаңында бір кездескенімде, Нұрсұлтан Әбішұлымен осы мәселені сөз еткенін ауызға алды. «Нұреке, сіз сол кезде үлкен ерлік жасадыңыз, ұйымдастырушы болдыңыз, осыны өз аузыңызбен айтсаңызшы», – деп едім, ол кісі: «Дұрыс екен, сөйтейін» деді, бірақ жеме-жемге келгенде олай етуге тәуекелі жетпеді», – деді.
– Дегенмен біраз іс-шаралар жүзеге асып, Желтоқсанға қатысушы қаһармандар мемлекеттік марапаттарға ие болды, біразына пәтер берілді, көптеген жерлерде көше аттары қойылды дегендей рақымшылық жасалғаны да рас қой?!
– Биліктің өстіп, жалпыхалықтық ерлікке мән беріп, елегені дұрыс, әрине. Алайда тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, бұдан да терең, ауқымды шараларды жүзеге асыруы керек деп күтіп едік. Мәселен, осыны Желтоқсан мәселесінің ұңғыл-шұңғылын жетік білетін Сабыр Қасымовтың ойымен жеткізсек:
«Ең әуелгі кезекте Парламенттің Қаулысымен немесе Елбасының Жарлығымен СОКП ОК-нің, оның Саяси бюросының қудалау, қуғын-сүргіндік сипаты бар қазақ ұлтшылдығы деген шешімін заңсыз деп жариялау қажет еді;
Жоғарғы Кеңес (Парламент) СОКП, Қазақстан Компартиясы ОК-нің жазалау шараларына қатысқан 4 мыңнан астам сарбаздарды, «халық жасақшыларын», МҚК-нің қызметкерлерін марапаттау жөніндегі актілерінің күшін жоюуы керек еді;
Парламент «Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың мәртебесі және жаппай жазалаудың құрбаны болғандарды, зардап шеккендерді ақтау туралы» заң қабылдаса, осы заңға сәйкес көтеріліске қатысушылар Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлер деп танылар еді. Осының негізінде олардың құқықтық мәртебесі туралы мәселе түпкілікті шешілер еді;
Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты өзінің Пленумының шешімімен, Бас прокуратурасы, МҚК, министрліктер мен ведомстволар, облыстар мен аудандардың әкімдері қабылдаған шешімдерімен азаматтарға байланысты қудалау бойынша құжаттардың күшін жоюы тиіс еді. Сөйтіп, құқық қорғау органдары, арнаулы қызмет оқиғаға қатысушыларға байланысты жүргізілген қылмысты істерді мұқият тексеріп, кінәлі қызметкерлерді қылмыстық жауапқа тарту жөнінде іс қозғауы қажет еді;
Қазақстан Ғылым академиясы, Ғылым және білім министрлігі, ғылыми орталықтар, шығармашылық одақтар халықаралық стандарттар бойынша осы көтерілісті жақсы білетін көптеген елдердегі белгілі саясаткерлер мен заңгерлерді, тарихшы ғалымдарды шақырып, осы тақырыпта халықаралық конференция өткізуі қажет еді. Солай жасағанда, бұл бұрынғы кеңестік империядағы басқа халықтардың да азаттық күресін бастаған көтеріліс ретінде танылар еді».
– Әттеген-айы – олай болмады. Алайда мемлекеттік тұрғыда жүзеге асырылатын халықаралық іс-шара көтерілістің 30 жылдығы қарсаңында қоғамдық негізде жүзеге асырылды ғой?
– Тағы да өкініштісі – бұл іс-шара жекелеген адамдардың жанкештілігі арқасында әлемнің он елінен тарихшы ғалымдар, саясаткерлер, мемлекет қайраткерлері, Желтоқсан тақырыбын зерттеп жүрген қаламгерлердің қатысуымен өткізілді. Басты ұйымдастырушысы – Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі құрған Мемлекеттік комисияның құрамында жұмыс істеген, одан кейін Конституциялық соттың мүшесі ретінде Мұхтар ағамыз бастаған істі толық аяқтау үшін барын салып, қызмет қылған Сабыр Ахметжанұлы Қасымов болды. Мұндай шара көп қаржыға тірелетіні белгілі. «Астана-жиһаз» жеке меншік кәсіпорнының иесі Нұрлан Есқалиев азаматтық танытады. Оның өзі де ҚазМУ-дың заң факультетінде оқып жүріп, көтеріліске қатысқан екен. Нұрланның демеушілікке ұсынған ақшасы аздық етеді. Осы кезде Алматыдағы жатақханаларды аралап, қыз-жігіттердің алаңға көптеп шығуына айрықша ықпал еткен және осы әрекеті үшін сотталған Құрманғазы Айтмұрзаев өз үйін сатып, бүкіл қаржысын конференцияның биік дәрежеде өтуіне жұмсайды.
– Сонда билік қайда қалды? Осындай халықаралық конференция қоғамдық негізде өткелі жатқанда, бастаманы іліп алып кетер жөні бар еді ғой?
– Бұл бір кісінің – Нұрсұлтан Назарбаевтың бетіне телміре қараған билік қой! Ол жақтан ешқандай қаржылық көмек болмайтынын анық білген ұйымдастырушылар басқа елдерден кісілер келеді, ең болмаса конференциямызды өз деңгейінде өткізетін «Конгресс-холлды» беріңіздер дейді. Астана әкімшілігі келіседі. Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдарымен бірлесе, пікірлесе шақырған шетелдік қонақтар келеді. Біз үшін мазаланбай-ақ қойыңдар, өз аяғымызбен барамыз деген тарихшы ғалымдар Мәмбет Қойгелдиев, Болатбек Нәсенов, Талас Омарбеков, жазушы әрі тарихшы-ғалым, Желтоқсан кезінде қудалау көрген Бейбіт Қойшыбаев, ұлтшылдығы үшін бір емес, екі рет сотталған композитор, қоғам қайраткері Хасен Қожахмет, үнпарақ таратқаны үшін үш жасар қызына қарамай түрме торына тоғытылған Жансая Сәбитова және басқа да ел білетін, көтеріліс туралы таратып сөз айтатын, мәселенің мәнісіне тереңдеп бара алатын кісілер бір күн бұрын келіп, не болатынын білмей сарсылады.
Өйткені халықаралық конференция өтеді деп келісілген «Конгресс-холлды» беру мәселесі түнгі сағат онға дейін сағыздай созылып, ондағы уәдені үйіп-төгіп берген азамат тас төбемізден ұрғандай етіп, «болмайтын болды» деді. Солай боларын сезгендей қам жасап, үлкен бір қонақ үйдің залына келіскен екен. Келесі күні конференция сонда өтті. Оның жұмысы туралы өзіңіз басқаратын «ДАТ» газетінен басқа бірде-бір басылым ләм-мим деп хабар бермеді, мемлекеттік телеарналар мен радио үн шығармады. Конференцияға қатысушы шетелдік кісілер мен өзіміздің тарихшы ғалымдарымыз, Желтоқсан тақырыбында талмай ізденіп жүрген жазушылар бұл «оқиға» емес, «көтеріліс» деп баға берді. Тек Қазақстан ауқымында ғана қалмайтын, күллі Кеңестер Одағының ыдырауына түрткі болған, әлемдік тарихқа өзгеріс енгізуге ықпал етіп, социалистік жүйенің жойылуына қатысы бар көтеріліс екенін нақты дәлелдермен дәйектеп берді.
Аяғында жүзеге асырылуға тиісті 23 пункттен тұратын кең ауқымды Қарар қабылданды. Бұл жөнінде жан-жақты сөз қозғап, күрескер журналист Бақытгүл Мәкімбайға берген сұхбатым осы газеттің 2016 жылғы 3 қарашадағы санында жарияланды. Сол үшін де ұлттық, халықтық мәселеге байланысты қаламгерлік ойымызды елге жеткізетін осындай басылымның барына шүкіршілік етеміз. Әйтпесе бізде жылап-еңіреген елдің тағдырын ашып айтатын газет жоқ. Бұл – 30 жыл билік құрған Назарбаевтың, одан кейін сол саясатты өзгертпей жалғастырған Тоқаев дәуірінің жемісі…
– Қыс – қазақ үшін күрес мезгілі сияқты. Осы орайда да ой өрбітсек, «Желтоқсан-1986» мен «Қаңтар-2022» көтерілістері арасында қандай сабақтастық байланыстар бар деп ойлайсыз?
– 1986 жылы халық ашығып, тарыққан жоқ. Жұмыссыздықтың қасіретін көрмеді. Әйткенмен ұлт ретінде жойылып бара жатқанымыз көзге ұрды. Ол ең әуелі тілімізден көрінді. Салт-сана, ата-дәстүрлеріміз ұмытыла бастады. Ұлыорыстық шовинизм дертімен айықпастай ауырған Орталық қазақты қорлап, намысымызды таптады. Тіпті санаспайтын жағдайға жетті. Ұлы Абай мен Мұхтардың кіндік қаны тамған топырақты ядролық бомбамен ондаған жыл бойы үздіксіз төпеледі. Қазақтың айрандай ұйыған аймағын аяқ баспайтын, айналасында тұрып жатқан елді адам шошырлық аурулармен азаптайтын күйге түсірді. Осының бәрі қордалана келе, қазақ жастарының көтерілісіне ұласты. Ол уақытта бар мәселе Мәскеуге байланған еді. Желтоқсанның жарасы әлі күнге жазылмай жүргенде, ол қасірет Қаңтар қырғынына ұласты.
Ал осы Қаңтардағы қасіреттің күнәһарлары өз қандастарымыздан, оның ішінде билікті «мәңгілікке» меншіктеп алғысы келген президенттерден болды. Әуелгісі тежеусіз әрекет етіп, өз отбасы, құда-жекжаттары, айнала төңірегі, әр деңгейдегі жоғары билік құрған «көсемдері» арқылы қазақты қасиетті Отанынан айырды. Жеріміз, жерасты, жерүсті байлығымыздың бәрі сатылды. Қазақ жалаңаш қалды. Жаппай жұмыссыздыққа ұрынды. Бұрынғы жүйедегі қазақ тілінің қасіреті тәуелсіз болдық, тілімізді мемлекеттік тілге айналдырдық деген жылдардағы жағдайымен салыстырғанда түк емес екеніне көзіміз жетті. Ертеңнен үміт үзгендердің қатары көбейді. Он екіде бір гүлі ашылмай, мына өмірден түңіліп, өзіне-өзі қол салған жастарды көргенде, көзімізден ащы жас емес, қанды жас ақты ғой, Ереке!
Сол қасіретті қаңтардың кезінде мен Райымбек пен Саин көшелерінің қиылысында шерушілерге қосылдым. Араларында жасы елуді еңсергендер де жүрді. Солардың біразымен сөйлестім. Алаңдағы қыз-жігіттердің ойын білдім. «Бүйтіп күнде өлгенше, бір рет бұлқынып шығайық. Мына жемқор, жауыз билікті орнынан тайдырып, демократиялық заңдылықтарды сақтайтын жүйе құрайық, сол үшін шықтым!» – деді бірі. Осы ойды өзім тілдескен талайының аузынан естідім.
– Дегенмен Қасым-Жомарт Кемелұлы жеті жылға сайланып, президенттік орынтағына нық отырды. Енді сол үшін өз дауысын берген халықтың аманатын ақтайтын шығар, артын күтейік… Итшілеген үміттің жібін үзбейік…
– Күтеміз, күтпей қайда барамыз?! Қазақстанды «Назарбаевстан» қылмай, халыққа қайтаратын шығар. Жердің де, елдің де иесі – біз, қазақтармыз. 86-ның ызғарлы желтоқсанында да, 2022-нің қатулы қаңтарында да өзіміз үшін ғана емес, болашақ ұрпағымыздың бақытты болашағы үшін деп алаңға шығып едік. Билік ұлтымызға бүйрегін бұрмаса, тағы да шығамыз. Түбі солай бола ма деп қорқамын. Өйткені Тоқаевтың елді ұйытатын тәтті сөздері көп те, іске асып жатқаны мандамай тұр ғой. ҚР президенті Назарбаевтың 1991 жылғы 12 желтоқсандағы қол қойған жарлығы бойынша желтоқсанның 17-сі «Қазақстан Республикасының демократиялық жаңару күні» деп жарияланған еді. Енді ондай атаулы күн жоқ. Осыдан-ақ биліктің, сол биліктің өмір сүру заңын дайындап ұсынатын мәжіліс, сенат депутаттарының қасиетті Желтоқсанға деген пиғылдарын анық білуге болады. Басқа не дейін?
– Ашылып айтқан әңгімеңізге разымыз. Жемісті еңбегіңіз жалғаса берсін, Тәке! Рақмет!
Ермұрат БАПИ