Суббота , 19 апреля 2025

Екібастұз қаласын КІМ ҚАТЫРДЫ?

  • Бұдан бұрын жалпақ жұртқа жария болғандай, 27 қарашада Павлодар облысының Екібастұз қаласы Жылу энергия орталығындағы (ТЭЦ) жарылыстың салдарынан 30 градустық аязда жылусыз қалған еді. Ал кеше – желтоқсанның 7-інде ҚР үкіметінің баспасөз қызметі «Екібастұздағы барлық үйге жылу берілді» деп хабарлады.

«Бұл ақпарат шындыққа сай ма, қатып қалған қалаға жылу расымен де беріле бастады ма?» деген сауалмен біздің тілшіміз оқиға ортасында – Екібастұз қаласында жүрген белгілі блогер-журналист Оңғар Қабденге хабарласқан еді.

– Бұл жаңсақ ақпарат, «үй» мен «пәтер» деген атаудың ара-жігін ажыратып хабарлау керек еді, – деді өз білгені мен көзбен көргені бойынша үкімет таратқан ақпаратқа түзету енгізген Оңғар Қабден. – Барлық апатты үйлерге жылу жеткізілгені рас, бірақ ол жылу барлық пәтерлерге тегіс жеткен жоқ. Жылуды жоғарыға көтеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Жылуды жоғарыға көтеру соншалықты қиын жұмыс боп па? Үйге барған жылу жоғарғы қабаттағы пәтерлерге неге көтерілмей тұр?

– Үйлерге «ТЭЦ»-тен келген жылуды жоғарыға жеткізу үшін, алдымен қысымды көтеру керек. Ал энергетик мамандар мен комиссия мүшелері қысымды көтеруге қорқып отыр, пәтер құбырлары мен батареялар жарылып кетуі мүмкін. Сейсенбі күні жылу қысымын көтерген кезде, 15 үйдің құбыры жарылып, тағы да жылусыз қалды. «Жауапкершілік» деген мәселе жауапты лауазымгерлердің зәресін ұшырып тұрған сияқты.

– Оңғар, қатып қалған қалаға өзің қалай тап болдың? Азаматтық бастама айдап барды ма?

– Өзіме тікелей жеткен ақпаратты тарата бастап едім, екібастұздықтар жекеме шықты: «Келіп, көзіңмен көріп кет. Ертең жазықсыздар шырылдап, сотталып кетпесін. Елге де, билікке де жетерлік нақты ақпарат таратшы» деп. Мұнда жедел жеткендегі мақсатым: барды – бар, жоқты – жоқ деп көрсету еді.

– Қалада өз көзіңмен көрген апат салдарының дәл бүгінгі жалпы жағдайы қалай болып тұр?

– Апаттың салдары халыққа ауыр тиді. Апат болғалы он күн өтті. Осы он күн ішінде материалдық тапшылық жағын былай қойғанда, халық моральдық-психологиялық тұрғыда шаршап кетті. Суық тиіп, балалары ауырып, қарт әке-шешесі сырқаттанып қалған жұртқа ақыл айту да қиын. Ең басында 30 градустық аязда қатып жатқан пәтерлерді көріп, абдырап қалдық – мұз құрсанған.

– «ТЭЦ»-тегі апат техникалық кемшіліктердің кесірінен пайда болған ба, жоқ әлде оның басқа да себептері бар ма екен?

– «ТЭЦ»-тегі апат неден шыққанын әркім әрқалай айтады. Ресми нұсқада қысымды күрт арттырғаннан шіріген құбырлар жарылған дейді. Ал Екібастұздың халқы басқа нұсқа айтады. Менің білгенім – бұл апат халыққа жасалған қастандық! Құбырлардың әбден шіруі қастандық емей – немене?! Қаланың коммуналдық жағдайын осындай сорақылыққа кім жеткізді?!

Иә, тергеу басталды. Сондықтан әзірге нақты ештеңе айта алмаймын. Ал, шіріген жүйенің кесірінен апат болғаны айдан анық.

– Қала халқы қалай – апаттың ауыр салдарына шыдап тұр ма?

– Енді қайтеді? Басқа барар жері жоқ, бүкіл қала мұз құрсанған. Енді кешелі-бері халықтың наразылығын тудырып тұрған мәселе – Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов пен вице-премьер, сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің тарифті өсіру керек дегені.

Не үшін тарифті өсіреді? Халықты апатқа ұшыратқаны үшін бе? Алмақтың да салмағы бар ғой. Халық ақшасын төлеп отыр. Уақытылы. Ал, бұлар неге шіріген құбырларын ауыстырмаған. Айналып келіп, мемлекетке алақан жаяды. Онда мемлекет стратегиялық объектілерді жекеменшігіне алсын.

– Министрдің міңгірі белгілі жәйт – халықтың қанын сорып, күн көрген үкіметтің қылығы…

– Дүйсенбай Тұрғанов та оңып тұрған жоқ. Ол осыдан бір жыл бұрын ғана Александр Клебановтың меншігіндегі «ЦАЭК»-тің (Центрально-Азиатская Электроэнергетическая Корпорация) бас директорының бірінші орынбасары болған. Ал қаланы қатырған – «ЦАЭК»! Бұлар қала халқын сорлатқан апаттың өзінен пайда тауып қалғысы келеді…

– Ал енді жылуы жоқ, батареясы қатып қалған пәтерлерде тұрғындар қалай күй кешіп жатқанын көрдің бе?

– Әрине! Олар қатты ашулы. Атарға оғы жоқ оларды да түсінуге болады. Тұрмыстық техникалары бұдан былай істер-істемесі белгісіз. Қаншама миллионға жасаған күрделі жөндеулері быт-шыт болды. Пәтердегілер жер үйлердегі туыстарын сағалап кеткен. Бір пәтерде жоқ дегенде бір адам күзетке қалған.

– Мөлшермен қаншы халық жылусыз қалғаны жөнінде нақты есеп бар ма?

– Екібастұз билігі халықтың нақты санын айтпады. Алғашында 150-ге жуық үй жылусыз қалды деген. Кешегі – сейсенбі күнгі есеп бойынша, жылу жетпеген 12 үй қалған. Сол 12 үйде 1200-ге жуық пәтер бар. Әр пәтерде орта есеппен 3 адам тұрады десек, доғал есеп 40-50 мыңның шамасында болатын шығар..

– Үкімет тарапынан көмек көрсетіліп жатқанын білеміз, бірақ ол көмектің нақты жердегі ықпалын Екібастұз тұрғындары сезініп жатыр ма?

– Жан жақтан көмекке келген бригадалар апатты жылдам еңсеруге көмектесті. Семей, Астана, Қарағанды, Петропавл, Павлодар, Ақсу қалаларынан келген кәсіби дәнекерлеуші, слесарь мамандар күні-түні тоқтамай жұмыс істеуде. Барлық апатты үйлердегі батареялар мен құбырларды подвалдан бастап жаңартып, ауыстырып жатыр.

Жылу магистральдарын қала тұрғындары өз күштерімен мұздан ерітіп жатқаны жөнінде әлеуметтік желілерде видеолар жарияланып еді, бүгінде магистраль толық іске қосылды ма?

– Магистральдар әлі толық іске қосылды деп айта алмаймын. Өйткені, жұмыс әлі біткен жоқ. Қысымды көтеруге тағы бір жерден жарыла ма деп қорқып отырған сыңайлы.

Бір ғана ТЭЦ-тің бүкіл қаланы жылумен қамтуы қателік болғанын мойындап жатқан жергілікті басшылық бар ма? Қалада бірнеше жылу беру ошағы болуы керек еді ғой?

– «Қателіктерді түзетіп, жұмыс істейміз, болашақта қайталанбауы үшін» деп жатыр. Бірақ, біздің елде қашан қателіктен сабақ алып еді? Арысты айтып, қақсап жүргенде Тараз қайталанды. Сол сияқты ертең қыстың көзі қырауда тағы бір жерде шулап қалмасақ болғаны.

Расында да, елдің қиыр солтүстігінде – суық климатта орналасқан бүкіл қаланы бір ғана «ТЭЦ»-тің жылытуы санаға сыймайтын жәйт қой! Жалпы, Қазақстанның көптеген қаласындағы жағдай осындай болуы керек. Егер жалғыз «ТЭЦ»-те апат болса, бүкіл қала мұз құрсанады. Жылу жүйесін әртараптандырып, бірнеше жылу беру ошағын салу қажеттігі биліктің санасына кірмейтін мәселе ме? Тіптен миым жетпейді!

– Үкімет тарапынан барған комиссия тұрғындардың шығынын Александр Клебановтың «ЦАТЭК» компаниясы өтейді деген сөз шығып еді, бұл мәселе қалай жүзеге асып жатқанынан хабарың бар ма?

– Нақты Клебанов пен «ЦАТЭК»-ке қатысты ақпарат жоқ. Бұлар тағы да жауырды жаба тоқып, аяғында «ТЭЦ» қызметкері кінәлі болып шыға ма деген күдігім бар. Апат қысымның көтерілгенінен болды дейді. Ендеше қысымды көтеру туралы кім бұйрық берген? «ТЭЦ» басшылығы мен әкімшілік қана бұйрық бере алады. Тергеу барысында осы жәйт анықталуы керек деп ойлаймын.

Баспасөз өкілдері қатысқан брифингте мен осы сұрақты көтердім: «Зардап шеккен пәтерлердің ақысын кім өтейді?» деп. «ТЭЦ»-тің құрылтайшылары өтейді деп анық айтылды. Ал оның қожайыны – Клебанов!

Әлемжеліде президент Тоқаев неге апатты қалаға бармады деген сұрақ туып жатыр. Президент келіп, жағдайды өз көзімен көруі керек пе еді, әлде премьер-министрдің келгені жеткілікті болды ма?

– Президенттің келгенінен апаттың салдары жедел жойылады деп ойламаймын. Ол тиісті тапсырмасын берді. Ал премьер Әлихан Смайылов өзінің орынбасары Склярды тырп етіп, қаладан шықпайсың деп қалдырып кеткені өте дұрыс шешім болды. Жұмысшылар саны 800-ге дейін көбейіп, 24 сағат жұмыс режиміне көшірілді. Пәтерлеріміз не болады деп алаңдаған жұртшылық көңіліне бұл да бір серпін берді. Халық та жан-жақтан келген жұмысшылардың қарыны ашып қалмасын, тоңып қалмасын деп, қазандарын ала жүгіріп, аула-аулада асарлатып, тамақ пісіріп, бірлігі мен берекесін көрсетті. Біз ұлт болып ұйыссақ қана барлық апатты жеңе алады екенбіз.

– Рас айтасың, Оңғар мырза! Бізде ұлттың мүдденің бірлігі кемшін боп жатқан сияқты. Оқиға ортасынан жеткізген хабар-ошарың үшін мың да бір алғыс!

Сырым ДАТОВ,

«D»

ҚАТУДЫҢ КЕЗЕГІ Рудный қаласына келді…

  • Кеше кешкісін газет қатталып жатқанда, Рудный қаласында да апатты жағдайдың қаупі туды деген хабар келді (қаз-қалпында).

Из-за понижения давления произошло перемерзание трубопровода в городе Рудном в Костанайской области, сообщает Tobol Info. «…Произошло перемерзание трубопровода очищенных стоков от Соколовского накопителя до Васильевского испарителя, который находится на балансе ТОО «Рудненский водоканал» из-за понижения давления в трубопроводе», – сообщили в отделе ЖКХ акимата Рудного.

Всего заморожено 2 200 м трубопровода от Соколовского накопителя до Васильевского испарителя, уже отогрето 1000 м

Причины случившегося выясняются. На объекте работают аварийные бригады ТОО «Рудненский водоканал» в количестве восемь единиц техники и 20 человек, АО «ССГПО» — две единицы техники и 10 чел, ТОО «Рудненские теплосети» — одна единица техники и 10 чел. Отогрев трубопровода производится путем открытого огня.

КазТАГ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн