Суббота , 19 апреля 2025

Бұл – нағыз жауапсыздық емес пе?!

Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВТІҢ назарына

Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатаудың ортасындағы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қорғап, бүгінгі азат ұрпаққа табыстаған ұлан ғайыр Ұлы далада орналасқан Қазақ елі қазір үлкен жолайрықта тұр десек, аса қателесе қоймаспыз. Әлемнің алтыдан бір аумағын иелеген алып империя – КСРО-ның боданынан босап, егемен ел, тәуелсіз мемлекет атанғанмен, одан кейінгі  30 жылда дана бабаларымыздың «тектіден –  текті туады, тектілік – тұқым қуады» дейтініндей, жемқордан жемқор туып, олар ел көлемінде тұтастай жемқор жүйе құрып,   шарасыздыққа негізделген жегі жүйе қалыптасты және әбден шарықтау шегіне жетті. 90 жылдардың орта тұсынан басталған жекешелендіру науқаны кезінде  талай  колхоз, совхоздар мен зауыт-фабрикалар, басқа да өндіріс орындары мен кәсіпорындар, техника мен құрал-саймандар  қанталапай болды. Тіпті халық байлығы  саналатын алып кен орындары мен жердің өзін ауыл әкімінен бастап, үкімет басшысына дейін меншіктестіріп алды, ауылдар азып-тозды, ауыл шаруашылығы күйреуге сәл-ақ қалды. Мұны әркімге дәлелдеп отырудың қажеті жоқ, оны тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы  ең қайғылы оқиға – Қаңтар қасіреті анық көрсетті.

Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жыл, 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында:  «Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды» – деді.    

Осы Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту жөнінде аса маңызды міндеттерді айқындап берген Мемлекет басшысы: «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез-келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады. Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ, мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек» – деп, отандық БАҚ, олардағы идеологиялық майданның алғы шебінде жүрген журналистер армиясының он мыңдаған сарбазы еліміздің жаңаруы мен жаңғыруы жолында қалай қызмет етуі қажеттігін тәптіштеп түсіндірді.

Алайда жергілікті жерлерде бұл жауапты тапсырма,   мемлекет мүддесі тұрғысынан аса маңызды міндет өз деңгейінде орындалып жатқан жоқ. Мысалы, бір облыс екіге бөлініп, 95 жылдық  тарихы бар Алматы облысы қайта шаңырақ көтерген соң әкімдік құрылтайшы болып «Алатау арайы» газеті ашылды. Мен осы газеттің Талғар ауданындағы меншікті тілшісімін. Ал асқар Алатауды жағалай орналасқан бұл аудан халқының саны, экономикалық әлеуеті, туристік тартымдылығы, спорттық кешендердің, демалыс орындарының көптігі тұрғысынан аймақтағы іргелі өңірлердің бірі. Қазіргі кезде ауданда 21 ірі және орта, 75 шағын өнеркәсіп кәсіпорындары бар, оларда   8 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар тамақ, құрылыс, металл өнімдері, жұмыс және тоқыма киімдері, пластмасс өнімдер, кітаптар, журналдар шығарады, жалпы өнім көлемі 90 млрд. теңгеге жуықтап қалды. Сондай-ақ  үлкенді-кішілі 36 туристік нысан бар. 

Құдайдың құтты күні  ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, мәдениет, өнер, спортты айтпағанның өзінде ауданнның қоғамдық өмірінде түрлі жаңалықтар мен оқиғалар болып жатады. Аудандық, өңірлік, облыстық, республикалық мерзімді басылымдар мен электронды ақпарат құралдарының өкілдері сол оқиғалардан хабар дайындап, жергілікті жердегі өзекті мәселерді көтеру арқылы өздерінің қызметтік міндеттерін атқара отырып, олардың ұнамды шешілуіне, Мемлекет басшысы, Үкімет, облыс әкімі жүктеген міндеттердің уақтылы және нәтижелі атқарылуына  өздерінің азаматтық үлестерін қосқысы келеді.

Үлкен өкінішке қарай, көп жағдайда осы ізгі ниеттің орындалуы өте қиын. Себебі аудан әкімдігіндегі ішкі саясат және әлеуметтік мәселелер бойынша жауапты басшылар мен мамандардың, тіпті басқа да мемлекеттік мекемелер жетекшілерінің БАҚ өкілдері, әсіресе газет тілшілерімен қарым-қатынасы өте төмен. Олар көбінесе біз сұраған мәліметтерді айтуға, қойған сұрақтарымызға жауап беруге селқос қарап, журналистермен жүре сөйлеседі. Аудан әкімінің баспасөз хатшысы жиі ауысады, олар тілшілерге баспасөз баянын дайындап  бермек түгіл қашан, қай жерде қандай іс-шара өтетінін де хабарламайды.  Жедел сұхбатты былай қойғанда, мемлекеттік мекеме басшыларынан азын-аулақ мәлімет алудың өзі қиын. Ал жеке меншік мекемелер мен кәсіпорын  басшылары осы құқықтық дәрежесін алға тартып, кәсіпорын аумағына кіргізбейді де. Қаласа сізбен сөйлесіп, қаламаса: «Бұл – жекенің иелігіндегі мекеме, біз сұхбат, мәлімет беруге міндетті емеспіз» деп тұрпайы түрде шығарып салады.

Біз, әріптесім – «Огни Алатау» газетінің тілшісі Фатима Ержанова екеуміз бірнеше кәсіпорында осындай жағдайға тап болдық. Кезінде бүкіл Кеңестер Одағына аты шыққан, бүгінде жекенің қолындағы «Алматы» асыл тұқымды мал зауыты» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне көктемгі дала жұмыстары жөнінде мақала жазамыз деп үш рет барып, бірде-бір мәлімет ала алмай, ақыр соңында атқарушы директорымен  сөз алысып қалдық. Бұл ғой – ұнамды репортаж дайындаймыз деп барғандағы ахуал, егер мәселе көтереміз, сын мақала дайындаймыз деп барсақ қандай жағдайға түсер едік?!

Ал ауданда сын мақалаға сұранып тұрған мәселелер жетерлік. Мұндағы жемқорлық, мемлекеттік тәртіптің төмендігі, қазына қаржысын талан-тараж ету, жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін беру, сапасыз және түйенің етін жеген құрылыс нысандары, жол құрылысы, ондағы көзбояушылық, мектеп асханасында балалардың астан улануы, жұмыссыздық – тағысын-тағы түйткілдер жетіп артылады. Соңғы он-онбес жылдың көлемінде ауданның бірнеше әкімі мен олардың төрт-бес орынбасары,  жер бөлімінің басшылары, ауыл әкімдері жемқорлық және басқа заңбұзушылықтары үшін қылмыстық жауапкершілікке  тартылғанының өзі неге тұрады? Қазір де түйіні тарқатылмаған түйткілдер өте көп. Мысалы, Бесағаш ауылында жылда бірнеше рет топырақ көшкіні орын алады. Оның басты себебі – кезінде тау бөктерлерінде жер телімдері жеке үй салу үшін заңсыз берілген. Облыс әкімі құзырлы ұйымдарға бұл жағдайды тексеруге тапсырма бергенімен оның қалай жүріп жатқаны белгісіз. Халық осылардың бәрі шешілгенін, айыптылар тиісті жазаға тартылғанын қалайды.  Журналистерден осы мәселелер жөнінде жазуды талап етеді. Ұнамды мақала жазамыз деп барғандағы естігеніміз анау, егер бұл тақырыптарды қаузайтын болсақ кім бізге мәлімет беріп, ақиқаттың ашылуына ықпал етеді?!

 Жарайды, шаруашылық – жеке меншік нысаны делік, бірақ ол Қазақстан дейтін мемлекеттің ішіндегі мекеме емес пе? Сонда бұл мекемеде сол мемлекеттің заңдары басшылыққа алынбай ма?! Бір қызығы, басшылар да да, қосшылар да жоғарыдан депутат, министр, облыс әкімі, блогерлер не тексеру келсе бүлкілдеп алдарына түсіп, құрдай жорғалап кетеді. Тіпті, ретін тауып, сол шенділердің сөйлеген сөзін жазып алуға ұмтылған журналистерді өздерінше тәртіпке шақырып, жағымпазданып қалуды да ұмытпайды! Ал идеологиялық жұмыс, газет-журналдарды насихаттау, оларға  жазылуды ұйымдастыруға келгенде «ешкімді мәжүрлеп жаздыра алмаймыз» дегенді желеу етіп, мардымды жұмыс атқара алмайды. Сонда сайлау, сенбілік өткізуге, жоғары шенділерді күтіп алуға, қажетті-қажетсіз жиналыстарға қатысуға мәжбүрлеуге болады да, адамдар рухани азық алатын, Мемлекеттің саясатын, Президенттің пәрмендерін, Үкімет пен облыс әкімдерінің тапсырмалары мен Ұлттық бағдарламаларды насихаттайтын, олардың орындалуын қадағалайтын, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуге қызмет ететін баспасөзге жазылуға мәжбүрлеуге болмай ма?! Мәжбүрлемей-ақ қойсын, бірақ оның ұлтты біріктіретін, экономиканы, мемлекетті нығайтатын қуатты идеологиялық құрал екенін айтып, саналы түрде жазылатындай жұмыс жүргізуге болады ғой!    

Өз басым, өткен жылы желтоқсан айының басында Талғар ауданындағы Тереңқара ауылында орналасқан «Сегіз көл» демалыс орталығында ауыл еңбеккерлерінің  кәсіби мерекесі – Ауыл  шаруашылығы қызметкерлері күнінде – облыстың аграрлық саладағы еңбек маусымы қорытындыланып, үздіктер марапатталған жиында бүкіл облыс басшылығы алдында ауыл, аудан басшыларынан жаңадан ашылған газетке жазылуда қолдау көрсетулерін өтіндім. Одан бөлек, аудан әкімінің идеологиялық жұмыстарға жауапты орынбасары Айбек Бидаевтың қабылдауында, ол өткізген  аудандағы барлық мектептер мен колледждердің, балабақшалардың директорлары қатысқан үлкен жиында да осы мәселені көтеріп, ықпал етулерін сұрадым. Соған қарамастан ширек миллионнан астам халқы бар бүкіл Талғар ауданы бойынша республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Алатау арайы», «Огни Алатау» газеттеріне жазылған оқырмандардың саны халқы одан екі-үш есе аз Кеген, Нарынқол, Панфилов аудандарынан 10-15 есе кем, бар-жоғы 70-80 данадан аспайды. Сонда отандық мерзімді басылымдар үгіт-насихат және ұйымдастыру құралы ретіндегі өз қызметі мен Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді қалай атқарады?!   Бұл – аудан басшылары, ішкі саясат, әлеуметтік мәселелер, бұқаралық іс-шаралар жөніндегі жауапты қызметкерлер Қазақстан Республикасының Президенті жүргізіп жатқан реформаларға,  соның ішінде идеологиялық дербестік мәселелеріне селқос қарап отырған жауапсыздық, тіпті астыртын қарсылық емес пе?!

Осы ойларымызды айтып, бір топ журналист – «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің меншікті тілшісі Ұлбосын Исабек, «Замандас» өңірлік газетінің бас редакторы Гүлбарам Қуанышәлиева, «Алатау жұлдызы» аудандық газетінің бас редакторы Сәуле Құрмантаева, «Огни Алатау» облыстық газетінің меншікті тілшісі Фатима Ержанова және мен қаңтар айында Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбековтің атына  оның орынбасарлары, мемлекеттік мекемелердің басшылары біздің өтініштерімізге жүре қарап, мардымды жауап бермейтін жағдайлар  кездесетінін, осыған орай,   арнайы қабылдап, айтар ұсыныс-тілектеріміз бен өтініштерімізді тыңдауын өтініп хат та жаздық. Ол Электронды үкіметтің eGov.kz порталында тіркелді деген ресми хабарлама да алдық. Екі айдан соң бір жиында әкіммен кездесіп қалып, бұл жайында ауызша да айттық. Бірақ әлі күнге ешқандай жауап жоқ! Біз 40 жылдық тәжірибесі бар ардагер журналиспіз. Қызметке жаңа кіріскен жас әріптестеріміз қайтпек сонда? Бұл – нағыз жауапсыздық емес пе?!

Тереңірек ойлап қарасақ, бұл бір ауданның немесе бір облыстың мәселесі емес. Сондықтан мұны Отанымыздың бас газетіне елдегі мерзімді басылымдарда қызмет ететін бүкіл журналистер қауымына ортақ  түйткіл деп санап, осы хатты жолдағаным дұрыс деп шештім. Оған осы бас газетте жарияланған әріптесім, белгілі журналист Талғат Батырханның «Нөмірдің нүктесі» айдарымен жарияланған:

«Бүгінде беделді мекеме біткеннің бәрінде баспасөз қызметі бар. Бірақ сондағы әріптестеріміз негізгі міндеттерін білмейтін болса керек. Қабылдау бөлмесін алынбас қамалға айналдырған жылмаңдаған көмекші жігіттер мен қылмыңдаған хатшы қыздарға қосылып алып бастықтарын қоғаммен байланыстырмау үшін барын салып бағады. Әсіресе жоғары лауазым иелерімен тікелей тілдесу мүмкін емес. Баспасөз хатшысы бар, басқасы бар, өйтіп-бүйтіп әзірлеген «сырттай» сұхбаттың астына қол қойғаныңды қанағат тұтасың. Журналистерді жолатпаудың астарында қандай сыр жатыр? Әлде әкім-қаралар өздерінің деңгейлерін көрсетіп алудан сескене ме екен?» – деген жазбасы шешуші ықпал етті.

Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсірепов кезінде: «Қай жерде болмасын, халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспаған адам ол азамат емес. Ол – халықтың бірінші жауы!» – деген екен.

Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы азаматтардың талап-тілектеріне, өтініштеріне жедел және тиімді жауап беруі тиіс. Жаңа Қазақстан құру үшін әрбір азаматтың пікірін ескеру керек. Тұрғындар тарапынан көтерілген бірде-бір мәселе назардан тыс қалмайды» – деді.

Мемлекет басшысы сондай-ақ бүкіл түркі жұртшылығының рухани астанасы саналатын Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында: «Шын мәнінде озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» – деген міндет қойды.

Осыған орай «Алатау арайы» басылымында «Газет оқу – мәдениеттің төресі» атты мақала жарияланды. Райымбек ауданындағы Текес ауылының тұрғындары Президенттің «Оқитын ұлт» бастамасын тәуелсіз еліміздің білім көкжиегін кеңейтіп, рухани құралдармен мейлінше қамтып, әсіресе, жастар арасында газет-журнал, кітап оқудың құндылығын арттыру деп түсінетіндіктерін айтып, «Алатау арайы», «Огни Алатау» газеттеріне ауыл болып жазылу арқылы «Оқитын отбасы» челленджін бастап,  Алматы облысының тұрғындарына қарата Үндеу қабылдады.  Сөйтіп, аталмыш газеттерге ұйымшылдықпен жазылу, сол арқылы газет оқу мәдениетін қалыптастыруға шақырды.

Оны іле-шала Жамбыл ауданындағы Таңбалытас ауылының тұрғындары қолдады. Енді облыстағы  ақпарат құралдарының басын біріктіріп отырған «Өлке тынысы» ЖШС-нің жаңа басшылығы мен бас редакторлар басқа ауылдар мен аудандарда да осындай қызықты кездесулер мен пікір алмасулар ұйымдастырып, халықпен тікелей қарым-қатынас орнатып, ұсыныс-тілектерін, толғандыратын мәселелерді тікелей талқылау ұйымдастырмақшы. Тек, жоғарыда айтылғандай, әкім-қаралар деңгейлерін, бет-бейнесін көрсетіп алудан сескеніп, қашқалақтамаса болғаны.

Жоғарыда айтқанымдай, бұл мәселе бір аудан, бір облыс емес, бүкіл елімізге ортақ екені даусыз. Демек оған Президент әкімшілігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі де де бей-жай қарамағаны жөн. Ал нақты мысалдар бір аймақтан келтірілгендіктен,  Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мырза оларға назар аударып, тиянақты жауап береді деп үміттенемін.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,

Мәдениет қайраткері,

Ардагер журналист

Республиканский еженедельник онлайн