Қайбір жылы Астанаға Карл Айдсвог деген америкалық журналист ат басын бұрып еді. «Қазмедиа» орталығында өткен жиында шетелдік мейман «When journalism fails, bad things happen» («Журналистика өз жолынан жаңылса, жамандықтың аты озады») деп айтқан-ды. Кейінгі кезде қоғамды толғандырған мәселелерге қарап отырып, Карл мырзаның айтқаны Қазақстанда айна-қатесіз қайталанып жатыр ма дерсіз.
Журналист этикасы мен моральдық құндылықтарының жазылған һәм жазылмаған ережелері жалпы белгілі. Солардың ішінде ең бастылары: шынайы ақпарат, жаңалықты объективті түрде тарату, әлеуметтік жауапкершілік, кәсіби адалдық, жеке өмірге қол сұқпау, қоғам мүддесін қорғау, тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу. Бұл жерде шынайы ақпарат ретінде мәліметті кем дегенде үш дереккөзден тексеру, фактчек жасау, деректерді бұрмаламау деген секілді міндеттер бар.
Қайда барсаң да – фейк
Кейбір тілшілер мәліметті тексеру кезінде салғырттық танытып жататыны жасырын емес. Әсіресе түрлі сайттарда таратылған фейктердің қақпанына түсіп қалып жатады. Мысалға айтар болсақ, бірқатар бұқаралық ақпарат құралы былтыр Түркия мен Сириядағы қайғылы зілзаладан кейін үш ай өткен соң, үйінді астынан ер адам тірі табылғанын жарыса жазды. Тіпті кей телеарна оны жаңалық етіп таратты. Дереккөз ретінде ешкімге беймәлім телеграм арнаны келтіріпті. Бірақ сол әріптестеріміздің ешқайсысы бұл жаңалықтың рас-өтірік екеніне көз жеткізуге талпынбаған екен. Тіпті сурет арқылы «Гуглдан» да іздеп көрмеген. Тавталогия үшін кешірім өтінемін, кейінірек «Factcheck.kz» сайты аталған жаңалықты фактчек жасап, ондағы айтылғандардың фейк екенін анықтады. Шын мәнінде, үш айдан кейін тірі табылды делінген адамның суреті 7 жыл бұрын түсірілген көрінеді.
Былтыр Абай облысында болған өрт – планетамыздағы ауқымы ең үлкен өрт екені туралы жаңалық шықты. Оны бірқатар белді басылым жариялап үлгерді. Материалда Greenpeace ұйымының картасы да қоса беріліпті. Фейк ақпараттармен күресетін «Factcheck.kz» сайты бұл жаңалықты да тексеріп, оның шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Сондай-ақ Greenpeace ұйымымен хабарласып, көрсетілген картаның да жалған екенін анықтады.
Жоғарыда келтірген мысалдарда журналистика этикасы екі мәрте бұзылып отыр. Сайттар да, телеарналар да ақпараттың анық-қанығына көз жеткізбей, аудиторияға жалған жаңалық таратты. Мұны бір деңіз. Екіншісі, жарияланған материалдардың шындыққа жанаспайтыны белгілі болғаннан кейін оқырман мен көрерменнен кешірім сұраған жоқ. Әрине, журналистің жылдам хабар тарату кезінде асығыстық танытып, қателесіп кету ықтималдығын жоққа шығармаймыз. Дегенмен мұндай жағдайда бұқаралық ақпарат құралы аудиторияға жіберілген қателік туралы хабарлауға тиіс.
Журналистер жаңылысып жатқанда, олардан блогерлер де қалыспады. Facebook, Instagram, Telegram, TikTok секілді әлеуметтік желілердің белсенділері интернет әлемінде тараған қаңқу сөздерге еріп, түрлі фейк ақпарат таратады. Көзі қырағы жіті адам болмаса, олардың қай-қайсысына да сеніп қалу оңай. «Пепси сусыны Израильді қаржыландыруға шақырады», «Роналду Палестинаны қолдайды», «Митталдың сұхбаты», «Коронавирусты ұшақпен шашып жүр» деген секілді түрлі бағыттағы жалған жаңалықтар тарағаны есімізде. Өкініштісі, блогерлердің жүз мыңдаған оқырманы бар. Бәрі болмаса да, көпшілігі мұндай қаңқу сөзге оңай алданып қалады. Мұның бәрі фейк екені талайдан бері белгілі болса да, «фоллоулерінен», яғни оқырмандарынан кешірім сұрап жатқаны жоқтың қасы.
Халыққа хайп керек пе?
Этика мен әдептен аттап, хайп қуған саржағал басылымдар, түрлі ток-шоулар мен подкастар да кең тарап келеді. «Жаға ұстатты» деген желеумен түрлі-түрлі ақпарат жариялайтын сайттар жетерлік. Танымал тұлғалар мен эстрада жұлдыздарының ішкен-жегенін аңдып, олардың әлеуметтік желіге жазған жазбасын пұлдап, күн көретіндер де бар. Бұл аз десеңіз, қоғамға қажеті шамалы тақырыптарды талқылап, тамағы жыртылғанша айтысатын ток-шоуларды көріп жүрміз.
YouTube арналарындағы подкастарда дөрекі сөз, былапыт әңгімелер өріп жүр. Неге? Себебі хайп керек. Әйтпесе көрерменді қызықтыра алмайды екен-мыс. Хайп қуған мұндай әңгімелердің журналист этикасына сай болмауы былай тұрсын, өскелең ұрпаққа тигізер зияны да жетерлік. Сондай бос мылжың мен боғауыз сөзді естіп өскен жастар оны қалыпты жағдай санайтыны анық.
Айтпақшы, осыдан бірнеше жыл бұрын белгілі продюсер Баян Мақсатқызының ауруханада жатқан суретін бірнеше сайт таратып, соңы үлкен шуға ұласқаны есімізде. Осы жерден тағы бір мәселе туындайды. Кей әріптесіміз жедел жаңалық таратқан осы екен деп, жүйкесі әлсіз адамдарға ауыр тиетін видеолар мен суреттерді ешбір ескертусіз, бүркемелеусіз, ашықтан-ашық жариялайды. Тіпті өз-өзіне қол жұмсағандардың аты-жөні, видеосы мен суреті де кейде тарап кетеді. Жасөспірімдер төбелесін де шімірікпестен сайтқа салып жіберетіндер табылады. Мұның бәрі журналистің жеке өмірге қол сұқпау, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу секілді міндеттеріне сай емес.
Ақылы пост жазу – арсыздың ісі
Әлемде қабылданған журналистің жаһандық кодексінде тілші таратқан хабары үшін мүдделі тараптан қаржылай не басқалай пайда көрмеуі нақты көрсетілген. Тіпті қаламсап болса да сыйақыға алмауға үндейді. Мүдделі тараптың шай әперу секілді ұсақ-түйек көрінетін әрекетінен де алшақ жүруге шақырады. Яғни, қандай жағдай болсын, жаңалық таратуда бейтарап, объективті көзқарастан айнымауға тиіс.
Өкініштісі сол – бүгінгі қоғамымызда ақшаға пост жазу үрдісі кейінгі кезде белең алып барады. Қайбір жылы еліміздегі белді мекемеге жаңа басшы келген. Тағайындалмастан бұрын әлеуметтік желілерде оны мақтаған жазбалар бір мезетте жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Бәрі бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай, оның дарынды, мықты менеджер екенін алға тартып, басқарған мекеменің тасын өрге домалататынын аузының суы құрып әңгімеледі. Алайда содан бері біраз уақыт өтті. Әлгі пошта тасушы мекеменің жұмысы алға басып, озық шықты дегенді естімедік. Баяғы жартас күйінде қалып отыр.
Естеріңізде болса, бірнеше жыл бұрын Астанада қалың қар жауып, көшелер уақытылы тазаланбай, тұрғындардың арыз-шағымы жиілеген еді. Сол кезде де блогерлер жұмылып, әкімді мақтап, қар күреу жұмыстары жоспар бойынша жүріп жатқанын жамырай жазды. Кейінірек оларға ақша төленгені әшкере болды.
Бұған дейін «тапсырыспен әлеуметтік желіде пост жазылады» деген әңгіме талай мәрте талқыланды. Кей блогердің мұны ашық мойындағаны тағы бар. Соған қатысты скриндердің желіге тарап, шу болғаны да есімізде.
Келесі мысал. Таяуда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың жан шошырлық әрекетінен кейін қоғам дүр сүлкінді. Біріншіден, кейінгі жылдары елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі өршіп тұр. Жыл сайын жұбайының қолынан жан тапсыратындар азаяр емес. Екіншіден, Бишімбаев бұған дейін жемқорлық бойынша сотталып, мерзімінен бұрын босап шыққан. Яғни, қылмыс жасаған адам ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілініп отыр.
Әлеуметтік желілерде блогерсымақтар мен кей журналист Бишімбаевты ақтап пост жазыпты. Олар марқұмды «ішкіш, өзі кінәлі» деп, күдіктіден назарды бұруға тырысып жатыр. Тіпті экс-министрдің мейірімді, жұбайын жақсы көрген жар болғанын дәлелдеуге тырысып жатқанын да көрдік. Бірақ мейірімді күйеу әйеліне қол көтере ме, жақсы көрген жұбайын өлтіре ме? Осы орайда мынаны айта кеткен жөн. Қуандық Бишімбаевты ақтауға талпынып жатқан блогерлер мен журналистер кезінде демократия құндылығын насихаттап, көпшілік алдында әжептеуір абырой жинаған еді.
Қоғамды дүр сілкінткен оқиғаның басты «кейіпкерін» ақтауға талпыну көзі ашық, көкірегі ояу журналистер қауымын бей-жай қалдырған жоқ. Әлеуметтік желіге өз наразылықтарын ашық жазып жатыр. Бірі тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңды қатайту керек десе, келесілері журналист этикасы бұзылғанын жазды.
Жағымсыз үрдіс жарға жығады
Ақыға пост жаздыру мынандай үрдісті көрсетіп отыр. Шенеунігі бар, «адам өлтірді» деп күдіккке ілінгені бар, бәрі блогер мен журналист жалдап, қоғам пікірін өзгертуге қаржысын аямайды. Осылайша, өзін «сүттен ақ, судан таза» көрсетуге талпынады. Бүгін Бишімбаевтың әрекетін ақтағандар ертең одан да зорын жасаған адамды ақтамайтынына кім кепілдік береді? Әлеуметтік желілер арқылы қоғам пікірін шебер бұруға машықтанғандар бұл қабілетін жымысқы мақсатқа қолданбайды деп ешкім сеніммен айта алмайды.
Мұның екінші жағы бар. Ендігі жерде жалғанды жалпағынан басқандар сатылатын блогерлер мен журналистер арқылы кез келген әрекетін ақтауға, шенеуніктер ісін емес, имиджін жақсартуға тырысады. Соның салдарынан қоғам мүддесін емес, қара бастың қамын күйттеп кетеді. Егер үнемі ақыға пост жаздырып, қоғам алдында атақ-абыройын көтеріп отырса, онда квазисектор, мемлекеттік мекеме басшылары жұмыс істеуден қалды емес пе? Оған қоса, әлгі «жазғышбектердің» ақысын өз қалтасынан емес, бюджет есебінен төлеткізетіндер де табылады.
Енді не істемек керек? Бұған қандай тоқтау жасай аламыз? Қиын сұрақ. Бәлкім, журналистика этикасын нығайтып, оның мәртебесі мен міндетін қайта қараған жөн шығар. Заң жүзінде ақылы пост жазуға тыйым салып немесе ақылы жазбаға арнайы белгі қоюды заңнамалық тұрғыда реттеген жөн болар. Айтпақшы, жақында Ақпарат министрлігі онлайн платформалар жөнінде арнайы бұйрық шығарды. Бәлкім, осы құжат тұсау болар.
Шындықтың бәрі ақиқат емес
Кей әріптесіміз тілші бейтарап болу қажет, екі жақтың да пікірін беруі керек деген журналистиканың қағидатын алға тартады. Алайда олар мына нәрсені ескерген жөн. Ұлыбритания медиа өкілдері ұстанатын impartiality (бейтараптық) деген ұстаным бар. Соған сай, журналист бүкіл жағдайда екі тараптың пікірін беруге міндетті емес. Мұның себебін The Independent басылымының Таяу Шығыстағы жеке тілшісі болып қызмет атқарған Роберт Фиск былай баяндайды.
«Әлбетте, журналист объективті болуға, бір тараптың сойылын соғып кетпеуге тиіс. Бірақ зардап шеккен тараптың жағында болуы қажет. Алда-жалда XVII ғасырдағы құл иеленушілік туралы ақпарат таратсақ, құл саудалағандардың да көзқарасын сұраймыз ба? Фашистік лагерьлер туралы жаңалық әзірлесек, СС-тың баспасөз хатшысының пікірін тыңдауымыз керек пе? Әлбетте, жоқ! Біз жәбір көргендердің оқиғасын баяндаймыз», – деп түсіндіреді Роберт Фиск.
Жастардың айтар өкпе-назы
Таяуда әлеуметтік желіде журналистика факультетінде оқитын бір топ жастың үндеуі жарияланды. Онда еліміздің беделді жоғары оқу орнында оқитын студенттер журналистика саласын халықтың сөзін сөйлеу үшін таңдағанын, алайда алдыңғы буын өкілдерінің хайптың соңынан еріп кеткеніне наразылығын білдіреді.
«Біз кәсібімізді таңдағанда, мамандықты ғана таңдаған жоқпыз. Біз қоғам өміріне пайда тигізетін өмірлік мақсатты таңдадық. Ең бастысы – өз мүддесін қорғай алмайтындардың үні болғымыз келеді… Деректерді бұрмалау, аудиторияны алдау, бітпейтін тапсырыстар, хайп қуалау, ең өкініштісі, қоғамдық пікірді бұрмалау. Міне, қазақстандық журналистиканың қазіргі бейнесі осындай. Егер журналист моральдық құндылыққа, этикаға, әділдікке және объективтілікке арқа сүйемесе, онда басқалардан не күтеміз?» деп орынды сауал тастайды студент жастар.
Журналист қоғамға қызмет етеді
Журналистика өзінің миссиясына адал болуға тиіс. Заман мың құбылса да, журналистің міндет-мүдделері өзгермейді. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «халықтың көзі һәм құлағы» болуын тоқтатпауы қажет. Қоғам игілігі үшін жұмыс істеу – әрбір журналистің міндеті. Ендеше осы мүддеге сай келіп, өзіне жүктелген жауапкершілік жүгін сезініп, Этика мен тәртіп кодексіне сай болуға тиіс.
Қорыта айтқанда, бұл мәселеге ерекше мән беру қажет екені айдан анық. Халқымыз «Ет сасыса, тұз себеді. Тұз сасыса, не себеді?» дейді. Ақиқаттың жаршысы атануға тиіс журналист қауымы ақиқаттан аттап кетіп жатса, онда қайтпек керек? Оқырман, сіз не дейсіз?
Әлихан ҚЫСТАУБАЙТЕГІ