Қоғамдық орындарда, көшелерде жүрсең, базар, дүкен араласаң, теледидар көріп отырып қаптаған сақалдыларға жолығасың. Бұл не қылған сақалдылар деп бажайлап қарасаң, құдайым-ау, кілең жас жігіттер. Жетпіске таяған, одан да жасамыс қарттардан мұрт, сақалдыларды сирек кездестіресің. Ал әлгі сақалды, мұртты жастардың оғаштығы көзге түрпідей тиеді. Бірі мұртын аузына түсіре өсіріп, сақалын желпілдетіп, кеудеден төмен жіберсе, бірінің бүкіл жақ, ауыз беті, иегі бұрқырап өскен жүннен көрінбейді, ал енді бірінде, о тоба, мұрт жоқ, жалаулаған ұзын сақал. Теледидардан футбол ойынын көрсең, күрес, бокс көрсең, тағы сапсиған сақалдылар алдыңнан шығады. Басқа – басқа, ал спортшыға сақал мүлде жараспайды-ақ. Жасы ересейгенде қойса жетіп жатыр ғой.
Сақал-мұрты түксиген депутаттар өз алдына. Тіпті бет-аузында қылтанақ жоқ, иектен төмен, тамағының астына сақал өсірген министрді көріп, жағаңды ұстап, о құдірет деп, амалсыз бас шайқайсың. Осы жастар неге сақал-мұртқа әуес болып кетті, әлде мен білмейтін бір сыр бар ма деп, кездесе қалған үш-төрт жас қазақ жігітіне (бет-ауыздары жүннен әзер көрінетін) мынау сақал қою саған ерте емес пе, не мақсатпен қойдың деп сұрақ қойғанымда, бірі «не знаю, так надо» десе, бірі «это моё дело» деп, көзін шақшаң етті, ал енді бірі «унда турган не бар, унайды» деп өте берді. Ал ұғып көріңіз, сонда бұлардың ойлауы орысша, өмірге деген көзқарасы, адамдармен қарым-қатынасы да орысша болды ғой. Әр нәрсенің өз уақыты, мерзімі бар емес пе? Өгіз болам деп бақа құсап жарылып кетуге бола ма? Қазақ, мұсылман болайын деп сақал-мұрт қоймағаны сөздерінен көрініп тұр ғой. Әрі олар киген шалбардың балағы қысқа келеді екен. Сонда ненің әсері бұл? Оқи, көре, ойлай келе, осы ислам діні ішіндегі толып жатқан басқа көзқарастағы ағымдардың ықпалы ма деп ойлайсың.
Құдай сақтасын, оның бетін ары қылсын, бұл жақсылыққа апармайды. Және осы жастар ел тарихын біліп, салт-дәстүрімізге, әдебиетіміз бен мәдениетімізге ден қоюдың орнына тек қана орысша біліп, сол тілде сөйлеуі жүректі айнытады. Тарихи құндылықтарымыздан жұрдай, басқа тілде сөйлейтін ұрпақ тәрбиелеп, қайда кетіп барамыз, сорлы қазақ?!
Ал енді сақал-мұрт түрлері, оны қашан, қандай себептермен қойған, ол нені білдіреді, сол жайында білетінімізді ортаға салуды жөн көрдім. Мүмкін, бір кәдеге жарап қалар.
Алла тағала азаматты жаратқанда, әйелдерден басымырақ, олардан мысы артық болсын деді ме екен, әлде көрер көзге айқын, анық оқшауланып тұрсын деді ме екен, әйтеуір ерлерге мұрт пен сақал сыйлапты /Өмірде кездесетін азын-аулақ көселерді қоспағанда/.
Қазақ азаматы мұрттан бұрын сақал қоймаған. Мұрт қою жасөспірімге бозбалалықтан өтіп, жігіттік дәуреннің басталғанын, балалықпен қоштасудың, өмірге ересек адамша қарай білудің қалыптасу сәті ме деуге келеді. Сондай-ақ мұрт жас жігітті безендіріп, ерекше бір көрік, түр беріп тұратыны сөзсіз. Мұрт ежелден ел арасында қалыптасқан атауларға ие. Олар – қияқ мұрт, мысық мұрт, қою мұрт.
Қияқ мұрт жоғарғы ерінге ықшамды, жіңішке, күнделікті күтіп, бірқалыпты ұстайтын жарасымды мұрт.
Мысық мұрт сәл жалпақтау, ұш жағы ұзынырақ өсіріліп, ширатылып, бет бөлігіне қарай жоғары көтеріп қойылады.
Қою мұрт кей азаматтарда басқаларға қарағанда бетке, ерін үстіне шығатын түк қалың болып келеді. Ондайда мұрт танау қуысының астынан бастап, үстіңгі ерін шетіне дейін, екі езу шетіне түсіре қою (қалың) қалпында қойылады. Мұндай мұртты әдетте от ағасы, 40-50 жас шамасындағылар қояды.
Осы түрлі мұрт үлгісіне әдебиетте кездесетін бір-бір мысал келтіре кетуді жөн көрдім.
1. Сұңғақ бойлы, кең иықты, қияқ мұрты өзіне жарасқан жас жігіт үйге сәлем беріп кірді.
2. Мысық мұрты жыбырлап, адамға тіксіне қарайды екен.
3. Хабаршы жігіт қою мұртын бір сипап қойып, ойлана сөз бастады.
Мұрттың бұдан басқа да атаулары болуы мүмкін. Әзірге біз білетіндер осылар. Ал сақалдың ел арасында кең тараған біз білетін түрлері мыналар:
Шоқша сақал иекті дөңгеленте, ықшам, қысқалау етіп, күнделікті сол қалпын сақтап, күтіліп отырады. Әдетте бұл жинақы сақалды ерлер елу жастан бастап қояды. Асанәлі Әшімовтың сақалы осыған мысал.
Дөңгелек сақал шоқша сақалға қарағанда көлемдірек, иектің үсті, екі жағын молырақ қамтып дөңгеленіп тұрады. Сақалдың бұл түрін көбіне қарттыққа аяқ басқан 60-70 жастағылар қояды.
Қаба сақал иек пен жақ сүйектерін молынан қамти өсіріледі. Ол бастапқы сақалдардан қалың әрі ұзындау келеді. Бұл сақал да үлкендерге тән.
Қауға сақал ретсіз, күтімсіз жіберілген ұзын сақал.
Селдір сақал ол сирек, әр жерден шығады. Кейбіреулер соған қарамастан, оны өсіріп, желмен желбіретіп қояды. Бұл адамның мұрты да әр жерден сирек шығады.
Күміс сақал жасы сексеннен ары қарайғы шежіре, көп көрген, ел тағдырын баса ойлайтын, дуалы сөз бен ақыл иесі абыз ақсақалдарға тән. Сақалдың күміс деп аталуы оның күмістей аппақ болып, жылтырап тұруынан болса керек. Сақал әрі ұзын кеудеге түсіп тұрады. Мұндай сақал тарихта белгілі Жамбыл, Кенен ақындарда. Шыңғыс таудың серкесі, кезінде Назарбаевқа бата берген Шәкір Әбеновта болған. Бұған қоса, қасиетті Қадыр ата сақалын елестетіңіз.
Айта кететін бір жайт – сақалды адамдардың бәрінде міндетті түрде мұрт болған. Қазақта сақал ақылдылықтың, пәктіктің, адалдықтың, әділдіктің, шыншылдықтың, қайырымдылықтың белгісі – символы ретінде қабылданған. Сондақтан ер азамат мұрт, сақал қойып, жақсылыққа жақындауға тырысқан. Сақалы бар адамды сыйлап, құрматтеген. Олар шама-шарқынша дінге (ислам) мойынсұнып, таза жолға түсуге беттеген.
Бұл жерде сақалдының бәрі жақсы болса, сақалды әділетсіз, парақор би, зорлықшыл болыс, сақалды қылмыскер, ұрыларды қайтеміз деген заңды сұрақ еріксіз қылтиюы сөзсіз.
Адам жасайтын жақсылық та, жаманшылық та оның тегіне, тұқымына, тәрбиесіне, пиғылына байланысты екенін ұмытпауымыз керек. Адам болған соң, халық болған соң, ондай жат қылықтардың кездесуі заңды. Ондайлар Алладан, заңнан өз сазайларын тартады.
Сондай-ақ бүкіл қазақ еркегі мұрт, сақал қойған деуден аулақпыз. Көп адамдар оны қоймай-ақ, қырып тастап өмір сүрген. Және сақал-мұрт қою, қоймау қасиетті Құранда да, заңымызда да көрсетілмеген. Мен мұрт, сақал қойды деп жастарымызды кінәлаудан аулақпын. Дей тұра, сол сақалды (әсіресе) не үшін, не мақсатпен қойды, адами талғамды сақтады ма, сақалды тым ерте қоярдан бұрын қазақи салт-дәстүрді, ел тарихын, қасиетті рымдарды, ана тілін жетік меңгерді ме – осы тұрғыдан ойланса, артық болмас еді.
Оқан РАҚЫМБАЙҰЛЫ,ардагер ұстаз,Астана қаласы