Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жылдың басында «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында мемлекетіміздің өткен жылдағы ішкі жағдайы мен сыртқы саясатында жеткен жетістіктері мен жіберіп алған әттеген-айларына толық талдау жасап, Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардың алдына жаңа жылда атқарылуы тиіс жоғары мақсаттар мен міндеттер қойды. Жалпы алғанда Президент Үкіметтің өткен жылғы атқарған қызметіне оң баға берді.
Әрине, Олжас Бектенов басқаратын Үкіметтің іске кіріскеніне бір жылға жетер-жетпес қана уақыт өтті. Ел экономикасындағы жағдайды түбегейлі өзгертуге және қомақты нәтижелер көрсетуге бұл уақыт аздық ететіні сөзсіз. Президент осы жағдайды ескерген болар.
Бірақ ел экономикасының бүгінгі күнгі жағдайы аса мәз емес екені, экономиканың барлық негізгі көрсеткіштерінің күннен-күнге құлдырап бара жатқаны баршамызға белгілі. Бюджет тапшылығы, жоғары деңгейдегі инфляция, теңгенің күн сайын құнсыздануы – осының бәрі қарапайым халықтың өмір сүру сапасының төмендеуіне әкеліп отыр. Бүгінгі Үкіметтің тиімсіз жұмысының нәтижесі тек қана халықтың өмір сапасының төмендеуімен шектелмей, сонымен қатар болашақ ұрпақтың несібесіне қол сұғуға да мәжбүр етуде. Ұлттық қордан бюджет тапшылығын жабуға алынатын қаржының мөлшері жылдан-жылға өсіп барады. Өткен жылы Ұлттық қордан осы мақсатқа 3,6 трлн теңге трансферт бөлінеді деп жоспарланғанмен, нақты сома 2 трлн теңгеге артық болып шықты. Осының бәрі айналып келгенде бүгінгі Үкіметтің жүргізіп отырған тиімсіз экономикалық саясатының нәтижесі екенін еліміздің белді эксперттері күнделікті дәлелдеп отыр. Әрине, осындай қиын-қыстау жағдайға ұрынуға өткен жылы елімізде болған көптеген сынақтардың, табиғи және техногендік апаттардың әсер еткенін де жоққа шығаруға болмас. Дегенмен, бұл факторлар Үкіметтің экономикадағы жағдайды түбегейлі өзгертуге батыл қадамдар жасай алмай, дәрменсіздік көрсетуін ақтай алмаса керек.
Бәріміздің есімізде, Президент өзінің «Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары» атты жолдауында 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есе арттырып, 450 миллиард долларға жеткізу туралы міндет қойған болатын. Енді ойланайық, осы бүгінгі Үкіметпен, оның тиімсіз экономикалық саясатымен біз осы көзделген межеге жете аламыз ба? Біз – қарапайым халықтың өкілдері, әрине, экономикалық саясаттың қиыр-шиырын жете түсіне бермейміз. Бірақ еліміздің осы микро- және макроэкономикасының майын ішкен экономист ғалымдардың, эксперттердің пікірлеріне сүйенсек, бүгінгі экономикалық жағдайда, әсіресе бүгінгі Үкіметтің құрамымен жоғарыда көрсетілген межеге жету – өте күмәнді нәрсе! Әрине, Президент белгілеген мерзімге әлі төрт жыл уақыт бар. Дәл сол межеге жетпегенмен, ел экономикасына жаңа тыныс беріп, батыл-батыл қадамдар жасалса, көп шаруаның басын қайтарып, тығырықтан шығудың жолдары белгілі болып қалар еді.
Сонымен, ел экономикасын тығырықтан шығарудың мүмкіндігін неден бастау керек? Тағы да қарапайым халықтың өкілі, экономика мәселесінде дилетант ретінде біздің пікіріміз – бірінші кезекте қазіргі Үкіметті отставкаға жіберіп, оның жаңа құрамын жас, білімді, батыл кадрлардан құрамдау қажет. Әрине, бүгінгі премьер Олжас Бектенов – әлі Президенттің сенімінен шыға қоймаған, жас, теориялық жағынан қолайлы тұлға. Бірақ оның, біздің ойымызша, бір ғана кемшілігі бар. Ол Бектеновтың қызметтік өмірбаянында ел экономикасының жетекші салаларында, әсіресе өндіріс саласында істеген жұмыс тәжірибесінің жеткіліксіздігі. Сонымен қатар ол бұрын не аймақтың әкімі немесе министр қызметтерін атқармаған. Бүгінгі күні Үкіметтің басында, біздің ойымызша, кризис-менеджер деңгейіндегі тұлға болуы керек. Сонда бүгінгі күні ол қызметке кім лайық?
Бұл жерде Президентіміздің менталитетін ескерген жөн болар. Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғары басшы лауазымдарға кадрларды тек өзі жақсы білетін, талай сынақтардан өткен, бір сөзбен айтсақ, өзі білетін обойманың ішінен ғана таңдайды. Осы критерийді ескере отырып, біз Үкімет басшылығына Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев лайық деп айтар едік. Неге ол? Өйткені Бозымбаев салыстырмалы түрде жас тұлға, шаруашылық, экономика, өндіріс салаларын жетік білетін маман. Үш облысты басқарған, энергетика министрі, «Самұрық» ұлттық компаниясының төрағасы лауазымын атқарған. Бүгінгі күні Үкімет төрағасының орынбасары қызметін атқаруда. Бозымбаевты бір кездері Назарбаев мемлекеттік басқару органдарына қызметке шақырған младотюрктер қатарына жатқызуға болады. Бірақ ол младотюрктердің көбісі қатысқан ДВК-ның құрамына кірмеген. Бозымбаев өзінің бүгінгі қызметінде Үкіметтегі кризис-менеджер міндетін атқарады десек, артық айтқандық емес. Өйткені ол осы күнге дейін еліміз үшін өте маңызды, ел басына күн туған жағдайдағы екі кампанияның басы-қасында болып, оларды абыроймен атқарып шықты.
Оның біріншісі – былтырғы көктемде болған алапат су тасқынымен күрес және оның салдарын жою шаралары болса, екіншісі – жақында ғана Ақтау қаласында болған әуе апаты бойынша құрылған Үкімет комиссиясының жұмысына басшылық етуі. Біз бәріміз куә болғандай, Бозымбаев мырза осы бір төтенше жағдай кезінде барлық туындаған мәселелерді сабырмен, байыпты түрде қарап, әділетті де дұрыс шешімдер қабылдаған болатын.
Енді Үкімет құрамына келетін болсақ, ол енді жаңа төрағаның құзыреті. Бірақ, біздің ойымызша, Үкіметтің жаңа құрамында бүгінгі күні өздерін тиісті деңгейде көрсете алмаған лауазым иелері болмауы тиіс. Олардың қатарына Р.Скляр, Қ. Шарлапаев, А. Сатқалиев, А. Сапаров, Р. Жақсылықов, М. Қарабаевтар жатады.
Ал енді Олжас Бектенов туралы айтатын болсақ, ол жоғарыда айтқанымыздай жас, келешекте әлі талай жауапты басшы қызметтерді сеніп тапсыруға болатын тұлға. Бүгінгі қызметіне дейін ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, ҚР Президент әкімшілігінің басшысы лауазымдарын абыроймен атқарған. Үкімет төрағасы қызметінен отставкаға кеткен жағдайда, біздің ойымызша, Олжас Абайұлы үшін ең қолайлы қызмет – республиканың бас прокуроры лауазымы дер едік. Қазір еліміз үшін ең бір басты да маңызды мәселе – соңғы отыз жыл ішінде халықтың аузынан жырып, ұрланған-жырланған, сыртқа шығарылған қаражаттар мен активтерді қайтару десек, бүгінгі таңда көптеген кедергіге ұшырап тұрған осы жұмысты жандандыру Бектенов мырзаға сеніп тапсырылса, дұрыс болар еді деп ойлаймыз.
Бұл айтып отырғанымыздың бәрі – қарапайым халықтың Президентіміздің назарына жеткізгісі келген құлаққағысы. Ел тілегін назарына ала ма, әлде басқаша шеше ме – ол енді басқа мәселе. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің болашағына шын жаны ашитын, бәрімізге белгілі себептермен сыртта жүрген Әкежан Қажыгелдин сияқты (одан басқа да көптеген азаматтарды) елге қайтару мәселесін қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді!
Сәмет ЫҚЫЛЫСҰЛЫ,
Ақтау қаласы