Пятница , 4 июля 2025

«ҚАЗАҚ ДЕСЕҢ,ӨЗІҢЕ ТИЕДІ»…

Егер біреу «Қожа­лар – өте дарақы, өте мақтан­шақ, өте парақор, өте жағым­паз, өте жал­тақ, өте сатқын ру» деп жаз­са, осы руға қаты­сы бар бүкіл жұрт­шы­лық дүр көтеріліп, жазған адам­ды бұ жер­ден түре қуып, түтіп жер еді («қожа­ны» мен мысал үшін ғана айтып отыр­мын, оның орны­на кез кел­ген руды қоя салуға бола­ды). Ал «ҚАЗАҚ сон­дай» десе, «иә, иә, дұрыс айта­сыз, сон­дай-сон­дай!» деп бас шұлғып: «Рас қой, сатқын екені­міз өтірік пе, жағым­паз екені­міз жалған ба еді, жал­тақты­ғы­мы­зды неге жоққа шыға­ра­сы­ң­дар?» – деп өре түре­ге­леді. «Тағы біраз кем­шілі­гі­міз қалып қой­ып­ты, олар­ды неге қос­паған?» деп азы­рқа­нып жүр­ген­дер де бар. Төбесіне біреу жуын­ды төк­се, самай­ы­нан сорға­лаған сулы-сілеңді там­са­на жұтып, «рақат-ай!» деп разы кей­іп таны­та­тын­дар көп екен (бұ да садо­ма­зо­хиз­мнің бір түрі шығар, кім біледі). Жеке­міз­ге шығып, жер-жебірі­міз­ге жетіп, «Жуын­ды­ның дәмін неге ұнат­пай­сы­ң­дар?» деп ұры­сқан­дар да аз емес. Руын жаман­да­са – қар­сы көтерілетін, ата-тегін қорғап, аузы ақкөбік бола­тын адам­дар, Құдай­дың құдіреті, халқын жаман­да­са – «Айта түс! Бәре­кел­ді! Шап!» деп, айты­ста оты­рған­дай қопаң­дап, шабыт­та­на­тын әдет тауыпты.

Өйт­кені қарап отыр­сақ, «қазақ» деген … ешкім емес екен. Оны сына­уға да, балағат­та­уға да, тіп­ті қор­ла­у­ға да бәрінің құқы бар екен. Бұрын қор­лы­қты кеңе­стік орыс өкі­меті­нен, сосын без­бүй­рек­ті­гі жөні­нен сол кеңе­стік оры­стан кем түс­пей­тін «кеңе­стік емес-міс» қазақ билі­гі­нен көр­се, енді оны ерін­бе­ген екінің бірі езгілеп, әріп тани­тын адам­ның бәрі «әлім­жет­тік жасай­тын» болып­ты. «Фейс­бук­те­гі» адам­дар­дың бәрі жақ­сы, тек қазақ қана жаман екен. «Қазақ» деген – ешқай­сы­мы­зға қаты­сы жоқ, әйте­уір бір абстракт ұғым екен, тілі қышы­ған­ның бәрінің тіл­де­уіне ғана лай­ы­қты бір бей­ша­ра екен.

«Аты-жөні, түр-түсі жоқ осы бір абстрак­тілі қаза­қты» қара­ла­удан оңай іс бол­май тұр. Оған ешкім намыстан­бай­ды, өре түре­гел­мей­ді. Өйт­кені «Назар­ба­ев – парақор, Мәсі­мов – сатқын» деп нақты айтып жатқан жоқ, «мына министр – ала­яқ, анау әкім – жал­тақ» та демей­ді, тек жал­пы­ла­ма бора­тып, «ҚАЗАҚ СОНДАЙ!» дей­ді. Сон­да жей­тін – біре­улер, сата­тын – біре­улер, мақта­на­тын – біре­улер, алдай­тын – біре­улер, жағы­нып-жал­пашта­на­тын – біре­улер… Ал осы­ның бәріне кінәлі кім? Кім бол­сын, кез кел­ген нәр­се­ге кінәлі болу үшін жаралған ҚАЗАҚ деген халық бар емес пе?! Қазақ кінәлі! «Қазақ сон­дай»! «Әй, дүни­е­де­гі сор­лы мен қас­көй­дің бәрі қаза­қтан шық­са да, тұтас ұлт­ты сон­дай деп кесіп-пішу жара­мас» деп мүдіретін­дер сирек. Қаза­қты жаман­даған­нан рақат таба­тын тұтас буын өсіп шыққан­дай. Олар қазақ деген халы­қтың төбесіне шығып ала­ды да, алақа­нын ысқы­лап, төмен­ге (яғни қаза­ққа) төне қарап, төрелік айта­ды. Сон­да өздері кім? Тұтас қаза­ққа баға беретін құқы­қты олар қай­дан алған?

Жал­пы, халы­қтың ішін­де пара алмай­тын-бер­мей­тін, мақтан­шақтық-дарақы­лы­қты жек көретін, жағым­паз­дық-жал­тақты­қты жарат­пай­тын, сатып кету дей­тін­ді біл­мей­тін адал, таза адам­дар­дың да өмір сүріп жатқа­ны олар­ды ойлант­пай­ды. Басты­сы – жеп жатқан, сатып жатқан, дарақы­ла­нып жатқан, жағы­нып жатқан­дар­дың ұлты қазақ па? Біт­ті, айтар сөз табыл­ды: «Қазақ – парақор, сатқын, дарақы, жағым­паз, т.б.»! Және жай емес, ӨТЕ! Ал сол «өте парақор, өте сатқын, өте дарақы…» халы­қтан шығып оты­рған осы сөздің авто­ры­на МЫСАЛ ҮШІН: «Марқұм әкеңіз, қара жер хабар бер­месін, сон­дай дарақы-даңғой кісі еді» неме­се «Балаңыз нағыз жағым­паз­дың өзі болға­лы тұр екен», – деп көріңіз­ші; ең берісі – әкесінің кере­мет адам болға­нын, бала­сы­ның жақ­сы аза­мат болып өсіп келе жатқа­нын сіз­ге толық дәлел­деп берер еді (солай екеніне еш күмәні­міз жоқ), ары­сы – өзіңізді де оңдыр­мас еді. О кісі ғана емес, бәрі­міз де сөй­тер едік. Өйт­кені ол – әке­міз! Өйт­кені ол – бала­мыз! Жақ­сы. Бірақ сол әке­лері­міз де – қазақ емес пе? Бала­ла­ры­мыз да қазақ қой? Демек, қазақ-әке – жақ­сы, қазақ-бала – жақ­сы. Өзі­міз тура­лы тіп­ті әңгі­ме жоқ, әкесі жақ­сы, бала­сы жақ­сы адам жаман бола ма; ғажап­пыз ғой! Сон­да бәрі­міз жақ­сы­мыз да, тек ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ғана жаман болып шыға ма?

Тұтас жағым­паз­дан, түгел парақор­дан, тегіс сатқын­нан құралған ұлт бол­май­ды. Сол секіл­ді жап­пай жақ­сы адам­нан тұра­тын халық та жоқ. Жал­пы, парақор­да, сатқын­да, жағым­паз­да… ұлт бол­май­ды. Олар Жер бетін­де­гі бар­лық халы­қта кез­де­седі. Бірақ «сатқын халық», «парақор халық», «жал­тақ халық» деген ұғым­дар жоқ. Біз ғана ойлап тауып отырмыз.

Қызық, «әкең жаман» десе – өре түре­ге­ле­міз, «балаң жаман» десе – жаға­сы­на жар­ма­са­мыз, «руың жаман» десе – тура қолын­да өле­міз. Ал «ХАЛҚЫҢ ЖАМАН», «ҚАЗАҚ ОҢБАҒАН» десе, неге «иә, иә, сон­дай­мыз», «рас қой», «дұрыс айта­сыз», «тағы да айта түсіңіз» дей­міз? Неге? Нағыз намыста­на­тын нәр­се осы ғой! «Қазақ» деген – ең алды­мен сіз, мен, ол… емес пе? Шын мәнін­де, біз қаза­ққа айты­лған ауыр сөздің бәрін өзі­міз­ге қадалған жебе­дей көруі­міз керек қой!

Осы біз ҰЛТПЫЗ ба өзі? Әлде бір тіл­де сөй­лей­тін рулар­дың жиын­ты­ғы­мыз ба?

Өз басым Жер бетін­де «өте сатқын емес, өте жағым­паз емес, өте мақтан­шақ емес, өте дарақы емес, өте жал­тақ емес, өте парақор емес» БІР ҚАЗАҚ бар бол­са, сол бай­ғұс тірі кез­де қазақ ұлтын тіл­де­у­ге қар­сы­мын. Ал халқы­ңы­зда адал бір адам да қал­ма­ды деп ойла­саңы­здар, қай­ғы­ла­ры­ңы­зға ортақпын.

Сәкен СЫБАНБАЙ

Республиканский еженедельник онлайн