Вторник , 1 июля 2025

БІР-БІРІМІЗДІҢ ТІЛЕУІМІЗДІ ТІЛЕЙІК!

Тәу­ел­сіздік туған елі­міз­бен тағ­дыр­лас елдер­дің де бағын ашқа­ны сөз­сіз. Олар да біз көр­ген қиын­шы­лы­қтар­ды бастан кешті, еңсер­ді, даму­дың жаңа жолы­на түсті. Ата-баба арма­нын жүзе­ге асы­руға бел шеше кірісті. Елдік дәстүрі мен бол­мысы­на, мем­ле­кет­тік тілі мен тарихы­на, діні мен руха­ни­я­ты­на, мәде­ни­еті мен өнеріне берік бір­не­ше буын тәр­би­е­леп, өсір­ді. Күн-түн демей еңбек етіп, алдағы күр­делі кезең­дер­ден, биік асу­лар­дан аман-есен, сәт­ті өту­ге тал­пы­ныс жасап келеді.

Осы орай­да алы­сты қоя тұрып, ежел­ден сүй­е­гі­міз­ге сің­ген «көр­ші ақы­сы – тәңір ақы­сы» қағи­да­ты­мен қырғыз, өзбек, түрік­мен, тәжік, әзер­бай­жан ағай­ын­дар­мен қарым-қаты­нас тура­лы бір-екі ауыз сөз айтқан­ды жөн санадық.

Шүкір, мем­ле­ке­та­ра­лық бай­ла­ныс, инве­сти­ци­я­лық ықпал­да­стық реті­мен қарқын­ды дамып келеді. Алай­да барыс-келіс, сауда-эко­но­ми­ка мәсе­ле­лері­нен бұрын қоғам­дық-сая­си пікір­лер­ге ықпал ететін тетік­тер көбіне наза­рдан тыс қала­тын сияқты.

Мыса­лы, бүкіл­дү­ни­е­жүзілік көшпе­лілер ойын­да­ры­ның спорт алаңын­да көк­пар­шы­лар­дың ере­гісін, қақты­ғы­сын (Еуро­па елдерін­де мұн­дай жағ­дай сәт сай­ын болып тұра­ды) екі ұлт ара­сын­дағы дау ретін­де көр­се­ту­ге тыра­шта­ну кім­ге керек бол­ды? Соны қоз­датқан пей­ілі күмән­ді ақпа­рат­тық ком­му­ни­ка­ция құрал­да­ры­ның, жур­нал­шы­лар­дың мақ­са­ты не?

Тая­у­да Өзбек­стан­да өткен бокс жары­сын­да спорт­шы құлағы­ның тістел­генін жанұ­шы­ра жары­са жари­я­лай­тын­дай не көрін­ді? Егер көр­ші елдер­де болып жата­тын түр­лі бәсе­ке­де­гі, спорт­тағы, тұр­мыстағы бар­ша кикіл­жің­ге ұлт­тық, этно­стық реңк беріп қара­удан арыл­ма­сақ, тым алы­сқа кетіп қалуы­мыз да мүм­кін. Ал былай­ғы жұрт­тың біре­гей өрке­ни­ет­тер тоғы­сқан аймақ хақын­да, яғни біз бен сіз тура­сын­да теріс ой түй­іп, инве­стор­лық қауқа­ры бар іс адам­да­ры­ның «Қоң­сы отыр­са да, көр­ші­ге досты­ғы жоқ екен» деп тұжы­рым жаса­ма­сы­на кім кепіл?..

Біздің­ше, бұл – совет­тік ескі жүй­е­ден, қасаң­ды­қтан қалып қой­ған сарқын­шақ, күші басы­мға құл­дық ұрып, үне­мі өші­гу, өште­су пси­хо­ло­ги­я­сы­ның қал­ды­ғы. Енде­ше тәу­ел­сіздік­тің қадірін, теңдік пен еркін­дік­тің баға­сын білетін қай елдің аза­ма­ты бол­сын мұн­дай қитұрқы­ның түп-төр­кінін тез түсініп, ешқа­шан асы­ғыс шешім қабыл­да­мауы керек. Әйт­пе­се ежел­ден ауы­лы ара­лас, қойы қора­лас, қыз алып, қыз беріс­кен, құдан­да­лы, бір-біріне тамыр елдер ортақ сан ғасыр­лық тарихын, ағай­ын­дық жолын біл­ме­ген болып шығады.

Сон­ды­қтан дәл бүгін әлем­ді, көр­шіні мысқыл­да­удың реті, қай­бір ісіне күлудің қисы­ны кел­мей­ді. Қай­та қол­дан кел­ген­ше болы­сып, бір-бірі­міздің тіле­уі­мізді тілей­ік. Қаза­қтың дана ақы­ны Шәкәрім қажы Құдай­бер­діұ­лы мұны былай­ша түйіндепті:

«Біре­удің мінін көргенше,

Жаман­ды­ғын тергенше,

Өз ойы­ң­ды мазалап,

Өз бой­ы­ң­ды тазалап,

Өзің­мен алыс өлгенше!».

Дәл осын­дай тұжы­рым­ды көр­ші қонған жұрт­тың ғұла­ма­ла­ры да айт­ты деп ойлай­мыз. Мына қым-қуыт заман­да біз бір халы­қтың екін­ші халы­ққа жасаған жақ­сы­лы­ғын жер-жаһанға жари­я­ла­у­ға асы­ғуы­мыз қажет. Осы­ны Орта­лық Азия мем­ле­кет­терінің бұқа­ра­лық ақпа­рат құрал­да­ры­на ғана емес, зия­лы қауы­мы­на, әсіре­се ғалым­да­ры мен қалам­геріне, бло­гер буы­ны­на қадап тап­сы­рып, ама­нат­таған жөн. Тіп­ті осы­ны өлім-жіті­мі мен той-тома­лағы­ның басын­да жүретін имам­да­ры мен аса­ба­ла­ры­на жүк­те­се де арты­қты­ғы жоқ.

Мәсе­лен, мың жыл­дық тарихы­мы­здағы қаза­қтың қырғы­зға неме­се қырғы­здың қаза­ққа жасаған жақ­сы­лы­ғын айтып тауы­стық па, көр­сетіп бол­дық па? Ой түй­іп, ортақ­та­са­тын мәсе­ле, ес жиып, түген­дей­тін тәлім көп-ақ.

Сон­дай-ақ қаза­қтың өзбек­ке, түрік­мен­ге, тәжік­ке, әзер­бай­жанға неме­се осы ұлт­тар­дың қаза­ққа қол ұшын бер­ген, көмек­тес­кен, жол көр­сет­кен кезі аз емес. Міне, осын­дай ағай­ын­гер­шілік, иман­ды­лық, бауыр­ла­стық дере­гін, оқиға­ла­рын, жағ­дай­ын білу, наси­хат­тай жүру – үлкен-кіші­ге бір­дей парыз болға­ны абзал. Бұл қазір­гі қоғам­ның, қауым­ның жақ­сы қаси­ет­терін есе­лен­діріп, бір­лі­гі­міз бен досты­ғы­мы­зды нығай­туға сеп­те­сетіні анық.

Жаңа заманға лай­ы­қты мұн­дай халы­қтық дипло­ма­тия жетістік­тері Орта­лық Ази­ядағы өза­ра сенім­ділік­ті, тұрақты­лы­қты күшей­те­ді. Өйт­кені ынты­мақ қай­да бол­са, ырыс сон­да. Бір-бірі­міздің жақ­сы­лы­ғы­мы­зды көріп, шынайы баға­ла­сақ, сенім де, жақ­сы­лық та, бере­ке де арта­ды. Сенім берік жер­де аран­да­ту­шы­ның, мақтан­шақ пен бөспе­нің аузы­на құм құй­ы­ла­ды. Пен­де­шілік­пен айты­ла­тын «біз­ден басқа халы­қтың бәрі пәлен-түген» деген басы артық, бос әңгі­ме­ге орын қалмайды.

Осы жылы тамыз айын­да өткен Орта­лық Азия мем­ле­кет­тері бас­шы­ла­ры­ның VI Кон­суль­та­тив­тік кез­де­суін­де Қаза­қстан Пре­зи­ден­ті Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Ортақ тари­хи сюжет­тер­ді экра­ни­за­ци­я­ла­у­ға, халы­қта­ры­мы­здың досты­ғы мен ынты­мағын дәріп­те­у­ге ерекше мән беру керек. Біз жал­пы­өңір­лік теле­ар­на мен ақпа­рат­тық интер­нет-пор­та­лын ашу мәсе­лесін талқы­ла­дық. Бұл рет­те Орта­лық Азия елдерінің теле­ха­бар тара­ту сала­сын­дағы ынты­мақ­та­сты­ғы тура­лы келісім­ді әзір­леп, қол қою­дың маңы­зы зор», – деп атап көрсетті.

Біздің­ше, осы келісім­ді жүзе­ге асы­ру жоға­ры­да көтеріл­ген мәсе­ле­лер­ді түбе­гей­лі шешіп, Орта­лық Ази­я­ның жаңа кел­бетін қалып­та­сты­руға мүм­кін­дік береді. Тарихы терең үлкен өңір­ді жаңғыр­ту мен елдер­дің бір-біріне сені­мін арт­ты­ру­дың теті­гі де осы аяда деп ойлаймыз.

Дар­хан МЫҢБАЙ

Республиканский еженедельник онлайн