ТРАМПТЫҢ САУДА СОҒЫСЫ АҚШ-тың ӨЗІНЕ АУЫР СОҚҚЫ

«Сауда соғысы», «Сауда дауы» дегеніміз – шетелдік нарықтарды жаулап алу (шабуылдық) немесе ұлттық экономиканы басып алудан сақтау (қорғаныс) мақсатында екі немесе одан да көп елдер арасында өткізілетін сауда бәсекелестігі», – дейді анықтамада. Қазіргі жаһандану дәуіріндегі әлем мемлекеттері экономикалық тұрғыда бір-бірімен тығыз байланысқан. Сауда соғысы әдетте ауқымды «әскери әрекеттер» аясында басталады, оны Экономикалық соғыс деп атайды.

Трамп қалыптасқан ғаламдық экономикалық байланыс, бәскелестіктің быт-шытын шығарып, сауда соғысын бастап кетті. АҚШ баж салығын көтеру арқылы қазірдің өзінде өз көршілері – Мексика және Канадамен еркін сауда айналымы жөнінде бұрынғы келісімшарттарды бұзды. Бұдан бөлек 27 мемлекеттен тұратын Еуроодақ елдерінен келетін тауарларға да баж салығын салмақшы. Әлемдік сауданың күре тамыры іспетті АҚШ пен Қытай арасындағы өзара сауда да ушықты. АҚШ Қытайдан келетін тауарларға баж салығын екі есе арттырғаны үшін Қытай Дүниежүзілік сауда ұйымына шағым түсірді. Әлемдік нарықтағы байланыс ушықты.

Сауда соғысы кімге тиімді? Бұл қазіргі жағдайда тек жалғыз Ресейге ғана тиімді. Себебі АҚШ өз тарапынан Ресейге салынған барлық санкцияны босатпақ. Сөйтіп басқыншы елмен экономикалық-саяси одаққа бірікпек. Трамптың қазіргі сауда алаңы (нарығы) жалғыз Ресей десек те болады. Керісінше басқа елдерге жабылды.

Бұдан кім зардап шегеді? Сауда соғысы біріншіден АҚШ-тың өзіне ауыр соққы болады. Бұған жауап ретінде өз нарығын қорғау үшін енді қарсы тараптар да АҚШ-қа қарсы жабыла әрекетке көшіп, олар да АҚШ тауарларына баж салығын көтеретін болады. Қазірдің өзінде іргелес Мексика, Канада ішкі нарығын қорғау үшін АҚШ тауарларына баж салығын көтеруді бастап кетті. Бұл АҚШ өндіріс тауарларының сыртқы нарыққа шығатын экспортының жолын жабады, ішкі ауыл шаруашылық саласы, фермерлердің жұмысын, техникалық өндірісін тұралатады, біразы банкротқа ұшырайды. Тіпті наразылық ретінде АҚШ-тың өз ішіндегі бірнеше штаты кейбір өңірлерге энергетика көздерін, интернет байланысын жауып, жарық бермей жатыр. Бұлай жалғаса берсе, сыртқы және ішкі наразылықтар қосарлана келе, жалпы сипат алып, АҚШ-тың өз экономикасына тағы ауыр соққы болады, әлеуметтік ішкі наразылықтарды жиілетеді, бұқара халықты көшелерге шығарады.

Мұның ақыры қандай болмақ? Трамптың ойлап тапқан экономикалық соғысынан ауыр зардап шегетін әлем нарығы емес, керісінше, АҚШ-тың өз экономикасы ауыр соққы алады, оқшаулануға түседі, өздері әлем елдері тарапынан санкцияға ұшырайды. Әлем елдері экономикадағы абсолютті басымдықты АҚШ-қа бермесі анық, оған қарсы әрекеттерге барады. Ал сауда соғысының ақыры ушыға келе, Трамптың өзіне сор болып тиюі әбден мүмкін. Бұл соғыстың соңы АҚШ-қа ерген Ресейдің де күйреуіне әкеледі.

АҚШ ПЕН РЕСЕЙДІҢ КӨЗДЕГЕНІ БІТІМГЕРШІЛІК ЕМЕС

Трамп барлық халықаралық адами және демократиялық құндылықтарды аяқ асты етіп, өзінің коммерциялық мүддесін алға шығарды. Ол Украина өте құнды әрі сирек кездесетін жерасты ресурстарын беруге келіссе ғана «өзі сұрағанды, өзіне керектіні алады», – деп қауіпсіздіктің кепілі ретінде алыс-берістің бартерлік жолын ұсынды. Трамп мұнысымен бірінші кезекте кәсіпкерлігін, жеке бас пайдасын көздеп отыр. Ол қалталы олигарх, оның түпкі ойы бизнес: «Мені сирек кездесетін жерасты кендерінің қауіпсіздігі алаңдатады», – деген желеумен өзінің жеке инвестициясын салуды, осы талапқа көнген жағдайда Украинаның сирек жерасты ресурстарына қол жеткізуден үмітті. Амал нешік, президент Зеленский Украина заңына өзгерістер енгізіп, «қауіпсіздігінің кепілі» ретінде айырбасқа жерасты қазба байлығын салуға мәжбүр. Германия канцлері Олаф Шольц Трамптың мұнысын «бопса» деді. Толықтай келісемін, таза бопсалау!!!

Трамп көз тігіп отырған пайдалы қазбалардың басым бөлігі Ресей басып алған Донецк, Днепропетровск, Запорожье және Луганск облыстарында орналасқан. «Олардың жалпы сомасы 15 трлн долларға бағаланады», – деп жазды «Forbes» басылымы. Трамп бұл облыстарға қазірдің өзінде «мен 100 млрд доллар саламын», – деп отыр. Ал аталмыш облыстардың тағдыры әлі белгісіз, Ресей тарапы оны қайтарғысы жоқ. Күдігіміз – Украинадан тыс Трамп пен Путин арасында кен орындары жөнінде бір «құпия келісім» бар секілді. Трамп қазірдің өзінде АҚШ инвесторларына РФ жерасты қазба байлықтарын, сирек кездесетін қымбат түсті металдарын бірлесіп игеруге Путиннің келісімін сұрап отыр. 24 ақпанда Путин оның ұсынысын қуана қабыл алып, Ресейден алюминий өндірісін ашуға келісімін берді. Путиннің белден басқаны сондай, ол: «Мы готовы привлечь иностранных партнеров и на так называемые новые территории (…). Там тоже есть запасы определенные», – деп, Украинаның Ресей басып алған бөлігіндегі қазба байлықтарды да бірлесіп игеруге АҚШ-ты шақырып отыр. Бұдан байқайтынымыз, Путин басып алған аймақтағы Украинаның меншігі болып табылатын қазба байлықтың да өзгенікі екенін мойындағысы жоқ. Мұны Трамп пен Путиннің Зеленскийдің ту сыртынан жүргізген өзара құпия келісім демей, не дейміз?

Біздің болжам. Донецк, Луганск, Днепропетровск, Херсон, т.б. шекаралық аймақтағы облыстардың мәртебесі айқындалып, Украина территориясы екені мойындалып, егесіне қайтарылуы керек. Егер Украина өз қауіпсіздігінің кепілі ретінде жерасты кен орындарын АҚШ пен Ресейдің бірлесіп игеруіне беретін болса, онда Украина территориясынан да, бұл аймақтағы ресурстардың да бәрінен айырылуы әбден мүмкін. АҚШ-қа қарыздану, экономкасының майлы тетіктерін АҚШ пен Ресейге ұстату, басымдықты беру (2+1) – тәуелділікке апаратын жол. Кен орындарын бірлесіп игеру тек қана Украина, АҚШ арасында болғаны жөн. Әйтпеген жағдайда ертең екі дүниенің тайталасы қайта туындай қалса, кен көздері, меншік, мүлік, жер мәселесі тағы да «Майдан даласы» болып шыға келуі де ғажап емес. Бір нәрсе анық – АҚШ пен Ресейдің Украинаны бопсалау жолымен басталған қазіргі жорығының көздегені соғысты бейбіт шешу де, бітімгершілік те, экономикалық та емес, керісінше, империялық екі мемлекеттің отарлау пиғылынан туындаған кезекті басқыншылық қадамы деуге болады.

ПУТИН ӘЛЕМ ЕЛДЕРІН СОҒЫСҚА ТАРТУДА

Тарихқа үңілсек, 30 жыл бұрын Украина КСРО-дағы төртінші ядролық республиканың бірі болатын. Совет Одағының «қырғи қабақ соғысынан» кейін бұл елдің иелігінде ұзақ қашықтыққа ұшатын 1 мың 900 ядролық зымыран, қысқа қашықтыққа атылатын 2 мың 400 ядролық зымыран қалған еді. Киев 1994 жылы Украина қауіпсіздігіне кепілдік беретін Будапешт меморандумына қол қойып, кепілдігін алған соң, ол қаруларды өз еркімен Ресейге өткізіп берді. Ол құжат бойынша, ядролық қаруынан бас тартқан Украина егемендігі сақталатынына, Ресей «оның аумақтық біртұтастығы мен саяси тәуелсіздігіне қауіп төндірмейтініне, қарсы күш қолданбайтынына» уәде берген болатын. Бұған қоса Будапешт меморандумына қол қойған Беларусь пен Қазақстан да ядролық арсеналынан бас тартатыны туралы қолдарын қойды. Будапешт меморандумын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше бес ел тегіс мақұлдады. Сол тұста ядролық қаруы бар державалар ядролық қаруынан өз еркімен бас тартқан елдердің қауіпсіздігіне кепілдік берді. Соғыс ашпайтынын айтып сендірді. Соның бірі Ресей еді. Келісімдер халықаралық деңгейде құжатталып, хатталды. Бүгінде сол уәделердің бәрі бекер болып шықты. Ресей берген уәдесінен айныды. Грузиядан Абхазия мен Осетияны, Украинадан Қырымды, Молдовадан Днестр бойын әскер күшімен тартып алды. Бүгінде Украинаға ашық соғыс ашты. Бұл соғыста Путин қажет болса ядролық оқтұмсықтарын қосатынын айтты. Нәтижесінде әлем елдері, НАТО-ға мүше мемлекеттер жаңа заманауи соғыс техникаларын қосуда. Бүгінде Украина соғыс қаруын сынайтын соғыс алаңына айналды десек те болады. Ресей бұл арандатуымен әлем елдерін соғысқа тартуда. Соғысқа өзге мемлекеттер неғұрлым тартылған сайын, соғұрлым жағдай қиындап, оның соңы бүкіл адамзатқа қарсы дүниежүзілік соғысқа ұласып кете ме деген қауіп те бар. Осының бәрі алдын ала ойластырған диктатор Путиннің және әр елдегі бұғып жатқан астамшыл орыс шовинистерінің арамза саясаты болуы да мүмкін.

РЕСЕЙ ДУМАСЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ АЛЕКСЕЙ ЖУРАВЛЕВ ӘЛЕМДІ БАҒЫНДЫРУ ОЙЫН АШЫҚ БІЛДІРДІ

Ол: «Бізге қазіргі уақытта Эльбаға терезе ашылып, кездесуге тарихи мүмкіндік туды. Осы аралықта америкалықтармен келісуіміз керек. Біз Трампқа керекпіз бе – әрине, керекпіз. Трампқа да керегі біз. Еуроодаққа қарсы мүдделеріміз тоғысты ма? Тоғысты! Украинаға алаңдаудың да қажеті жоқ, «это дело пятое». Ендігі жерде әлемді бағындыратын боламыз», – деп қуана уралап жатыр. Бұл өкілетті билік – Ресей Думасының ресми өкілінің сөзі және оны сол жерде «саяси сахнаға» (дөңгелек стол) қатысушы басқа сөйлеушілер мен сарапшылар жарыса қолдады.

Айтқанымыз айдай келді, орыстар Трампты Украинаға қарсы соғыста өздерінің басқыншылық мүддесіне пайдаланғысы келетінін ашық білдіруде. Бұл нені білдіреді? Ресей президенті Путин мен Дума депутаттарының арасындағы көзқарас тоғысы бірдей деген сөз. Себебі әлі күнге дейін Дума Путиннің басқыншылық соғысын айыптап бірде- бір мәлімдеме жасаған емес. Керісінше, соңғы кездегі Трамптың Украинаға қарсы іс-әрекетін қуана қабылдады. Олардың келісімдердің барлығына түкіргені бар, Украина қоғамының демократиялық сауығуын ойлап отырған орыстар көрінбейді. «Әлемді бағындырудан» әлі үмітті.

Қазіргі қалыптасқан жағдай – АҚШ пен Ресейдің одақтастығы Украин халқының қауіпсіздігін, территориясының тұтастығын қамтамасыз ете алмайды!!! Енді әлемдік мемлекеттердің экономикалық оқшаулауына түскен Ресей саяси мүдделеріне сай АҚШ тарапынан санкцияның босатылуын, ол жақтан инвестицияның құйылуын пайдаланып, қазіргі қалт-құлт етіп тұрған ішкі әлеуметтік жағдайын тыныштандыруға уақыт ұтып, қорғаныс жүйесін қайта түзеуге тырысады. Ал бұл өз кезегінде Украинаның өз ішінде қалыптасқан ішкі байланыстардың, саяси тұрақсыздықтың, экономикалық кризистің одан әрі тереңдеуіне себепші болуы мүмкін. Бостандық сүйгіш Украина халқы, Еуроодақ аймақтағы геосаяси ахуалдың асқынуына жібермейді деп үміттенеміз.

«ӨЗ ӨКІЛЕТТІГІН АСЫРА ПАЙДАЛАНУ БАБЫ»…

Киев 1994 жылы Украина қауіпсіздігіне кепілдік беретін «Будапешт меморандумына» қол қойып, АҚШ-тың кепілдігін алған соң ғана ядролық арсеналын өз еркімен Ресейге өткізіп берді. Осынысы үшін АҚШ пен Ресей Украинаның аумақтық біртұтастығы мен саяси тәуелсіздігіне қауіп төндірмейтініне, қарсы күш қолданбайтынына, қауіпсіздігіне кепілдік берген еді. Будапешт меморандумын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше бес ел тегіс мақұлдады. Бүгінде АҚШ та, Ресей де бұл құжатты мойындамай отыр…

Шығар жол қандай? АҚШ-тың демократиялық қоғамына Трампқа БҰҰ мақұлдаған, халықаралық заңдық күші бар «Будапешт меморандумы» құжатының күшін мойындамағаны үшін «өз өкілеттілігін асыра пайдалану» бабымен импичмент жариялауға әбден болады. АҚШ қоғамы мұны бүгінде күн тәртібіне шығарды. Конгресс бекітіп, Сенат қолдаса – шешіледі. Біздіңше, ушыққалы тұрған қазіргі әлемдік геосаяси ахуалды сейілтудің бірден-бір жолы осы.

ТҮРКИЯНЫҢ ЕО-қа КІРУІ – БОЛМАЙ ҚОЙМАЙТЫН ҚҰБЫЛЫС

Франция лидері Макронның мәлімдемесінен кейін Еуроодақ пен АҚШ арасындағы арақатынас өзгеруі мүмкін. Осыған дейін сеніп келген АҚШ-тың агрессор Ресеймен одақтасуы да Еуропаны тұйыққа тіреді. Екі алып альянс арасында бұқатірес жағдай қалыптасты. Президент Макрон кешегі мәлімдемесінде: «Украинадан соң бүкіл Еуроодақ елдерінің тағдырына алаңдайтынын, еуроинтеграция процесін жандандыруға қатысты атмосфера қалыптасқанын, Еуроодақ қауіпсіздігіне төнуі мүмкін орыс басқыншылығынан бірлесіп қорғануға дайын болуымыз керек», – дегенді ашық айтты. Қалыптасқан соғыс жағдайына байланысты Брюссельде Еуроодақ альянсының төтенше жиынын шақыруды ұсынды. Қазіргі уақытта Ресей мен Украина арасында кескілескен соғыс жүріп жатыр. Орыстар ашық шабуылға шықты. Енді Еуропа жетекшілері қандай да бір шешімге баруы мүмкін.

 Соңғы жылдары Түркия өздерін әлденеше рет қабылдамағанына қарамастан, Еуроодаққа кіруден үмітті. Бұл – олардың стратегиялық мақсаты. Еуропаның осы кезге шейін Түркияны қабылдамай келгені – ол елде авторитаризм бар екен. Олар Түркияда адам құқы мен демократиялық еркіндік сақталмайды деп санайды. Екінші кедергі – Түркияның ЕО мүшесі саналатын Грекия мен Кипр арасындағы жер дауы, т.б. Солай бола тұра, бүгінгі қалыптасқан геосаяси күрделі ахуал Түркия үшін Еуроодаққа кіруге тағы бір қадам. Осындай ауыр кезеңде алдағы Еуроодақ елдерінің жиыны Түркияны мүшелігіне тартуды көтеруі әбден мүмкін. Ресейден төнген қауіп жаңа қадамдар мен шешімдерге, келіссөздерге жол ашуы ықтимал. Тоқетері – қазіргі ауыр жағдайда Еуропаға Түркия, ал Түркияға Еуропа қажет-ақ. Бір-біріне арқа сүйер нақты жағдай қалыптасты. ЕО-қа әскери күші мен қару-жарақ қабілеті мықты Түркиямен санасуға тура келеді. Әйтпеген жағдайда Ресей агрессиясы жаһандық сипат алып, салдары ауыр болмақ. Қалай болғанда да, Түркияның ЕО-қа кіру-кірмеуі өз шешімін іздеу үстінде және бұл ерте ме, кеш пе болмай қоймайтын құбылыс. Қазіргі Ресей-Украина соғысы осыны жеделдететін катализатор, шешуші фактор болуы мүмкін…

Нұрлыбай ҚОШАМАНҰЛЫ

Республиканский еженедельник онлайн