- Талғардағы өз Отаныма келдім деген оралман бауырларымызға жергілікті қазақтарымыздың қолымен істелген жантүршігерлік жауыздықты үстіртін қарауға болмайды. Оның түп—тамыры тереңде жатыр. Кеңес өкіметі ар жағындағы Ресей империясынан келе жатқан отарлау саясатын жалғастырып, санамызға өмір бойы басымызды біріктірмейтін сепаратистік идеологияны сіңіріп кетті. Ол – халқымыздың бұрын-соңды болмаған «жүзге» бөлінуі.
Қазақтың жүзге бөліну тарихы негізінен Октябрь революциясынан кейін пантюркизм деген таңбамен түркі халықтарының зиялыларын қудалап, тұтас халықтарды депортация жасап, тарихымызды бұрмалап, сонау Бабыр заманынан келе жатқан «моғол» деген ұғымды «моңғолға» өзгертіп қайта жазған кездерден басталады. Біздің ғалымдарымыздың қолымен шежірелерімізді жаздырып, «жүз» деген ұғымды таратып, ақын-жазушыларымыз нешетүрлі аңыз-әңгімелер ойлап тауып, ұйқас өлеңдер шығарып, халықтың санасына сыналап қағып сіңіріп жіберген.
Жүзге бөліну қайдан шықты, қай уақыттан бері бар екен деп зерттеп қарасаң, бізден басқа бірде-бір түркі халықтарының ішінде жоқ екенін көресің. Сонау Сақ, Ғұн дәуірлерінде, Түрік қағанаты, Дешті қыпшақ бірлестігі, Алтын Орда, Қазақ хандығы құрылған кездерде де кездеспейді. Әбілхайыр ханның хандық құрған кездерінде жүз демей, Орда делінген. Осы тақырыпты әдейі зерттеп, бүкіл Ресей архивтерін түгел ақтарып шыққан т.ғ.д. Болат Насенов ағамыз да тіпті ХІХ ғасыр кезінде де архивтерден кездестірмегенін, барлық құжжаттарда тек Орда дегенін көргені туралы кезінде үлкен мақала жазып, кейін Назарбаевқа хат жазған. Ол оқып, «иә, бұл дұрыс екен» дегеннен басқа ештеңе істемеді, оның да неге деген себебі бар.
Елді бөліп ұстап отыру жеңілірек. Кеңес өкіметі кезінде жүзге бөлуді жақсы пайдаланды, орталықтың қадағалауымен қолға алып, басшыларды әдейі «бірінші басшы мына жүзден, екінші басшы ана жүзден» деп тағайындау – жазылмаған заңдылық ретінде қалыптасты, сол жүйе әлі де жалғасуда, нәтижесін, міне, Талғарда көріп отырмыз. Сол кездері Қазақстанды ұзақ уақыт басқарған Қонаевтың өзінің жүзге бөліп отырғанын, Кіші жүзді «кішкенелер» дейтінін өзім сол жерде бірнеше жыл істегендіктен білемін. Елімізде кадрлар қалай тағайындалғаны әлі есімде. Оңтүстік өңірдегі ізі анекдотқа айналған «ҚТ-сың ба, ДТ-сың ба?» дегендер естеріңізде болар?!
Тәуелсіздік алғалы мемлекет басқарылмады, ұлтты біріктіретін идеология болмады, жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың жағдайы жасалмады. Ең бастысы – нешетүрлі үндеулер, жыл сайын халыққа жалаң жолдаулар жасалып, реформа жасаймын деген сөздер бос сөз болып қалып отырды. Басқарусыз мемлекет өз бетімен келе жатыр. Негізгі идеология ретінде барлық саланы жайлаған коррупция, бюрократия, билікке тек министрлердің, әкімдердің, депутаттардың балалары келуі керек деген ұғым қалыптасты. Сенбесеңіздер, биліктегілерді бір-бірлеп талдап қарап шығыңыздар, сонда кімдер отырғандарын көресіздер. Бюджеттен ұрлық жасау, жағымпаздық, қандай жолмен байысаң да баю керек дегендерді күнде естіп жатқандықтан, бұл әрекеттер таңқалмайтын үйреншікті іске айналды. Елбасыдан бастап, облыстарды, қалаларды, аудандарды, ауылдарды басқарып отырған оның өкілдері – әкімдер, партиялар халықпен араласып, ел бірлігіне жұмыс істеп, әділдік орнатуы керек еді. Барлық уақытта әртүрлі арандатулар жасап, ел наразылығын тудырып отыратын – биліктің өзі екенін көріп отырмыз.
Мысалы, осы Талғардың Бесағаш ауылында 2009–2010 жылдар шамасында бір ұйғыр жігіті 17 жасар қазақ қызын зорлап өлтіреді. Бұндай қылмыстық істер қай жерде болмай жатыр?! Мына жақта ел жиналып қайғырып, жылап-сықтап жатса, қызды өлтірген жігіт қайтып келіп, ештеңе болмағандай талтаңдап жүр дейді. Оған ашуланған халық көтеріліп, оны желтоқсаншылар қолдап және үйреншікті сценарий бойынша полиция, ОМОН қоршап, бір жас прокурор мені итеріп жіберді деп, Сайлау деген әділдікті талап етіп барған қоғам қайраткерінің үстінен қылмыстық іс қозғап, 6 айға соттайды. Қылмыскерді қамамай, қандай жолмен екені белгісіз, бірақ сеземіз, босатып жіберіп отырған – полиция, прокурорлардың өздері халық көтерілісіне әкеліп отыр. Одан бері қанша уақыт өтсе де, ештеңе өзгермеген, дәл солай қайталанып отыр. Қылмыскерді құқық қорғаушылардың өздері қамқорына алды дегені – ол жерде ұйымдасқан қылмыстық топтар (ОПГ) бар деген сөз. Халық аштықтан көтерілмейді, көтерілсе – тек осыған ұқсаған әділетсіздіктерден ғана көтеріледі. Оған тек бір дәлел – Талғарда болып жатқан осы жағдай. Жергілікті халық көшіп келген оралмандарды қабылдамады, шеттетті. Билік те, құқық қорғау мекемелері де неқұрайлы қарады, мұндай көзқарасты барлық жерде көріп жүрміз.
Шеттету дегеннің нешетүрін мен өз басымнан өткеріп келемін. Ешкімге бас имей, «ә» десе, «мә» деп, басымнан сөз асырмай, өз қазақтарыммен күресумен келемін. Тарихымызда тұңғыш рет шыққан, айналымға енуімен нағыз тәуелсіздігімізді алып берген теңгемізді 1994 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынғанда, сол кездегі мемлекеттік хатшы Ахметжан Есімов: «Теңге бола ма, болмай ма, әлде рубльге өтеміз бе?» – деп, лақтырып жіберіпті. Себебі менің Қазақстанда туылмағанымды көріп тұр. Сол сияқты, кім болса сол алып жатқан «еңбегі сіңген қайраткер» атағына алғашқы Ұлттық энциклопедияны шығаруға қосқан үлесім үшін сегіз рет ұсынды. Алайда Президент әкімшілігіне жеткеннен соң, сол жердегі мәңгүрттер туылған жерімді көріп, өздерінің тамыр-таныстарын тыққыштап, сызып тастап отырды.
Сырттан келген қазақтарды шеттетуді біз Ата заңымызбен, Конституциямызбен заңдастырып қойғанбыз. Егер сен Қазақстан аумағында тумасаң, президенттік сайлауға түсе алмайсың. Демек, сен қазақ бола тұра, нағыз толық қазақпын дей алмайсың, құқығың шектеулі жарымжан адамға ұқсайсың.
Бізде өз ұлтымыздың арасында келіспеушілік болып қала ма деп қорықпайды, ал өзге ұлттарды ренжітіп қоямыз ба деп, ұлтаралық наразылық тудырудан зәре-құттары қалмай қорқады. Сондықтан сыртта туып, ұлтым деп, ұлтымның болашағы деп қызыл кеңірдек болып күресіп жүргендердің, «есектің еңбегі адал, өзі арам дегендей», құны бір тиын. Елім деп халықтың болашағы үшін үлкен мәселелерді көтеріп жүргендерге мына жақтағылар: «Ә, ана Қытайдан келген жігіт пе, болмаса Өзбекстаннан келген жігіт пе?» деп, шайларын ішіп отыра береді. Жергілікті халықты басқарып отырған тамыр-таныстықпен келген тәжірибесіз жас ауыл әкімдері елдің басын біріктіре алмаған соң, кешегі «Хуторды» жақтап сөйлеген ауыл үлкендерінің «болар іс болды» деп тұрғандарына қарап, бұлардан басқа не күтуге болады деген ойға қаласың!
1992 жылы Шелектің ар жағындағы Қазақстан деген ауылға көп балалы, облыс деңгейінде қызметкер болған бөлем көшіп келді. Қазақтың салт-дәстүрімен ол мал сойып, елді жинап, ауыл әкімін, сол ауылдың құрметті ақсақалдарын, көршілерін шақырып танысыпты. Зыр жүгіріп қызмет істеп жүрген еңбекқор балаларын, иіліп сәлем беріп, шай құйып жүрген келіндерін, адам бойы өсіп кеткен қурайлардан тап-тұйнақтай етіп тазалап қойған ауласын көріп таңқалып, барлық жерде сөз болып, кейін көп ұзамай көршілері қайта-қайта тиісіп, шыдатпай, ақыры көшіріп жіберген. Бұндай жағдай тек бір жерде ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінде кездеседі.
Әділетсіздіктен зардап шеккендердің арызданып баратын жері жоқ, әкімнің өзінің көзқарасы дұрыс болмаған соң, оның арызын ешкім қарамайды, жауып тастайды. Отыз жылдан бері Конституция гаранты деген адамның өзі араласып, бір қылмыстық істі ашқанын естімедік, ал кейінгісі мүлдем қарамайды. Мен көп жерлерден байқаймын, жасы үлкендері болса да, «көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра» дегендей, көп жерлерде дұрыс ақыл айтатын ақсақал да жоқ.
Кейде өткен күндерді еске алып отырып, жұрттың бәрі дүние қуып, бизнес жасап жүргенде, біздер тапқан-таянғанымызды елге керек деп, біреулер өзіне үй сала алмай жүргенде, бір емес, екі мешіт салғаным үшін алғыстың орнына бітпейтін дауға қалып, ұлттық патриотизмді көтеру үшін ұлт тарихын жазамын деп мені пайдаланып, майшелпекке айналдырған қуларға жексұрын болдым. Осыншама ұлан-байтақ жерге ие болғанмен, өз қандастарын сыйғызбайтын іштері тар тобырлар сенің жақсылығыңды түсінбейтінін енді біліп отырмын.
Ел басқарып отырған адам істі қолға аламын десе, әлі де кеш емес. Тарих институтына тапсырма беріп, терең де жан-жақты зерттетіп, мемлекеттің қаулысын шығарып, біз бәріміз – біртұтас қазақпыз деп, жүзге бөлінуге тыйым салынуы керек. Әйтпесе ат төбеліндей аз ғана қазақтар бірін-бірі сыйғызбай қырылысып жүргенде, бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін! Сондықтан Қазақстанның жері – барлық қазаққа ортақ, кез келген қазақ қалаған жерінде өмір сүруге хақысы бар дегендей қаулы шығарып, қатаң қадағалау керек. Қайролла ҒАБЖӘЛИЛОВ, қоғам қайраткері