Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бүгінде күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселелердің бірі – ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтық. Білім сапасындағы теңсіздік туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында нығыздап айтқан еді. Осы мәселеге қатысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов мектептер арасындағы алшақтықты жоюдың жолдарын ұсынды.
Оқырманның есіне сала кетейік: Ерболат Байзақұлы – білім беру саласының білікті маманы. Ол депутаттық қызметке келгенге дейін Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры қызметін атқарған.
– «Ауыл баласының білім деңгейі қала баласының білімімен тең емес» деген пікір жиі айтылады. Сіздің ойыңызша, қазіргі жағдай қандай? Ауылдағы білім неліктен құлдырап кетті деп ойлайсыз?
– Деректерге сүйенсек, Қазақстанда 7724 мектеп бар. Оның ішінде, ауылдық жерлерде – 5279 мектеп, қалалық жерлерде – 2445 мектеп бар. Олардың деңгейі қала мектептерінен төмен екені айтпаса да түсінікті. Ел Президенті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында ауыл мен қала мектептері туралы: «Келесі бір маңызды міндет – қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайту. Халықаралық оқушы қабілетін бағалау бағдарламасы (PISA) мәліметтері бойынша, қазір арадағы алшақтық 1,5 жылды құрайды. Балалардың барлығы тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, сапалы білімге қол жеткізуі керек», – деген болатын.
Қазіргі таңда ауыл мектептері болашақ ұлт мектебінің негізін қалаушы болып саналады. Нақты айтқанда, ұлттық білім саясатын жүзеге асыратын мекемелер екені аян. Сөйте тұрса да, бүгінде қала мектептері мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының деңгейі жер мен көктей. Салыстыруға мүлдем келмейді.
– Ендеше бұл алшақтықтың астарында қандай мәселелер жатыр?
– Иә, Президенттің тапсырмасы бар, бірақ ол толық орындалып жатқан жоқ. Дәл қазіргі сәтте ауыл мектебінің білімін қала мектебі біліміне жақындатуға кедергі болып тұрған бірнеше мәселені атап өткім келеді. Біріншісі – кадр мәселесі. Ауылдық жердегі мектептерде білім беріп жүрген мұғалімдердің көбі – зейнеткер. Ал олардың орнына келіп жатқан жас мамандар жоқ. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы бірен-саран медицина және педагог мамандары ғана ауылға барады. Бұл – күрделі мәселені шешпейді.
Жас мамандар ауылдан неге қашады? Себебі ауылдардың көбінде, әсіресе Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірінде инфрақұрылым аз дамыған. Осыған байланысты ол жақтағы мектептердің де жағдайы нашар. Өзге ұлт өкілдері осы өңірлерден жаппай қоныс аударып, мектептер бос қалды. Ал еліміздің оңтүстік өңірінде керісінше, халықтың тығыз орналасуына байланысты мектептерде орын тапшылығы байқалады.
Ауыл мектебінің білім деңгейінің түсіп жатқанының тағы да бір факторы – балаларына жақсы білім бергісі келетін көзі ашық ата-аналар ауылдың мектептерінде жақсы, кәсіби мұғалімдер болмағаннан кейін, амал жоқ, баласының артынан қалаға көшуге тура келіп отыр. Сонымен ауылдың саны тағы да қысқаруда.
Екіншіден, ақсап тұрған тұс – оқушылардың білім алу үдерісіне отырған ортасы, яғни мектептің материалдық-техникалық базасы заманауи жабдықталған болуы, сонымен қатар білім алуға байланысты қажеттіліктерге бөлінетін қаржы көлемі көп мәселенің шешімі болатыны анық. Өйткені мектеп, оның ішіндегі білім алатын сыныбы және ондағы атмосфера, қарапайым тілмен айтқанда, пәндік кабинеттер мен ондағы жиһаздар да үлкен рөл атқарады. Бәрі заманауи болса, әрине, оқушының да ынтасы ерекше артатыны белгілі. Мәселен, лингафонды және мультимедиялық кабинеттің, қала мектебінде қарапайым құралға айналған интерактивті тақтаның, ал модификацияланған кабинеттердің жағдайы тіпті бөлек әңгіме. Ауылдарда мұндай жүйедегі пәндік кабинет жоқтың қасы.
– Дегенмен, ауылдық балаларға бөлінетін оқу гранттары көп, бірақ мұнымен ауылдағы оқудың мәселесі неге шешілмей жатыр деп ойлайсыз?
– Ауылға оқу грантын бөлуде мемлекет кенде емес, әлеуметтік саланы көтеру үшін өз тарапынан барлық жағдайды жасап отыр. Жыл сайын 90 мыңға жуық грант бөлінеді. Бірақ берілген қаржы қалай игеріліп жатыр? Жоғарғы оқу орындарында қандай мамандықтар дайындалып жатыр? Диплом алған маман ауылға неге бармайды?
«Educom» білім беру компаниясының статистикасына сүйенсек, мемлекет қаржысына оқып жатқан студенттердің 70 %-ы мамандық үшін емес, тегін оқу үшін, яғни грант үшін оқуға түседі. Бұл дегеніміз – 70 % түлек мамандығы бойынша жұмысқа тұрмайды деген сөз.
Қазір ауылдағы жастардың басты мұраты – ауылдан кету. Олардың барлығы Астана, Алматы, Шымкентке қарай ұмтылады. Осы жерде де үлкен мәселе туындайды. Сондықтан менің айтар ұсынысым –мегаполистерге бөлінетін грант санын азайтып, оның орнына өңірлерге квота арқылы бөлінетін грантты көбейтуіміз керек. Сондай-ақ аймақтық оқу орнын бітірген түлектер сол жақта қалып, жұмысқа орналасатындай етіп, оларға жағдай жасауымыз қажет.
Мәселенің екінші шешімі – республикадан берілетін орталықтандырылған гранттарды облыс, аудан немесе ауылдық әкімдіктер арқылы үлестіру. Грант кімнен берілсе де, алып бара жатқан айырмашылық жоқ. Екеуі де мемлекеттің қаржысы. Яғни, ауыл әкімі сол ауылға керек мамандықтар бойынша облыстағы оқу орындарымен келісімге келіп, оқушыға грант тағайындайды. Бұл түлекті ауылға алып келудің бірден-бір жолы. Егер «ауылға қайтпаймын» дейтін болса, оқуға кеткен ақшаны бюджетке қайтарып берсін. Үкімет ақшаны жоғары білім алған ауыл баласы ауылға қайтып келсін деп төледі. Міне, менің ұсынысым осындай.
– Сіздің бұл ұсынысыңызды білім беру саласының басшылығы білмей отыр ма, жоқ әлде олар оқу жүйесінің қалыптасқан ескі дәстүрін бұзудан қаймыға ма?
– Сіздің бұл сұрағыңызға орай біздегі қазіргі жағдайға үңілейік. Қазір ауыл түлегі грантты ұтып алады да, 1–2‑курстан кейін оқи алмай, оқудан шығып кетеді. Ал мемлекеттен бөлінген ақша сол университетте қалып қояды. Оқуды бітірген күннің өзінде де, оқып, диплом алған мамандығына бармайды. Яғни, тағы да мемлекеттің ақшасы өзінің мақсатына жетпей қалды деген сөз. Біз осы процесті өзгертпейінше, ауылға жастарды апара алмаймыз. Ауылға жастар бармайынша – ауылдың білімін қаланың біліміне жеткізе алмаймыз. Бүкіл өмірімді осы білім саласында өткізгендіктен, менің пайымдауым осындай.
Ал егер осы істі жасай алмасақ, онда ауылдың тағдыры бұлыңғыр күйінде қала береді. Өйткені 30 жылда 1,5 мыңға жуық ауыл жабылып қалды. Әлі 500-ге жуық ауылдың жай-күйі сұрақ белгісімен тұр. Бұлар ауыл статусын сақтап қала ала ма, қалмай ма? Жыл сайын ауылдағы адамның, яғни тиісінше оқушы санының азайып бара жатқаны осындай сұрақтың шешіміне байланысты болайын деп тұр.
Егер біз шын мәнінде Президенттің 2023–2027 жылдарға арналған ауыл-аймақтарды дамыту тұжырымдамасын орындайтын болсақ, білім саласы бойынша осы бір мәселелерді дұрыс жолға қоюымыз керек. Одан бөлек, қазір қарасаңыз, көптеген жоғары оқу орнына грантқа түсушілердің негізгі бөлігі – қаланың және аудан орталықтарының балалары. Неге? Қалада интернет 100 пайыз ұстайды, аудан орталықтарында 70–80 пайыз ғана болса, интернет жылдамдығы көптеген ауылдарда өте әлсіз, ал кейбір ауылдарда жоқ деп те айтуға болады. Балалар жаңа технологияның көмегімен қосымша білім ала алмайды. Бұл өте үлкен мәселе. Жаңа ақпараттық-коммуникациялық мүмкіндіктермен қарулана алмайды. Өйткені мектептердегі интернет мәселесі шешілмеген.
– ҚР Оқу-ағарту министрлігінің деректері бойынша, ауылдық жерлердегі орта білім беру ұйымдарының 99,3 %-ы интернет желісіне қосылған екен. Бұл сонда өтірік статистика ма?
– Иә, интернетке қосылған ауыл мектептерінің тек 2 013‑і (ауыл мектептерінің жалпы санының 38,4 %) ғана интернет жылдамдығы бойынша Халықаралық телекоммуникациялар одағының талаптарына сай келеді. Бірақ мектептердің басым көпшілігі интернет желісіне 4 Мбит/с жылдамдықпен қосылған, 1 364 ауылдық мектепте (ауылдық мектептердің жалпы санының 26,4 %) интернет жылдамдығы 2 Мбит/с‑тан төмен. Бұндай тасбақа жылдамдықтағы интернетпен кім жұмыс істей алады? Сондықтан ауылдық мектеп оқушыларының цифрлық білім беру ресурстарына қол жетімділігі интернеттің төмен жылдамдығына байланысты шектеулі болып тұр.
Сонымен қатар елімізде бастауыш және орта сыныптардан кейін білімін жетілдіремін деген оқушыларға арнайы мамандандырылған немесе белгілі бір пәндерді тереңдете оқытатын мектептер жүйесі қалыптасқан. Қазіргі таңда жаратылыстану-математикалық бағытта тереңдете оқытатын 90 лицейдің 8 пайызы, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша оқытатын 120 гимназияның 14 пайызы ғана ауылдық елді мекендерде орналасқан.
– Ауылдағы элиталық мектептер жөнінде тіпті сөз жоқ дейсіз ғой?
– Әлбетте, ауыл оқушыларының тереңдете білім беретін оқу орындарында, мәселен, «РФМШ» немесе «БИЛ» мектептерінде оқу мүмкіндігі шектеулі. Аталмыш мектептер негізінен 5 және 7‑сыныптарға дарынды оқушыларды емтихан тапсыру арқылы қабылдайды. Бұл мектептерге түсу үшін, оқушының мектеп бағдарламасынан тыс материалдарды меңгеруі, тіпті кейбіріне түсу үшін, белгілі деңгейде ағылшын тілін білуі шарт. Ал ауыл баласында ондай мүмкіндіктер жоқ. Қазір жеке меншік репетиторлық және оқу орталықтары ақылы негізде мамандандырылған мектептерге оқушыларды дайындау қызметін ұсынады.
Алайда еліміз бойынша табыс деңгейі ең төменгі ауыл тұрғындары үшін балаларын ақылы курстарда оқыту тіпті мүмкін емес. Статистикалық ақпаратқа сүйенсек, мамандандырылған мектептерге түскен ауыл мектептері оқушыларының үлесі соңғы 3 жылдың көрсеткіші бойынша 8 %-дан 25 %-дың аралығында болса, Назарбаев зияткерлік мектептеріне түскен оқушылардың үлесі 8–9 %-дан аспайды. «2022–2023 оқу жылында ауыл мектептеріндегі 1 474 629 оқушының тек 2 915‑і ғана мамандандырылған мектептерге қабылданған. Бұл ауыл мектептері оқушыларының жалпы санының 0,2 %-ын ғана құрайды. Сондай-ақ ауыл мектептері оқушыларының пәндік олимпиадаларға қатысып, жеңімпаздар қатарынан көріну деңгейі де қала мектептеріне қарағанда әлдеқайда төмен.
– Мектептердің жағдайы түсінікті. Ал кәсіптік орта білім беретін колледждердің жағдайы туралы не айтасыз?
– Бұл жақта да шешілмей тұрған мәселе шаш етектен. Қазақстан бойынша 772 колледж бар, онда бүгінгі күнде 531 мың студент білім алады. Оның 80 пайызы мемлекеттік білім грантымен тегін оқытылады. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 90 пайызға жеткізіледі, ал 2025 жылы 100 пайызға жеткізіледі. Яғни, 2025 жылы техникалық және кәсіби білім алу колледждерінде оқитын балалар 100 пайыз тегін білім алады деген сөз.
Енді ойлап көріңіз, 531 мыңның 80 пайызы дегеніміз – ол 400 мыңнан астам бала грантта оқып жатыр деген сөз. Ал енді осы колледжді жыл сайын 180 мыңға жуық балалар бітіреді. Олардың барлығы қазір қайда деген сұрақ туындайды. Не себепті Еуропа елдерінде колледж бітірген студент жұмысқа орналасып, мамандығы бойынша жұмыс істейді де, біздегілердің қайда жүргені белгісіз? Себебі Қазақстандағы жұмыс беруші мекемелердің барлығы өзінің квалификациялық міндеті бойынша жоғары білімі бар маманды таңдайды. Қазір мемлекеттік деңгейде осыған шектеу жасау керек. Сондықтан колледжден кейін бәрі жоғары оқу орнын оқып, қатардағы қызметкер емес, бастық болғысы келеді. Егер ол дипломдар жұмыс жасамай, үйде сандықтың түбінде жататын болса, онда мемлекет не үшін оған миллиардтаған қаржы шығаруы тиіс?! Мәселенің мәні осында.
– Десек те, бүгінгі елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына байланысты жоғары немесе арнаулы білім алу мүмкіндігінен қағылған жастар бар екенін де ескеру керек шығар?
– Әрине! Осыған байланысты дуалды оқыту туралы да айтқым келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын мен Иранға барған едім. Тегеранның жанында үлкен энергетикалық электр орындарына, электриктерді даярлайтын колледжге бардым. Олар әрі оқиды, әрі сол жерде жұмыс істейді, сол жерден ақша табады, жасаған өнімдерін сатады. Ол жерде 60-қа жуық бала оқып жатыр екен. «Осыдан кейін нешеуің жоғары оқу орнына түсесіңдер?» деп сұрақ қойған кезімде, екі-ақ бала ғана қолын көтерді. Қалған 58‑і осы алған білімімен жұмысқа шығатындарын айтты. «Қалғандарың неге жоғары оқу орнында оқымайсыңдар?» деп сұраған кезімде: «Анау екеуі оқимыз деп жатыр ғой, сол екеуі бастық бола берсін. Өйткені бір мекемеде бізге бір бастық жетеді», – деді. Көрдіңіз бе, Иранда қалыптасқан психология қандай?!
Жалпы, колледж деген бізде жоғары оқу орны мен мектептің арасындағы бір қыстырылып қалып кеткен «бос орын» сияқты болып тұр. Осыған байланысты біз уәкілетті мемлекеттік органдармен, қызмет көрсетуші субъектілермен, оқушылармен, олардың ата-аналарымен талқылап, сараптауға қажетті ұйымдастыру іс-шараларын өткізуге дайынбыз. Демек, алдымызға межелі мақсаттар қоя отырып, оларды түбегейлі қарастырып, алтын бесікке баланған ауылдағы орта білім ошақтарының қызмет көрсету деңгейін көтеруге барынша әрекет жасауымыз қажет.
– Азаматтық жанашырлық танытқан сұхбатыңызға көп рақмет!
Дина ӘДІЛ,
«DAT»-тың парламенттік тілшісі