Мемлекеттік тіл — құқық пен әділдіктің негізі

Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әлия Асанова Datnews.info-ға берген сұхбатында сот жүйесіндегі қазақ тілінің рөлі туралы ойларымен бөлісті

— Әлия Ерғазықызы, сіз күнделікті қызметіңізбен қатар сот өндірісінде қазақ тілінің қолданылуына қатысты көптеген жұмыстар атқарып келесіз. Қазіргі уақытта сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылуын қалай бағалайсыз?

— Сот жүйесінде қазақ тілін қолдану – аса маңызды мәселе. Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін белгілеген. Бұл, өз кезегінде, мемлекеттік тілдің сот жүйесінде қолданылуының заңдылығын және маңыздылығын айқындайды. Алайда, іс жүзінде көптеген шаралар мен қадамдарға қарамастан, қазақ тілінің сот өндірісінде қолданылуы қоғамның үміттеріне толық жауап бермейді. Бұл мәселені шешу үшін әлі де ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс.

  • Сіздің пікіріңізше, бұл мәселенің негізгі себебі неде?

— Негізгі мәселе, өкінішке орай, қазақ тілін жеткілікті деңгейде меңгермеген азаматтар мен құқық қорғау саласының өкілдерінің көптігінде. Бұл, өз кезегінде, азаматтардың талап арыздарын қазақ тілінде тапсыруын және сот процесінің қазақ тілінде өтуін қиындатады. Мысалы, адвокаттар мен заңгерлердің басым көпшілігі орыс тілінде жұмыс істейді, соның нәтижесінде іс жүргізу де көбінесе орыс тілінде жүргізіледі. Бұл орыс тілін түсінбейтін азаматтар үшін көптеген қиындықтар туғызады және олардың құқықтары шектеледі.

Адвокаттар және заң көмегін көрсететін өкілдердің 90%-ы – өз қандастарымыз. Бірақ, олар өз қызметтерін өздеріне ыңғайлы тілде, яғни көбінесе орыс тілінде жүргізеді. Алайда, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңда адвокаттар мен заңгерлердің мемлекеттік тіл деңгейіне қатысты арнайы норма қарастырылмаған. Осыған орай, адвокаттық қызметке үміткерлерді іріктеу барысында Әділет басқармасының біліктілік алқасы үміткерлердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін тексеруді міндетті түрде қамтамасыз етуі қажет. Яғни, үміткердің мемлекеттік тілді еркін меңгеруі, сөйлеп, жаза алуы негізгі шарт болып, «Қазтест» арқылы тіл деңгейін тексеру жүйесін енгізуді ұсынамын.

  • Бұл жағдайды жақсарту үшін қандай шаралар қабылдауды ұсынасыз?

— Бұл мәселені шешу үшін бірнеше маңызды қадамдар қажет. Орыс тілінде түскен істер бойынша (қылмыстық, әкімшілік, азаматтық істер) судьяларға сотқа дейінгі кезеңде тараптарға сот ісін қазақ тіліне өзгерту құқығын түсіндіру міндетті болуы тиіс. Қылмыстық істер бойынша, егер күдікті немесе айыпталушы қазақ ұлтының өкілі болса, тергеу органдары тергеуді қазақ тілінде жүргізуі тиіс. Бұл шаралар заңды дұрыс түсіну мен өз құқықтарын қорғау мүмкіндігін арттырады. Ал, егер қылмыстық істер бойынша басты сот талқылауында іс жүргізу тілі өзгертілсе, облыс прокуроры мен тергеу органдарының басшыларына жеке қаулы шығаруды қажет деп санаймын.

Сондай-ақ, сот жүйесіндегі аудармашылардың мәртебесін көтеру қажет. Өйткені, сот процесінде аудармашылардың рөлі өте маңызды, себебі олардың жұмысы істің нәтижесі мен адамдардың тағдырына әсер етеді. Өкінішке орай, қазіргі таңда аудармашылардың қызметіне төленетін ақы өте төмен, соның салдарынан олар қызмет көрсетуге бас тартады. Бұл сот процесінің ұзаққа созылуына әкеліп соғады. Осындай қиындықтарды болдырмау үшін, екі тілде жетік меңгерген әр сот маманы аудармашы ретінде тартылуы тиіс. Яғни, сот мамандарын іріктеп, арнайы курстар ұйымдастырып, қажетті сертификаттар беру қажет.

  • Азаматтардың тілдік құқықтарын қорғау үшін қандай нақты ұсыныстар бере аласыз?

— Мен бірнеше ұсыныс айтқым келеді. Біріншіден, судьяларға сот ісін орыс тілінде жүргізуге келісім берген азаматтарға олардың мемлекеттік тілде сот ісін жүргізуге құқықтары бар екенін түсіндіру міндеті жүктелуі тиіс. Бұл өз кезегінде азаматтарға толыққанды құқықтық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Екіншіден, егер күдікті немесе айыпталушы қазақ ұлтының өкілі болса, тергеу органдары тергеуді қазақ тілінде жүргізуі тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар азаматтардың сұрауларына тек қазақ тілінде жауап беруі қажет. Бұл қазақ тілінің қоғамдық өмірде кеңінен қолданылуына ықпал етеді.

— Сот жүйесінде қазақ тілін қолдануды қалыпты жағдайға келтіру үшін заңнамалық деңгейде қандай өзгерістер енгізу қажет деп ойлайсыз?

— Тіл туралы заңның 11-бабына сәйкес мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар азаматтардың өтініштеріне және басқа да құжаттарына жауапты мемлекеттік тілде немесе өтініш жасалған тілде береді. Алайда, көбінесе мемлекеттік органдар бұл норманы орыс тілінде жауап беру үшін пайдаланады. Сондықтан, осы бапқа өзгерістер енгізу қажет, яғни «өтініш жасалған тілде» дегенді алып тастап, барлық жауаптарды тек мемлекеттік тілде беру міндеттелуі тиіс. Сонымен қатар, азаматтардың арыздары мен өтініштері жазылған тіліне қарамастан, мемлекеттік тілде жауап беріліп, қажет болса аудармасы тіркелуі керек.

Менің ойымша, заңнамалық деңгейде қазақ тілінде сот ісін жүргізуді міндетті ету керек. Мемлекеттік тілде сот өндірісін жүргізу азаматтардың құқықтарын қорғаудың негізі болуы тиіс.

  • Қазақ тілін дамытуға бағытталған қадамдардың сот практикасына қалай әсер ететініне қатысты өз ойыңызды айтыңызшы.

Сот ісін жүргізу тілі туралы қағиданың бұзылуына жол бермеу үшін, мемлекеттік мекемелер тарапынан заңның үстемдік құруын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік мекеме басшылары, адвокаттар мен заңды өкілдер «Тіл туралы» заңның 4-бабын орындалуын өз деңгейінде қолға алып, сотқа берілетін талап қоюды (арызды) талап қоюшының өзі жетік меңгерген тілде, яғни қазақ тілінде әзірлеп ұсынуды талап ету қажет. Себебі, мемлекеттік органдар (ұйымдар) сотқа талап қоюларын (арыздарын) әлі күнге дейін, орыс тілінде жолдауда.

Қазақ тілін сот жүйесінде дамыту — өте маңызды процесс. Егер біз қазақ тілін белсенді қолданып, оны толыққанды дамытатын болсақ, бұл біздің құқықтық жүйеміздің дамуына және азаматтардың құқықтарының сақталуына оң әсерін тигізеді. Біз барлығымыз тілдің — біздің мәдени мұрамыздың негізі екенін жақсы түсінеміз. Егер қазақ тілі сот процестерінде кеңінен қолданылса, бұл азаматтардың құқықтарының қорғалуына ықпал етеді және қоғамда тілдің мәртебесі артады.

— Азаматтарға қазақ тілін сот жүйесінде қолдануға қатысты қандай кеңестер бере аласыз?

— Мен азаматтарға өз ана тілін, яғни қазақ тілін белсенді түрде қолдануды ұсынар едім, әсіресе сот істерінде, егер олар осы тілде еркін сөйлейтін болса. Бұл қазақ тілінің дамуына ғана емес, сонымен қатар құқықтық жүйенің нығаюына да ықпал етеді. Егер біз тілімізді қолдап, оны дамытуға күш салсақ, бұл біздің мәдени мұрамызды сақтауға және әрі қарай дамытуға мүмкіндік береді.

Сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту – тілге жанашыр азаматтарға тікелей байланысты екенін жадымызға сақтап, «Тілі жоғалған елдің, ұлты да жоғалады» деген нақыл сөзді ұмытпай, қазақ тілін одан әрі дамытуға жұмыла кіріссек, мәселе оңынан шешіледі деген сенімдемін.

— Маңызды сот қызметіңізде және де жанашыр болып, мемлекеттік тіліміздің өркендеуі  жолында атқарып жүрген жұмысыңызда сәттілік тілейміз.

  • Сіздерге де бұл маңызды тақырыпқа қызығушылық танытқандарыңыз үшін рахмет. Айгуль Қалкенқызы
Республиканский еженедельник онлайн