
Үкімет басшысының орынбасары Жетісудағы бірқатар шаруа қожалықтарымен танысты. Ол алдымен Көксу ауданындағы «Каримов» тауарлы-сүт фермасына барды. «Ірі жобалар» бағдарламасына қатысушы, кәсіп иесі Рахым Каримов мәртебелі меймандарды жұмыс ретімен таныстырды. 2018 жылы құрылған серіктестік асыл тұқымды сүтті мал өсірумен айналысады. Балпық ауылындағы тауарлы-сүт фермасында 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Рахым Смағалиұлының айтуынша, ферма жылына 5500 тонна сүт өндіреді. Ал тәулігіне 18 тонна сүт сауылады.
– 2018 жылы «Жетісу» ауыл шаруашылық өндірістік кәсіпорнымен бірлесіп, «400 басқа арналған тауарлы-сүт ферма құру» инвестициялық жобасын жүзеге асырдық. Жобаның құны 1,3 миллиард теңгені құрады. Болашақта инновациялық технологияларды енгізуді жоспарлап отырмыз. Роботтандырылған сауу жүйесін пайдалану да жоспарда бар, – деді шаруашылық басшысы.
Аталған шаруашылық 2021 жылдан бастап 350 бас ірі қара малға кеңейтілген. Жобаның құны 900 миллион теңгені құрайды. Қазіргі уақытта 862 бас ірі қара мал бар. Оның ішінде Дания елінен 136 бас сиыр және немістің «гольштейн» сиыр тұқымы да кездеседі.
ҚР премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин тауарлы-сүт ферманың жұмысымен танысып, алдағы жоспардың жүзеге асуына барынша қолдау болатынын айтты. Болашақта тұрғындар тарапынан арыз-шағым түспеу үшін жаңа технологияны пайдалану қажеттігін жеткізді.
Аймақта жалпы өңірлік өнім 1923,7 миллиард теңгеге жеткен. Өнеркәсіпте 92,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 57,8 миллиард теңгеге жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2,3 есеге ұлғайып, 40,3 миллиард теңгені құрады. Облыс аумағында 65,2 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Биыл ауыл шаруашылық дақылдарының егіс көлемі 7,0 мың гектарға ұлғайтылды. Егіс алқабын әртараптандыру аясында дәнді дақылдар 15,1 мың гектарға, картоп 0,9 мың гектарға қысқарып, қажетті дақылдардың егіс көлемі жалпы 22,9 мың гектарға ұлғайды. Қант өндіру саласын дамыту бағытында, яғни 2026 жылға дейін қант қызылшасының егіс алқабын 15 мың гектарға арттыру жоспарланып, биыл бұл дақыл 12,6 мың гектарға егілді.
Ары қарай жұмыс тобы мал және өсімдік шаруашылығымен айналысатын «Хильниченко и К» шаруашылығына барды. Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылында 1998 жылы құрылған шаруашылық 11000 гектар жер көлемін тиімді игеруде. Қазіргі таңда мұнда 210 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Шаруашылық басшысы Александр Хильниченконың айтуынша, шаруашылық дәнді және бұршақ дақылдарын өсіруге, ұсақ мал және етті жылқы асырауға машықтанған. 1438 гектар егістік жер болса, оның ішінде 264 гектар суармалы және 9562 гектар жайылымды жердің барлығы да тиімді игерілуде. Сонымен қатар бұл шаруашылық – 7196 бас «Этти меринос» қой тұқымын, 565 бас жылқы, 295 бас бие өсіріп отыр.
Кездесу барысында шаруалар ауыл шаруашылығы бағытында көрсетілетін мемлекеттік көмектер, субсидиялар, арнайы техникалар алу үшін қарастырылған жеңілдетілген несиелер және тағы да басқа қиындықтар тудыратын тақырыптарда сұрақтары мен ұсыныстарын білдірді. Өз кезегінде премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин барлық сұраққа нақты жауап қатып, ұсыныстардың ескерілетінін жеткізді.