Суббота , 19 апреля 2025

Марғұлан Сейсембаев: Президенттің ендігі МИССИЯСЫ – әділеттілік орнату

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлын ресми ұлықтау рәсімі де өтті. Алдағы 7 жылда президент лауазымына қатысты тұрақтылық пайда болды. Енді бастысы – оның денсаулығы сыр бермесе болды. Алла оған бастаған саяси реформаларын аяқтауға мүмкіндік береді деп сенемін. Ол айналасындағы жағымпаздар мен жарамсақтарға еріп кетпейді деп үміттенемін. Ол біздің сенімімізді ақтайды деген үмітім бар. 

Біз не ойласақ та, бізге тек бір Жаратқанға және адамның өзінің адамгершілігіне ғана үміттенуге тура келеді. Өкінішке қарай, бізде /саясатта/ тежемелер мен теңгерімдер жүйесі жоқ. Біз әлі сол бұрынғыдай бір адамға тәуелдіміз. 

Сондықтан да, менің ойымша, президент шынымен де еліміздің болашағын ойлайтын болса, ол ең бірінші – еліміз бір адамға тәуелді болмайтындай етуі керек. Елімізде тәуелсіз парламент, сот, журналистер мен қоғамнан тұратын жүйе пайда болуы керек. Мен сонда ғана президенттің миссиясы толық орындалды деп есептей аламын. Әйтпесе өтірік басқару, өтірік әділдік пен көзбояушылық экономика бола береді. Біз мұның бәрін көрдік. Қысқасы – болашағы жоқ ел. 

Енді нақты қадамдар туралы айтайық. 

Қазіргі және алдағы уақыттағы әділдік жайлы көп сөз болды. Бұл өте жақсы! Әділдік – дамудың негізі! 

Бірақ халық оған сенуі үшін, өткенді, яғни Назарбаевтан қалған мына мәселелерді шешіп алу керек:

  • Ескі саяси режимнің барлық құрбандарын ақтау.
  • Заңсыз шығарылған барлық активтер мен ақшаларды қайтару. Бірақ бұл жерде бір ньюанс бар. Бұл ақшалардың бәрі ресми түрде банктер арқылы заңды түрде шығарылған. Ал шенеуніктерге мұндай байлық қайдан келді? Егер олар өздерінің байлықтарын қайдан шыққанын дәлелдей алмаса, онда қылмыстық іс қозғап, тәркілеу керек.
  • Тартып алынған барлық активтерді бұрынғы иелеріне қайтару. Назарбаев билік құрған уақытта біраз бизнесмен активтерінен айырылды. Жеке өз басым 6 млрд. АҚШ долларынан айырылдым. Тіпті менен және отбасымнан активтерді тартып алғандардың барлығының аты-жөндерін айтып бере аламын. Мен активтерінен айырылған басқа да бірнеше адамды білемін. Ал елімізде мұндай адамдар жетіп артылады. Сондықтан да тарихи әділдікті қалпына келтіріп, барлық активтерді бұрынғы иелеріне қайтаруды талап етеміз.
  • Жекешелендіруден бас тартып, Назарбаев отбасының қолына түскен барлық негізгі нысандарды мемлекет меншігіне қайтару.
  • Бұрынғы билік кезінде жоғары лауазымда болған барлық мемлекеттік орган басшыларын ауыстыру.

Бұл тек бастамасы ғана.

Енді сайлаудан кейін президенттің қолында тарихи әділдікті қалпына келтіруге қажетті барлық тетіктер мен өкілеттіктер бар. Осы қадамдардан кейін ғана әділдік орнап, болашақ «Әділетті Қазақстанды» бірге құруға болады дей аламыз.

Ал әзірге инаугурацияда, құрметті орындарда «әділетсіз Қазақстан» отырған кезде жаңа, «Әділетті Қазақстанға» сену қиындау.

МӘЖІЛІС САЙЛАУЫ келер жылғы МАУСЫМДА ӨТЕДІ

  • Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауын 2023 жылдың маусымына белгіледі. Бұл 26 қарашада Ақорда сайтында жарияланған «президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрқашан» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында» көрсетілген.

Сайлау туралы ақпарат «іс-қимыл жоспарында» екінші болып тұр, ол «саяси модернизация» бөліміне орналастырылған. Онда «парламент пен мәслихаттардың жаңа сайлау жүйесінің негізінде – партиялық тізімдер мен бір мандатты округтер бойынша қалыптастырылуын қамтамасыз ете отырып, сайлау өткізу» қажеттігі жазылған. Орындау мерзімі – 2023 жылдың маусымы деп көрсетілген. «Жауапты орындаушылар – ОСК, үкімет, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері» деп жазылған.

Жоспардың үшінші пунктінде «партияаралық диалогты дамыту, саяси бәсекелестікті қамтамасыз ету, жетілген, жауапты сайлау мәдениетін қалыптастыру үшін қолайлы жағдай жасау» деп жазылып тұр. Орындау мерзімі – 2023 жылдың наурызы деп көрсетілген.

Онда сонымен бірге 2023 жылы желтоқсанда қала, аудан әкімдерін тіке сайлау өткізуді бақылау туралы да пункт бар.

Тоқаев 26 қараша күнгі инаугурация кезінде мәжіліс сайлауы «2023 жылдың бірінші жартысында өтеді» деп мәлімдеді. Инаугурация күні сенат сайлауының 14 қаңтарда өтетіні де белгілі болды. Сенат сайлауы парламенттің жоғарғы палатасы депутаттарының жартысының өкілет мерзімінің өтуіне байланысты белгіленіп отыр.

Мәжіліс сайлауы аралас партиялық-мажоритарлық жүйе бойынша өтеді. Соңғы өзгерістерге сәйкес, Қазақстан халық ассамблеясы мәжіліске енді депутаттар ұсынбайды.

Облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихаттары да осындай жүйемен сайланады. Аудан және облыстық маңызы бар қалаларда мәслихат депутаттары бір мандаттық аймақтық сайлау округтері бойынша сайланады.

Қазір Қазақстанда тіркелген алты партия бар: «Аманат», «Ақ жол», Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Ауыл» және «Адал». Биыл наурызда атауын «Аманат» деп өзгерткен «Нұр Отан» өзіне «Адал» партиясын қосып алған.

2021 жылы 10 қаңтарда өткен парламент сайлауының нәтижесінде «Аманат», «Ақ жол» және Қазақстан халық партиясы мәжіліске өтті. Алдыңғы шақырылымдарда да осы үш ұйым болған.

Қазақстанда партия құрғысы келетін белсенділер өздерін билік тіркеуден өткізбей отырғанын жиі айтады. Мұндай бастамалар 2019 жылдан бері жиі көтеріле бастаған, алайда бастама топтары формалды себептерге байланысты ұйымдарын тіркете алмай жүргенін айтады. Ал билік партия құруда кедергі барын жоққа шығарады.

Билікті сынайтын және саяси-экономикалық реформаларды талап еткен топтар Қазақстан демократиялық партиясы, Халыққа адал қызмет, Республика, «Біздің құқығымыз», «Еркін халық», «Біздің таңдау», «Ел тірегі» партияларын құратынын мәлімдеген. Алайда олардың ешқайсысы әзірге тіркеле алмады.

Azattyq.org

  •  

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн