Қазақстан халқына, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевқа!
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Біз Қазақстанның кең байтақ әр жерінің, халқының перзенттері ретінде үндеу жасаймыз!
Сіздің алдыңыздағы 30 жылда бюрократиялық, автократиялық, диктаторлық, сыбайлас жемқорлық жүйе Қазақстан халқын тығырыққа тіреді. Соңы қайғылы «Қаңтар оқиғасымен» ұласты. Қаншама азаматтардан айырылдық, оның ішінде біліп-білмей кеткен қыршын жастарымыз, балаларымыз да, немерелеріміз де бар. Халық бір сәтте ойламаған күйзеліске душар болды.
Сіз дер кезінде тізгінді қолға алып, келеңсіздіктерді реттеуге, Жаңа Қазақстан құруға атсалысудасыз. Бұған халық түсіністікпен қарауда, үміттенуде. Саяси реформа, әлеуметтік қолдау, заңдар шығару, әділетсіздікпен күрес, тағы басқа іс-шаралар жүргізілуде.
Біз ғалым ретінде білетініміз – әлем қазір күйзелісте, ертең не болары белгісіз. Дамыған мемлекеттердің өздері дағдарыста, кризистен шығу жолдарын іздеуде. Білетіні өздері қарулануда, қару беруде, соғысты тоқтату үшін арашаға түсу әзірше тиімсіз. Біріккен Ұлттар Ұйымы болса да дәрменсіздік көрсетуде. Әлемдік қоғам, қауымдастық сенімсіздік білдіруде.
Қазақстанға келсек, біз өз-өзімізді қолдап, осы жағдайда іс-әрекет жасамасақ, бір Жаратқаннан басқа көмек беретін ешкім жоқ. Айналамыздағы алпауыт елдерге жалтақтамай, олардың ықпалына бағынбай, өз ұстанымымызда тұру керек. Бұл жағынан Сіздің халықаралық тәжірибеңіз жеткілікті.
Еліміздегі жағдайды қысқаша айтсақ, халық кемеңгер, біледі. Қазіргі жағдай нашар, қымбатшылық өсуде, халықтың күнкөріс деңгейі күннен-күнге төмендеуде, жұмыссыздық, 3 миллионнан астам адам өзін-өзі қамтамасыз етеді дейді (халықаралық тәжірибеде мұндай норма жоқ), ол жұмыссыз деген сөз. Үкімет 5 % жұмыссыздық дейді, ал негізінде 20 %-дан асып түсуі мүмкін. Сыбайлас жемқорлық жалғасуда, тіпті болашақ ұрпақ даярлайтын мектептерге дейін түсті (мысалы, Жетісу облысы, т.б.). Заңсыз кеткен қыруар қаржыларды, меншіктерді қайтару дәрменсіз жүруде, акулалар еркін жүзуде, айта берсе, жетіп жатыр. Экономика әртараптандырылмай, әлі де шикізат пен қазба байлықты сатудан түскен қаржыға тәуелді. Сіз айтқан экономиканың жаңа моделі және оның алгоритмі жасалмады, бюджет Ұлттық қорға қол салуда. Басқару жүйесінде әлі бюрократия жалғасуда.
Осындай және тағы басқа келеңсіздіктердің бәрі халықтың ашу-ызасын тудыруда, тағы да бір жерде ши шығып кетпесіне кім кепіл? Біз, ғалымдар, көп ойланып, Сізге жанашырлықпен осы хатты жазуға мәжбүр болдық.
Енді не істеу керек деген сұраққа қысқаша ойымыз – өзіңіз айтқан «Әділетті Қазақстанды» батыл құру керек. Ол үшін:
– Ең бастысы халықтың сенімін қайтару! Біз 1,5 млрд Қытай, Индия емеспіз, халқымыздың саны бар болғаны 20-ақ млн. Сол үшін әр адамға, әр жанұяға жағдай жасау керек, отбасының керегін цифрландыру, кодтау арқылы мүмкіндігін ашу керек. Әр адамды экономикамен байлау керек, экономика өссе, оның да күнкөрісі өсетінін нақты білуі керек. Өзіңіз айтқан еңбек адамына айналдыру қажет;
– Бұрынғы жүйенің жалғасқан бюрократиясынан арылу үшін, барлық деңгейде басқару аппаратын кем дегенде 20–30 % қысқарту керек. Реформа жасау қажет, акцентті цифрландыруға, электронды басқаруға беру керек. Ақылды болса, бизнесті көтерсін;
– Парламентті таратып, таза сайлау жүйесін жасау қажет, халықтың сенімін қайтару керек;
– Сот жүйесіне реформа қажет, халық сенбейді;
– Қазақстанға екі нәрсе өте қажет. Ол Қазақстанды рухани және экономикалық дамыту жобаларын іске асыру. Әрине, бұл мәселеде сыбайлас жемқорлыққа балта шаппай болмайды;
– Қазір шынайы өмірде қай мәселеге келсек те, санаға келіп тірелеміз: бюрократия, формализм, көкірек, сыбайлас жемқорлық, ары қарай жылжу жоқ. Сананы өзгерт, өзің өзгер деген – уақыт талабы болып тұр.
Әділетті Қазақстан құру үшін, айта берсе тағы да ұсыныстар жетерлік…
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Жоғарыда айтылғандарды ескеріп, Әділетті Қазақстанның сара жолын жасау үшін, түбегейлі, батыл өзгерістерге бару керек. Біздің ойымызша, алдағы 2025 жыл Қазақстанның сара жолының, түбегейлі реформаның басы болуы керек. Ары қарайғы 2 бесжылдықта (2030, 2035 жж.) Мемлекеттік бағдарлама іске асуы қажет. Халқыңыз қолдайды деп сенеміз. Егер қажет деп тапсаңыз, бізбен ақылдасуыңызға болар еді.
Құрметпен, академик ғалымдар : М. Мырзахметов – ф.ғ.д., профессор Б. Ракишев – т.ғ.д., профессор Н. Блиев – ф.-м.ғ.д., профессор Б. Көмеков – т.ғ.д., профессор О. Сәбден – э.ғ.д., профессор |