
- «Еліміздің батыры Бауыржан Момышұлы атамыздың «Жау – тек жаудың қанын татқанша ғана қорқынышты» деген. Бастысы – бойымызда жауға деген өшпенділік пайда болып, ата-бабамыздың рухы жігерлендіргенге дейін тойтарыс бере алсақ, біз үшін алынбас қамал қалмайды.
- Қызылжар мен еліміздің өзге өңірлеріндегі сепаратистік үндеулердің жиі орын алуы және құқық қорғау органдарының оларға келгенде шарасыздығына қарап, осы біздің ел шын мәнінде тәуелсіз бе, әлде біздің тәуелсіздігіміз тек қағазда ғана ма деген ой еріксіз толғандырады.
Солтүстік көршіден ағылып келіп жатқан тепсе темір үзетін жастар, дәл сол көршінің еліміздің стратегиялық маңызды нысандарын сатып алуының арқасындағы күн санап асып бара жатқан ықпалы, елім, жерім, ұлтым деген шын мәнінде отансүйер азаматтардың ойдан құралған істермен абақтыға жабылуы, Қазақстан аумағындағы бөтен елдің әскери базаларының көптігі, саналы азаматтардың елдің болашағына уайыммен қарауын ұлғайту үстінде. Одан қалды, 30 жылда өз әскерімізді керек-жарағымен, отандық өніммен қамтамасыз ете алмауымыз, негізгі әскери техника мен оқ-дәрінің тек бір елден алынуы, соның нәтижесінде пайда болған толықтай тәуелділік бізді қайда апара жатыр, кім жауап бере алады?
Бұл тақырыпты қозғамау – басын құмға тыққан тұйеқұс сынды болғанмен тең, мысал – көз алдымызда болып жатқан қанды соғыс. Украин халқы да дәл біздей қағазда айтылған уәделерге сеніп, салдарында өз тәуелсіздігі үшін күн сайын жүздеген адам мен миллиондаған қаражат жоғалтуда. Бұл жағдайдан дұрыс қорытынды шығарып, біздің елде дәл осындай сценарийдің қайталанбауы үшін, алдын ала керекті шараларды қабылдамасақ, онда обалымыз жоқ деуге болады.
Былтыр қыста Ресейдің шабуылдаушы күштері Киевтің маңына тақағанда, Украин билігі елімді қорғаймын деген кез келген адамға амалдың жоқтығынан қару таратуға мәжбүр болды. Қару тигендердің ішінде шынайы патриоттық сезіммен қолына қару алғандармен қатар, арам оймен қаруға қол жеткізгендер де бар екені анық. Елдің ертеңі үшін жан алысып, жан берісіп жатқан сәтте сен қару алған қоймадан сенімен бірге қару алып, қасыңда тұрған адамның ойында не барын қайдан білесің? Ол жаудың тыңшысы еместігіне, қиын сәтте қолындағы қаруын саған қарсы бұрмасына кім кепіл? Оны тексеріп те, зерттеп те үлгерген ешкім жоқ.
Жақсы, қалай болса да, Украин халқы өздерінің кім екенін әлемге айқын көрсетті. Ендігі жолы оларға қарсы арам жоспар құрушылар мың ойланары айдан анық. Осы орайда «Бейбітшілікті қаласаң, соғысуға дайын бол» деген ұғымды алға тартып, біздің елдің басына күн туса, біз не істей аламыз деген ой келеді. Жоғарыда аталғандай, біздегі қару-жарақтың негізі сол Ресейден келеді. Арыс пен Тараздағы әскери қоймалардың жарылысын ескере отырып, бізде қанша күнге жететін оқ-дәрі, қару-жарақ, азық-түлік пен киім-кешек бар деген ой сансыз сұрақтар туындатады.
Жөн, барлығы жеткілікті дейік, үкімет пен Қорғаныс министірлігі барлығын жайғастырып қойды деп сенейік. Ары қарай ше?
Жау айтып келмесі анық, аяқ астынан ел басына күн туды дейік, орыспен жалпы шекарамыз 7500 шақырым екенін ескерсек, негізгі соққыны қай бағыттан күтуіміз керек? Шығыстан ба, Батыстан ба, әлде Солтүстіктен бе? Қай бағыттан келсе де, оңай болмасы анық. Ендеше алдын ала қандай шараларды қолдана аламыз?
Мардымды жауап іздеп, әлемдік тәжірибе мен тарихқа үңілсек, жау саны бірнеше есе көп болса да, тойтарыс бере алған екі елді мысал ретінде келтіргім келіп отыр (соғыс әлі аяқталмағандықтан, Украинаны әзірше қарастырмаймыз). Оның бірі – Израиль, екіншісі – Финляндия. Екеуі де жаудың еселенген күштеріне қарамастан, лайықты жауап қайтарып, өз егемендіктерін сақтап қалған ел. Соның арқасында бүгінгі күні керемет дамыған елдердің ең алғашқы қатарында.
Израиль бізге мысал ретінде келе қоймас, себебі олар қауіптің алдын алып, соққыны өздері бірінші жасап, жауды тығырыққа тіреген. Әрине, ондай батыл қадамға бару үшін, Израильдің сенер досы АҚШ тұрды, соның арқасында олар тәуекелге барып, үнемі жеңіске жетіп жүр деуге болады. Өкінішке орай, бізде еврейлер сынды арқа сүйер одақтастарымыз жоқ.
Иә, бізге үшінші жақтар көмек көрсетеді деп үміттенуге болады. Бірақ ол тек – үміт және Украин соғысы көрсеткендей, бізге көмек келеді, бірақ ол үшін біз алдымен өзіміз мүмкін болар жауға тойтарыс бере алуға тиіспіз. Онсыз «Араб көктемін» бастан кешірген елдердің қатарына қосылып кетуіміз әбден мүмкін. Көмекті тек елі үшін құрбандыққа дайын болып, жаудың мүйізін қайыра білген елге көрсетеді. Себебі бізден басқа бұл ел ешкімге керек емес, ал біз көмек күтіп, атарға оғымыз, шабарға қылышымыз жоқ болып отырсақ, көмек тұрмақ, тас та бермесі анық. Керісінше, бұлардың тағдыры шешілген деген ұғыммен кешегі достар өз үлесі үшін тұтқиылдан соққы беріп, Ливия, Ирак не Сирияның қатарына бір-ақ апарып тастамасына ешкім кепілдік бере алмайды.
Жоғарыда айтылған ойға негізделе отырып, Финляндияның қорғаныс амалдарын қарастырып көрейікші. Қалай фин әскері өздерінен ондаған есе артық, сақадай сай қаруланған әскердің қалпағын теріс айналдырып жіберді? Халықтың ерлігі мен жанкештігін есепке алмаймыз, себебі ондай қасиет өз ұлтымызда да баршылық деп сенейік.
Олай болса, Қызыл әскердің сақылдаған пулеметі мен темір сауыт қаптаған танкілеріне заманауи зеңбірегі де жоқ ел не шара қолданды? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ: ол – фин халқының елі үшін құрбан болуға дайындығы және жұрттың басым көпшілігінің атадан мұра болып келе жатқан кәсібі – аңшылықты жетік меңгеруінің арқасы деуге болады. Фин халқының басым бөлігі аңшылықпен айналысады, олар күнделікті қаруды сақтау, ұстау, қолдануға әбден машықтанған. Соның арқасында жау мыңдаған зеңбірекпен оқты қарша боратқанда, олар сасқан жоқ, керісінше, аңшылықтағы шеберліктерін пайдаланып, жауды алдап, адастырып, тұтқиылдан соққы беріп, оңай жеңісті көздеген жауды ойсыратты. Оған әрбір финнің өз жерін және табиғатын жақсы білуі де қолғабыс болды.
Ал біздер ше? Ұлтымыздың ұлдары батыр екеніне күмәнім жоқ, оны кешегі Қаңтар айқын көрсетті. Десе де, жарылған зымыранның, жалап өткен оқтың, айналадағы айғай-шудың біздің отан қорғаушыларымыздың бойында үрей тудырып, дәрменсіздік тулатпас па екен? Себебі атылған оқтың даусына да құлақ пен қан үйренуі керек емес пе!
Үкіметтің айтуынша, біздің әскер кез келген жауға тойтарыс беруге дайын дейді. Бірақ біздің елде бар болғаны 40 000 адам әскер саласында қызмет ететінін ескерсек, біз тек оқшауланған қақтығысқа ғана дайынбыз, ал жалпы соғыста біз дәрменсізбіз. 7500 шақырым шекарада қоян-қолтық ұрыс жүргізу үшін, біздің халық толықтай әскери жұмылдырылып қана қоймай, білікті әскери сарбаз болуы керек.
Ал әр азаматтың жауынгерлік-сарбаздық біліктілігіне қалай қол жеткізуге болды? Менің ойымша, ер жігіттің жеті қазынасының бірі – берен мылтығын (әскери қаруын) үйінде сақтау құқығын беру керек деп есептеймін. Әрине, міндетті түрде қойылатын талаптарды ескеру керек. Сөйтіп, өз ішіміздегі жаулар да, сауатсыз қызу қандылар да ол қарудан аулақ болуы керек.
Ал іріктеуден өткен азаматтар аумақтық қорғаныс (территориальная оборона) күштерінің негізі болуы керек. Аяқ астынан қимыл керек болса, сол азаматтар өз көшелерінің, ауылдарының, не белгілі бір аумақтардың ерікті қорғаушыларына бір сәтте айналуы керек. Жұмылдыру іс-қимылдары бітіп, әскер құралып, жауға қарсы тойтарыс іс-қимылдары басталғанға дейін ерікті қорғаушылар қорғаныс күштерінің бір бөлігі бола алатындай дәрежеде болуы керек. Басқаша айтқанда, дәл осындай сценарий орын ала қалса, біріміз айға, біріміз сайға жүгіріп жүргенде, еліміздің тас-талқанының шықпасына еш сенім жоқ.
Еліміздің батыры Бауыржан Момышұлы атамыздың «Жау – тек жаудың қанын татқанша ғана қорқынышты» деген. Бастысы – бойымызда жауға деген өшпенділік пайда болып, ата-бабамыздың рухы жігерлендіргенге дейін тойтарыс бере алсақ, біз үшін алынбас қамал қалмайды. Қақтығыстың бастапқы екі-үш аптасында жұмыла білсек – болғаны, ал ондай ұйымдастыру жұмыстары үшін қаруланған халық өз үлесін қосары анық!

Олжас ӘБІЛҚАЙЫР