неге
ҚАРСЫ ШЫҚТЫМ...

(Жалғасы. Басы газеттің өткен санында)
– Сол Тёге («КРАМДС» корпорациясының президенті – «ДАТ-ОП») байланысты… Сіз ана жылдары Тёнің үйін тартып алып, көп балалы отбасыларына бердіңіз емес пе?
– Иә, Тёден тартып алғаным рас. Ол кезде сол жаңа үйдің Тёнікі екенін және оның сондай құдіретке ие адам екенін мен қайдан білейін?..
– Сонда білдей бір Алматы сияқты астаналық қаланы басқарып отырып, білмей қалғаныңыз қызық екен, ол сөзіңізге кім сенеді?
– Олар барлығын құпия жасады ғой. Тёні білетінім – ол онда Мемлекеттік жоспарлау комитетінде бас маман ба, басқарма бастығының орынбасары ма, әйтеуір біреу болып қызмет істеп жүргенінен аздап хабардар болатынмын. Жаңа үйді көп балалы отбасына беруге және сол кезде билік басына: Жабағин, Ақтөбеден – Құлмаханов, Кулагин, Дүйсенов деген біреу, әйтеуір көптеп келе бастаған сондай лауазымды адамдарға да үй керек болды. Солардың барлығы үйсіз жүрген. «Ақсай» жақтан басқа жерде үйім жоқ» деп олардың алдында біраз кергігенім де бар.
Содан Нұрекең айтты: «Мына «Самалда» салынып жатқан үйлердің бірін неге соларға бермейсің?» – деп. Қаланың қожайыны – менмін. Содан салынып жатқан үйлерді аралап, бір үйдің қасына келіп: «Осы үйді аламын» дедім. Сөйтсем, министр Бекболатов деген: «Зәке, бұл үйді ала алмайсың» дейді. «Неге ала алмаймын? Осы үйдің қасынан дәл осындай үй салуға жер беремін. Тура осындай үйді көп болса үш-төрт айда салып бітіресің» дедім. Тё анадай жерде темекі тартып тұрған. Оған да соны түсіндірдім. Сөйтсем, Тё маған: «Пошел на …» дейді…
– Тура тамам жұрттың алдында айылын жимастан сізге сөй деді ме?
– Иә, айна-қатесіз. Мен тұрмын, Бекболатов тұр, қаланың сәулетшісі тұр, құрылыстың бастығы тұр, менің орынбасарым тұр. Жиыны он шақты адам.
– Анау сізді орыстың семіз боқтығымен келістіріп тұрып боқтады. Алматы сияқты астаналық қаланың басшысысыз. Сонда үн-түнсіз қарап тұра бердіңіз бе?
– Мен не деймін енді… Оған: «Тап сенің әкеңнің аузы… иттің етін жеген ит, не оттап тұрсың! Сен қашаннан бері қалаға қожайын болғансың?! Әлі шындықты тексереміз!» – дедім.
Бұл – мен үшін ана Тё тарапынан көрсетілген нағыз дөрекіліктің шектен асқан түрі еді. Содан кейін онымен екеуміздің арамызда айқас басталды да кетті. Бір жағынан анаған болысып, шәуілдеп, «Караван» газеті шықты дерсің! Құдай сақтасын, маған жан-жақтан шабуыл басталды да кетті!
Мәселен, Терещенко маған: «Пәлен дүкенді – пәленге, түгенді – түгенге бер!» деген сияқты бұйрық бере бастады.
– Жалғыз Алматы қаласын ғана емес, барша Қазақстанның жылы-жұмсағын талан-таражға салу – тура сол кезде басталды емес пе?
– Иә, тура Терещенконың кезінде басталды. Алматы қаласы бойынша бөлісті неге Терещенко шешуі керек? Мен оның айтқандарын жүре тыңдауға тырыстым.
Бір күні маған Болат Әбілов, Мұхтар Әбілязов, Нұрлан Смағұлов, Еркін Қалиевті әкесі Жекен Қалиев алып келді. Сол жігіттер маған келіп: «Қазақстанның қазіргі нарық экономикасы мен саясатына атсалысқымыз келеді. Біз аяғымыздан қаз тұрып кетсек, еліміз экономикасына да жаман болмайды» деді. Мен: «Ондай болса, жігіттер, несіне аянамыз, алыңдар, мә, мінеки» деп, қаладағы ең үлкен екі-үш дүкенді оларға тегін беріп жібердім. Бұрынғы Ленин даңғылының бойындағы екі-үш дүкенді «Астана-моторстағы» Нұрлан Смағұловқа, «Столичный» гастрономы мен Гоголь – Сейфуллин даңғылының бойындағы «Спорт тауарлары» дүкенін және бір павильон мен Халық Абдоллаев басқаратын Азаматтық қорғаныс үйін Болат Әбіловке, сондай-сондай өзіміздің жігіттерге: «Бәрібір біреулер алады екен, сендерге неге алмасқа, мә, алыңдар!» – деп бөліп-бөліп бердім.
– Сіздің мына батыл әрекеттеріңізге Терещенко тып-тыныш қарап отыра берді ме? Анығын айтқанда бұл өзімшілдігіңіз үшін Терещенко сізге не істеді?
– Не істеуші еді? Терещенко маған жау болып шыға келді. Ол Назарбаев пен арамызға от салды. Мен қызметтен кеттім. Кейін депутат болдым. Назарбаев Квятковскийдің арызын желеу қылып, 1995 жылы 7 наурыз – демалыс күні сол парламентті қуып жіберді. Мен ол кезде Жамбыл қаласында жүргенмін. Иә, сол кезде Қажыгелдин Терещенконың несие таратқандарын, өйткені мен бүйткендерін жылы жауып қойғысы келді. Сол тұста мен мықтап ойлана бастадым.
«Ойпыр-ай, бұл не деген сұмдық? Қазақтың дүниесі неге көрінгеннің қолында кетуі керек? Бүкіл Қазақстанның ауыр және жеңіл өнеркәсібін, тамақ өнеркәсібін, жергілікті тұтыну өнімдерін шығаратын өнеркәсіптерін ай мен күннің аманында неге талан-таражға саламыз?» деген ойға қалдым. Естеріңізде болса, 1996 жылдары жарық көрген «Не только о себе» деген кітабымда, содан кейін 2004 жылдың 11 наурызында жарияланған «Как нас теперь называть?» деген мақаламда осының барлығын егжей-тегжейлі баяндадым. 1997 жылы Құрбан айтта бір қажы кісі Назарбаев екеумізді «татулассын» деген ниетпен дәмге шақырды. Мен сонда Назарбаевқа біраз нәрсені айттым.
– Сол жолы халықтың жанына батып жүрген мәселелерді тура Назарбаевтың өзіне қалай айттыңыз? «Арты қалай болып кетер екен?» деп жүрексінген жоқсыз ба?
– Мен сол жолы Назарбаевқа: «Бұлар қазақтан алатындарының барлығын енді алып біткен шығар. Қазақ халқына берген уәдеңізді орындаңыз» дедім. Сол тұста, 1997 жылы мамыр айында Терещенко мен Қажыгелдиннің үстінен прокуратураға арыз жазып, қылмыстық іс қозғалттым. Сол арызбен қоса, олардың нені сатып, нені қойғандарын дәлелдейтін бұлтартпас құжаттарды қоса жолдағам. Олар мені қолма-қол «КНБ»-ға берді. ҰҚК мені шақырып алды. Мен бәрін дәлелдеп, каникулға барып қайтып келсем, олар ол істі тоқтатып тастаған екен. «Нұрқаділовтың өзін соттатайық деп едік, жұртты өзінің патриоттығымен тартып алған соң, істі тоқтаттық» деп, аналар өзінше бірдеңе деп, газетте жазды. Менің оған жыным келді.
Содан кейін 1997 жылдың қыркүйек айында парламенттің бірінші отырысында мен Қажыгелдиннің Шымкент мұнай өңдеу кәсіпорнын біреулерге сатып жібергені үшін быт-шытын шығардым. 45 млн доллар кіріс беретін кәсіпорынды неге «Қазкоммерцбанктен» алынған сонша көлемдегі қаржыға беруі керек? Сөйтіп, оны сатып алған өзіміздің жігіт тағы да 45 млн долларды оған қоса иемденіп кетеді…
– Зәке, сөзіңіз аузыңызда. Сол Шымкенттің мұнай өңдеу кәсіпорнын жаңағыдай мол қосымша табыспен тегін алған адамның аты-жөнін осы арада біздің қалың оқырманымызға ашып айтып берер ме едіңіз?
– Оны алған жігіттің аты-жөні белгілі ғой… Ол – президент.
– Сіз осының бәрін бір ғана Әкежаннан көрдіңіз емес пе?
– Кейінге дейін мен осының бәрін бүлдіріп жүрген бір ғана Әкежан деп ойлап жүрдім. Өйткені қол қойған Әкежан болып шықты ғой. Шамасы, оған зорлап қол қойдырған сияқты. Әкежан егер айтатын болса, бұдан басқа да толып жатқан құпиялар бар. Бірақ Әкежанның өзі айтпай жүр ғой…
Осы әңгіменің барлығы қалай өршіді десең, 1999 жылғы сайлау уақытын айтар едім. 1998 жылғы жағдайды Ғалымжан өзінің кітабында жазды: «Назарбаев банкет жасады, бәріміз оған ант бердік» деп. Расында ол банкетті жасаған – мен. Медеуге бара жатқандағы жолда «Самал» деген ресторан бар. Сол жерге барлық әкімдерді шақырдық, Назарбаев әйелімен, біз Мақпал екеуміз. Мен тамада болдым. Сол жерде Назарбаев сайлаудың өзі ойлағандай өтуі үшін барлығын «соцсоревнованиеге» шақырды.
Жұрт 1999 жылғы президенттік сайлау дұрыс өтпеді дейді. Әрине, анау-мынау болған шығар, бірақ мынау 2004 жылғы соңғы сайлаудай сұмдық масқара болған жоқ! Ал президенттік сайлауда ешқандай тәртіп бұзушылық болмаған. Бұл – менің шыным.
– Сіздің айтқаныңызға сенетін болсақ, сол президенттік сайлауда бүкіл Қазақстанның халқы бір ғана Назарбаевқа қолдау көрсетіп, сенім артып, өз дауыстарын бір кісідей берген болып шықты ғой?
– Иә. Ол кезде жұртшылықтың алдында біз сияқты әкімдердің зор беделі болды. Халықтың жағдайы да қазіргіден тәуір еді. Мысалы, мына денсаулық сақтау жөнінен, оқу-ағарту жұмысы жағынан біз кәп-кәдімгідей ілгері болатынбыз. Тек сол жылы ғана. Қарап отырсаң, содан бері арада небәрі 5-ақ жыл өтіпті. Соңғы 4–5 жылдың ішінде істелген сұмдық – ана жылдардағы сұмдықтардан 20 есе асып түседі! Қазір бәрі бетімен кетті және бетімен жіберді. Ол кезде сотың да, прокурорың да, милицияң да ондай болмайтын, оларға бірдеңе деп айтуға, түсіндіруге болатын… Қазір бәрі бетімен кетті ғой…
– Қазіргі таңда Назарбаев мемлекетті өзі басқарып отыр ма? Жоқ әлде сырттан ел біле бермейтін көлеңкедегі «үшінші күш» басқарып отыр ма?
– Мен айтайын, мемлекетті басқарып отырған кісінің ісі мұндай болмайды. Бұл – менің түсінігімше. Мәселен, айына бір жинап алып немесе тоқсанына бір жинап алып: «Ей, сендердің мыналарың не? Шеттеріңнен түрмеге апарамын!» немесе: «Сендердің былықтарыңның барлығын білемін!» деп, тағы да медиктердің барлығын жинап алып: «Сендер адамдарды дұрыс емдемейді екенсіңдер. Былай емдеу керек… Кітаптарың дұрыс емес екен, былай шығару керек» деген оның сөздерін – есі дұрыс адамның сөзі деуге бола ма?
Ұзақбай Қараманов (премьер-министр – «ДАТ-ОП») қалқайып отырып, кетіп қалды, одан кейін Сергей Терещенко келді. Терещенконы былыққа батырды. Бас кезінде Терещенконың ондай ойы да болған жоқ шығар… Ондай жасауға рұқсат берген Назарбаевтың өзі ғой. Мысалы, Терещенко келіп оған: «Сізге пәленше көлемдегі пайда түседі» дейді. Содан ол (Назарбаев) өзі де былықты және бәрін былықтырды. Әкежан Қажыгелдинді де сол (Назарбаев) былықтырды. Нұрлан Балғымбаевты да сол былықтырды. Содан кейін мен «осыны тағайындаған дұрыс болады» деп айтып жүріп, Тоқаевты премьер-министрлікке тағайындаттым. Тоқаевтың әйелі орыс болғаннан кейін бе, анау айтқандай, көп байлыққа бара қоймады. Ол көнбеген соң, Назарбаев қораға Иманғалиды енгізіп жіберді. Одан кейін мына Даниалды әкелді… Соншалықты премьер-министрлерді былықтырып отырып, соны білмейтіндей, ол қандай мемлекет басшысы деп ойлайсың?! Егер сенің қол астыңда істейтін адамдар арынан айырылып жатса…
Мысалы, Тоқаевтан басқасының барлығы да белгілі… «Отан» партиясы төрағасының орынбасары, «главный бухгалтер» болып істеген Александр Павлов деген азамат бар. Ол әкеңнің… биліктің «главный бухгалтері». Ол нағыз қудың – қуы, сұмның – сұмы! Солардың барлығын шатыстырып, ымын-жымын білдірмей жүрген Павлов. Сендер сол Павлов туралы жазуларың керек!
– Өз басым Павловтың сондай әбден былыққан, қу адам екенін тек сіздің аузыңыздан ғана бірінші рет естіп отырмын.
– Міне, көрмейсің бе, мысалы, сен директор болсаң, не істер едің?
– Иә, сонымен биліктің «бас бухгалтері» Павлов болды ғой?
– Мысалы, сен директорсың, сенің бухгалтерің болады, онсыз сен банкке ешқандай құжатыңды өткізе алмайсың. Получается, что так – ол Назарбаевтың бас бухгалтері, ол қулықтың, сұмдықтың бәрін біледі.
– Сонда Павловтың да көптен бері дүниені шулатып жүрген атақты «Қазақгейтке» қатысы бар болып шыққаны ғой?
– Естественно! Барлық құжат Қаржы министрлігі арқылы өтеді. Оған бюджеттің қаржысын, ананы, мынаны құй дейді… Мұның барлығы да Павловтың есебінсіз жүзеге аспайды. Соның бәрін жымқырып отырған тек Павлов қана…
– Қазір Назарбаевтың шетелдердегі есепшоттарында тығылған қаржысының көлемін әркім әрқалай айтады. Сіздің есебіңізше, сол ұрланған қаржының көлемі қанша миллиард доллар екен?
– Оның барлығы 40 млрд па, 80 млрд па – түптің-түбінде шындық ашылып, бетіне қалқып шығады ғой. Бәрі шықпаса да, көбі шығады. Мәселе онда емес. Мен жаңа ең басты мәселемді айттым ғой… Ол қаржылар – тек қана банктерде жатқандары ғана, ал олардың жұмсалғаны, шашқаны қанша? Аннан үй алды, мыннан үй алды, анда вилла салды, ары жүреді, бері жүреді, анаған пара береді, мынаны сатып алады, анаған үйтті, мынаған бүйтті, соншалықты көп ақша желге шашылған шығар, оны қайдан білесің?!
– Назарбаевтың мына молшылық заманда соншалықты тоймайтындай, жемқорлыққа баратындай басына не күн туып отыр дейсіз?
– «Алтын Антилопа» деген мультфильмді көріп пе едің? Сонда: «Саған мына алтын көптік етпей ме?» дегенде, анау: «Алтын ешқашан да көптік қылмайды» дейді.
– Сонда Назарбаев ештеңе оқымайды ма? Тарихта небір хандар, шахтар, патшалар болды. Солардың бірде-бірі жинаған байлықтарын ана жаққа өздерімен бірге көрге алып кете алмағанын көзі ашық адамдардың барлығы жақсы біледі. Осы бір ащы да болса қарапайым, әмбеге ұғынықты шындықты ол адамның білмеуі қалай?
– Сол билік басында отырғандардың әрқайсысы өздері өмір сүрген кезде: «Менде ондай қателік болмайды» деп есептейді.
– Олардың көздері ештеңені де көрмейтіндей, биліктен бастары айналып, дүние тұманданып кете ме? Оңаша қалғанда бір Жаратушының бар екенін естеріне алып, тәубесіне келмей ме?
– Жоқ! Оларда ондай түсінік болмайды. Болып та көрген жоқ. Көздерінің алды тұманданып кетеді. Осыдан біраз жыл бұрын «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатымда: «Билікте жүрген кезімде менің де көзімді шел басып кетті» деп айтқанымды оқыған боларсың. Билік деген жаман нәрсе, көзің көрмей қалады, шел басады…
– Сіз биліктен бір рет кетіп, екінші рет бұрынғыдан да биігірек жерге өсіп келдіңіз. Сонда тағы да сіздің көзіңізді шел басып кеткен жоқ па?
– Жоқ. Егер де көзімді шел басып кетсе, қазір менің үстімнен қылмыстық істер қозғалып жататын еді. Міне, арада сегіз ай өтті.
– Басқалардың соңдарынан шырақ алып, небір қоқан-лоққыны көрсетіп қалуға бар күштерін салатын бүгінгі билік – сіздің соңыңыздан неге түспей отыр?
– Менің соңымнан не үшін түсуі керек? Шындықты айтқаным үшін түсуі керек пе?
– Әлгі билік қыр соңдарынан түскен адамдар да шындықты айтқан. Сізді жалғыз шындықты айтқаныңыз үшін емес, «билікте отырып, бірдеңені жеп қойды» деп тиіспей ме?..
– Егер мен бірдеңені жеп қойсам, баяғыда-ақ бүкіл дүние жүзіне таратып, ендігі шулатып жататын еді. Ана сенат осы соңғы сайлауға байланысты Америкаға жарнама үшін 1 млн доллар берді ғой. Біздерде қазір сол сияқты көптеген оңбағандар бар. Солар «мынау ішіп-жеп қойды» деп анау «Вашингтон пост», «Нью-Йорк таймс», Құдай салмасын, «Монд» «Би-Би-Си», тағы да қандай ақпарат құралдары бар, барлығына жамандап, қазір мені шулатып жататын еді. Оларда ондай мақсатқа жұмсайтын қаржы жетеді.
– Зәке, сіздің қолыңызда үлкен билік болды, қаланы да, облысты да, тіпті республикалық Төтенше жағдайлар комитетін де басқардыңыз. Қолыңызда есебі жоқ мол қаржы, ақ дегені – «алғыс», қара дегені –«қарғыс» дегендей, шексіз билік болды. Сонда сіздің көзіңіз неге тұманданып кетпеді?
– Айналайын, «Судың да сұрауы бар» деген қазақтың жақсы мақалы бар. Біреудің құдығына барып, оның қожайынынан сұрамай, шелекті құдыққа тастап жіберіп, суды сұраусыз ішсең, қожайыны келіп, Құдайдың суын ішкеніңнің өзіне: «Неге рұқсатсыз ішесің, неғылған тексіз едің?!» демей ме? Оның да сұрауы бар. Сол сияқты менің не қызымның, не ұлымның біреуі, иншалла, екі жарым жылдан кейін 40-қа келеді екен. Қызым – мінеки 34-ке келді. Біреуі – модельер, екіншісі – қызметте жүреді, билік ол арадан қуып шықты. Кішкентай ғана бірдеңесі бар, сонымен ептеп-септеп күн көруде…
– Ұлыңызды олар сіздің соңғы кезде төтенше мінез көрсетіп жүргеніңізден кейін жұмыстан қуып шықты ма?
– Иә, ана бір мекемеде істеуші еді… (ол кісі – ұлы қызмет істеген мекеменің атын айтпайды, мен сұрамадым – Авт.). Соны кезінде көтеріп жіберсем, кім менің қолымды қағып жатыр еді? Неге? Менің балаларым үлкен бір өндіріс орнының, болмаса кішігірім өндірістің де қожайындары емес.
– Сіз саналы түрде ондайға бармадыңыз ба, болмаса қолдағы мүмкіндігіңіз шектеулі болды ма?..
– Жоқ, мен саналы түрде ондайға бармадым.
(Жалғасы газеттің келесі санында)
Жұмаш КЕНЕБАЙ
«ЖҰМА-ТАЙМС»
№1-2, қараша, 2004 жыл