рухы мен иманынан айырыла жаздады
(Жалғасы. Басы газеттің өткен санында)
– Сыртта жүріп жазылған романдардың бірі – «Шыңғыс хан» тарихи деректі төрт томдық романы ғой. Осыған аттай жеті жылыңызды арнаған екенсіз. Жалпы, аталған еңбекті академия қаншалықты бағалады? Өйткені Шыңғыс хан тақырыбын жазып жүргендер көп қой.
– Мен 2006 жылы декабрьдің аяғында көшіп келдім, одан бұрын Прагадағы баламның үйінде жыл сайын 2-3 айлап тұратынмын. Келгеннен кейін бір аптадан соң алдымен қол жазу үшін «Менің түрлі түстерім» деген бір әңгіме жаздым, содан кейін «Жармақ» романын жаздым. «Жармақты» 18 күнде жазып бітірдім, бір күн демалыс жасап, 19-ында көшіріп біттім. Менің елеулі шығармаларымның бірі. «Жармақтың» жағдайын қазір де түсініп жатқан жоқ, мақұлдағандар, мақұлдамағандар болды. Бұл енді мінсіз шығарма деп айтамын. Оны астамшылық деп қарауға болмайды. Мысалы, Моцарттың, Бетховеннің симфониялары мінсіз ғой, сол сияқты әлем әдебиетінде мінсіз шығармалар бар. Содан соң барып шығармалар жинағын дайындайын деп қарасам, әңгімелер 3 том болуға тиіс еді. Үшінші томы толмай тұрды, үш-төрт ай отырып, жарты томын жазып толтырдым. Әңгімелерім үш том болды. Содан соң «Шыңғыс ханға» кірістім.
Ол былай. Жеті жыл деген көп уақыт емес. «Шыңғыс ханның» немесе «Алтын Орданың» бір кітабын жазып шығу үшін он жыл уақыт керек. Өйткені алдын ала дайындық керек. Мен енді көзімді ашқаннан бастап дайындалдым деуге болады, тоғыз жасымда Василий Янның «Шыңғыс хан» деген романын оқыдым. Содан кейін университетте Алтын Орданың, түрік халқының тарихын тереңдей таныдым, сол дайындық кезеңінің өзіне де пәленбай уақыт кетер еді. Бізде қазір тарихшылар көбейіп кетті, бір-екі кітап оқып алады да жазады, сол батыстың тарихында оңып тұрған ештеңе жоқ, одан шалағай. Шыңғыс ханға байланысты, Моғол ұлысының тарихына байланысты бір-екі кітаптар оқып алады да жазады, шалағайлық өте көп. Ал енді «Шыңғыс ханды» дұрыс жоспарладым деп ойлаймын. Басында үш кітап деп едім, артынан жаза келе, төрт кітапқа жоспарланды. Бірінші кітап – экспозиция, Шыңғыс ханға дейінгі түрік халықтарының тарихы, Шыңғыс ханның алдындағы жағдай, болашақта Шыңғыс хан соғысатын Қытай империясы, Оңтүстік Қытай – Сун империясы, Солтүстік Қытай –Шөжен империясы, Таңғұт – үш ұлы мемлекет болды. Солардың тарихын шолып, алдағы уақытқа жолымды ашып алдым да, екінші кітаптан, Шыңғыс ханның туғанынан бастап, туғанынан бұрынғы әкесі мен шешесінің алғаш қосылғанынан бастап жаздым. Бірінші кітап Қытайды жаулаумен аяқталады, Жетісуды босатумен. Екінші, Шыңғыс ханның ұлы жоспары бойынша киіз туырлықты халықтарды түгел біріктіру деп айтылған, ол моңғол текті ұсақ бір рулар болды, бәрі де түркі текті үлкен рулар, ол кезде түрік рулары үлкен патшалық болып тұрды. Керей өз алдына патшалық, найман өз алдына патшалық, меркіт өз алдына патшалық, татар өз алдына патшалық. Төрт үлкен мемлекет болды. Осы төрт мемлекеттің басын қосу керек болды. Ондағы негізгі мақсат – Қытайға қарсы тұру.
– Бір сөзіңізде айтасыз, Шыңғыс хан адамзат тарихындағы ең үлкен тұлғалардың бірі, біздің ең үлкен мақтанышымыз. Қытай экспансиясын 550 жылға тоқтатты деп келтіресіз.
– Одан бұрын арабтар тоқтатқан, біздің түріктер. 751 жылы Таластың түбінде үлкен соғыс болды, сол кезде қытай әскері мен араб әскері үш күн соғысып, жеңісе алмай, төртінші күні біздің түріктер келіп, ойлап отырған – қайсысы пайдалы, қайсысы зиян деп. Сосын арабтарды жақтап барып, қытайды талқандады. Содан кейін қытай тура 1000 жылға кейін шегінді. Содан кейінгі шекарадан өтуі – 1755 жыл, ал енді мына 2000-жылдардың ішінде шығыс атырапта Қытайдың үстемдігі болды. Бодан болып тұрды, Түркі қағанаты құлағаннан кейін бодандықта болды, әртүрлі қырғындар да болды.
Шыңғыс ханның негізгі мақсаты – түркілердің басын қосып, қытай экспансиясына қарсы тұру болды. Оны орындады. Содан алтыншы жылы Шыңғыс хан ұлы қаған болып жарияланды. Он бірінші жылы соғыс бастап, Қытайды қиратты, он бесінші жылы Қытайды қиратты, жеңді. Содан кейінгі мақсат, мұны тарихшылар байыптаған жоқ, – батыстағы Дәшті қыпшақ, қазіргі Қазақстан жеріндегі қыпшақтарды, түркі тектілерді, Еділдің арғы жағындағы Дунайға дейінгі түркі текті халықтарды қосып алу, бүкіл түркі текті халықтарды бір империя, бір мемлекет құрамына ұйықтыру болатын. Жошы мен Сүбітай баһадүр екеуін 16-17 жылдары Дәштіні жаулауға жіберді. Осы кезде Хорезм мемлекет болды, ал Дин-Мухаммед қолбасшы болды, оны бәрі жамандайды, ақымақ болды, қорқақ болды деп. Ол бүкіл Ауғанстанды жаулаған, Гур патшалығы, қазіргі шығыс, батыс Үндістанды жаулаған, Пәкістанды жаулаған, Иранды жаулаған ұлы мемлекет құрды. Ұлы Хорезм – ұлы мемлекет болды. Оған қазіргі Қазақстанның бір бөлігі – оңтүстік, Өзбекстан, Қырғыстан, Ауғанстан, Түрікменстан, Иран, Парсы және Пәкістан қарады. Ал енді Шыңғыс хан Хорезммен бейбіт қатынас орнатуға тырысты, елші жіберді және айтты: сен батыстың әміршісісің, мен шығыстың әміршісімін, екеуміз жақсы, достық қатынаста болайық деп, керуен туралы келісім жасалды. Міне, осы кезде Жетісудағы Жебе ноян келіп кіреді, ол Шыңғыс ханның Жетісудан жіберген қолбасшысы ғой. Жебе ноян Жетісудың талқанын шығарып, ол жердегі қара қытай мемлекетінің қалдығын, Жетісуды алды. Көбіне халық сол біздің шығыс татарларын, шығыс түріктерін жақсы көріп, жақсы қарсы алды. Осыдан кейін Хорезм мен Шыңғыс хан империясы мына Шу өзені арқылы шектесті. Осы кезде елші жіберіп, Шыңғыс хан еркін сауда қатынасы болсын деп келісім жасасты ғой. Хорезм, Мұхаммед Алладин-шах «Жібек жолын» жауып тастаған, сол «Жібек жолын» аштырмақ болды, батыс елдерімен еркін сауда қатынасын жасамақ болды. Келісім жасалды, жазба түрде келісім болды. Осыдан кейін шайтан азғырып, Хорезм-шахқа Жетісуды мен неге өзім алмаймын деген ой келеді. Жүз мың әскерімен Жетісуға кіреді, Жебе ноян кетіп қалған, бейбіт, ешкіммен соғыс жоқ, қайта қайтып келеді де, енді біржолата батысқа қарсы, шығысқа қарсы жорық жасау үшін, қыпшақты тыныштандыру керек болады, кәдімгі Қазақстан жеріндегі қыпшақты. Ол 60 мың таңдаулы әскерімен қыпшаққа жорық жасайды. Мұның әңгімесінің бәрі менде айтылған. Бұл кезде Ұшқыртай мен Жошы біздің Шығыс Дәштіге келеді, Ертістен өтіп барып, қазіргі Қазақстан жерінде. Содан керуен келеді, ол керуенді әркім әртүрлі теріс баяндай береді, 500 түйе, 450 қосшысы бар және елші бар, бай-көпестер келген. Содан кейін оны тонап алады, бұл тарихта белгілі оқиға – «Отырардағы ойран» деген, оны әртүрлі айтады. Мәселе – неге келісімді бұзды? Хорезм-шах Шыңғыс ханмен соғысқысы келді. Өзінің күш-қуатына сенді, 500 мың әскері бар, мүмкін, миллионға жетер, тек қана Мауереннахрда, кәдімгі Орта Азия шегінде 400 мың әскері бар. Содан кейін барады да, керуенді тонап алады. Қызықты дейді, несіне қызығады? Бүкіл Иранды, Ауғанстанды, Персияны жаулап отырған Хорезм-шахқа ол 500 түйе деген немене – 5 тиын ғана құны бар. Ол жанжал іздеген, елшілерді, керуеншілерді түгел өлтіреді, тек бір адам ғана қашып құтылады, сол хабарын айтады.
– Қазақ тарихшылары айтып жүрген қазіргі Отырар ше?
– Оның бәрі бос нәрсе. Содан кейін барып Шыңғыс хан екінші елшісін жібереді, бас елші Бұғыра деген адам. Бұрын Бұғыраның әкесі Хорезм-шахқа қызмет еткен екен, Хорезм-шахтың әкесі Текешке қызмет еткен екен және екі татар. Татар дегеніміз – шығыс түрік, керей ме, найман ба. Келгеннен кейін Бұғыраны өлтіреді де, ана екеуінің сақалын күзеп қоя береді. Бар айтыңдар, жердің түбіне кетсе де, мен Шыңғыс ханды тауып алам, өлтірем дейді. Міне, сөйтіп ол соғыс жариялайды. Енді Шыңғыс ханда амал жоқ, орнында хан болып отыру үшін соғысу керек. Оның жоспарында жоқ, оның жоспары – бүкіл Дәшті қыпшақты алу. Бұл кезде мұндай қырғын болғаны туралы алдында кетіп қалған Жошы мен Сүбітай баһадүрден еш хабар жоқ. Содан кейін Шыңғыс ханның Дәшті қыпшақты қиратып жатқан әскерімен кездесіп қалады ғой. Жиырма мың, екі түп әскер, алты түмен әскер, алты кісімен кездеседі, Ырғыздан өткеннен кейін, Орал тауының етегінде, Мағажұрда. Менде бәрі жазылған, бұл меркіттердің соғысы, меркіттерді қиратқаннан кейін, соның қирап жатқан жұртына келеді, сонда бір сау қалған жаралы адамды тауып алып, сонымен әңгімелеседі.
Мұнда логика жоқ, біздің тарихшыларда да. Қай тілде сөйлесті? Моңғол болса – ол қалай сөйлесті? Моңғол болса – Хорезм-шах қалай сөйлеседі? Ол – меркіт, оның тілі де түркі тілі. Соны айтады, міне, бізді қиратты, осы таңертең түске дейін соғыс болып, жаңа ғана кетті дейді. Содан кешке қарамай, Хорезм-шах 60 мың әскерімен соңынан қуып шығады. Түні бойы жүріп, күн шыға Жошы ханды қуып жетеді. Содан кейін аналар соңынан келе жатқанда жаушы жібереді, айтады: «Неге біздің соңымыздан келе жатырсыңдар? Сендер кімсіңдер?» деп. Сосын айтады: мен сендерді қирату үшін келе жатырмын дейді. Сосын Жошы айтады: бізге Хорезм-шахпен соғысуға әкем маған жарлық берген жоқ дейді. Бұл кезде керуенді қырып тастаған кез. Сонда Хорезм-шах айтады: сенің әкең саған жарлық бермесе, маған Алла тағала сендей кәпірлермен соғысуға жарлық берді деп, шабуыл бастайды. Содан 60 мың мен 20 мың соғыс басталып кетеді. Хорезм әскері талқан болады. Тек бір ғана аты қалып, өзі тұтқынға түсе жаздап, әрең құтылады.
Сонымен кеш батады, кеш батқаннан кейін барып, 20 мың адамынан айырылған екен Хорезм-шах. Кеш батқан соң Жошы хан көреді, мақсаты соғысу емес, түн ішінде от жағып, шегініп кетеді. Біздің тарихшылар мұны айтпайды, бұл тарихта бар. Хорезм-шах жаралы, өлгендерін тастап, түн ішінде ол да қашады. Сонда екі тарап барғаннан кейін керуеннің қирағанын естиді, әрине, Жошы да енді кімнің соғысқалы жатқанын естиді. Содан екі түрлі жағдай, бірінші, алғашқы соғыс, Хорезм әскерінің тәсілдерін, соғысу әдістерін бәрін көрді, білді. Ал Хорезм-шах өте әскери, тәжірибелі адам, Шыңғыс хан әскерінің қандай екенін көрді, Хорезм-шах қайтып келген кезде жанынан түңіледі, осындай батыр адамдар болады екен, садақты тартқаны, найза жұмсағаны, қылыш шапқаны қалай, жанынан түңіліп, қайран қалады. Енді ол Иранмен, бәрімен соғысқан тәжірибелі әскер басы ғой. Сол кезде Шыңғыс ханның елшісі келеді, ол жалғыз ауыз сөз айтады: тілегенің соғыс болса, күтіп ал дейді. Абыржып қалады, өйткені 20 мың әскерді 60 мың жеңе алмады, ал енді 100 мың әскермен келгенде не болады? Барлық мәселе сонда. Содан барып Хорезм-шахтың құрған тәсілі, бәрін әртүрлі кіналайды, әртүрлі ұсыныс болады: жолда келе жатқанда, Жетісуда қарсы алайық дейді. Біреулер Сырдарияның бойында қарсы алайық дейді. Біреулер Сырдан өте берсін, Мауереннахрды алсын, Мауереннахр 1210-жылдан бастап Хорезмге қараған, біз Әмудария бөгетінде тосайық дейді. Енді біреулер әбден түңілгені сондай, Ауғанстанға қашайық, мұнда келеді, жүреді, тонайды, кетеді деп.
Хорезм-шах бірден-бір дұрыс шешім қабылдайды: әрбір қалаға мыңдаған адам береді, Самарқанға 110 мың, Үргеніште 150 мың жергілікті әскермен қоса, Отырарда 50 мың әскер қамалды ұстап отырады деп, аналар қамалды алмайды деп. Өйткені алдында Шыңғыс хан Пекинді алып отырған кезде сонда Қытайдың қамалдарын қандай қиындықпен алғандарын Хорезм-шах елшілері көрген. Қамалды бұза алмайды, қоршап, тұншықтырып барып алады, бұл 11-жылы. Одан бері 7-8 жыл өтті, Шыңғыс хан әскерді қайта құрған, қамал бұзатын машиналарды игерген. Әлмұқай деген өзіміздің керей, найманның біреуі, сол басшы болып, кәдімгі қамал бұзатын катапульттар құрған ғой. Содан кейін барып жорық басталып кетеді. Ол өзі «Шыңғыс хандағы» ұзын тарих. Енді Хорезм-шахтың есебі – ескірген есеп. Ол кезде қамал бұзудың бар тәсілдерін біледі және оның үстіне Хорезм әскерінің кеудесі жоғары ғой, Бұқараның түбіне келген кезде қамал ішінде отырмай, қарсы шығады ғой. Келген әскер 60-70 мыңдай, Шыңғыс ханмен келген, түгелдей қырылып қалады, қырылып қалып, қамал қақпасын аша алмай қалады. Самарқанда да солай болады.
Ал Орта Азиядағы Хорезмнің қирауы – ол өзгеше оқиға. «Шыңғыс ханның» ішінде ондаған роман, жүздеген повестер бар, жүздеген тұлғалардың, адамдардың тағдыры бар. Енді Шыңғыс хан, бәрі сонымен мұратына жетті ғой. Таңғұтқа барар жолда қайтыс болды. «Алтын Орда» – соның жалғасы.
– Шыңғыс хан туралы: Шыңғыс хан басқыншы болған деген тақырыппен мектеп бағдарламасында әлі күнге оқытылып келеді. Бұл қашан өзгереді?
– Біріншіден, ол – орыс-совет тарихының ықпалымен жазылған нәрсе. Біз отар ел болдық, олардың айтқаны айғақ. Екінші, ол кезде сана өте төмен ғой, бәрі мүлде басқаша, ешқандай да басқыншы емес, Шыңғыс хан – біріншіден, Қытай империясынан қорғанушы, екінші – бүкіл түрік халықтарын қайта біріктіру жолында, сонда Самарқан түбіне келген кезде күшіне сенетіні соншалық, Шыңғыс хан Хорезм-шахты қуғындауға алдымен Сүбітай баһадүрді жібереді. Ертеңіне Жебе ноянды жібереді. Содан бірнеше күннен кейін Тоғышар ноянды тағы бір түмен әскермен жібереді. Сосын Сүбітай мен Жебе ноян бүкіл Иранды алақтап, қазіргі Түрікменстан жерін алақтап, қолға түсіретін бірнеше жағдайлар болады, әскерлерін бәрін қиратып, ақырында Хорезм-шах өлді ғой, Каспий теңізінің оңтүстігінде бір аралда өледі. Содан кейін барып мақсат орындалды, Хорезм-шахтың көзі жойылды, Жебе ноян мен Сүбітай баһадүрге Кавказдан әрі асып, Батыс Дәштіні барлап келіңдер деген тапсырма береді. Бұл сол 20-жылдың көктемінде аттандырды ғой. Күзге қарай олар Кавказдан асып, Дербентке келеді. Дербентте қамалдың қалдығы әлі бар, бұл ғаламат қамал болған, біздің түріктер оны «темір қақпа» деп атаған. Бұл – тау мен теңіздің арасында бір жарым шақырымдай ғана жер, соны бекітіп тастаған, ешкім ары да, бері де өте алмайды. Содан Сүбітай мен Жебе ноян Дербентке келеді, өте алмайды. Қамал бұзатын қарулары жоқ. Бізді өткізіп жіберіңдер деп келіссөз жүргізеді, өйткені арасы 500-ақ қадам екен, екі қамал. Төменгі және жоғарғы қамал. Сол төменгі қамалдың тұсына келіп, теңізге дейін, теңізге жалғасқан қамал. Олар өткізбейді, қорқады. Содан соң келіссөз жасау үшін он адам елші жібереді. Ибн-әл Наср деген өте жақсы тарихшы болған, бірақ мұсылманшылығы болған, онысы дұрыс қой, біздің татарларды жек көрген, татар дегеніміз түрік қой, мына татар емес. Содан жол көрсетіңдер дейді. Ибн-әл Наср жазады: келгеннен кейін елшілер өте астам отырды, сосын Жебе ноян ба, Сүбітай ма, он елшінің біреуін өлтірді, қалғандарыңды осылай істеймін, жол көрсетіңдер деп айтты дейді, бұл қисынсыз нәрсе. Біріншіден, Шыңғыс ханның жасағы ешқашан елшіге қиянат жасамайды, мың жыл озып кеткен бұл тарапта дипломатиялық қауіпсіздік деген мәселені алғаш енгізген – Шыңғыс хан. ХІХ–ХХ ғасырға дейін ол Европада сақталған жоқ. Біріншіден, ол ешкімді өлтірген жоқ. Екіншіден, 20 мың әскер 20 күн тұрады, оларға тамақ керек, нәтиже жоқ, алға шыға алмайды, олар қайткенде де кету керек, Кавказдың жолын табу керек. Өтетін өткелді көрсетіңдер бізге, оңтүстік теріске қарай өтетін Кавказдың жолын көрсетіңдер деп айтады. Содан басшылар Дария шатқалына әкеліп, сол Дария шатқалымен өтеді ғой әрі қарай. Сонда мақсат не? Мақсат – Батыс Дәштіні барлау. Шығыс Дәштіні алып болды, негізінде Алтын Орданы 750 жыл деп жазды, оның бәрі бекер сөз. Біздің қазақ жерінің Шыңғыс хан империясына қосылуы – 1220 жыл. Алдында 19-жылы бүкіл Шығыс Дәштіні Жошы мен Сүбітай бағындырды, бірақ мен Шыңғыс хан жорығы басталған кезге тіреймін. 1220 жылы қазіргі Қазақстан Шыңғыс хан империясының құрамына енді. 800 жылдық үлкен мереке өтіп кетті, бізде атаусыз қалды. Ендігі мақсат – Батыс Дәштіні барлау. Онда да теріс жазылып жүрген толып жатқан көп нәрселер бар.
Шатқалдан өтіп, дәл ауызға шығар кезде бұларды қыпшақтар мен алаңдар қарсы алады. Алаң қазіргі әсеттілердің атасы деп аталады ғой. Олай емес, олар мүлде басқа халық болуы керек, жауынгер халық болған, бұза алмайды. Мысалы, Талқы деген асуды атақты Шыңғыс хан асқан, Шыңғыс хан әскерінің бір бөлігі өткен, мына біздің Жаркенттен Құлжаға қарай өтетін, шамасы 40-50 шақырым тар қысаң, жүз атты қатар жүре алмайды, екі жағы тау, Абылай ханның заманында содан өрлеп барып, қалмақтың жеріне шығатын болған. Сол жерде, мысалы үшін, мың адам он мың қолды бөгеп тұрар еді, мына шатқал да солай. Сосын қыпшақтарға сөз салады, сендермен біз туысқан халықпыз, мына заты бөлек аландарды тастап кетіңдер деп. Сыйлық берді, сөйтіп бәрі сатылды дейді. Сатылған жоқ, тілдері бір ғой. Бұл моңғол емес, түрік дедім, аналар да түрік, қыпшақтар, сосын олар тастап кетеді, содан аландарды қиратады. Осыдан соң келіп жаңағы кетіп қалған қыпшақтарды шапты дейді тарихшылар. Біріншіден, ол – Кавказ терістігін жайлаған қыпшақтың бір бөлшегі ғана, екіншіден, өзіне бағынған, өзімен мәмлеге келген жұртты шапса, кейінгі жұрт қайтеді? Қыпшақ – жалпақ жатқан үлкен ұлы ел. Ол қыпшақтар Шыңғыс ханның Жебе ноян мен Сүбітайдың әскеріне қосылады, Тешу хан, Тигр хан деген адамдар бастаған. Қалған қыпшақ көбі бейбіт болады, соғысқандары бар, қанша дегенмен бөтен тайпалар ғой, туыстас болса да, ақыры Қалқанға келіп, Қалқан түбінде қиратты ғой.
Кейінгі орыстар бәрін жасырады. Алғашқы деректердің бәрін жойып жіберген. Татишев деген тарихшы ХҮІІІ ғасырда жазған, кейін жойылып кеткен, ескерткіштер негізінде жазған. Орыстар Қалқа ұрысына 103 мың әскерімен қатысты дейді, әрбір князьдіктен қанша әскер жиналған, Киевтен 40 мың, бір князьдіктен 2 мың, бір князьдіктен 5200, бір князьдіктен 7200 деген сияқты сандары нақты, 103 мың әскермен келген. Қыпшақтар аз ғана болған, соны қиратты ғой. Кейін Бату хан келіп кірген кезде, ойбай, бірікпей қалды, бастары қосылмады дейді. Ал бастары қосылғанда не болғанын көрді. Бұл елші жібереді ғой орыстарға, біз қыпшақтарды қуып келеміз, бұлар біздің малшыларымыз, сіздер бұрын соғысып жүреді екенсіздер, тастап кетіңіздер, мұны бізге қалдырыңыздар деп. Тастамайды, өйткені орыс князьдіктерінің барлығы жартылай қыпшақ, шешелері, әйелдері, әжелері қыпшақ, өздерінің түрі де орыс емес. Содан кейін орыстар жаңағы елшінің 6–7-уін өлтіріп жібереді. Ал бұл – ең үлкен қылмыс. Біздің жұрттың ұғымында ең үлкен қылмыс. Сол себепті енді орыстарды қалқалар жеңген кезде бір адам қалдырмай өлтірген. Бір-ақ адам қалған, Киевтің ұлы князі, Роман Вячеславович қой деймін, соны Шыңғыс ханға апарып көрсету үшін алып кетеді. Кейін Жошы ханның алдына апарып, сол жерде өлтіреді.
Сонда орыс жылнамаларының өзі жазады, онның бірі ғана, яғни 100 мыңнан 10 мың ғана қайтқан. Бұл 20-шы жылы. Арада 14–15 жыл өткенде Бату хан келіп кіреді. Сол кезде кешегі соғысқа қатысқандар тірі, сол кездегі жас жігіттер 40-қа келді. 20-дағы 35-ке келді, 40-тағылар әлі тірі, содан кейін ешқандай қалшылық болмай, жеке князьдіктер соғысады, онда да Қалқадағы ұрысқа қатыспай қалған Рязань мен Владимир князьдіктері ғана соғысқа шығады. Қалғандары бейбіт бағынған. Осындай деректер көп. Оның бәрі «Шыңғыс ханда» жазылған. «Алтын Ордада» шет жағасын қайталадық.
Сұхбаттасқан – Ая ӨМІРТАЙ
(Жалғасы бар)