Қазақстан Республикасының Президенті,
Парламент палаталарының төрағалары
Үкімет басшысының назарына
Қазақстанда батырлары мен ақындарын, халыққа еңбегі сіңген қайраткерлерін, дара тұлғаларды құрметтеп, соларды үлгі тұту мақсатында есімдерін елді мекендерге, білім орындарына, т.б. беру дәстүрі қалыптасты. Жоңғар шапқыншылығы, Ресей отаршылдығы, кеңестік билеп-төстеу дәуірлеріндегі жер-су, елді мекендер мен аудандар атауларын ұлттық болмысқа, тәуелсіздік талаптарына сай жаңғырту – маңызды мәселе. Алматы облысында әлі де болса өзгертілуі тиіс атаулар бар. Солардың қатарындағы Кеген, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарының, Қызылшекара, Нарынқол, Шонжы, Кеген ауылдарының атауларына қатысты пікір білдіріп, ұсыныс айтамыз.
Кеген ауданын Мұқағали ауданы деп өзгерту туралы
2017 жылы 17 тамыз күні Кеген ауылында аудан жұртшылығының өкілдері, облыстық, аудандық мәслихаттардың депутаттары, тарихшы ғалымдар, ел азаматтары қатысқан жиында Райымбек ауданынан бөлінген ауданның атын белгілеу мәселесі талқыланды. Жаңа ауданды қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаевтың есімімен Мұқағали ауданы деп атау жөнінде бірауыздан ұйғарым жасалды. Жиналыс хаттамасы Талдықорғанға, облыстық әкімдікке табыс етілді. Алайда оның бұрынғы Кеген атауы қалдырылды. Облыстағылар солай ұйғарса керек. Уәждері: «Бөліну кезінде үйреншікті атау қолайлы екен, Мұқағали есімін кейінге қалдыра тұрған абзал». Одан бері жеті жылдан аса уақыт өтті. Халықтың қалауы әлі орындалған жоқ.
Жоңғар шапқыншылығы заманынан қалған «Кеген» (Гэгэн) деген сөздің ұғымы ескірген. Оның келешек ұрпақ үшін ешқандай мәні қалмады. Кеген өзені, Кеген ауылы бар. Оған аудан атын үстемелеу тіпті артық. Кеген ауданы енді Мұқағали ауданы атанса, ақынға деген сүйіспеншілік екі өңірдің халқын бұрынғыдан да жақындастыра түседі, ақын есімі жаңа ауданға тың күш береді. Оны бүкіл Қазақстанға әйгілі етеді. Аудан «Мұқағали еліне» айналады, елімізден, алыс-жақын шетелдерден Мұқағали ауданын көргісі келетіндер көбейеді. Бұл – ішкі және сыртқы туризмнің дамуына ықпал етеді.
Абай ауданы, Жамбыл ауданы, Мағжан Жұмабаев ауданы қатарына ақынын ардақтаған елдің белгісі ретінде Мұқағали ауданы қосылса, қандай жарасымды және лайықты!
Мұқағали Мақатаевты бүгінгі қазақ қоғамы өте жақсы біледі. Жырлары миллиондаған жүректерді баураған ақынның есімі айрықша құрметпен аталады. Мұқағалидың дауысы – азаттыққа ұмтылған Алаштың дауысы. Оның жыры күрескерлік рух пен махаббаттан өрілген, ізгілік пен имандылыққа үндеген. Мағыналы сөздері ой тереңіне бойлататын, асыл мұраттарға жетелейтін өміршең өлеңі кеше мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғайды. Сондықтан да ол – «ХХІ ғасырдың құрдасы», сондықтан да ол – болашаққа жылжып бара жатқан қазақ көшінің алдында, сондықтан да ол – «миына ұлттың коды жазылған ақын».
Мұқағали – ұлтқа және ұрпаққа керек тұлға. Халықтың ұстазына айналған ағартушы. Ұлы ақынды ұлықтаудың мәнісі мен маңызын осы тұрғыдан түсінгеніміз жөн.
Ұлан-ғайыр дарынымен бір елдің аясынан асып, бүкіладамзаттық биікке көтерілген М.Мақатаевты өмір сүрген заманы дер шағында бағалап үлгермеді. Поэзия көгінде көрінуді пешенесіне жазғанын анық ұғынған, өз еңбегінің қайтарымына сенген хас талант қаламынан өшпес, өлмес өлең туды. «Ақынның ақындығы атақта емес, Ақынның ақындығы арда ғана». Мұқағалидың бұл анықтамасы дәл өзі үшін де айтылғандай. Ақынды арының тазалығы, адамдарға адалдығы, шыншылдығы мен табиғилығы, боямасыз болмысы кейін үлкен құрметке бөледі. Ол қоғамдық құбылыстарды, табиғат тылсымдарын, пенделердің пиғылын тамыршыдай тап басып, сана- сезімнің безбеніне салды. Ақын жырларындағы алтын тағадай шегеленген астарлы ойлар, жан толқытар толғаулар иірімі оны әлемдік ойшылдардың қатарына қосты.
Мұқағали – ұлттық мақтанышымыз. Оның кіндік қаны Жетісудың топырағына тамды. Тал бесігі таулардың аясында тербелді. Ақын даңқы жерлестерінің бәріне ортақ. Хан тәңірі шыңына көз салған биік өңірдің өр тұлғалы тұрғындары Мұқағали өлеңдерін жатқа айтады, әнге қосып шырқайды. Ақынымен сырласады, мұңдасады. Артына қалдырған теңдесі жоқ рухани қазынасынан сусындайды.
Мұқағали десек, аспантаулардың барлық аймағы көз алдыңа келеді. Мұқағали десек, бабаларымыздың бейнелері еске түседі. Осындай дара талант иесін кеңестік кезең лайықты бағаламады, марапатын қимады. Жыр тарланы дүниеден озған соң кеткен қателіктер түзетіле бастады. Тәуелсіз елі, туған халқы тұлпарға лайық ер-тұрманын түгендеді. Атап айтқанда:
1983 жылы Қазақстан Жазушылар одағы әдеби сыйлық тағайындады. Оның ішінде М.Мақатаев атындағы сыйлық та болды. Бұл сыйлықпен 1985–1990 жылдар аралығында біршама қаламгерлер марапатталды.
1991 жылы «Жазушы» баспасы «Тұлпар» сыйлығын белгілеп, оның алғашқы жүлдегері М.Мақатаев болды. «Жырлайды жүрек» кітабы лауреат атанды.
2000 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының шешімімен екі тұлғаға – Мағжан Жұмабаев пен Мұқағали Мақатаевқа «Ғасыр ақыны» атағы берілді.
2000 жылы «Аманат» жыр кітабы үшін М.Мақатаевқа Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Алматы облысы, Жамбыл облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы және Алматы қаласында бірқатар мектептерге ақынның есімі берілді. Алматы мен Талдықорғанда ескерткіштер ашылды. Ақынның Қарасаздағы мемориалдық музейі бүгінгі заманға сай қайта жаңғыртылды.
Ақын өмірге келген 9 ақпан – «Мұқағали күні» ретінде аталып жүр. Бұл күні Қазақстанның барлық аймағы Мұқағали жырымен сусындайды. Оның рухын еске алады. Бұл – қазақ поэзиясына зор үлес қосқан ақиық ақынға арналған қалың қауымның құрметі.
2005 жылдан бастап әдеби-мәдени, республикалық танымдық «Мұқағали» журналы шығып келеді. 2016 жылы «Мұқағали» энциклопедиясы жарық көрді. Әділ Медетбаев «Мұқағали және Моцарт» деген деректі фильм түсірді. Әлемдік екі тұлғаны бір-бірімен салыстырды. Серік Жанболат жасаған осындай фильм де көпшіліктің көңілінен шықты. Әкім Тарази, Оразбек Бодықов, Серік Тұрғынбекұлы секілді драматургтер Мұқағали тұлғасын сахнада сомдады.
70-жылдардың соңында Мұқағали жырлары «Зов души» деген атпен орыс тілінде шықты. Сол үрдіс одан әрі жалғасты. Орыс оқырмандары Мұқағалимен қайыра қауышты. 2011 жылы ақын өлеңдерінің ханзу тіліндегі аудармасы қытай жұртын тамсантты. 2014 жылы түрік тілінде шыққан қабырғасы қалың кітабы тез таралып кетті. Қазақ жыры Мұқағали арқылы екінші жарты шарға өтіп, 2015 жылы Нью-Йорк қаласындағы «Metropoliten Classics» компаниясы ақын өлеңдерін ағылшын тілінде шығарды. ТМД-ның әдебиет сүйер қауымы үшін Мұқағали Мақатаев танымал ақын.
Бүгінгі мәнермен бейнелесек, Мұқағали есімі – бренд. Мәселен, оның атымен аталған оқу орындары білім дарытқан құтты шаңырақтарға айналды. Осындай мүмкіндікті туған жұртының да пайдаланатын сәті туып тұр.
Кеген ауданы дегенді өзгертіп, оны Мұқағали ауданы деп атау – біздің ұлттық танымымызға жақын келетін, дәстүрге айналған бастамалардың жалғасы болмақ.
Еңбекшіқазақ ауданын Достық ауданы деп өзгерту туралы
Қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы 1928 жылы Сөгеті ауданы деген атаумен құрылған. 1929 жылы таптық сана үстемдік құрған идеологияның ықпалымен Еңбекшіқазақ атандырылған. Бұл – байлар мен ауқаттыларды тәркілеген, кедей-кепшікті көтермелеген қилы замандағы қызыл саясаттың жемісі. Пролетариат пен шаруалардың үстемдігін аңғарту үшін қазақты топқа, тапқа бөліп, «еңбекші» деп ен салғандай бөлекше атады. Еңбек етпейтін ел жоқ, қазақ ұлтын «еңбекші», «еңбекші емес» деп жіктеуге болмаса да, компартия соған барды. Ерсілікке еті үйренген жұрт бұған да көнді. Тіпті селт етпейтін жағдайға жетті. Енжарлық енді етектен тартпасын. Бүгінгі таным, жаңаша көзқарас одан арылу қажеттігін күн тәртібіне қойып отыр.
Ауданда қазақтан басқа бірнеше ұлт өкілдері өмір сүреді. Қазақтар халықтың 60 пайызын құраса, ұйғырлар – 18, орыстар – 13, түріктер – 5, әзірбайжандар мен күрдтер – 3 пайызды құрайды. Бұдан басқа да этнос өкілдері бар. Бәрі де ортақ Отаны – Қазақстанның игілігі үшін еңбек етіп жүр. Мекеніміз – қазақ ауданы, онда да «еңбекшіқазақ» ауданы деп, қайда тұратынын айтса, шетелдіктер таңданбай қалмайды. «Мемлекетті құраған, оған қастерлеп аты жазылған ұлтқа бір ауданды телігені қалай, оған еңбек ететіндер анықтамасын қоса тіркегені несі?» дейтін сұрақтарға жауап қатуға ұяласың.
Аудандағы әр кезеңдерде келіп қоныстанған қырықтан астам ұлт өкілдерінің тату-тәтті тірлігі, мақсат-мүддесінің ортақтығы, достық пейілі – өте маңызды құндылық. Алғашқы ата-бабалары 1854 жылдан бастап шұрайлы Жетісу жеріне бекініс салып, отарлау арқылы кірген орыстар, олармен ілесе жеткен татарлар,1881 жылғы Қытай мен Ресей арасындағы келісімнен кейін, Цин империясына қарсы көтеріліп, қудалаудан соң бас сауғалаған, қазақ жеріне қоныс аударған ұйғырлар мен дұнғандар, 1906 жылдарда Столыпин реакциясы кезінде көшірілген украиндар, қарашекпенділер, 1937 жылы Қиыр Шығыстан жер аударылған кәрістер, 1940 жылы Батыс Украина мен Белоруссиядан жер аударылған поляктар, одан соң Еділ жағалауынан көшірілген немістер,1944 жылы Гүржістаннан, Кавказдан жер аударылған ақысқа түріктері, чешендер, әзірбайжандар, күрдтер ұрпақтары – Қазақстан Республикасының азаматтары, осы ауданның тұрғындары.
Жергілікті қазақ халқы тағдыр айдап келген сол ұлт өкілдерінің бәрін кең құшағына алды, ешқайсысын кеудесінен итермеді, қамқорлық жасады. Шынайы достықтың бастауы – қазақ халқының ақ пейілділігі, сабыры, төзімділігі, толеранттылығы. Бейбіт, мамыражай елдің ортасына келіп орнығып, оны мәңгілік мекен еткен қоныстанушы жұрттың екі ғасырға жуық уақыт арасында байланыстары бекіді, түсіністіктері артты, достық, туыстық қарым-қатынастары қалыптасты. Ел тәуелсіздігі, оның дамуы мен гүлденуі – бәріне ортақ мұрат. Еңбекшіқазақ ауданын ДОСТЫҚ ауданы деп өзгертсе, жаңаша атаса – әбден жарасымды болар еді.
Қазақстан атауы республиканың, мемлекеттің атауы ретінде Конституцияға, халықаралық құқықтық құжаттарға жазылды, әлемге солай танылды Оған Қазақ ұлты негіз етілді. Сондықтан қазақ атауын ұсақтатып, керексіз анықтауыш қосып, ауданды, елді мекендерді атау – қисынсыз әрі ерсі. Сонымен қатар елімізді мекендеген көптеген этностардың қай-қайсысының атауымен аудандарды, ауылдарды айшықтау, бөлектеу үлкен қателік. Оны түзеткен абзал. Жеке біреулеріне артықшылық жасап, өзгелерін елеусіз қалдыру – ұлттардың теңдігін қамтамасыз еткендік емес, керісінше, алалағандық болып шығады. Кәріс ауданы, неміс ауданы, орыс ауданы, татар ауданы, әзірбайжан ауданы, т.б. деп қоя берсе, бөлектену, бөлшектену басталады. Ал бұл ел мен жердің, мемлекеттің тұтастығына қатер төндіреді. Сондықтан ешкімге де артықшылық жасалмай, бәріне тең қарау тәртібі орнатылуы тиіс!
Ұйғыр ауданын Қарадала ауданы деп өзгерту туралы
Мұндай ұсыныстың жасалғанына біршама уақыт өтті. Алайда бұрынғы облыс басшылары сөзбұйдаға салып, ерік-жігер танытпай, халықтың орынды қалауына қырын қарап келді. Бұл – қоғамда түсінбестік тудырды. Ұлтаралық мәселеге сызат түсірмей ме деген әсіре сақтық пен жөнсіз жасқаншақтықтан арылатын уақыт жетті. Қазақстандағы аудандардың, елді мекендердің бірде-біреуі өзге этностардың, диаспоралардың атымен аталмайды, неге тек ұйғырларға ерекше артықшылық беріледі деген орынды сұраққа жауап берілмеді. Егер ежелден тарихи мекені болса, осы аймақты сыртқы жаудан қорғап, ата-бабалары қан төксе – бір сәрі.
Жасырып жабуға келмейтін ақиқатты ашық айтайық: аудан атын иемденгендерін азсынғандай, автономиялық ұйғыр облысы неге болмайды, жер біздікі деп, «Шығыс Түркістанды» құру идеясын жақтаушылар тіпті ашық кете бастады. «Шығыс Түркістан республикасы» туын көтерушілер оны символика ретінде көліктері мен киімдеріне жапсырған жағдайлар да болды. Адамдар арасында бөлектенушіліктер байқалды. Дегенмен, мұндай ұлтаралық араздықты тудыратын сепаратистік пиғылдардың өршуіне жол берілмеді. Алайда ұшқын тастайтын ұшқары ойлардың, қатерлі түсініктер мен қауесеттердің пайда болуының негізгі себебі жойылмады. Сондықтан да «Ұйғыр ауданы атауы өзгертілсін!» деген талаптар жиі қайталанды. Бірде басылып, бірде қайта бас көтеретін сепаратистік арамзалықты мүлде тыйып тастау үшін, тарихи ақиқатқа жүгіндіру, түсінік, тәрбие жұмыстарын жүйелі жүргізу, заңдық шараларды қолдану қажет. Бөлектенудің басты сипатына айналған диаспора атын ауданнан алып тастау – ең тиімді шара!
Шығыс Түркістан – ежелден көк түріктің қоныс еткен жері, жағрапиялық атау. 1860–1870 жылдары Үндістанды отарлауды азырқанған ағылшындар Орта Азияға ұмтылды, Шығыс Түркістанда Манжур патшаға қарсы көтерілген ұйғыр шаруаларының күресіне қолдау жасады, ал Орыс империясы да қарап қалмады, өз әскерін кіргізіп, Ілені басып алды, Қытайға дем берді. 1867 жылы «Жетішар мемлекеті» құрылды, бірақ ғұмыры ұзаққа бармады,1877 жылы Шығыс Түркістанды Қытай өзіне қаратып алып, Шин Жияң деген – «жаңа аумақ» атауын берді. Патшалық Ресей ұлы державалардың қысымымен Ливадий шарты бойынша Шығыс Түркістаннан кетуге тиіс болды. Санкт-Петербургте қол қойылған шарт бойынша көтерілісші ұйғырлар мен дүнгендерді Жетісу жеріне көшіріп, қоныстандырды.1884 жылы 9572 тараншы отбасы – 45 373 ұйғыр Жетісуға орнықты. 1897 жылы 56 мың ұйғыр, 14 мың дұнған санаққа ілінді. Оларға Жаркенттен, Шонжыдан, Ақсу-Шарыннан, Малыбайдан, Қорамнан қазақ жері тегін берілді. Яғни, ұйғырлар мен дүнгендер – Қазақстанда бұрын болмаған, сыртқы жаулардан бұл жерлерді қорғамаған, Ресей отарлаушыларының итермелеуімен жер ауып келгендер. Бодан елге жасалған көп зорлықтың бірі – қазақты осылайша одан әрі жерінен айыру, азшылық ету, көптің бірі жасау еді. Диқаншылықты кәсіп қылған ұйғырлар мен дүнгендер жер иесінен, яғни қазақтан ешқашан қысым көрмеген, тірлігін жасап күнін көрген, қатар өмір сүрген.
1931 жылы Қытай билеушілерінің озбырлығына шыдамаған Құмылдағы ұйғыр, қазақ шаруаларының көтерілісі басталды, Ақсу, Қашқар халқы да жаппай көтерілді.1933 жылы Қашқарда Шығыс Түркістан Ислам республикасы құрылды. Кеңестер Одағы өз мүддесін ойлады. Бірде қытай билігін, бірде халық көтерілісін жақтады. Қытай билеушісінің бірі Шың Шы Сай Сталиннен көмек сұрады, Кеңес Одағы әскер кіргізді. Компартияға мүше болып, социализм орнатамыз деген ол соңында Гоминданнан қолдау күтті, қызыл әскерді қуып шықты. КСРО 1949 жылы Шығыс Түркістан республикасын орнықтыруға болысты. Ондағы жоспар – төңкерістер мен соғыстарды бастан өткеріп жатқан көрші елді, қандай мемлекет құрарына қарамастан, оны өзіне қаратып, шекара аралық белдеу жасап, өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сталин осындай саясатты жылдар бұрын ойластырып, Шығыс Түркістан аймағын мекендеген, сандық жағынан басымдау ұйғырларды пайдалануды көздеген. Оларға дербес мемлекет иесі боласыңдар, біз қашан да қолдау жасаймыз деген сенімді орнықтыру үшін, шекаралас жердегі Қазақстанның бір ауданына Ұйғыр диаспорасының атын бергізді. Екінші жағынан алғанда, олай жасау – Қытайға көрсетілген сес, ескерту. «Жаңа аумағыңды», қажет етсек, көтеріліс жасатып, бөлектетеміз, «Шығыс Түркістан – қап түбінде жатқан қанжар» дегені болса керек.
Кеңестік сойқан саясаттың кері айналып соғар соққысын Тәуелсіз Қазақстан енді сезініп отыр: сыртқы күштер сепаратизмнің улы ұрығын төгетін жер ретінде осы ауданды бекерге таңдамайды. 1935 жылы айлакерлікпен ауданға берілген атаудың осындай сыры бар. Қазір мұны түсінетін, ашып айтатын жағдайдамыз. Арамза ойдан, жамандықтан, теріс пиғылдан ада ұйғыр ағайындарымыз кешегіні, бүгінгіні, ертеңді қатар саралап, ортақ үйіміздің – қасиетті Отанымыздың тыныштығын, халықтарымыздың сыйластығын қадірлейді, мемлекетіміздің мызғымастығын, жеріміздің тұтастығын қорғайды деп сенеміз. Сол сенім Ұйғыр ауданы атауын Қарадала ауданы деп ауыстыруға септігін тигізері даусыз.
Қарадала – осы өңірдің тарихи атауы. Ал оны қайта жаңғырту арқылы жасалған қиянатты түзетеміз, оған толық хақылымыз. Ерте ме, кеш пе солай болуы тиісті еді. Сәті туды, енді созбақтаудың жөні жоқ. Саяси себептермен өзгертілген, санадан өшірілмек болған, бабалардың кейінгі ұрпақтарға қалдырған мұрасын сақтап қалуға, қалпына келтіруге біз міндеттіміз. Бұл – қазақ халқына құрметпен қарайтын барша адал ниетті тұрғындардың ұлттық тегіне қарамастан қолдау көрсететін, құптайтын ортақ ісі болмақ.
Қызылшекара немесе Нарынқол ауылдарының бірін
Бердібек ауылы деп атау туралы
Қазақ әдебиетінің классигі, даңқты балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы былтыр ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Нарынқол ауылында Жастардың демалыс паркі ашылып, оған Бердібек Соқпақбаевтың аты берілді, ескерткіш қойылды. Ұлы жазушының «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Чемпион», «Қайдасың, Гаухар?» атты хикаяттары мен «Өлгендер қайтып келмейді» романы әлемдегі үздік шығармалардың қатарына қосылды. Жазушының кітабы Нью-Йорк қаласында ағылшын тілінде жарық көрді. «Менің атым Қожа» дүние жүзі халықтарының алпыс сегіз тіліне аударылғанын, осы аттас фильмнің 1963 жылдан бері экраннан түспей келе жатқанын ескерсек, бұл жазушымызды қалай құрметтесек те, әбден лайықты екендігін көреміз.
Бердібек Соқпақбаев Қостөбе ауылында туған, Нарынқол, Қызылшекара – балалық шағы өткен, оқыған ауылдары, әдеби шығармаларының кейіпкерлері де осы өңірлердің адамдары. Соғыс жылдарындағы, кеңестік кезеңдегі оқиғалар да, жер, су атаулары да өскен, өмір сүрген ортасының ақиқатын қамтыған. Сондықтан Бердібек есімін жоғарыдағы ауылдардың біреуіне беріп, «Бердібек ауылы» деп атасақ, қандай жарасымды! Бұл арада Қостөбенің көлемі өте шағын болғандықтан, ол аса танымал қаламгерге лайықты болмас дейміз. «Сүмбе», «Нарынқол» атаулары жоңғар ойраттарынан, ал «Қызыл шекара» кеңестік саясаттан қалған атаулар. Олардан арылған абзал. Алғашқы екі атаумен өзендердің аталғаны аздық етпес.
Шонжы ауылын Әлмерек ауылы деп атау туралы
«Шонжы» атауы жоңғар шапқыншылығы кезінде пайда болған. Оған дейінгі деректерде, карталарда кездеспеген. «Циндин хуан юй си юй ту чжи» («Патша бекіткен Батыс өлке карталары мен сипаттамалары») деген ең соңғы нұсқасы 1782 жылы баспадан (Қытайда) шыққан еңбекте «Шонжы» туралы дерек бар және карталар бөлімінде оның нақты орны сол маңдағы жерлермен қоса көрсетілген. Шонжы – Жетісу жеріне ойран салған жоңғардың қолбасшысы. Ол Әлмеректі жекпе-жекке шақырып, қазақ батырының қолынан қаза тапқан. «Қалмақ қырылған» деген жер атауы сияқты оқиғадан кейін жұрт жадында сақталып қалған көп атаудың бірі осы – Шонжы. Қаскелең, Шамалған, Боралдай, Ағанас, т.б. жер атаулары жоңғар қонтайшылары мен қолбасыларының, батырларының жеңіліске ұшыраған, мерт болған жерлерінің атымен тікелей байланысты. Мұндай мысалдар көп. Шонжы сөзінің моңғол немесе ұйғыр тіліне қатысы жоқтығын, аталу мерзімінің тарихи оқиғалардан кейін дерек ретінде көрініс тапқанын ескерсек, оның басқыншылар қатарында болған адам есімімен үйлесетінін көреміз. Қысқасы, Шонжы – жоңғар- ойрат есімі, қазақ жерін жаулаушының аты. Оны сақтап қалайық, өзгертпейік деу – өзіңді сыйламаушылық, бабалардың жан беріп, қан төгіп қорғаған жерін қорлағандық. Әу баста «Шонжы жеңілген», «Шонжы өлген» атанып, кейін қысқартылған түрімен бүгінге жеткен, мағынасына мән берілмеген келеңсіздіктен арылайық. Бұл елді мекенді – Шонжы ауылын Әлмерек баба атына ауыстыру жөніндегі халық ұсынысы өте орынды.
Әлмерек Жаншықұлы 1658–1756 жылдары өмір сүрген. Қазақстан ұлттық энциклопедиясында былай делінген: «Әлмерек – батыр, шешен, көріпкел, әулие, ат жалын тартып мінгеннен бастап қазақ жастарынан жоңғарға қарсы жасақ ұйымдастырды. Сарбаздардың қатары көбейіп, соғыстың әдіс-айласын меңгергеннен кейін, жоңғарларға тұтқиыл шабуыл жасап, Сөгеті тауы, тағы басқа жерлерде оларға соққы берген қазақ халқының жадында Әлмерек абыздың есімі көріпкел әулие ретінде көбірек сақталған. Одан Қангелді, Бақай, Малай, Райымбек батырлар бата алған». Тарихи тұлға – Әлмеректің ауыз әдебиетінің материалдарында әрі батыр, әрі абыз, әрі баба деп аталынуы оның өмірінің кезеңдерін көрсетеді. Жас сарбаз күрестерде шыңдалып, қол бастар батыр болды, жасы ұлғайғанда жеке басындағы қасиеттері мен қабілеттерінің арқасында абыз атанды. Ғұмырын ат үстінде өткізген ол ел мен жерді қорғаудың, ерліктің, ақыл-парасаттың өнегесін көрсетті. Халықтың бірлігіне, ынтымағына, рухының күшті болуына қызмет етті.
Әлмерек Жаншықұлы Алматы іргесіндегі өзінің есімі берілген ауылда жерленген. Кешенді кесене тұрғызылған, мешіт, мейманхана салынған. Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында үлкен ескерткіш тұрғызылды. Бүгінгі ұрпаққа жеткен аңыздар мен жыр-дастандарда Әлмерек есімі құрметпен аталады. Ә.Құрманбектің «Қайран елім» романында, Қауғабай Ораздың «Әлмеректің бес баласы және Еділ-Жайық. Эссе-хикая, тарихи таным» кітабында, Т.Қаупынбайұлының «Бабалар аманаты» кітабында және баспасөзде жарияланған жүздеген мақалалар мен зерттеулерде, ғылыми конференцияларда жасалған баяндамаларда Әлмерек – батыр, әулие, абыз ретінде көрсетілген. 2024 жылы «Әлмерек абыз және оның ұрпақтары», «Әлмерек абыз Жаншықұлы және Қарадала өңірі тарихы» кітаптары баспадан шықты. Тарихшы ғалымдардың, жазушылардың, журналистердің тарихи тұлғаға қатысты деректері, зерттеулері қоғамға кеңінен танымал болды. Қазақ елінің азаттығы мен тәуелсіздігі жолында сіңірген зор еңбегін бағалаған бүгінгі қалың қауым Әлмерек есімін ескерткіші тұрған Шонжы ауылына беруі керек деп санайды! Жеңілген жауды емес, ел қорғаған Батырды құрметтейік!
Кеген ауылын Заманбек ауылы деп атау туралы
«Кеген» атауы – асуға, ауданға, ауылға және өзенге, жалпы төрт жерге қойылған. Ол – соншалықты мазмұнды, қастерлі сөз болса, бір сәрі. Қазақтың «келген» сөзінен шықпаған, ондай мағынаны білдірмейтін «кеген» туралы негізгі болжам, ол – ойрат-қалмақтардың «гэгэн» сөзінен түрленіп жеткендігі. «Қалмақтан қалған мұрадан», тарихи деуге келмейтін атаудан құтылған абзал болар. Кеген ауданын Мұқағали ауданы, ал Кеген ауылын Заманбек ауылы десек, өзен мен асуды да ауыстырар мүмкіндік туар. Жоңғар басқыншылығы, Ресей империясының отарлауы, кеңестік үстемдік замандарынан қалған жер, су, елді мекен атауларын өшіріп, оларды байырғы қалпына келтіру немесе жаңарту туралы нақты қадам жасайық!
Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділов – Қазақстан Республикасындағы танымал тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері. Инженер-құрылысшы мамандығы бойынша жиырма жылдан астам уақыт Алматы қаласы мен облысының құрылыс ұйымдарында еңбек еткен. Алматы қаласын селден қорғау мақсатында салынған «Медеу» алып плотинасын салуға үлес қосқан. Алматы қалалық атқару комитетін басқарған. 1990 жылы Алматы қаласының басшысы бола тұрып, Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланды,1991 жылы халық депутаттары қалалық кеңесінің төрағасы қызметін атқаруға кірісті, 1995 жылы жаңа парламентке – Мәжіліс депутаттығына өтті, 1997–2001 жылдары Алматы облысының әкімі болды, одан кейінгі үш жылда Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттікті басқарды. Жоғары лауазымдық қызметтерде жүргенде қала мен облысты көркейту, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелерін қолға алды. Ауылдан қалаға шоғырланған мыңдаған азаматтардың Алматы маңынан жер алып, баспаналы болуына қарайласты. Елдегі жемқорлық пен мемлекетті басқарудағы қиғаштықтарды, президенттің, үкіметтің қызметін ашық және өткір сынаған З. Нұрқаділов оппозиция қатарына қосылды. Қудаланды, әкімшілік жазаға тартылды. Бірақ күресін тоқтатпады. 2005 жылы оның өміріне қастандық жасалды. Халық оны ел мүддесі жолында шахид болған батырымыз дейді. Кегендіктер осы өңірден шыққан Заманбек Нұрқаділовті мақтаныш тұтады, есімін қастерлейді. Кеген ауылының кіре берісіне оның ескерткішін орнатады. Енді бұл ауылды Заманбек ауылы десе, тіпті үйлесер еді.
***
Қазақстан Республикасының Ономастика туралы заңындағы 14-бап, 4-тармақшада «тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып, облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде осы елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі мәселелерді шешеді» деп көрсетілген. Аумақ халқының қалауын және айқын пікірін – Кеген ауданын Мұқағали ауданы, Еңбекшіқазақ ауданын Достық ауданы, Ұйғыр ауданын Қарадала ауданы, Нарынқол, Қызылшекара ауылдарының бірін Бердібек ауылы, Шонжы ауылын Әлмерек ауылы, Кеген ауылын Заманбек ауылы деп қайта атауды назарларыңызға ұсына келіп, көпшіліктен қолдау күтеміз және ономастикалық комиссияның заман талабына сай кемел шешім қабылдайтынына зор сенім артамыз.
Осы сеніміміз ақталып, Әлмерек, Мұқағали, Бердібек, Заманбек есімдері мен Қарадала, Достық атаулары аудандар мен елді мекендерге берілсе – халық қалауының қабыл болғаны!
Стахан Белғожаев – «Бірлік» акционерлік қоғамының президенті,
Кеңес Үшбаев – «Фармация» компаниясының президенті, медицина ғылымдарының докторы,
Амангелді Ермегияев – «Алматықұрылыс» холдингі компаниясының президенті,
Босатқан Ұлдарбеков – Райымбек ауданының бұрынғы әкімі,
Аян Айтжанов – Райымбек ауданының бұрынғы әкімі,
Байғожа Нұрғожаев – Райымбек ауданының бұрынғы әкімі,
Әрмен Рысмендиев – медицина ғылымдарының докторы, академик,
Тұрарбек Төлендиев – Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері,
Есмұхан Обаев – режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Дәулет Желдікбаев –Қазақстанның құрметті журналисі,
Тынышбек Алмабеков – тарихшы, еңбек ардагері,
Жақыпжан Нұрғожаев – журналист, Қазақстанның мәдениет қайраткері,
Марат Тоқашбаев – қоғам қайраткері, жазушы-публицист,
Батық Мәжитұлы – ақын, журналист, «Құрмет» орденінің иегері,
Рысбек Сәрсенбайұлы – қоғам қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі,
Бейбіт Дәлденбай – сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Бекжан Тұрыс – театр артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Ермұрат Үсен – композитор,
Рамазан Стамғазиев – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі,
Сағатбек Медеубек – ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты, өнер зерттеушісі,
Сайлау Ағыбаев – заңгер, өлкетанушы,
Тоққожа Қожағұлов –суретші, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты,
Мағауия Әденов – суретші,
Сығай Дүйсенбай – тарихшы,
Бақыт Беделхан – ақын,
Жарас Сәрсек – ақын