Суббота , 19 апреля 2025

САЯСИ ЖУРНАЛИСТИКА –ҚИЫНДЫҒЫ КӨП САЛА

2024 жыл Қазақстанның баспасөз саласында қандай ерекшелігімен есте қалмақ? «Азаттық» әртүрлі ақпарат құралдары журналистерінің пікірін сұрады.

ДАУМЕН ҚАБЫЛДАНҒАН ЖАҢА ЗАҢ

Factcheck.kz сайтының редакторы, медиасарапшы Думан Смақов биыл БАҚ саласында ешқандай өзгеріс болған жоқ дейді. Оның айтуынша, көптен күткен «Масс-медиа туралы» заңның өзі үлкен даумен қабылданған. Смақов жаңа заң селективті сипатқа ие және сөз еркіндігін шектейді деп санайды.

– [Заң жобасында] журналистерге беретін құқығына, мүмкіндігіне қарағанда, журналистердің жұмысын реттейтін, шектеу қоятын, алалауға мүмкіндік беретін баптары, өкінішке қарай, сол күйінде қалды. Бұл баптарды біз, мысалы, аккредитация туралы ережені жариялаған кезде көрдік. Яғни, заң жобасы бір жақты жазылған. Арасында сөз еркіндігі имитациясы қолданылған. Бұдан бөлек, тағы бір айта кететін мәселе – цифрлық репрессия белең алғанын көруге болады. Мысалы, Жәмила Маричеваны полиция стадионда жүгіріп жүрген жерінен алып кетті. Қазақстан құқық қорғау органдары бізді цифрлы технологиялар арқылы қайда жүргенімізді аңдуы мүмкін деген күдік бар. Цифрлық репрессияны Асхат Ниязовтың әлеуметтік желідегі аккаунттарына шабуыл жасалуынан, жаппай боттардың шағымданып, аккаунтты өшіртіп тастауынан көріп отырмыз, – деді Думан Смақов.

Биыл маусым айында Қазақстанда осыған дейін қолданылып келген «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заң күшін жойып, оның орнына «Масс-медиа туралы» заң қабылданды. Жаңа заңға сәйкес, масс-медиаға бұқаралық ақпарат құралдары ғана емес, интернет-ресурстар да жатқызылған. Баспасөз құқығын қорғаушылар бұл заң мемлекеттің БАҚ-қа бақылауын одан сайын күшейтуі мүмкін деп алаңдайтынын айтқан.

Ал мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Масс-медиа туралы» жаңа заң заман талабына сай құжат болды деп мәлімдеген. «Заң түрлі мүдделі тараптардың қатысуымен белсенді түрде талқыланды, бұл алдағы өзгерістерді жан-жақты қалыптастыруға мүмкіндік берді. Депутаттық корпус пен Мәжілістегі журналистер өкілдігі заң жобасын жан-жақты әрі терең талқылауға ықпал етті. Олардың белсенді жұмысы арқылы барлық аспектілер мен ерекшеліктер ескеріліп, заң қазіргі медиа кеңістіктің қажетіне барынша бейімделді», – деді Балаева.

«Айқын» газетінің бас редакторы Амангелді Құрметұлы биыл қатты өзгеріс байқамадым дейді. Оның ойынша, елде сөз еркіндігі деңгейі жоғары деп айтуға келмейді. Бірақ құқықтық тұрғыдан ешқандай шектеу жоқ, жеке адамдардың БАҚ-қа ықпал ету тетіктері бар, деді ол.

– 2024 жылы ешқандай да шектеу болған жоқ, ашығын айтқанда. Бірақ бас редактор ретінде кейбір мәселелерге өзім шектеу қоюым мүмкін. Біз мемлекетке қатысты медиа болғандықтан, мемлекеттің сыртқы саяси векторына немесе басқа бағыттарына біршама ыңғайсыз жағдай қалыптастыруы мүмкін деген позициямен өзім кейбір тақырыптарды «осыны қоя тұрсақ қайтеді» деп айтуым мүмкін. Мысалы, айталық, Украина мәселесі. Көп әріптестер мемлекеттік БАҚ, соның ішінде «Айқын» сияқты басылымдар Украина мәселесін жазбай кетті деген айып таққан. Оған келісеміз, біз аз жазып кеттік. Бірақ оған дәл сол тақырыпты жазба деген шектеу болған жоқ. Иә, кейбір тақырыптарға ілесе алмай қалатынымыз рас. Бір тақырыпты қайталап көтере бермейміз. Ақпарат ретінде елдегі резонансты тақырыптардың бірқатары бәрібір сайтта шығып жатады… Бюджет тапшылығынан бастап, заңсыз жер иелену, заңсыз активтерді қайтаруға дейінгі мәселелерді біздің журналистер шама-шарқынша, мейлінше бейтарап позицияда беруге тырысып жатыр. Ресми құжатпен мынаны жазба, мынаны жазба деген, шынын айтқанда, болған емес, – деді Амангелді Құрметұлы.

ЖУРНАЛИСТЕРДІ ЖАЗАЛАУ

Мамыр айында Алматы соты елдегі жемқорлықты әшкерелейтін ProTenge жобасының журналисі Жәмила Маричеваны «жалған ақпарат тарату» бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 74 мың теңге айыппұл салған.

Журналист 30 қаңтарда аккредитация алмаған «Азаттық» тілшілерін қолдап, Telegram арнасында шағын пост жариялаған. Мәдениет және ақпарат министрлігі сол жазбада «көрнеу жалған ақпарат бар» деген тұжырымға келген. Маричева бұны «сөз еркіндігін шектеу» деп бағалаған.

Қазан айында АЭС құрылысы туралы референдум қарсаңында Орал соты жергілікті «Уральская неделя» газеті «сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу ережесін бұзды» деп, басылымға 110 мың теңге айыппұл салды. Газет YouTube-те және Telegram арнасында АЭС құрылысы мен референдум жөнінде блиц-сауал жүргізгені үшін жауапқа тартылған.

Тамыз айында Қонаев соты «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деп айыпталған YouTube-тегі «Ne Deidi?» арнасының авторы журналист Думан Мұхаммедкәрімді жеті жылға соттады. Іске журналистің оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязовтан алған сұхбаты себеп болған. Мұхаммедкәрім істің саяси астары барын айтып, өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған.

Былтыр маусым айында Мұхаммедкәрім істі болып жатқанда, сол кездегі ақпарат министрі Дархан Қыдырәлі оның «саяси көзқарасы үшін» істі болып жатқанын, оған министр ретінде араша түсе алмайтынын айтқан.

– Оның үстінен өзінің журналистік қызметі үшін емес, саяси көзқарасы үшін қазір іс қозғалып отыр. Бұл жерде оның журналистік қызметіне кереғар [нәрсе], шектеу қойылып жатқан жоқ. Ол саналы түрде саяси көзқарасы үшін осындай қадамға барып отыр, – деген еді бұрынғы министр.

«[Журналистің] саяси көзқарасымен келіспейсіз бе?» деген сұраққа ол «әркімнің өз ұстанымы бар» деді. «Егер ол журналистік қызметіне байланысты қамалса, араша түсер едік», – деген еді.

Оның орнына келген Аида Балаева биыл ақпан айында «Азаттық» тілшісінің Думан Мұхаммедкәрім туралы сұрағына: «Қазір соты болып жатыр. Оған араласа алмаймыз», – деп жауап берген.

«Халықаралық құқық қорғау ұйымы Думан Мұхаммедкәрімді саяси тұтқын деп есептеп, бостандыққа шығаруға шақырды» деген «Азаттық» тілшісіне: «Мен ол пікірмен келіспеймін», – деді министр.

Qazaq Times қоғамдық-саяси порталының бас редакторы Қойшыбек Мүбарак ешқандай өзгеріс сезбегенін айтты. Ол елде сөз еркіндігінің аясы жыл өткен сайын тарылып барады деп есептейді.

– Медиа саласы кері кетіп бара жатыр деп санауға болады. Биыл журналист Думан Мұхаммедкәрім сотталды. Әйгерім Тілеужан түрмеде отыр. Қудаланып жатқан белсенділердің соттарын саусақпен санарлық қана БАҚ көрсетіп, жазып жатыр. Қазір саяси журналистикамен айналысу өте қиын. Оған Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайы дәлел. Біз оның сотын басынан аяғына дейін бақыладық. Сөзіне жасалған сараптама қорытындысына дейін көрдік. Біздің елде егер саяси журналистикамен айналысып, сызып берген қызыл сызықтан асып кететін болсаң, жағдайың қиын болады. Меніңше, елдегі жағдай «баяғы жартас – сол жартас» күйінде. Ешқандай өзгеріс нышаны да байқалмайды, – деді Қойшыбек Мүбарак.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның халықаралық ұйымдардың бағалауына қарсы өз уәжі бар. Министр Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына барлық жағдай жасалған деп есептейді.

– Рейтингтер әртүрлі болады. Оны бағалау да әртүрлі болады. Қай жерде шектеу бар. Шынайы қарайықшы. Не қаласа, соны жазып жүр. Кейде тіпті асыра сынап кетіп жатыр. Мен мұнда ешқандай шектеу көріп тұрған жоқпын, – деді Аида Балаева қараша айында журналистер алдында сөйлеген сөзінде. Есдәулет ҚОЖЕКЕНОВ

Республиканский еженедельник онлайн