Міне, түркінің төл жаңа жылы 14 наурыз бен 15 наурыз қауысқан түнгі сағат 00:00-дегі мәлімет бұл! Маңғыстау (Ақтау), Алматы, Астана үшеуінің уақыты алынды. Демек, Ақтауда күн 07:45-те шығып, 19:45-те батады; Алматыда 06:02-де күн шығып, 18:02-де батады; Астанада 06:23-те күн шығып, 18:24-те батады. Қалған жерлер де осылай.
Ендеше неге біз көргенінен жазбас соқырдай: «Күн мен түн 22 наурызда теңеседі. Жыл басы сол!» деп, «қызылбас»-шиғалардың мерекесіне жабысып, айырылмаймыз?! Бұл 1988 жылы әлдебір шала саясаткерлердің кесірінен, бәлкім, қастығынан немесе көрші парсылық мәдениет ықпалындағы тәжік, өзбектерге еріп, бекіп кеткен қателік болатын!
Тұран мен Иран қоңсылық хақы ғана бар демесең, мүлде бөлек екі тек, екі әлем ғой! Ирандықтардың Тұран мәдениетінен қашып, «астрологиялық теңесу» жасап, 22 наурызға тығылып жүргені де сол емес пе?! Әлде сен сол елден саттыққа келген құл мен күң бе едің?! Бұрын да неше рет жаздым, 22 наурызда күн түннен 22-23 мүйнет озып кетеді! Бұдан бес мың жыл бұрын адам миына ота жасаған, 6-7 мың жыл бұрын ұлы өркениетке ие болғаны ғылыми дәлелденген біздің бабаларымыз жеті қат көк, жеті қат жердің сырын қапысыз таныған! Өйткені оларда Жүрек-Қақпасын ашатын алтын кілт болған! Саф алтындай ұлттық салт-дәстүрімізді, тәрбиелік мәні зор әдет-ғұрпымызды өзге жұрттың қаңсығымен араластырмай, таза сақтаған! Сондықтан да дана бабалар дүниенің сырынан еш жаңылыспаған, есептерінде қате болмаған!
Біз сорлы аламан-асыр бұлғақтарда сол кілтті жоғалтып алып, соқыраңдап жүрміз. Сол асыл бабалардың азған ұрғыны біз ғана: өзі жетім, өзі соқыр қозы құсап әркімнің емшегіне жабысамыз! Ал олар реті келсе, Тыныш ақын айтқандай: «Бүйіріңнен солқ еткізе салады». Бірақ оған да еш апшымайсың. Ашса да – көрмес, түртсе де сезбес қорен болыппыз! Қоренсің, қорен болғандықтан да – алыстағы бабаның үнін естімес, жақындағы дананың мұңын ескермес кереңсің!
Ұрпақтың тілін отаршылдарға бердік, дінін уақапшылдарға бердік, Жаңа жылын шиғаларға бердік, дәулет-кенін кім-көрінгенге бердік, сонда өзімізде не қалды?! Уақыт тым жүрдек болып барады. Біз тез өз құбыламызды айқындап, жоғалтқандарымызды тауып, өз орнына қойып үлгермесек, айтқан жерден аулақ, жоғалып кету қаупінде тұрмыз!
Есенғали марқұмның: «Ұғамысың сен мені, ей, тұқымы көбейгір, өгіз емес – бурасың!» деген жыры бар. Ей, түркі төлі, алаш зәузаты, қазақ ұрпағы, сенің тегіңнің кім екенін өзіңе түсіндіре алмаудың қаншалық азапқа салып жатқанын қашан ұғар екенсіңдер?!
Сондықтан биліктің «14 наурыз – Көрісу күні, 22 наурыз – Жыл басы» деп белгілегені мүлдем қате! Жылдың басы – Ұлыстың Ұлы күні 14 наурыз! Мұны Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы әулие де шегелеп айтып кеткен! Ендеше қателік түзетілуі керек. Ең әуелі, төл Ұлттық мейрамымыздың шын күнін белгілеп, шынайы атын айқындап алуымыз шарт! «Көрісу» салты сол Ұлық мерекенің қасиетті қазық-атрибуттарының бірі ғана! Ғажап жоралғы! Егер бұл салтымызды дұрыс жолға қоя алсақ, оны адам мен адамды, қоғам мен қоғамды, тіпті елдер мен елдерді жақындастырудың нағыз желіміне айналдыруға болар еді!..
Осындай қасиетті түнде қатқыл сөз жазғаныма қайта-қайта ғафу өтінем! Тағы да Шәкәрім атама сүйенем (сүйенетін тауларың болғаны неткен ғанибет!): «Сөккенім болсын – сүйгенім, ащы тілмен тигенім – жоғалсын деп міндерің!».
Айлардың һәм күндердің сұлтанымен бірге – сәулесі күллі ғаламды, тәубесі күллі адамды орап келген; Күн мен Түнді, қуаныш пен мұңды, алыс пен жақынды, қара мен ханды, жас пен кәріні теңестіре келген; «көк тасты балқыта», балқыған жүректен Хақ жұпарын аңқыта келген Ұлыстың Ұлы күні – төл Жаңа жылымыз құтты болсын! Жаңара бер, жасара бер, жаңғыра бер, Тұран жұрты Қазақ елі! Тезірек Темірқазығыңды табуыңа зар илеп тілектеспін!
Уай, Мейірімді Жаратқан Ием, осынау қастерлі түнде – аспан мен жердің арасында қылған дұғамды жерге түсірмей қабыл ете гөр!
Светқали НҰРЖАН ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері