Бір-бірімізді Тәуелсіздік күнімен құттықтап жатырмыз… Иә, ұлттың Ұлы мейрамы құтты болсын!
Бірақ өткен ғасырдың соңында осы Тәуелсіздікке кім қандай үлес қосқан еді? Біздің сөз етпегіміз төменде тарихы баяндалатын азамат болды.
Қазақшаға аударған кездегі тұспалы «Қазақстанның мұнай және газ кен орындарын алғаш ашқандар» деген энцикопедиялық анықтама жарыққа шығыпты. Сол қалың анықтамалықты ақтарып отырып, бүгінде әлемдегі ең ірі кен көздерінің бірі саналатын Қашаған мұнай кенішін алғаш ашқан геофизик Әшірәлі Бижановқа (фотокөшірмеден өмірбаянын оқып алуға болады) сырттай кез болдық. Бұрындардан бет-жүз көріскендігіміз бар еді, жөн бопты дедік.
«Жөн» дейтін себебіміз – осы Қашағанға қатысты көпшілік біле бермейтін бір хикая бар-ды. Сол қызғылықты оқиғаның басты кейіпкері осы Әшекең еді. Сәті келгенде баяндап берейін. (Бізге «қызылкөз» ағайындар айналып өте берсе болады).
Осыдан бірнеше жыл бұрын (дәл датасы есімде жоқ) сол кездегі президент Назарбаевтың жарлығымен мұнай-газ саласының бір топ менеджері мен кәсіби мамандарына мемлекеттік марапат берілді. Біз «ДАТ»-тың әдеттегі «тырнақ астынан кір іздеу» дәстүрімен орден-медаль алғандардың түп-тұқиянын тексере бастадық. Қашаған кенішінің бас директоры, нидерландылық азамат (аты-жөні тағы есте жоқ) «Құрмет» орденіне ие болған екен. «Дайын асқа – тік қасық» болып, қомақты жалақыға жалдамалы қызмет қылып жүрген бұл маманның Қазақстанға қандай еңбегі сіңіп кетті екен деп, Қашағанның тарихын қопара бастадық. Сөйтсек, менеджерлік басқаруға жалданып келгеніне бірер ғана жыл болған біреу екен!
Содан, әлемге әйгілі Қашағанды алғаш ашқан кім, оған қандай мемлекеттік марапат берілген еді деген сұрақтың соңын қуа жөнелгенімізде, осы Әшірәлі Бижановқа сырттай кез болдық.
«ҚазақстанКаспийШельф» (ККШ) мемлекеттік компаниясы президентінің геология және геофизика жөніндегі орынбасары ретінде Қашағанмен тікелей айналысқан, қойнауын қырық қопарған Бижановта орден түгілі, мемлекеттік бір медаль да жоқ екен!
Бұл қалай: халықаралық рейтингте бірінші ондыққа кіретін мұнай көзін ашқан маман-геолог марапат атаулыдан сымбылсыз қалады, ал дап-дайын кенішті игеруге кеше ғана келген кезбе «Құрмет» орденін қай еңбегінің ақысына алады?
Хикаяның қызығы да бұл емес еді. Ақыр соңы анықтай келгенімізде, егер Әшекең болмағанда, бүгінде мұнай кеніштерінің халықаралық реестрі мен кен көздерінің әлемдік картасында Қашаған жыраудың емес, Назарбаевтың аты тұрады екен: «Нұрсұлтан Назарбаев кеніші» деп. Каспий қайраңында (шельф) қоры орасан зор мұнай көзі ашылды деп, астанаға хабар кеткен соң, Ақордадан ККШ-ға: «Жаңадан ашылған кенішке Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беруге құжат дайындаңдар!» деген телеграмма келіп түседі.
Мұндай нақұрыс нұсқауды естіген Бижанов: «Қап! Біз бұдан бір апта бұрын құжатты Қашаған жыраудың атына дайындап, жөнелтіп жіберген едік… Қайдан білейік, мол мұнай шыққан осы жердің атақты тумасына кімнің дауы болсын деп ойладық… Жөн, ендеше кеткен қағазды қайтартып, жаңа құжат жолдайық…» – деп, мақұлықиың мүләйімін қоса қалады.
Артынша Әшірәлі аға геолог-геофизиктер командасын жедел жинап алып, халықаралық реестрге тіркетуге Қашаған жыраудың атын бергізу үшін шұғыл құжат дайындап, Ақорданың алдын орап, тіл білетін бір шабарман жігітінің қолына ұстатып, Халықаралық ұйымға (атауы бар еді, есіме түссе, комментке жазармын) жедел жөнелтіп жібереді. Жөн жібермейді, тіркеу ұйымында отырған ежелгі бір танысына осылай айт деп, жігітінің құлағына бір қулықты сыбырлап жібереді.
«Назарбаевтың атымен құжат кетті ме?» деп сұрайды Ақорданың олары. «Кетті!» дейді батыстың бұлары. Әйтсе де «Ақыры не болар екен?» дегенге елеңдеген к…тен қылп-қылп еді…
Сонымен арада бірер апта өткенде Қазақстан үкіметіне шеттен хабар келеді: «Құттықтаймыз! Қашаған кеніші әлемдік тіркеуге алынды».
«Бұ қалай? Қашаған емес, Назарбаев еді ғой?!» дейді Ақордадағы бұлар.
«Назарбаевтың атындағы құжат кейін келді, ол кезде Қашаған тіркеліп кеткен еді… Бір кенішке екі атау берілмейді ғой…» деп, олар да Бижановтың шабарман жігітке сыбырын қайталап береді.
Осылайша Қашағанның аты әлемдік мұнай картелінің картасына енген еді. Бұның бәрін мен кейіннен Әшекеңнің әңгімесінен естіген едім. Айтпақшы, бұл хикаяны айтқан кезде Әшірәлі Бижанов «ҚазақМұнайГаз» Ұлттық компаниясының геофизика жөніндегі бас менеджері еді, ал Әшекең мен адайлар атаусыз қалдырған Назарбаев та билігінде бекем отырған кез еді.
PS.: 1999 жылы Қазақ мұнайының 100 жылдық тойында топырлаған мұнайшы мен мұнай маңының мамандарына орден-медаль таратылды. Бұл тізімде Әшірәлі Бижанов аталмады. 2009 жылы – 110 жылдық, 2019-да – 120 жылдық тойланды – Қазақстанның мұнайына ерен еңбегін сіңіргендер арасында Әшекең тағы да аталмады.
Себеп сол – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елдің Бірінші геофизик-геологы Әшірәлі Бижанов Қашаған мұнай кешеніне Назарбаевтың атын бергізбеуді ұйымдастырып, «патшаға» алғаш қарсы шыққан адам болған!
Биыл «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы Қазақ мұнайының 125 жылдығын атап өтті. Бұрынғысы жөн делік – елдің мұнай-газ саласының басшылығы Назарбаев қол қоятын жарлықтың жобасына Әшірәлі Бижановтың аты-жөнін қосудан қорықты. Ал ендігі «Жаңа Қазақстан» тәуелсіз елдің мұнайына үлкен үлес қосқан азаматты ардақтаса – қанеки?!
Айтпақшы, алдағы қаңтардың бірінде Әшекең 80 жасқа толады. Әлі де кеш емес, орысшалап айтқанда, «тест на вшивость»… Ермұрат БАПИ