
Бүгінде сарғайған сағынышқа айналған Бақыт апаймен «ДАТ»-тың кезекті газеті «Тасжарғанға» келген кезде таныстым. Бұған дейін атақты медиа-жобаның «ДАТ», «СолДАТ», «Апта-Неделя», «Айна-плюс» және «Жұма-таймс» деген газеттері болған екен. Бақытгүл апай осы газеттердің барлығында жұмыс істеп, қоғамдық-саяси тақырыпқа әбден төселген кәнігі журналист болған кезі еді.
Ал журфакты жаңадан бітіріп келген жас журналист ретінде маған өнер мен мәдениет саласындағы саясатты жазу тапсырылды. Ермұрат ағамның тарапынан шоу-бизнестегі әртістердің «көгілдір» көзілдірігін шешкізіп, оларды қоғамның азаматы ретінде сөйлету міндеттелген соң, бірден елге танымал бір әншімен сұхбаттасуға баруға бекіндім.
Сөйтіп, жұмысқа қабылданған алғашқы күні редакцияның табалдырығынан аттап шыға бергенім сол еді, соңымнан: «Әй, маңқа!» деген дауыс саңқ ете қалды. Кімге қарасты айтылды деп жалт қарасам, Бақыт апайым: «Диктафоныңды алдың ба?» деп күлімсіреп қарап тұр. Жарықтықтың күлген кезде жап-жасар баладай жүзі жайнап сала беретін әдеті бар еді. Бұл оның ішкі жан-дүниесінің тазалығын боямасыз білдіріп тұратын. Сасқанымнан: «Сақадай саймын, апай!» – деппін. «Ендеше алдыңды жап. Жастықта денсаулықтың қадірін білмейсіңдер!..» – деп, күртешемді өзі түймелеп берді. Дәл сол кезде құдды бір анамның алдында тұрғандай күй кештім. Содан бастап Бақыт апай менің қамқоршыма айналды.
Ол кезде қазіргідей аяғың жетпей жатқан жаққа дауысың жетіп, қалта телефонның арқасында сұхбат ала салу деген әңгіме жоқ. Телефон бірлігінің бағасы қасқалдақтың қанымен тең – қымбат, бір жағынан оппозициялық газеттен зәресі ұшатын әртістер суда сусыған балықтай ұстатпайтыны тағы бар. Айтқан жеріне атойлап барсаң, уақытында келмей, қыстың сақылдаған аязында пәленше әнші, түгенше актерді далада бүрсең қағып тоңып, күтіп тұрғаның. Осының салдарынан бір сұхбат алсаң, бір ай сырқаттанып, жатып қалатын кездер болды. Сондай сәтте Бақыт апайымның: «Құлыным-ау, сені құлдыраңдатып соңынан жүгірткендер ел алдында қалай халыққа жақынмын деп сөйлейді?!» деп, бір кейіп алатын еді. Қала берді, үйінен таңқурай мен шырғанақтан жасалған түрлі тосабын әкеп, ыстық шай беріп, терлетіп, жазылып кеткенше, қасыңда бәйек болатынын қайтесің…
Ол кезде біздің газетте қыз-келіншектерден гөрі, жігіттердің жағы басым болды. Дарылдаған ер-азаматтардың соңынан ыдыс-аяқты жуып-тазалап жүрмесең, өзіңе сын. Ал іштегі «редакция» деген атымыз болмаса, шағын ғана асханамызда бір үйге қажетті азық-түлік пен шыны-аяқтың бәрі бар. Оның бәрін түстеп, түгендейтін де – Бақыт апамның өзі. «Балам, боқ тазалаған жерде қолыңа жұғып қалмайды, жуа сал, одан кем болып қалмайсың!» деп, үнемі кішіпейіл болуға үндеп отыратын.
Ал газет қатталып, кезекті нөмір баспаханаға жіберілетін күн біз үшін күнтізбеде жазылмаған мерекемен тең еді. Бақыт апам буы бұрқырап қайнаған етті ортаға әкеп қойып: «Ал «тірі жетімдер», алдымен қарын тойдырайық, аш журналистің қаламы жүрмейді!» – деп әзілдейтін. Марқұм сонда жырымдап әрең алған жалақысынан үстелге әртүрлі тәттілер әкеп, жайнатып қоятын. Кейін ойласам, соның бәрі ата-анадан жырақта жүрген біздің аузымызға жылы-жұмсағын тосып, мейірімге бөлегені екен ғой…
Апайым екеуіміз жиі сырқаттанып қалушы едік. «Сен екеуміз ұшқан құстың қанатының лебінен суық тигізіп аламыз. Бізді Семейдің сары шұнақ аязында өскен қыз деп кім айтады?» – деп күлетін.
Сөйтіп, сынаптай сырғып өткен уақыттың бір күнінде мен тұрмысқа шықтым. Редакция тегіс жиналып, той өткіздік.
Кейіннен қуықтай ғана жалдамалы пәтерде тұрып, баламен үйде отырып, ағайын-туыс, құрбы-құрдастың қал сұрауынан қағылғанда, үнемі жағдайымды сұрап, үйге телефон шалатын – жалғыз Бақыт апам болды. «Сыз тартқан жерде сәбиіңе суық тигізіп аларсың, біраз уақыт үйге келіп тұрсаңшы?!» – деп, үнемі қолқа салатын. Сондағысы өзінің де тұрып жатқан жері аядай ғана бір бөлмелі пәтер еді. Бірақ көңілінің кеңдігі сол – алақандай бөлмесін паналап, төрінен дәм татпаған адам жоқ шығар. Сондай сәттерде апайым маған кеңдіктің, бауырмалдықтың үлгісіндей көрінетін.
Бірде кезекті декреттік демалыста отырғанымда, ұлымды қолтығыма қыса жүріп, «Тасжарғанда» жарық көрген сұхбаттарымды жинақ етіп шығаруға бел будым. Тұсаукесер күнді белгілеп, өткізер кешіме шақырмаққа алдымен Бақыт апама телефон шалдым. Сондағы қуанғанын көрсеңіз, «Менен қандай көмек керек? – деп күнде телефон шалады.
Кеш күні базарлығы мен кітабыма көрімдігін арқалай, бүкіл «Тасжарғанның» ұжымын алдына салып, өтетін орынға өзімнен бұрын жетіп алғаны әлі күнге дейін көз алдымда. Көп алдындағы құттықтау сөзінен соң қасыма келіп: «Балам, боқ тазалаған жерде қалмайды дегенім осы ғой. Кішкентайыңның күтімін жасай отырып, осындай жетістікке жеттің!» – деп, қолымдағы баламның маңдайынан құшырлана иіскеді. Бұдан соң көп кешікпей апам келмеске кетеді деп кім ойлаған?!
Қарап отырсам, Бақыт апайым санаулы ғана саналы ғұмырын қоғамның қотырын жазуға арнапты. Газет ісіне байланысты үнемі сот пен оттың арасында жүрді. Бірақ сол тартысты күндерінің жемісін жей алмай кеткенін ойласам, ет жүрегім езіледі. Әттең, өмірдің тал түсіндей болған алпыс жасыңда алдыңда тілек айтпай, артыңнан Құран бағыштап қаламыз деп ойлап па едік?! Қасыңа ертіп, «сіңлім» деп қамқорлық танытқан сол тәтті сәттер өмірімнің жарқын күндерінің бірі болып, санамда мәңгі сақталады…
Елдің жақсы күнге жетер күнін армандаған, аруағы ардақты апатайым, жан-рухың жұмақтың төрінде шалқысын!