Суббота , 19 апреля 2025

АЗАМАТҚА СӘТТІЛІК ТІЛЕЙМІН!

«Дат» деп аталған тәуелсіз газет шыққанын естісімен, іздеп барып, алғашқы редакторы Шәріп Құрақбаевпен танысып, әңгімелестім, содан бері тұрақты авторларының бірімін. Үйге жаздырып алып, «тексере отырып», оқып жүрмін. Бас редакторларының, редакцияның бетпақ биліктен көрген қиянаттарының бәрі жадымда. Нартәуекелді шағын ұжыммен әрқашан ынтымақтасып, мерейлі болуларына мақалаларыммен тілекші-жәрдемші болудамын.

Ұйымшыл ұжымның жолбасшысы Ермұрат Бапи газеттің Бас редакторы болысымен, «қол жетпес» жоғарыдағы әулекілерден көрмеген құқайы жоқ екенін білеміз. Алайда мұқалмады, жасымады, үнемі қарсы ұшуда!

Ермұрат Парламент мәжілісінің депутаттығына ұсынылып, сайлаушыларымен кездесулер өткізуде. Көпшілік қолдауда! Жұртшылық Парламенттің сенатына да, мәжілісіне де Н.Назарбаев сықап отырғызып кеткен «кнопкашыл» депутаттардан арылмайынша, «Жаңа Қазақстан» сөз жүзінде ғана болатынын түсінді. «Халқым!» дейтін азамат депутаттар қажет!

Бізде тәуелсіздік бұйырғаннан бастап, бірде-бір сайлау әділ өткізілген жоқ. Бұл – баршаға аян ақиқат. Билікте назарбаевшыл шоғыр отырған бүгіндегі сайлаудың да нәтижесі… оң болуы мүмкін, ағайындар! Халықтың әділетсіздікке төзімі түгесіле бастағанын биліктегілердің құлағы барлары естіп, көзі барлары көріп отыр, бұралаң жолдан даңғылға шыға алады деп сенелік те, азамат Ермұрат Бапиға сәттілік тілейік!

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Әркімнің өз таңдауы бар. Мен де таңдау жасадым. Сонау 1998 жылдан бері елдің ДАТЫН билікке жеткіземін деп, шексіз күш-жігер жұмсап, халықты қалың ұйқысынан оятып, қажымай күресіп келе жатқан қоғам қайраткері, журналист, публицист Ермұрат Бапиға сенім артып, қолдау көрсетейік, ағайын!

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ

ЕРМҰРАТТЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮРЕС ЖОЛЫ

Бүгін қазақтың танымал ұлының бірі, ұлт күрескері Ермұрат Бапи туралы мақала жазайын деп ойладым. Әуелі оны бір тыныспен жаза салам, несі қиын дейсің, көз алдымда жүрген, бір кездері мақалаларымды үзбей жариялап, талай рет сұхбаттасқан жігіт қой деп ойлағам… 

Содан бастап кеп берейін мақаланы… Бастау мұң екен, ойым сан тарапқа кетті шашырап. Әр ойлар бір-бірімен жарыса жасырынбақ ойнағандай «мен мұндамын, әуу» деп жылт етеді, қармап қалсаң, сылдыр судай ағып кетеді… Ми деген, ой деген алақ-жұлақ… 

– Ойпырым-ай, мұнысы несі? Не жұмбақ бұл? – деймін бір уақыт тыныстап алып… Осылай қиналған сәттің бірінде соңғы темекіні шегіп, тұқылын «өй, оккупант!» деп, тұншықтырғанда ғана ойыма идея сап етті! 

Сөйтсем, кең мағынасында Ермұрат Бапидың тұлғалық бейнесі дегеніміз – еліміздің 30 жылдан астам тәуелсіздік тарихының, еліміз бір пендеге бодандыққа ұшырап, отыз жылдан астам оған тәуелді болып қалған шақта халқымыздың бұл құрсаудан шығу жолын іздеген толассыз күресі тарихының шағын көшірмесі екен! Сондықтан да өткен отыз жылдық тарихты қаз-қалпында еске түсірсеңіз, арасынан Ермұраттың да тұлғалық болмысы зорайып шыға бастайды екен… 

Бұл не құдірет сонда? 

Бірақ бұл жеке адами құдірет емес еді. Бұл – Ермұрат Бапи сынды азаматтың Елі мен Жерін сүюінен және халқының болашағы үшін жанпидаға бара алуынан туындайтын мұратты-мақсатты жолының көрінісі болып шықты… 

Сөйтіп, Ермұраттың терең мағыналы сараптамалық мақалаларынан бөлек, оның жеке коллекциясындағы «Қолы қайырылып, полиция жетегінде кетіп бара жатқан Ермұрат», «Жағасы жыртылған Ермұрат», «Тергеудегі Ермұрат» және де басқа жүздеген фотокартиналарының өзі де біздің Тәуелсіздік фотошежіреміздің, тарихымыздың елеулі бір бөлігіне айналыпты…

Бірде Ермұратпен әңігімеде оның айтқан мына ойлары жадымда жатталып қалыпты:

  • Адам баласының тіршіліктегі күйініші мен сүйініші «пенделік» деп аталады. Мыңдаған жылдар бойы осылай болып келеді. Бірақ өмірде адам пендешілігі астамшылыққа ұласса, ондай адам зауалға ұшырайды. Мысалы, бай адам байлықтың шегін ұмытса – алтынның астында көміліп өледі. Тойымсыз адам қомағайланса – қақалып өледі дегендей… Бізге осындай пендешіліктен тазару керек. Жоғарғы билікте отырғандары да, төмендегі қара жұмыстағылары да!

Иә, Ерекеңнің бұл сөзінде терең астар бар. Мәселен, өмірде пендешілікті ұғар жан бар, ұқпайтын жан бар. Мәселе осында! Өмірде бір адамның пендешілігін кешіруге болады. Бірақ оның «пендешілігі» өзіне ғана емес, бүкіл қоғамға залал келтірсе – оны қалай кешіресің? Ең қиыны сол. Әдетте ондай залал өзімен кетсе бір сәрі, ол бүкіл қоғамды ластап бітеді. Одан оны тек түп-тамырымен қоса жұлып тастасақ қана құтыла аламыз. Бірақ өмірге бейімделгіш пенде «өңін айналдырып», көпшілікті соңынан ерте алады. 

Біздің қоғамның тәуелсіздіктен кейінгі қысқа тарихы осы бағытта өрбіді: шексіз билікке жағыну, коррупциялық жүйенің үстемдік етуі, халыққа қысымның артуы, оны бағынышты ету, жұртты жалған уәделермен «тойындыру» және т.с.с. көптеген әрекеттер төзім шеңберінен шығып, қоғам мен оның мемлекеттілігіне қауіп төндіре бастап еді…

Қоғам шашыраңқы болса, қарсылығы әлсіз болады. Мұндай кезде күрес жауапкершілігі қоғамнан сығымдалып, іріктеліп шыққан тұлғаларға ауысады. Тарихта бұл қайталанады. Кезінде империялық бұғауға қарсы Алаш қайраткерлері шықты. Сол сияқты тәуелсіздіктен кейін авторитарлы биліктің бұғауына түскен халықты азат ету жолында сөзімен, қайраткерлігімен халықты соңынан ертуші, халықты оятушы тұлғалар шықты. Солардың бел ортасында Ермұрат Бапи жүрді. 

Енді, Құдай қаласа, елімізге келген жылымықтың арқасында өз халқының адал ұлы, қазақ ДАТының шырақшысы болған азаматтың «Ермұрат Бапи эпопеясы» деп аталатын көп жылдық күрес ҚР мәжілісінде депутаттықпен жалғасын тапса – онда ол біздің елде үміт отының өшпегенін білдіретін ерекше белгі болғалы тұр. Ендеше осы жолы пендешіліктен ада болайық, халайық! Ермұраттың «көше күресі» мәжіліске барып жалғасқаны жөн!

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, «Қазақ тілі» қоғамының Алматы қаласы Жетісу аудандық филиалының төрағасы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн