Пятница , 4 июля 2025

ҚАЙРАН ДА ҚАЙРАН БАҚЫТГҮЛ!

  • Асыл қарын­да­сым Бақыт­гүл Мәкім­бай­дың рухына!

Бос өтпей қол­дан бір күнің,

Қай­ғы­ның уын ішкен кім?

Еркін­ді­гі үшін ұлтының,

От пенен суға түс­кен кім?

Шын­ды­қты ауыр тыңдаған

Қолы­нан түс­пей от қалам.

Ұлты­ның мұңын мұңдаған,

Ұлты­ның жоғын жоқтаған,

Бақыт­гүл сын­ды қазақтың

Ержүрек қызы көп пе екен?

Не түрін жеңер ғажаптың,

Лау­лаған Шын­дық – от па екен?

Машай­ық қашар бәледен,

Тір­нек­теп дерек жина­у­шы ек.

Ермұрат, Кен­же және мен

Бақан­ды қат­ты сый­ла­у­шы ек…

Сағын­дық өзін, үнін де,

Ол жүр­ді оттың өтінде…

Бақыт­гүл­сіз де бүгінде

Зымы­рап уақыт өтуде…

Жүр­мей­ді өкпең күндерге,

Бәрі де бәрі бекер ғой…

Сол Бақан аман жүргенде,

60-қа тола­ды екен ғой…

Сон­ша­ма қатал болар ма?

Маң­дай­ға біт­кен уақыт бұл!

Өзіңсіз орның толар ма,

Қай­ран да қай­ран Бақытгүл!

  • Жұмаш Кене­бай-Көк­бөрі, ақын, «ДАТ» – «Жұма-таймс» газетінің құры­л­тай­шы­сы әрі бас редак­то­ры.

АПАЙ

Ерағам (Ермұрат Бапи­ды айтып отыр­мын) кез­дескен сай­ын: «Бақыт апай­ың тура­лы бір жақ­сы естелік жазып бер­сең­ші, бала!» деп қолқа­лай­ды. Қолы­ма қалам алай­ын, жазай­ын десем де, ойым жинақтал­май, екіұ­дай күй­де жүр­дім. Міне, жан­ке­шті жур­на­лист Бақыт­гүл Мәкім­бай­дың өмір­ден озға­ны­на да жыл аунап кетіп­ті. Оның бер жағын­да – қазан­ның 15‑і күні Бақыт апай­ым 60 жасқа толар еді… Келер жылы сәуір айын­да өтетін өзі аңсаған «ДАТ»-тың 25 жыл­дық той­ы­на жете алма­ды… Өзі аңсаған әділет­ті Қаза­қстан­ды көре алмады. 

Біздің де «ДАТ»-тан кет­кені­міз­ге бір мүшел­дей өмір өтіп кетіп­ті. Көп естелік­тер ұмыт болған. Көбі сана­мы­зда әлі жаңғы­рып тұр.

Бақыт­гүл Мәкім­бай деген­де, кім­нің көз алды­на қан­дай адам еле­стей­тінін біл­мей­мін?! Өз басым Бақыт апай тура­лы ойла­сам, Мұқаға­ли Мақа­та­ев­тың бір шумақ өлеңі тілі­ме түсе береді: 

«Жазы­лар естелік­тер мен туралы,

Біре­улер жан еді дер өр тұлғалы.

Біре­улер тұл­пар еді дер де мүмкін,

Бүтін­дел­мей кет­кен бір ер-тұрманы». 

Бақыт апай­дың да ер-тұр­ма­ны бүтін­дел­мей кет­ті. Сон­ша­лық тар­шы­лық көр­ді, тұр­мысы жұпы­ны бол­ды, жоқ­шы­лы­қтан қинал­ды деуден аулақ­пыз. Құдай­ға шүкір, жұрт қатар­лы табыс тап­ты, ел қатар­лы өмір кешті. Бірақ апай (ДАТ-та жұмыс жасаған­дар­дың бәрі оны «апай» дей­тін) өз ұста­ны­мы­нан қайт­па­ды, демі тау­сы­лғанға дей­ін өзінің сүй­ік­ті газетінің оты­мен кіріп, суы­мен шығып жүр­ді. Жар­ты ғұмы­ры билік үшін қызыл­көз атанған тәу­ел­сіз басы­лым­ның босаға­сын­да жанып кетті. 

«ДАТ» – мем­ле­кет­тің ақша­сы­на шыға­тын басы­лым емес. Өз жанын өзі баққан, демо­кра­ти­я­лық қоғам құру­ды мақ­сат еткен сана­у­лы тәу­ел­сіз газет­тің бірі. Мұн­дай басы­лым­да жұмыс жасай­тын жур­на­ли­стер­ге ешқан­дай «гаран­тия» беріл­мей­ді. Өміріңе де, табысы­ңа да, тұр­мысы­ңа да кепіл­дік жоқ. Бұл басы­лым­да жүр­ген­дер жан қала­у­ы­мен, аза­мат­тық прин­циптер­мен ғана өмір сүреді. Басқа «нұр­лы бола­шақ» олар­да жоқ.

Бақыт апай «ДАТ»-қа кел­ген жастар­дың бәрін «Маңқа» дей­тін. Сол «маңқа­лар­дың» алды қазір елуді еңсер­ген жігіт аға­ла­ры. Соңғы «маңқа­лар» да бір-бір үйдің иесі болған.

Бізді «ДАТ»-тың дәмі 2008 жыл­дың ерте көк­те­мін­де тар­тып­ты. ҚазҰУ-дың сту­ден­ті­міз. Жалаң аяқ, жалаң бас, жанып тұрған уақыт. Бірер басы­лы­мға өлең­дері­міз шығып, не ақын, не жазу­шы бола алмай, жер-көк­ке сый­май жүр­ген кезі­міз. Жур­фак­тағы ағай­ла­ры­мыз оппо­зи­ци­я­лық газет­тер­ді қой­ны­на тығып оқып, сыбыр­лап сұх­бат құрып жүретін мез­гіл. Біздің ара­мы­здан еркін ойлай ала­тын, пікірі оқшау сту­дент­тер­ді оңа­ша­лап сөй­лесіп, ара­кідік «Тасжарған­ның» дәмін тат­ты­рып қоя­тын. Аңшы­лы­қта «шырға тар­ту» деген бола­ды. Бізді де сөй­тіп «шырғаға тар­тып» жүріп, әлгі ұста­зда­ры­мыз «Тасжарған­нан» бір-ақ шығар­ды . Шыны керек, ол кез­де­гі «Тасжарған» бас жара­тын. Тира­жы да бүгін­гі смарт­фон шұқы­лаған адам­ның түсіне кірмейтұғын.

Алғаш рет «ДАТ»-қа кел­генім­де, әдет­те­гі­дей газет қат­та­лып-бет­те­летін күн екен. Редак­ция – Жібек жолы мен Бәрі­ба­ев көше­лерінің қиы­лы­сын­дағы төрт бөл­мелі пәтер­де. Дәл іргесін­де қала­лық «фин­пол­дың» ғима­ра­ты тұрға­нын көріп, бұлар бір жүрек­жұтқан адам­дар бол­ды-ау деп, бір­ге оқи­тын үш сту­дент редак­ци­я­ның есі­гін имене аштық. Қазір­гі «Қала мен Дала» газетінің бас редак­то­ры Думан Бықай, «Қаза­қстан» ұлт­тық арна­сын­да жұмыс жасай­тын Еркебұлан Нұре­кеш үше­уі­міз. Түскі астың кезі. Асха­на жақтан буы бұрқы­раған жылқы­ның сүр етінің иісі тана­уды қыты­қтай­ды. Апай шықты алды­мы­здан. Думан біз­ден бұрын бір-екі рет келіп кетіп­ті. Жақ­сы тани­ды екен. «Маңқа­лар­ды» алып кел­дің бе?» деп қар­сы алды. «Маңқа­сы несі?» деген­дей Нұре­ке­шов – маған, мен – Думанға қарай­мын. Ол жымы­я­ды. Дәліздің сол жағын­да асха­на. Төр­де екі бөл­ме. Орта­да үлкен зал. Бір­не­ше адам жұмыс істеп отыр. Апай бізді бір­ден асха­наға баста­ды. Үше­уі­міз­ге үш орын­дық бер­ді. Үстел­ді айна­лып, қаз­дың бала­па­нын­дай қонақтай қал­дық. Қар­ны­мыз аш. Көзі­міз қазан жақта. 

Сөйт­кен­ше болған жоқ, түйе жүн кеуде­ше киген Ермұрат Бапи кір­ді. Газет­те­гі фото­су­реті­нен тани­мыз ғой. Жамы­рап сәлем бер­дік. Үше­уі­міз­ге кезек-кезек қарап: «Бақалөк, мына «маңқа­ла­ры­ң­ның» қар­нын той­ғыз. Содан кей­ін сөй­ле­сей­ік!» – деді де, шығып кет­ті. Мінезі шарт-шұрт көрін­ді. «Бақалө­гі» апай екенін түсініп отыр­мыз. Бақыт апай түскі асқа деп асып оты­рған етті түсір­ді. Үше­уі­міз үш жер­де үрпиіп-үрпиіп қарап отыр­мыз. Апай май­лы бел­де­мені суы­рып алды да, табаққа салып, қамыр мен кар­төш­ке қосып, алды­мы­зға тар­та қой­ды. Қол-аяғы ылдым-жыл­дым. Ашты­қтан кел­ген­дей­міз. Соғып жатыр­мыз. Жұмыс тура­лы сөй­ле­су ойы­мы­зға кіріп шықпайды…

Апай­мен таны­сты­ғы­мыз солай басталған. Ере­кең де бір мақа­ла­мы­зды оқып, бір­ден жұмысқа алды. Еркебұлан мен Думан басқа жақтан жұмыс іздеп кет­ті де, мен сон­да қал­дым. Содан бастап апай­дың басы­бай­лы «маңқа­сы­на» айнал­дым да шықтым. Жан-дүни­е­міз­де жақын­дық бол­ды ма, әлде біз сияқты жалаң аяң жастар­дың бәріне қамқор­шы бола­тын әдеті бар ма – жан­жы­луын шашып тұра­тын. Үйін­де ет асса – бір кесе­гін, асқа, той­ға бар­са – ала кел­ген жылы-жұм­сағын әкеліп аузы­ма тыға­тын. Құд­ды екін­ші анам сияқты бол­ды. Не үшін маған сон­ша­лық іші жылып тұра­ты­нын ол кез­де түсінбеппін. 

Апай біздің қате­мізді талай жер­де кешір­ді. Жаман­ды­ғы­мы­зды жасы­рып, жақ­сы­лы­ғы­мы­зды асыр­ды. Біл­ме­гені­мізді үйрет­ті. «Тасжарған» – жур­на­ли­сти­ка­дағы алға­шқы мек­тебі­міз бол­са, Бақыт апай біз­ге әділ­дік­тің, шынай­ы­лы­қтың эта­ло­нын­дай көрі­ну­ші еді. Өмір­ге сыни көз­бен қарай­тын, сыни ойлай­тын, терең тал­дау жасай­тын қаси­ет­тер­ді осы редак­ци­ядан алға­ны­мы­зды мақтан етеміз!

Ал алға­шқы мек­тебі «Хабар» мен «Еге­мен­де» болған кур­с­та­ста­ры­мы­здың қарым-қабілетінің қан­ша­лық «өскенін» осы күні көріп жүр­міз ғой. Ірге­та­сы қалай қалан­са, соңы солай қала­ды екен. Бұл жағы­нан біздің бағы­мы­зға Бақыт­гүл Мәкім­бай мен Ермұрат Бапи жолығыпты. 

Апай­дың кей­де Алма­ты­ның аспа­нын­дай құбы­лып, қырып-жой­ып жібе­ретін де мінезі бол­ды. Мінез­сіз адам «ДАТ»-та жұмыс жасай ма? Сол мінезі өзіне сон­дай жара­сып тұру­шы еді. «Маңқа­ла­ры­ның» шаңып қағып алған­нан кей­ін, жар­ты сағат өтер-өтпей беті­міз­ден сүй­етін. «Маған рен­жіп отыр­сың ба, ей, маңқа?!» деп келіп құшақтай­тын. Кей­де қат­ты ашу­ла­нып отыр­са, Сан­сыз­бай Нұр­ба­ба иығы­на мас­саж жасап беріп, көңілін көтеріп қою­шы еді. «Менің алтын­да­рым апай­ла­ры­ның жай­ын жаса­уды жақ­сы біледі» деп, ондай­да жай­ы­лып қалатын.

Кен­же­ге қат­ты алаң­да­у­шы еді. «Қызда­рың өсіп келе жатыр, «ащы­су­дан» абай­ла!» деп оты­ра­тын. Динар Ками­ло­ваға туған апай­ын­дай қамқор бол­ды. Шығып бара жатқан газет­тің қатесін тапқан­да, тіміскі төбет­ті жай­ы­на қал­ды­ра­тын кор­рек­то­ры­мыз Сәу­ле апай­дың сіңлісін­дей емес, құр­бысын­дай жақын болды.

Мен «ДАТ»-тың жур­на­лисі болып жүр­генім­де, бүр­кен­шік атым «Жұқа­мыр Шөке» еді. Ермұрат аға­ның ақы­лы: «Әй, бала, кім біледі, біз­ден кей­ін­гі жур­на­ли­стік жолың қай газет­тен бұй­ы­ра­ры, өзіңе пәле болып жабысып жүр­месін, сенің жазған­да­ры­ң­ды бір тұрақты бүр­кен­шік атпен жари­я­лай­ық, оны өзің ойла­стыр!» – деген.

Ол бүр­кен­шік атты Бақыт апай­ым еке­уі­міз ойла­стыр­дық. «Жұқа­мыр Шөке» десем қалай бола­ды?» дей­мін Бақыт апайыма.

«Жұқа­мыр емес, қалы­ң­дау Шөке болсаңшы»…

«Арғы ата­ла­рым­ның аты ғой, апай»…

«Е‑е, енде­ше жөн, ару­ақтар да бір аунап жат­сын, бола ғой Жұқа­мыр!» – деді. Апай­ым осы сөзді ерекше бір бауыр­мал­дық ілти­патпен айтқа­ны әлі күн­ге көз алдымда…

Содан мен «Жұқа­мыр Шөке» ата­нып кет­тім. Редак­ци­яға кел­ген­дер­дің ара­сын­да «Жұқа­мыр деген жігіт­пен жолы­ғай­ық деп едік…» дей­тін ізде­ушілерім болға­ны­на марқай­ып қала­тын едім. Кей­ін­нен атақты жазу­шы­мыз Қаб­деш аға Жұма­ді­лов мені сол күйі «Жұқа­мыр» атап кет­ті. Бер­тін­де басқа басы­лым­да жұмыс істеп жүр­ген кезім­де де, ол ағам мені кезік­тір­ген­де «Қалай­сың, Жұқа­мыр?» дейтін.

«Аға, менің шын атым Жарас қой…».

«Жоқ, маған сенің Жұқа­мы­рың жақ­сы» деп, «ДАТ»-та жүріп жазған-сызға­ным­ды аузы­на алып отыратын.

Бұл редак­ци­яда бұрын­нан қалып­тасқан дәстүр бол­ды – түскі асты редак­ци­яда іше­міз. Ере­кең қазан-ошағын арқа­лап, Қар­лы­ғаш апай­дың етін көтеріп кіріп келеді. Бақыт апай әлгі етті бабы­мен асып, бәрі­мізді дастар­ханға шақы­ра­ды. Сол көріністер әлі күн­ге дей­ін көз алдым­да сурет­тей сырғи­ды. Бір үйдің бала­сын­дай бол­дық: папа­мыз – Ермұрат Бапи, мама­мыз – Бақыт­гүл Мәкім­бай еді. Аядай редак­ци­яда оты­рып, Қаза­қстан­ның бола­шағын талқы­лай­мыз. Сол үшін жан­та­ла­сып, газет жасай­мыз. Айлы­ғы­мыз да, шай­лы­ғы­мыз да шама­лы. Бірақ ол кез­де бәрі­міз­де рух, сенім, күш бар еді. Қазір білмеймін?!

Бақыт апай өмір­ден қай­тқан­да, редак­ци­яда марқұм­ның жетісін бер­дік. Бүгін­де «Обще­ствен­ная пози­ция» деп ата­ла­тын «ДАТ»-тың аядай бөл­месі­нен Бақыт апай­ым­ның жан жылуын іздедім. Таба алма­дым. Жоқ. Бәрі қаңы­рап қалған­дай. Апай­дың әр затын қолы­на алып, жылап жүр­ген Ермұрат ағаға да не деп жұбату айта­рым­ды біл­медім. Әттең, Апай біздің ғана емес, «ДАТ»-тың да Бақы­ты еді…

Жұқа­мыр ШӨКЕ

(Жарас КЕМЕЛЖАН)

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн