немесе Сөзден кейінгі сөз
(Соңы. Басы газеттің өткен санында)
2015 жылы айғақ-кітаптардың том қатарын сегізге жеткіздім.
Бір күні «Дәуір» баспасынан хабарласып тұрмын деп, күміс қоңыраудай сыңғырлаған ашық үнді бір қыз телефон шалды. «Есімім Маргарита, өзіңіз оқыған ҚазМУ-дың түлегімін» деді. Тарихшы екен. Ғылым кандидаты деген атағы бар. «Аға, Ұлттық кітапханада көп күн сарыла отырып, Желтоқсан көтерілісіне байланысты кітаптарды асықпай қарап шықтым. Жиырма шақты автордың кітабын көрдім. Кейбіреуі тура ертегі сияқты. Енді бір автор желтоқсанның 16-сы күні алаңда қақтығыс болды деп жазады. Сондай сәйкессіздіктерден аулақ, бір ізді, әбден тиянақталып шығарылған томдарыңыз ұнады. Келер жылы Желтоқсанның 25 жылдығына орай баспамыздың тақырыптық жоспарына енгізіп, министрлікке ұсынсақ па деп едік. Бұған қалай қарайсыз?» – деп сұрады. «Жақсы сөзіңді естіп, кітаптарым шығып кеткендей қуанып қалдым-ау! Әрине, қарсы емеспін. Егер өткізе алсаңдар…» – дедім күмәнді ойымды жасырмай. «Баспамыздың иесі кім екенін жақсы білетін шығарсыз. Өз ойымша, біз ұсынсақ – міндетті түрде өтуге тиіс. Өйткені жылда ұсынғандарымыздың ішінен кейінге сырғытылып, шықпай қалатын бірі де жоқ. Бізге сеніңіз. Егер келіссеңіз, ертең уақыт тауып баспаға соғып кетіңіз», – деді Маргарита.
Мен осындай жарқын шақ қашан келер деп күткен адам емеспін бе, келесі күні айтқан уақытында жетіп бардым. Маргарита баспа директорының орынбасарына ертіп барды. Бірден сегіз томның электрондық мәтінін тапсыратын болып келісімшартқа отырдым.
Расында, Маргарита бір нәрсені білген екен, Желтоқсанның ширек ғасырлығы қарсаңында мен ұсынған сегіз томның алғашқы екеуі 2000 дана таралыммен басылып шығатын болды. Қызық сол кезде басталды. Министрліктен бір азамат, оның кім екенін сұрамаппын да, «Мына кітаптар қалай өтіп кетті?» – дейді. «Өткізген өздерің ғой!» деп едім даусымды нығарлап, телефон тұтқасын орнына қоя салды ма, әйтеуір кенеттен байланысымыз үзіліп кетті.
Мемлекеттің президенті Нұрсұлтан Назарбаев, еліміздегі ең үлкен баспаның иесі де, директоры да келіні Светлана Назарбаева болса, не істей алсын?! Әйтеуір екі томым өзім ұсынған нұсқада, бір сөйлемі де бұзылмастан, НӘН-нің қанатты сөздері қосылмаған қалпында жарық көрді. Атауын ғана өзгерттім. Сөйтіп, «Алматы. 1986. Желтоқсан» айғақ-кітаптары «Желтоқсан көтерілісі» деген атпен 86-жылғы қазақ жастарының ерлік күресін келешек ұрпаққа жеткізетін топтама кітаптар болып республикадағы кітапханаларға таратылды. Құрастырушысы және жауапты шығарушысы, сонымен бірге авторларының бірі, редакторы ретінде қатар шыққан қос томның тұсаукесерін Қазақстан Жазушылар одағында өткіздім. Оған Мемлекеттік комиссия төрағаларының бірі болған Мұхтар Шахановты шақырдым. Залда ақын-жазушылар Ғаббас Қабышұлы, Софы Сматаев, Темірхан Медетбек, Бейбіт Қойшыбай, Көлбай Адырбекұлы, Молдағали Мәтхан, Болат Шарахымбай, Аманғазы Кәріпжанов және желтоқсандық қаһармандар конференция залының жартысын толтырып отырды. Алдыңғы қатарда жайғасқандардың арасынан Алматы қалалық әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің, алаңдағы өтетін митингілерден қалмай жүретін бір қызметкері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кісісін көзім шалды. Тұсаукесер жиынын жүргізуші публицист-жазушы Марат Тоқашбай екеуміз 1986 жылдың 29 желтоқсанында Г. В. Колбин ақын-жазушылармен кездесуге қорқақсоқтап келген сахна төрінде отырдық….
«Талғат аға, екі томыңыз шықты. Жолыңыз ашылды. Енді қалған алты томыңыз да кезегімен шыға береді», – деп арқаландырып еді Маргарита. Шындығында дәл солай болатын шығар деп иланып-ақ едім. Бірақ ол айтқандай бола қоймады. Желтоқсанның жолының ауырлығы және сезілді. Алаш арыстарын да қарық қылмай, қара бастарының шаруасын шиырып жүретін пысқайлардың тірлігі ме, білмеймін, дәурені жүріп тұрған «Дәуір» баспасындағылар жылдағыдай ұсынып, өткізе алмады. Солай созылып жүріп, әйтеуір көтерілістің отыз бес жылдығына орай жасаған тізімге үшінші, төртінші томдары еніпті. Бұдан басқа әлеуметтік маңызы зор қандай кітаптар басылады екен деген қызығушылықпен салақұлаш тізімге көз сала отырып, арасынан алдында ғана министрі болған Арыстанбек Мұхамәдиұлы меншіктеп алған «Қазақ энциклопедиясы» баспасы «Желтоқсан көтерілісі» энциклопедиясын шығаратынын оқыған кезімде көзім шарасынан шыға жаздады. «Не дейді? Рас па, өтірік пе?» деп қайта-қайта үңілдім. Ып-рас! «Ойбай-ау, мына энциклопедия қашан дайындалды, қалай дайындалды, кімдер жұмыс істеді? Бұл біздің билік үшін жартылай жабық тақырып еді ғой», – деп, шыны керек, жарылуға шақ қалдым. Бірден министрліктің телефонын тере бастадым. Арғы жақтан сөйлескен қызға: «Айналайын-ау, әлі күнге дейін көтерілістің саяси-құқықтық бағасы беріліп, статусы анықталған жоқ қой! Мынау қайдағы энциклопедия?! Бұның ішінде не бар? Шығарғыш болсаңдар, осындай жұмыстың бәріне жол ашатын, мен машақатынан бас көтеріп, шығара алмай жүрген томдарды шығармайсыңдар ма?» – дедім төпелеп. «Аға, екі томыңыз шығайын деп жатыр ғой», – дейді. «Әр бес жыл сайын екі томнан ғана шығарсаңдар, онда қарық қылған екенсіңдер! Ал мына шыққалы жатқан энциклопедия мәтінінің электрондық нұсқасы бар ма?» – дедім. «Бар болған соң, оны комиссия мүшелері сараптаудан өткізіп барып тізімге енгіздік емес пе, аға!». «Солай ма, ендеше мен министрлікті де, оның сараптаушы комиссиясын да сотқа беремін. Сол жерге кітаптың қолжазбасын әкелесіңдер, комиссия мүшелерін де сотқа шақыртамын», – дедім түйіліп. Бірақ дәл сол сәтінде өстіп қырып жіберетіндей күшенсем де, оны жасамадым. Есесіне бүкіл айтпақ ойымды ақ қағазға түсіріп, президент Қ. К. Тоқаев, премьер-министр Ә. А. Смайылов пен ақпарат министрі А. Райымқұлованың egov-та көрсетілген пошталарына жіберттім. Әйтеуір бір шудың болғаны күмәнсіз. Не керек, энциклопедия шықпайтын болды. Министрліктегі тілдесіп жүрген қызым: «Аға, сотқа бермей-ақ қойыңызшы, кітаптарыңыз шығып жатыр ғой, алда қалғанын шығарамыз», – деді жалынғандай болып.
«Кейін келген тоқалдар, шөміш алып қоқаңдар» деген бар халқымызда. Кішкене ой көзімен сарапқа салыңызшы: мен не істеп жүрмін, олар не бітірді? Қаншама жылдарымды сарп етіп, бастаған ісімді тастамай, не тапқан табысым жоқ, ағысқа қарсы жүзіп, билік саясатымен шарпыса әрекет етіп келемін. Ұлт намысы үшін алаңға шыққан өршіл жастардың арасындамын. Қыздарымыздың жылап айтқан естелік әңгімелерін диктофонға жазып, қалайда жарыққа шығарсам деп басымды тауға да, тасқа да ұрған жүрісім мынау. Олардың бәрін аяймын. Желтоқсанның таяғын жеді. Тағдырлары тас-талқан болды. Жігіттердің де жетісіп жүргені белгілі. Шетінен ауру-сырқау, жұмыссыз. Ұрылды, соғылды, қан төкті. Арасында түрмеге түсіп, тозақ өмірді бастан өткізгендері де аз емес. Сонда бұл кім үшін жасалды?..
Бүгінде өзі де темір торда қамауда жатқан А. Мұхамәдиұлы қарақан басының рахаты үшін мемлекет мүлкін иеленді, көзін тарс жұмып, қаржысын қымқырды. Егер дер кезінде мен өршеленіп араласпасам, сол бетсіздігіне басып, аты бар да, заты жоқ бір кітапты «Желтоқсан энциклопедиясы» деп шығартар еді. Оған әрі дегенде сотталған желтоқсандық батырлар мен бертінде ақталған 450-дей қыз-жігіттің аты-жөндерін өмірбаяндарымен басып, суреттерін енгізіп, кітапқа деп бөлінген мемлекеттің қыруар қаржысының қомақты бөлігімен аузын майлап, мұртынан мысқылдай күліп отыратын еді. Нақты білуімше, министрлік бөлген сол қисапсыз қаржы айғақ-кітаптарға арналса, көптен кезегін күтумен баспаның тартпасында сарғайып жатқан «Желтоқсан көтерілісі» айғақ-кітаптарының қалған төрт томы да 3000 таралыммен жер-жердегі кітапханаларға жіберіліп, тарихи оқиғаның ақиқатын білгісі келетін қалың оқырманның қолына тимес пе еді?!
***
Желтоқсан – қазақтың жан жарасы. Билік көтеріліске байланысты қандай істі қолға алса да, еріксіз, ықылассыз пиғыл-пайыммен әлдекім күштегендей кіріседі. Ақиқатында – «атқарған» болады. Соған қарап, одан да тереңдеп, қопара айтсам, Желтоқсанды халықтың жадынан біржола өшіріп тастауға да кет әрі емес екенін көрсетумен келеді!
Дәлел керек дейтін шығарсыз? Соның ең үлкен, дәйектісі – бұрынғы Брежнев, одан кейінгі Жаңа алаң. Алматының кәсіби білім беретін орта-арнаулы және жоғары оқу орындарында оқитын студенттер мен кәсіпорын, өндіріс ошақтарындағы жұмысшы жастар қаланың әр шетінен тасқындай ағылып, ине шаншарға орын қалдырмай тіресіп, сіресіп тұрған кезіне куәміз. Бұл сол дәуірде Қазақ КСР-ы Компартиясының бірінші хатшысы, көп жылдар бойы КПСС Орталық Комитеті Саяси бюросының тұрақты мүшесі болған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың жасатқан алаңы еді. Әлем елдері астаналарында дәл осындай кең де көрікті алаң жоқ-тын. Енді сол алаң НӘН дәуірінде не болды, қандай күйге ұшырады? Төбеден төмен қарай қусырылып, елдің басын қоспайтын көп көшенің біріне айналды. Алаңда тапжылмай тұрған ондаған мың жастардың көз тіккен мінбері қайда? Оны неге қиратты? Нағыз тарихи жәдігер сол емес пе еді?!
Желтоқсан қаһармандарына арналып қойылған ескерткішке «таңдап берген» орны анау… Сол бір қасіретті күндерді еске алайық, бүгінге жете алмай, арманда кеткен ерлерге бағыштап құран оқып, гүл қояйық десе, екі жағынан да – жоғары, төмен зулаған машиналар тізбегі дес бермейтін қыспақты, қуықтай жерді, «сендерге керегі осы ғой» деп, қорлап, күлкі ету үшін әдейілеп берді-ау демеске әддің қалмайды.
***
2016 жылы 25 қазан күні Астанада қуғын-сүргін оқиғаларын зерттеуде ерекше белсенділігімен дараланып жүрген Сабыр Қасымовтың басшылығымен «Қазақстандағы Желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихы және халықаралық маңызы» деп аталатын халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған алыс және таяу (ТМД-ны айтамын) он бір елден тарихшы ғалымдар, қоғам, мемлекет қайраткерлері мен саясаткерлер қатысты. Сонда Желтоқсан оқиға емес, көтеріліс деген ортақ тұжырым жасап, биік баға берген қадірлі қонақтардың келу, кету жол шығындары мен жүріп-тұру, жатын орын және басқа да қажетті жағдайлары үшін жұмсалатын қаржы мемлекет есебінен емес, жеке адамның қалтасынан төленгенін білетіндердің өзі де ұмыта бастаған шығар. Сол себепті естеріне сала кеткенім жөн болар. Ол – ҚазМУ-дың заң факультетінің үшінші курсында оқып жүріп көтеріліске қатысқан, «Астана-жиһаз» жекеменшік кәсіпорнының иесі Нұрлан Есқалиев. Өзіміздің Алматы және басқа қалалардан келгендердің бәрі де өз шығындарын өздері көтерді. Солардың арасында көтеріліс тарихына тереңдеп, көлемді баяндама жасаған тарихшы ғалымдар Мәмбет Қойгелдиев пен Талас Омарбеков те бар. Сонда мемлекеттік мәні зор айтулы шарадағы билігіміздің үлесі қалай болды десеңіз, оны да ауызға алайын: Нөл!..
Мұндайда жекелеген кісілерге қатыстырып айтатын «Жолдастықтың жақсысы – зияны тимеген» деген нақыл сөз еріксіз тіліңнің ұшына оралады екен. Ұйымдастырушылар алдын ала Астана қалалық әкімшілігіндегі басшылармен, тіпті олардан да жоғары билікте жүрген азаматтармен халықаралық конференцияны «Конгресс-холда» өткіземіз деп келісіп қойған екен. Бірақ ол шіркіндер берген сөздерінде тұрмай, «болмайды, бере алмайды екенбіз» деген жауаптарын сағыздай созып, 24-і күні түнгі сағат онға таяу бір-ақ айтады. Бұдан артық кедергі, конференцияны қайткенде де болдырмау әрекеті жасала ма? Олар солай уәделерін сиырқұйымшақтата бастағанда-ақ, сол әрекеттерінен секем алып, қосымша орын іздестіре бастайды. Қай жерде өтетіні бізге түн ішінде хабарланды.
Келесі күні конференция сағат онда басталып, кешкі бесте, көтерілістің саяси бағасын беретін 23 (жиырма үш) тармақтан тұратын Қарар қабылдаумен аяқталды. Тарихи мәні терең Қарарға кімдердің ой айтқаны, сөйлеген сөздері, жасаған баяндамалары нақты негіз болғанын білгіңіз келсе, оны да жеткізейін: Латвия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Юрис Погребнякс; Венгрия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани; Б. Н. Ельцин атындағы Қырғыз-Ресей Славян университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі, Қырғыз Республикасы Парламентінің экс-спикері Зайнедин Курманов; Варшавадағы Азияны зерттеу институтының директоры Владыслав Соколовски; Түркияның Эрджиес университетінің профессоры Абдулкадыр Ювалы; Москвадағы Ресей Мемлекеттік гуманитарлык университетінің кафедра меңгерушісі, психология ғылымының докторы Владимир Кудрявцев; Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей Ғылым академиясы Сібір басқару институтының саясат және халықаралық қатынастар факультетінің деканы Сергей Козлов; Баку Мемлекеттік университеті түркология кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рамиз Аскер; Моңғолияның мемлекет және қоғам қайраткері, Моңғолия Парламентінің вице-спикері және Әділет экс-министрі Цог Логийн; Киев университетінің профессоры Пётро Токарь; Ресей Жаратылыстану академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов және басқалар.
Бұл Желтоқсан тақырыбында ізденіп, жылдар бойы тыным таппай сөйлеп, жазып жүрген талайлардың күпті көңілдерін орнықтыруға ықпал еткен айрықша маңызды оқиға болды. Сондықтан конференцияның жабылар сәтінде бәрінің басы-қасында күйіп-жанып жүрген Сабыр Ахметжанұлы: «Мен бүгін бақыттымын. Олай дейтінім, отыз жыл бойы осылай етсек екен, көтерілістің әлемдік сипаты бар екенін халықаралық конференция өткізу арқылы барлық елге білдірсек екен деген ізгі мақсатыма жеттім», – деді көзіне жас ала толқып тұрып.
Тарихшы ғалым Б. Берлібаев мені осынша толғанысқа түсіріп, былайғы елдің көбі біле бермейтін әңгімелерді есіме алып, осы мақаланы жазуыма себепші болды. Ол көлемді зерттеуінде халқымыздың ұлы тұлғаларының бірі Д. А. Қонаев жайында өте жақсы пікірде екенін және оның негізсіз еместігін нақты дәлелдермен дәйектепті.
«Жастар көтеріліс кезіндегі әйгілі ұрандарында Қонаевтың қызметіне қайта келуін талап еткен жоқ. Демек, олар «атышулы» пленумда тілге тиек етілген оның жасының ұлғайғанымен санасып отыр. Бірақ бәрібір оларды алаңға алып шыққан негізгі мәселенің бірі – тағы да сол алып та күрделі тұлғаның үлкен беделі екендігін ұмытпасақ, тарихи оқиғаны жүйелегенде, Қонаевты айналып өте алмаймыз. Себебі сол бір дүбірлі оқиғаның тікелей куәгерлерінің естеліктерін оқығанда, мәселенің төркіні Қонаевқа келіп тірелетінін байқау қиын емес», – дейді. Мен бұл ойын құптай отырып, тіпті Желтоқсан тақырыбында бір кісідей қалам тартып жүрген Қайым-Мұнар Тәбеевтің де, «оның кезінде жүзшілділік белең алды, Қ. Сәтбаев және басқа кісілерді қудалады» деген секілді сынап-мінегеніне келіспеймін. Өйткені естіп білуімше, айтылмай жүрген ақиқат басқаша.
Әрине, Қонаев та періште емес, бәріміз секілді ет пен сүйектен жаралған пенде. Жанындағы сенген серкелердің кей сөзіне еріп, қателескенін Димекеңнің өзі де кезінде мойындады. Алайда ұлты үшін еткен еңбегі, Қазақстанды көркейтіп, гүлдендіру жолында жүзеге асырған қисапсыз жұмыстары бар екенін бүкіл әлем біледі. Ең ұлылығы сол – өзі үшін өмір сүрген жоқ. Бойындағы Алла берген бар қабілет-қарымын, ақыл-ойы мен парасатты сезімін елге арнады. Балалы болайын деп, Зухра апамыздан басқаға көз сүзіп, абыройына қылаудай дақ түсірмей өтті. Қазақтың баласы – менің балам деген биік ұғыммен академиктік атағына тиесілі ақшасының бәрін алған-алғанынша балалар үйіне аударып отырды. Бабалардан қалған қасиетті жерді бөлшектеуге жол бермеді. Оңтүстік өңірдегі жеріміздің біраз шұрайлы бөлігі Өзбекстанға берілсе, оны республиканың басшылығын И. А. Юсуповқа әперіп, олжалатқан Н. С. Хрущев қой. Қайта Димекең Л. И. Брежнев тұсында бірінші хатшылық қызметіне келіп, сол жерлерді қайтаруға барынша ықпал етті. Ал қайтпай қалған бөлігіне келсек, «Брежневке қанша айтып жүрсем де, сөзімді өткізе алмадым» деп, өзекжарды өкінішін де айтып, жазып кетті ғой. Соған қарамай, осы мәселені өші бардай қайта-қайта қаузап, Димекеңді күстаналай беретіндер сол заманда Қонаевтың орнында басқа бір қазақ азаматы республикамызды басқарса, онда қалай болар еді деп бір мезет ойланар ма екен?..
Тарихшы ғалым, академик Хангелді Әбжанов «Ютубтағы» Димекең туралы бір хабарға қатысқанда, сол уақытта жабылған мектептер саны жеті жүз емес, одан да көп екенін, алайда оған Қонаевтың еш қатысы жоқтығын шегелеп жеткізді. Айтулы ғалымның бұл ойына толық қосыламын. Сөйте отырып, жабылған қазақ мектептерінің бәрі Қонаевтың кінәсінен болды деп қоймай, көкезулене көпіретіндерге: «Қазір тәуелсіз елміз ғой, аралас мектептер молайып, орыс тілі өңмеңдей өрлеп бара жатқанда, өзің не бітіріп отырсың? Әнебір жылы Жаңаөзен қырғыны кезінде, одан соң 2016 жылы елімшіл, жерімшіл патриот азаматтар жаппай қарсылық көрсетіп көшеге шыққанда, қайда болдың? Кешегі Қаңтар қасіреті кезінде алаңға бардың ба? Одан соң өздерінің адамша өмір сүру құқығын талап еткен азаматтарды аяусыз қинап, қорлап жатқан кезде неге көрінбедің?» – дегім келеді.
Әрине, күпсініп, өзгелерді жазықсыз кінәлап, жазғырып сөйлегенде, тілдері еселеп ұзаратын, ал нақты іс-әрекетке келгенде құмығып, үйіне тығылып қалатын ондай «мықтыларды» аяймын. Сол шіркіндер тарихымызда Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қазаққа қалтқысыз қызмет етудің эталоны екенін, ал Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазаққа адал қызмет етпей, елімізге кешірімсіз қиянат жасаған мемлекет басшысының мәңгілік мысалы болғанын білсе-ау деймін!..
Осымен сөзден кейінгі сөзім тәмам, аяулы оқырман!
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
публицист-жазушы,
Қазақстанның Құрметті жазушысы
РЕДАКЦИЯДАН: Желтоқсан – таусылып бітпейтін тақырып. Тарих ғылымдарының докторы Б. Берлібаев соның шетін шығарса, көп жылдан бері айғақ-кітаптарды оқырмандарға ұсынып келе жатқан журналист, жазушы Т. Айтбайұлы Желтоқсан әлі де ғылыми айналымға ене алмай отырғанын анық ұқтырды. Осы 38 жыл ішінде «Желтоқсан оқиғаларының баспасөзде көрінуі» деген тақырыпта бір-ақ кандидаттық диссертация қорғалыпты. Біз бір жағы бұл материалдарды тарихшы ғалымдарға ой салу мақсатымен де жарияладық. Қаншама кітаптар жарық көрді, мерзімдік басылымдарда жарияланған материалдар да жетіп-артылады. Сондықтан студенттерге курстық, дипломдық жұмыстар жаздырып, магистрант, докторанттарға қорғайтын тақырып етіп беруге әбден болады емес пе?!
Ендеше іске сәт дейік!