Елімізде азаматтық белсенділерді қудалау науқаны күшейген сайын, президент Қ.-Ж. Тоқаев жария еткен «Жаңа Қазақстан»-ға деген сенім сағым секілді алыстап барады. Әрине, мемлекет бірінші кезекте күшті болу керек деген тұжырымды жоққа шығармаймыз. Бірақ мемлекет өз күшін өз халқына емес, сол халықтың сыбағасын жылдар бойы жеп келген «Назарбаев дәуірінің» шенділеріне қарсы көрсетсе, құп болар еді. «Жаңа Қазақстан»-ның болашағын уақыт көрсетер десек те, осы күнгі қудалау мен қысым сол болашақты бұлыңғыр етуде. Осы мәселе бойынша кезекті айыппұлын арқалаған қоғам қайраткері, журналист Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫН әңгімеге тартып, біраз сөз тарқаттық.
– Рысбек аға, сізге «тіркелмеген қоғамдық бірлестікке басшылық жасады» деген кінә артып, айыппұл салды. Сіздер қандай бірлестік құрған едіңіздер? Оны неге тіркетпедіңіздер?
– Жалған айып тағып, қоғамдағы белсенді азаматтарды қудалау барған сайын үдеп барады. Ол Қазақстандағы авторитарлық-диктаторлық жүйені сақтап қалғысы келетіндердің айықпас дертіне айналды. Біз ешқандай да қоғамдық бірлестік құрған жоқпыз. Құрылмай жатып, оны неге тіркетпедің деу, жоқ бірлестікке басшылық жасадың деу – ащырақ айтсақ, ақымақтық. Барып тұрған заңсыздық! «Медеу ауданының ЖПҚБ УПИ полиция майоры Е.М.Абдрахманов» дегеннің қолы қойылған хаттамада: «Сәрсенбай Рысбектің іс-әрекетінен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 489-бабының 9-бөлігінде көрсетілгендей жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы қарастырылады, яғни Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген, сол сияқты қызметі тоқтатыла тұрған немесе оған тыйым салынған қоғамдық, діни бірлестіктердің қызметіне басшылық жасағандығы анықталды» делінген екен. Ол майордың пайымдауынша, бірлестікті «Халықтық парламенті» деп атаппыз. Алматы қаласының Әділет департаменті мұндай бірлестік тіркеуде жоқ екендігін растапты. Жоқ нәрсенің тіркеуден өтпейтіні бесенеден белгілі.
– Ал сіз жоқ бірлестікке қалайша басшылық жасап жүрсіз?
– Соны сотта полицияның жазалаушысы түсіндірсе болар еді. Бірақ майор Абдрахмановты сотқа шақырту жөніндегі біздің өтінішімізді Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қожахметова қаперге алмады. Құрылмаған бірлестікке басшылық жасамағанымды, оның мүмкін еместігін әккі судьяның құлағына жетерліктей құйдық, санасына сіңірдік. «Халық парламенті» (майор жазғандай «Халықтық парламенті» емес) – ол жиналыстың атауы. Кәдуілгі көпшіліктің басын қосып өткізілген жиын. Ол қандай да бір саяси ұйымның немесе бірлестіктің атауы емес. Абдрахманов жиналыс пен бірлестікті айыра алмай ма, әлде жоғарыдан тапсырма алған соң, жиналыстың атауын бірлестіктің аты деп белден басты ма, әйтеуір жоқтан бар жасаған ғой. «Бағана болса болғаны, жазалайтын заң бабы табылады» дегеннің кері. Біз мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаевпен бірге «Халық құрылтайы» деген атпен үш рет жиналыс өткізген болатынбыз.
– Иә, 2019 жылы Астанада, одан кейінгі жылдары Алматыда сіздер ұйымдастырған, әрқайсысына 300–450 адам қатысқан, әлеуметтік желіде кеңінен таралған ол құрылтайлар есімізде. Алғашқысында президент сайлауына бойкот жарияладыңыздар, Тоқтар Әубәкіров пен Ринат Зайытовтың сайлауды жақтаған сөздеріне құрылтайға қатысушылар қарсы шықты. Ол жиын Қосановты қолдамады. Сіздерден кейін басқалар құрылтай жиындарын өткізді. Бірақ ол жиналыстар үшін дәл қазіргідей ерекше қудалау байқалмады. Ал Халық парламенті жиналысына неліктен шүйліге қалды?
– Оның бірнеше себептері бар. Біріншіден, Халық парламенті жиналысына қатысушылар – негізінен көпке танымал адамдар, еліміздің саяси-қоғамдық өміріне белсене араласқан, өздерінің атқарған жұмыстары арқылы көпшіліктің сенімін иеленген, қолдаушылары бар қайраткерлер мен белсенділер. Олар өзіндік көзқарастары мен ұстанымдары берік қалыптасқан, мақсаттас, мүдделес адамдар. Билік тарапынан жасалған қудалауларды, қысымшылықты бастан кешкен, біршама шыңдалған, сыннан өткен тұлғалар. Елде саяси өзгеріс жасауды, демократияны орнықтыруды көздеген және оның бәрін іске асыруды өздеріне міндет санаған күрескерлер. Арадағы кейбір жасықтар жылыстап, қатардан шыға бастауы тәбиғи нәрсе. Ол жалпы сапалық құрамға әсер етпейді.
Екіншіден, Халық парламенті жиналысы ұрлықпен, заң бұзушылықпен жасақталған Парламент мәжілісі, сенат, мәслихаттар қолға алмайтын, бірақ қоғам үшін аса маңызды мәселелерді талқылауға кірісе бастады. Биліктің әрекеттеріне нақтылы бағасын беріп, өткір сынға алды. Мәселен, 2022 жылғы 9 маусымдағы, 2023 жылғы 19 наурыздағы сайлауларды авторитарлық-тоталитарлық жүйені сақтап қалудың, демократиялық құндылықтарды қажетсінбеудің нақ өзі деп бағалады, Президент те, Парламент де легитимді емес деп санады. Қайтадан сайлау өткізуді талап етті. Сондай-ақ бұл сайлаулардағы заң бұзушылықтарды талдап, Конституциялық сотқа, Жоғарғы сотқа, Бас прокуратураға жасалған шағымдардың нәтижесіне сараптама жасау көзделді. Сайлаудағы заң бұзушылықтарға қатысы бар сайлау комиссияларын, төрағаларын жұршылық талқысына салу, қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тартқызу, референдум өткізуге, соңғы екі сайлауға жұмсалған миллиардтаған қаржының есебін талап ету, зерттеу жүргізу жоспарланды. Мұның бәрі сайлаулардағы былықтар ашылған соң, қоғамда үлкен серпіліс туғызар еді.
Үшіншіден, Халық парламенті жиналысының алдағы күн тәртібіне қойылатын тақырыптары билікті сескендірді. Мәселен, Сайлау туралы, Саяси партиялар мен бірлестіктер туралы, Жиын бостандығы туралы заңдарға өзгерістер мен түзетулер енгізуге ұсыныс жасау, қоғамдық талқылау өткізу, Жаңа Конституция жобасын дайындау және оны референдум арқылы қабылдатуға халықты жұмылдырып, ықпал ету шаралары өте маңызды және мемлекетті басқарудың президенттік жүйесін парламенттік басқару жүйесіне көшірудің алғы шарттары болып саналар еді. Мұндай ауқымды саяси істерді халықтың өзінің қолға алып, жүзеге асыруға қарекет жасауы назарбаевтық-тоқаевтық жүйенің жақтастарын үрейлендірді.
Төртіншіден, Халық парламенті жиналысында мемлекеттік деңгейде жасалған қылмыстарды әшкерелеу, талқыға салу мәселелерін көтеру қажет делінді. Бұл билік басындағы лауазымды тұлғалардың және оларға ықпал етушілердің ұйқысын қашырды. Назарбаевтың, оның әулетінің, алаяқтардың мемлекеттен жымқырған қаржыларын, кәсіпорындар мен ғимараттарын, кен орындарын қайтарту, қылмыстық жауапкерлікке тартқызу ісіне қатысу, қайтарылған қазынаны халық игілігіне пайдалануды қадағалау туралы жиналыс шешім қабылдаған. Сондай-ақ Халықаралық құқық қорғау ұйымдары арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымында, басқа да саяси-құқықтық мінберлерде қаңтар қасыреті туралы айту, қаза тапқандардың, азапталғандардың, дәлелсіз, заңсыз сотталғандардың, қудаланғандардың ісін қайта қарау да жоспарға енгізілген болатын.
Бесіншіден, сыртқы саясатқа қатысты халықтың көзқарасы мен талабын ескере отырып, мемлекетаралық мәселелерді шешудің өзгеше жолдары ұсынылды. Нақтылап айтқанда, еліміздің экономикалық, саяси тәуелсіздігіне нұқсан келтірген Еуразиялық одақтан, ҰҚШҰ-дан шығу, Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысын айыптау, ол соғысты тоқтатқызу үшін Қазақстан, Орта Азия елдері халықтарының бейбітшілік жөніндегі бірлігін ұйымдастыру, Қытай мемлекетімен визасыз режим енгізуді болдырмау сияқты талаптар қойыла бастады.
Міне, алдына осындай мақсаттар белгілеген, міндеттер жүктеген Халық парламенті жиналысы жұртшылықтың назарын аударды, өзгерістің боларынан үміттендірді, қысқа мерзімде көптеген қолдаушыларын тапты. Сондықтан жаңадан пайда болған саяси оппозициялық, демократиялық күштің қарқын алуына жол бермеу үшін билік ескі тәсілді қолданды. Онысы – жиналысқа қатысушыларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің баптарымен айыптау, қамау, айыппұл төлету. Жазаға тартылғандардың дені кешегі парламент, мәслихат депуттаттары сайлауына кандидат болғандар, әділетсіз, лас сайлауда «жеңілгендер», қоғам қайраткерлері мен белсенділері, сайлауды бақылаушылар, ұлтқа, мемлекетке, ел мен жерге жанашыр азаматтар. Белгілі журналист, Халық парламенті жиналысына қатысушы Думан Мұхамметкәрім жиырма бес күннен үш рет қамауға алынды. Бұл енді билік үшін масқара жағдай! А.Қараев, Л.Ахмедьяров, М.Тайжан, Н.Әлтаев, т.б. да парламентшілер он бес тәулікке отырып шықты. М.Оспанов, И.Иманбай, Қ.Абдуллаев, Б.Адайбаев, А.Дүйсебаева, О.Ержанов, М.Ғалымжанов, А.Назарова, М.Әбдіманапов,Т.Жанысбай, Ы.Тоқтасын 50 есептік көрсеткіш көлемінде айып төлеуге міндеттелді. Маған алғашқысында 120 мың, бұл жолы 345 мың теңге төлеттірмек. Не үшін? Халық парламенті жиналысына, митингіге қатысқанымыз, жоғарыдағы қадау-қадау мәселелердің іске асырылуына, сол арқылы қоғамның демократиялануына, ұлттық, мемлекеттік мүддені қорғауға, тәуелсіздікті сақтауға, жемқорлықты кетіруге үлес қосқымыз келгені үшін!
– Президент Тоқаевты жақтайтындардың қатары сирей бастаған секілді. Керісінше, ашулы, наразы адамдардың ащы айқайы жиі естіліп жүр. Осыны байқаса, Президент саяси қуғын-сүргіннен аулақтап, демократияға ден қоятын болар? Қалай ойлайсыз?
– Белсенділерді жаппай қуғындау шегіне жетті. Демократиялық партияның, Ата-жұрттың, «Алға Қазақстанның» саяси ұйым, партия ретінде тіркелуіне кедергі келтіріп, жолдарын кескені аздай, оларға қатысы бар белсенді атаулыны қудалау тоқтар емес. Жанболат Мамайды алты жарым жылға соттады. Саясатпен, журналистикамен шұғылдануға тыйым салды. Астанадағы Гиннесс кітабына енген отандасымыз, марафоншы Марат Жыланбаевты сот шешімімен екі айға жапты. Митингіге барамын дегені үшін Бекзат Мақсұтханұлын да он бес күнге қаматты.
Осының бәрі 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін күні қарсаңында болып жатыр. Тоқаевтың кәсіби жолы Қытай мен Сингапурда басталғанын және аталған мемлекеттерде авторитарлы қатаң саясат ұстанатынын, диктатор Назарбаевтың тақ мұрагері, шәкірті, Путиннің борышкері екенін ескерсек, оның әкімшілігінен саяси жылулықты күту бекер шығар.
Көшедегі жабайы базарда қызанақ, қияр, алма сататын апалармен алысып, солардың қалтасын қағып, қыдыңдайтын полиция енді саясатта жүргендерді жазалау құзыретіне жетіп, білгендерін істей бастады. Прокурорсыз, сотсыз-ақ 50, 100 есептік көрсеткіш көлемінде айып тартқызуды өздеріне мәртебе санайды. Митингіге шақырсаң да, бармай, үйіңде жат десең де немесе өзім алаңға шыққым келеді десең де – бәрібір кінәлісің. Жазадан құтылмайсың. Әлгі үштік жабыла кетіп, демократияны тұншықтыруға, азаматтық-конституциялық құқығыңды таптауға құлшына кіріседі. Шіркіндердің беті бетонға айналған, ұят, ар әдірем қалған, өздерінің, қызмет берген қожасының, мемлекеттің абыройын ойламайды. Кінәсіз, жазықсыз жазалауды, заңды бетке ұстап, заңсыздыққа баруды олар арам кәсіпке айналдырған. Елді көгертпеген көсемдер мен оның көсеулерін кетірудің қамын тұтас халық болып ойластыратын «Халық парламенті» аталған жиналыс еді. Оны қорғап қалмасаң, ара түспесең, нең қалады, ағайын?! Бұл Президент халыққа пана болмайды!
– Сұхбатыңызға рақмет!