Воскресенье , 4 мая 2025

МЕНІҢ ЖЕЗДЕМ

Мем­ле­кет­тік сый­лық алған­дар аны­қта­лып­ты. Шыным­ды айт­сам, мені сол тізім­де кім бола­ды, кім бол­май­ды деген күп­ті сау­ал маза­лаған жоқ. Тізім­нің төрін­де мін­дет­ті түр­де тұра­ты­ның жай­ын­да әуел­де түй­сік түбін­де­гі тыл­сым бір­деңе-шір­деңе­лер мәлім еткен соң нем бар?

Тек өзіңді дүние дида­ры­на алып кел­ген қай­ран әкей мына шір­кініңнің бір қақ­па­сы­нан шығып бара жатқан­да, бір қақ­па­дан жақ­сы хабар­дың кіріп келе жатқа­ны көңілім­нің толға­нын бұзып өтіп, баяғы Фир­да­у­сидің уақиға­сын еске түсір­ді. Әттең-ай, көре алма­ды-ау, енді бір сүт пісірім­дей уақыт тұра тұрған­да ғой дедім іштей үгіліп. Ал ағай­ын, Ала­штың Айт­ма­ны – шай­ыр Светқа­ли Нұр­жан алған Мем­ле­кет­тік сый­лық құт­ты бол­сын! Соны ештеңе жаз­ба­дым, сол бұры­нғы жаз­бам­ды, сол бір кез­де­гі алау көңіл-күй­ім­ді біл­діретін сезім сөзін қай­та жаңғырт­тым да қой­дым.

Ол дәл қазір қан­нен-қапер­сіз желе жор­тып, тау-тас пен жазық-жыра біт­кен­ді кезіп, жаһан­ның әули­елі жер­лерін ара­ла­у­мен жүр. Ал Абай атын­дағы Қаза­қстан­ның Мем­ле­кет­тік сый­лы­ғы­нан үміт­тілер ішін­де­гі қалған жас пен жаса­мыс шыбын жанын шүбе­рекке түй­іп, уай­ым қылып, түр­лі әре­кет­тер­дің ізін­де. Өзі (Мем­сый­лы­қты айта­мын) екі жыл­да әрең бота­ла­са да, кей­де кей­біре­улер­ге исін­бей қоя­тын түйе сияқты, қай­ран ару­а­на бауыр дүние-ай…

«Әулие де өзің­дей бір адам» деген ескі әрі есті тәм­сіл­ге бақ­саң, менің осы жез­дем де – бір әулие. Бірақ біздің қаза­қта бұл санат­тағы басы­на ақ тікен шыққан һәм әлгі тікен түбі бір шыға­тын­дар­ды, неге екені бел­гісіз, тірілер­дің қата­ры­нан іздей бер­мей­тіні түсініксіз. Негізі, бұл санат­тағы қасқа­лар жер басып жүр­ген­дер­дің ара­сын­да да бар, бай­қай бер­мей­тіні­міз бол­ма­са, күн­де құра­ла­сып жүрміз.

Поэ­зия номи­на­ци­я­сы бой­ын­ша жырын екі-үш ақын­ның есім-сой­ын естіп қал­дым үміт­кер­лер ара­сы­нан. Несін жасы­рай­ын, апам­ды алға­сын ба екен, әйте­уір Айт-Ман – Светқа­ли Нұр­жан жез­де­ме қарай бір бүй­ре­гім емес, бөте­кем һәм оның айна­ла­сын­дағы бір-екі ағзам толай­ым бұры­ңқы­рап тұр. Бір­ден айтып қояй­ын, әулие­пей­іл­дім­нің өлеңін тал­дап, маза­ла­ры­ң­ды май ішкен­дей еткім келіп тұрған жоқ. Одан да бір анек­дот тек­ті уәзи­па айтай­ын, көз жүгір­тіп оқып оты­рып, тың­даған­дай әсер алар болсаңдар.

…Шалқы­ған айдын­ның қақ орта­сын­да, орай­ын тауып бақ­сыз кемені қарық қылып, жола­у­шы­ла­рын жай­ра­тып сала­тын оқпан­ды жер бар екен да. Бір жылы сон­дай апат­тан соң, Құда­ның құдіреті­мен бес-алты жас жігіт, менің жез­дем қатар­лы бір жаса­мыс тірі қалып, әлгі арал­да қоңыр тір­шілік­терін жасап жатып­ты. Жаса­мысы жаста­ры­на басу айтып, қан­ша көңіл жұба­та сөй­ле­ген­мен, ара­ла­рын­да бір-екі көк ора­мал­ды­ның жоқты­ғы білініп қала беретін­ге ұқсай­ды. Бір жылы әлгі жер­де тағы бір кеме қарық болып, бұл жолы еркек­тер суға кетіп, бес-алты жолы жіңіш­ке тірі қалыпты.

Бұл жағ­дай­ды көріп, жаға­дан жіті бақы­лап тұрған жастар жағы ызы-шу, қым-қуыт болып, гүмп-гүмп етіп, апыл-ғұпыл суға қой­ып-қой­ып кетіп­ті, шама­сы ора­мал таққан­дар­дан көз­дері ағарған бол­са керек. Сон­да әлгі, менің жез­дем сықыл­ды жаса­мыс алақа­ны­мен қабағын көле­гей­леп, сығыр көз­дерін бір ашып, бір жұмып тұрып: «…Осы жастар­ды түсін­бей­мін, бас-аяғы­на қара­май желі­гіп, неге бәрі бір­дей суға түсіп кет­ті, мына жер­ден-ақ жақ­сы көрініп тұрған жоқ па?!» – депті.

Сол айтқан­дай-ақ, осы жер­ден-ақ ап-анық, жап-жақ­сы көрініп тұрған жоқ па, ә, жез­де­ке? Бұй­ыр­са, жел­тоқ­сан­да, Маңғы­ста­уға барып менің жез­дем­нің алған Мем­ле­кет­тік сый­лы­ғын жуа­сы­ң­дар, қуыр­дақтың көкесін сон­да көресің­дер деп отыр піл­бас бал­ды­зың әлсін-әлсін құма­лақты шашып жіберіп, «Құма­лақ шата­су­ды біл­ген емес, / Көрі­неді елге қарай жүр­ген елес» деп… Берік ЖҮСІПОВ

Республиканский еженедельник онлайн