Суббота , 19 апреля 2025

ҚЫТАЙДЫҢ СҰМ САЯСАТЫ

МЕН АРАМ ПИҒЫЛЫ

Қытай қағидаларының сыры мен қырына болашақ тұрғысынан байыппен қарап, терең үңілмей, Аспан асты елімен көпжақты қатынастарға бару – жеріміз, Отанымыз үшін қауіпті. Сондықтан мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан Қытайдың жымысқы сыртқы саясатын ұғынып, түсіну, алдын ала зерттеп, зерделеу – қазақтың алдыңғы қатарлы, болашақты болжай білетін интеллигенциясының міндеті, қасиетті парызы. Егер бүгін байыбына барып алмай, Қытайға еліміздің қақпасын айқара ашатын болсақ, ертең қайтара жаба алмаймыз.

Бірінші қағида – халықты бақылау мен басқару «Баоцзя» жүйесі көне заманнан басталып, қоғам өмірінің бұлжымас заңы, өзара аңду, жаппай тыңшылық, қытай халқының қанына сіңген, санасын билеген, табиғи болмысын білдіретін ұлттық ерекшелігіне айналған.

Біздің дәуірге дейінгі уақыттан 400 жыл бұрын қытай билеушісі Шин Ян халықты 5-10 жанұядан тұратын топтарға бөлуді бұйырды. Мақсат – топ мүшелерінің арасында бәсекелестікті, бақталастықты қалыптастыру, адам санасынан сенім, мейірім деген ұғымдарды жойып, тек билікке ғана сенуге болатынын білдіретін, жеке адамның тыныс-тіршілігін, көзқарасын қадағалауға мүмкіндік беретін жүйені өмірге енгізу.

Тәулік бойы әрбір адамды бақылауға алатын жүйенің заманауи негізі – жеке тұлғаны сөзімен емес, ісімен бағалау. Себебі әлеуметтік сауалнамаларда қарапайым халық шындықты айта бермейді, шенеуніктер болса, өмірдің көлеңкелі тұстарын тасада қалдырып, күн жағын көрсетуге тырысады.

«Баоцзя» деп аталған бұл жүйе қазір бейнебақылау құралдары, сандық технология және жансыз роботтар арқылы іске асырылады. Мысалы, банктен алынған несиені уақытында қайтару, коммуналдық төлемдерді, салықты кешіктірмеу – бағалау көрсеткішін жоғарылатады, кешіктірсе – төмендейді. Көшедегі жолайырығынан мүгедек, қарт адамдардың өтуіне көмектессе, көрсеткіш көтеріледі, қоқыс салатын жәшіктерді шатастыру – теріс баға. Ары қарай, арнаулы робот оң және теріс көрсеткіштердің қосындысынан ортақ бағаны шығарады. Жемқорлықпен, тамыр-таныстық, жең ұшынан жалғасумен күрес қаруына айналған «Баоцзя» жүйесі шенеуніктер мен бизнес өкілдеріне аса қатал. Баға көрсеткіші теріс шенеунік жылжымайтын мүлік, жер сатып алу құқығынан айырылады, сапарға шықса, оған және жанұя мүшелеріне ұшақтың бизнес класына, поездың жайлы вагондарына билет сатылмайды, төрт жұлдыздан жоғары қонақ үйлерінің, мейрамханалардың есігі жабық, балалары сапалы білім беретін ақылы мектептерге бара алмайды. Бизнес өкілдері, мемлекеттік тапсырыспен берілетін байқауларға қатыстырылмайды, арзан несие туралы армандаудың да қажеті жоқ.

Жарылқау – баға көрсеткіші оң шенеуніктерге қызмет баспалдағында жоғарылауға мүмкіндік беріледі, бизнес өкілдері банктен арзан несие алып, саудада мемлекеттің қолдауына ие болады. Оң бағаға ие болған қарапайым адамдар үшін ұшақ, поезд билеттері 25 пайызға арзандайды, несие пайызы сезінерліктей төмен болады, жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғарылап, кәсіби біліктілігін көтеру тегін болады.

Сыртқы тәртібі осындай болған «Баоцзя» жүйесінің ішкі қырлары, адам құқығын барынша шектеу, жеке өміріне араласу.

Жүйені жетілдіру, халықты бақылауды күшейту үшін, Қытайдың қауіпсіздік министрлігі 2015 жылы адамның бет-әлпетіне қарап, жүрісін бақылап, тұрған орнын бірнеше секундтың ішінде анықтайтын құрамды, құрал тетіктерімен қалаларды жабдықтай бастады.

Күтілгеніндей, «зиянкестік әрекеттермен күрес» деген желеумен алғашқылардың бірі болып бақылау құралдары 10 миллионнан астам мұсылман халқы тұратын Синьцзян-Ұйғыр ауданына орнатылды.

Бақылау жүйесінің көмегімен анықталатын, егер жергілікті тұрғын, билік бекіткен бағыт, үй-жұмыс-базар-дүкендерден 300 метрге ауытқитын болса, қайда, кімге, неге барғаны туралы милицияға түсінік беруге міндетті. Жауапқа жанұя мүшелері де тартылады, тәртіп бұзушы жазаланады.

Әлемдегі адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдардың пікірінше, жүйе – ХХІ ғасырдағы жабайылық. Батыс Еуропа, АҚШ барлау орталықтарының мәлімдеулерінше, Аспан асты елі бұл жүйені жуықтағы жылдары көршілес елдерге, алыс болашақта жер шарына жаппай таратуды көздеп отыр. Меже – сырт мемлекеттерге өмір сүрудің қытайлық қағидаларын енгізіп, әлемдік үстемдікке ие болу, халқын Қытайдан шет аймақтарға қоныстандыру.

Басқыншылық саясатын іске асыру жолында Бейжін қытайларға тән емес «мырзашылық» көрсетуде. Оның ішінде бейнебақылау тетіктерін, құралдарын төлемсіз тарату, өзге елдерге орнату және олармен жұмыс істейтін мамандарды дайындау тегін. Қытайлық жүйені әзірге қабылдағандар – Никарагуа, Боливия, Эквадор, Танзания, Мозамбик, Монғолия және Қырғызстан.

Қытай тарапынан қойылатын шарт біреу ғана – бұл елдердегі батыстық компьютерлер желісі, электроника, түгелдей қытайлық құралдармен алмастырылады. Сонымен Қытай «тегін ірімшік тышқан ұстайтын қақпанда ғана болады» деген мақалды ұмытқандардың ішкі өмірін, өндірісін, қарулы күштерін бақылауға алады. Ол мекемелер Қытайсыз тырп ете алмайды.

Екінші қағида – «өзгенің жеріне жұмсақ ену, соғыссыз басып алу». Осыдан 2,5 мың жыл бұрын Қытай философы Сун-Цзы «Соғыс өнері» атты еңбегінде былай деп жазған: «Жауыңды соғыссыз тізе бүктіріп, жерін басып алу – жеңістің шырқау шыңы». Бүгінгі Қытайдың сырт елдерге «жұмсақ ену» саясаты ежелгі қағиданың айнасы іспеттес. Жолы – өндіріске инвестиция салу, арзан несие беру, жерді ұзақ мерзімге жалгерлікке алу, бірлескен кәсіпорындар құру.

«Жұмсақ ену» жолы – 2013 жылы Қытай басшысы Си Цзиньпин ұсынған, 70 мемлекетті қамтитын «Бір белдеу, бір жол» жобасы. Жобаның стратегиялық шешімі – «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық қатынас жолдарын салумен, Шанхай қаласын, шығыстағы кемежайларын Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Иран және Түркия жерлерімен жалғастыру, ары қарай Балқан түбегіндегі мемлекеттерді көктей өтіп, Франция кемежайларына шығу. Ұзақ уақытқа созылатын жоспарлы мақсат – әйгілі «Жібек жолына» бәсекелес бола алатын, экономикасының күре тамырына айналатын жолдар арқылы жобаға енген мемлекеттерден шикізат, табиғи қорлар, қазба байлықтарын еш кедергісіз Қытайға жеткізу, қарсы бағытта дайын бұйымдарын, халқы тығыз орналасқан, сатып алу қабілеті жоғары Еуропа елдеріне тасымалдау.

Жобаны жеделдетіп іске асыру Қытай үшін аса маңызды. Егістікке жарайтын жері ел ауданының небәрі 10-12 пайызы ғана, қалғаны тау, шөл, шөлейт. Қытайдың үрдіс өсімді халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге, жұмыс орындарын сақтап, әлеуметтік мәселелерді шешуге ішкі табиғи мүмкіншілігі жоқ. Жағдайды келешекте ушықтыратын тағы бір мәселе – соңғы оншақты жылдағы Қытай экономиканың өсуі, құрылыс саласының қарқынды дамуы. Қоршаған ортаға немқұрайлы көзқарас жер бетінің бейнесін өзгертіп, елдегі өзен, көлдердің жартысынан астамы жоғалып кетуіне әкелді, қалғандары да ұзаққа бармайды.

Егістіктен аз уақытта мол өнім алу үшін химиялық тыңайтқыштарды жаппай пайдалану, агротехникалық шараларды сақтамау, топырақтың құрамын өзгертіп, өнім беру қабілетін жоғалтқан кешегі құнарлы жерде бүгін арамшөптер де өспейді.

Құнарлы жерлерінен, су көздерінен айырылған шаруаларды Аспан асты елі амалсыз, үйлер салынып, қаңырап бос тұрған қалаларына көшіруге мәжбүр болды. Соңғы жылдары бірнеше жүз миллион қытайлықтар қалаларға қоныс аударды. Ішкі көші-қон мәселесін шешу, өзге халықтарды қытайлықтарға айналдыру мақсатында Ішкі Қытайдан бізбен шекаралас Синьцзян-Ұйғыр ауданына 100 миллион адамды көшіру шаралары іске асырылуда. Осы арада ескеретін нәрсе – осыншама халықтың өмір сүруіне орасан зор, көп мөлшерде тұщы су қажет болады. Қытай жерінен бастау алатын Ертіс, әсіресе Іле өзенінің таяу болашақта қазақ жеріне жетуі екіталай.

Жер, су бөлісінде Қытай ешкімге есесін жібермейді. Кеңес Одағы тарағаннан кейін, оның құрамында болған Қырғызстан – 12 шаршы шақырым, Тәжікстан – 1200, Қазақстан – 407, Ресей – 337 шаршы шақырым жерін Қытайға берді. Қытай өз жерінен Индияға өтетін ортақ өзен Брахмапутраның суын бөгеп, үнділік шаруаларды сусыз қалдырды.

Жыл өткен сайын күрделеніп келе жатқан өмірлік мәселелердің Қытай үшін шешімі біреу – өзгелердің жеріндегі шикізат көздерін, табиғи қорларын, жер қойнауындағы қазба-байлықтарын қытай иелігіне алу. Осы жоспарды іске асыру үшін, Қытай алыстағы Аргентина, Латын Америкасы, Африка құрлығынан тартып, солтүстіктегі Финляндия, Балтық жағалауындағы елдердің біраз жерлерін жалгерлікке алған. Ресейдің Сібір, Қиыр Шығыс аралығындағы көптеген аудандарына Қытай диаспорасы тығыз орналасқан. Ондағы қытайлықтар жаппай Ресей азаматтығын қабылдауда. Ол үшін оларға Бейжін ақшалай көмек береді деген сыбыстар бар. Қытайдың географиялық картасында Сібір, Қиыр Шығыс – Қытайдың уақытша жоғалтқан жерлері деп көрсетілгенін ескерсек, енді бұл аймақтан қытайлықтарды ығыстырып шығаруға Ресейдің шама-шарқы жете қоймас. Ресей жерінде Қытайды аса қызықтыратын әлемдегі ең үлкен тұщы су қоймасы – Байкал көлі. Оны игеруді Қытай бүгіннің өзінде қолға алған.

Батыстық баспасөздің мәліметтерінше, ықпалды Қытай диаспорасының көп тараған елдері – АҚШ, Бразилия, Австрия, Канада, Сингапур, Қазақстан, Австралия.

Диаспораның міндеті – «жұмсақ ену» саясатын жүргізу, қытайлық құндылықтарды енгізу, тұрған жерлеріне отандастарын тарту, тіршілік кеңістігін ұлғайту. Ең қауіптісі – жергілікті тұрғындардан кәсіби, ақылды тыңшыларды дайындау, елді іштей іріту. Осындайда ұлы Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең – істің бәрі бос» деген дана сөздері ойға оралады.

Жерлерінде жемқорлықпен аяусыз күрес жүргізетін, тұзаққа ілінген шенеуніктерді, атағына, еңбегіне қарамастан өлім жазасына кесетін Қытай диаспораның сырт елде жемқорлықпен айналысуына көзін жұма қарайды. Өйткені жүйелі жемқорлық жайлаған елде ешқандай даму болмайтыны, халқы рухани күйзеліске ұшырап, басқару билігіне сенімін жоғалтатыны бесенеден белгілі. Ондай іштей бірлігі жоқ мемлекеттермен келіссөз жүргізу, айтқанына көндіру оңай болатынын Қытай жақсы түсінеді. Іске асырылуы байырғы әдіс – биліктің әртүрлі деңгейіне Қытайдың мүддесін қорғап, сойылын соғатын ұлт сатқындарын енгізу, саясатын дәріптейтін ақпарат көздерін қолдау, көмек беру.

Қытайдың «жұмсақ ену» саясатының және бір көрінісі – инвестиция құю, арзан несие беру және ортақ кәсіпорындар құру. Арзан несие беру тәсілімен Қытай Африка құрлығындағы АҚШ, Канада компанияларын ығыстырып шығарып, өз компанияларына жол ашты.

Алмақтың да салмағы бар. Бүгінде «Бір белдеу, бір жол» жобасына енген мемлекеттердің басым көпшілігінің Қытайға несие берешегі бар. Несиені қайтаруда Қытай ымырасыз, кешірімді білмейді. Тәжікстан, Қырғызстанның Қытай несиесін қайтаруға қауқары жоқ.

Несиені қайтара алмаған Африкадағы шағын мемлекет Шри-Ланка борыш өтеуіне стратегиялық маңызы үлкен, ұлттық мақтаныштары «Хамбантота» кемежайын Қытайға 99 жылға жалгерлікке беруге мәжбүр болды.

Қытай шетелде жұмыс істейтін компанияларына барынша қолдау көрсетуге тырысады, қорғайды. Сырт елдерге салған инвестициясын, несиесін қорғау мақсатында Қытайдың әскери базалары Пәкістанда, Бангладеш, Мозамбик, Иран, Араб Эмираттары, Сомали, тіпті әскери ұйым НАТО-ға мүше Түркия жерінде де орналасқан.

Әдеттерінше, Қытай қорғанысы әлсіз, несие қарызы бар мемлекеттердің ішкі өміріне араласа бастайды, саяси шешімдеріне ықпал жасауға тырысады.

Жаратылысында қытай – өте өзімшіл халық. Ұлттық ұрандары «Қытай бәрінен де жоғары» деген ұғыммен өмір сүретін қытайлықтар қай елде тұрмасын, азаматтығын қабылдамасын, нендей кәсіппен айналыспасын, ешуақытта өздерінің қытайлықтар екенін ұмытпайды, тарихи отанының мүддесін қорғайды. Басқалардың ұлттық құндылығын, тілін, дінін қабылдамайды, өткеніне үңілмейді, болашақты ойлайды.

Қытайдың «жұмсақ ену» қағидасын іске асырудың және бір бағыты – трансферт технология саясаты. Іске асыру тәсілі – Қытай компартиясы Орталық Комитетінің пленумында қабылданған шешім – ескі технологияға негізделген, арзан өнімдерді шығаратын кәсіпорындарды шетелге көшіру. Саяси астары – отандық өнеркәсібі кенжелеп қалған мемлекеттердің халқын күнделікті күйбіңнен артылмайтын, ғылым, білімді, жоғарғы технологияны қажет етпейтін кәсіппен айналысуға бағыттау, ұлттық интеллектіні шектеу, өзіндік ғылым, технологиясының дамуына жол бермеу.

Бұл адам санасын билеу, технологиялық арақашықтықты ұзарту саясаты алғаш рет Синьцзян-Ұйғыр ауданында сыналды, тиімділігі байқалды, ендігі жоспар – бірінші кезекте несие берешегі бар мемлекеттерге енгізу.

Әлемдегі халық санының өсуінен жер шарындағы шикізат, табиғи қорлардың сарқыла бастағанын, тұщы су жетіспеушілігінен адамзаттың өмір сүруіне қолайлы аймақтардың тарыла бастағанын байқап, «Жыртқыш болмасаң, жыртқышқа жем боласың» деген мақалды есінен шығармайтын қытайлық «жұмсақ ену» қағидасы – келешекті болжаудың, алдағы іс-әрекеттің үлгісі.

Үшінші қағида – «майлы су жат жұртқа кетпеуі керек».

Қытай туризмі. Әлемдегі әрбір бесінші турист – қытайлық. Халықаралық туризмді зерттеу институттарының болжамдарынша, 2030 жылға қарай қытайлық туристердің жылдық саны 400 миллионға жетуі мүмкін.

Қытай туристерінің санын шектейтін жағдай – олар көп баратын Венеция, Барселона, Дубровик, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында қытайлық туристердің келуіне жергілікті халықтың қарсылығы күшейіп келеді. Себебі – олардан қала бюджетіне түсетін қаржы тым мардымсыз.

Қағида бойынша, әуежайда туристерді қарсы алатын автобустардан бастап, қонақүй, мейрамхана, асхана, баратын дүкендер, қаланы таныстыратын гидтерге дейін қытайлық болуы шарт. Сонда жат елде жұмсалған қаржы, қайтадан Қытайға оралады. Екінші жағынан, Санкт-Петербург қаласына орналасқан қытайлық туризм фирмалары қала каналдарындағы қайықтарды, Балтық теңізіне баратын теплоходтарды, тарихи орындар – патша сарайы, Эрмитаж билеттерін алдын ала сатып алып, көтерме бағамен сатуды пайдалы бизнеске айналдырған. Нәтижесі – өзгенің заңдарына көңіл бөлмейтін, салықтан жалтарудың сан түрлі әдісін меңгерген қытайлық фирмаларға бәсекелес бола алмай, заңмен қызмет атқаратын жергілікті туристік фирмаларға қызметін тоқтатуға тура келуі.

Сондықтан Қазақстанға қытайлық туристер көптеп келсе, қазынамыз юань, доллар, евроға толып, ұртымыз майланады деп күту – жаңсақ пікір, тұлыпқа мөңіреген бұзаудай болып қаламыз.

Бабаларымыздан мирас болып қалған ұлан-байтақ жеріміздің қойнауын қопарып, келешек ұрпақтарымызға аса қажет болатын қазба байлықтарды арзан шикізат есебінде елдеріне жіберіп жатқан қытайлық компаниялардың іс-әрекетіне, қазақстандықтарға деген пиғылына зер салсаңыз, Қытай бар жерде, Қазақстан жоқ.

Қызметкерлерінің өзара Қазақстан және қазақтар туралы айтқан әңгімелерін естудің өзі қорқынышты. Сұрақ – Қытайдың қазақ жерінен не алатыны, нені көздейтіні белгілі, ал Қытай Қазақстанға не береді? Қойнауы қазынаға толы ұлан-байтақ жері, табиғатында талантты халқы бар Қазақстан Қытайсыз да өмір сүре алады. Тіпті су қауіпсіздігі мәселесін де Қытайсыз шешуге болады.

Қытай қағидаларының сыры мен қырына болашақ тұрғысынан байыппен қарап, терең үңілмей, Аспан асты елімен көпжақты қатынастарға бару – жеріміз, Отанымыз үшін қауіпті. Егер бүгін Қытайға еліміздің қақпасын айқара ашатын болсақ, ертең қайтара жаба алмаймыз.

Тоқтамыс Мендебаев,

техника ғылымдарының докторы, профессор

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн